Мемлекеттік арналар төл өнерімізді, ана тілімізді менсінбейді – жазушы
2016 ж. 27 қазан
2666
0
Өкінішке қарай, бізде төл өнерді шеттету, екінші орынға ысыру әрекеттері ашықтан-ашық жасалуда. Мысалы, біздің телеарналарымызда, күнделікті өтетін жиындарымызда қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық өнерін менсінбеу, аты да, заты да түсініксіз шетелдік шоуларға төр беру белең алды. Алматыны еліміздің экономикалық және мәдени орталығы деп жүрміз. Алайда мұнда тұрақты жұмыс істейтін театрлардың 2-3-еуі ғана таза қазақша, қалған 80-90 пайызы орыс тілінде жұмыс істейді. Қаладағы қазақтардың үлесі 70 пайызға жетеғабыл. Демек, ұлттық театрлардың үлесі де соған сай болуы шарт. Ұлттық өнерді шеттету құбылысы қазақ телеарналарында да айқын аңғарылуда. Кеңестік идеологияның үстемдігі мықтап орнаған ең күрделі кезеңдердің өзінде Камал Смайылов, Сағат Әшімбаевтай азаматтар төл теледидарымызды төрге көтерді емес пе? Бүгінгі тәуелсіз әрі бейбіт күнде дайындалған хабарларды сол кездегі бағдарламалармен қатар қоюға ұяласың. Жекеменшік арналарды қозғамай-ақ қояйық. Мемлекеттік арналардың өзі ұлттық мәдениеттің ұпайын түгендеуге құлықсыз. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған соң, сол елдің мүддесіне қызмет ету – міндет. «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» деген бағдарлама бар «Қазақстан» телеарнасында. Жүргізушілер эфирде білгендерін істеп, ауыздарына келгенді айтып қана қоймай, қазаққа түк қатысы жоқ әлдекімдерді жинап алып, орысша шүйіркелесіп отырады. «Қазақстан» телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген талап қайда қалды? Сіз отандық телеарналардағы орыс тіліндегі хабарға барып қазақша сөйлеп көріңізші, сіздің сөзіңізді қиып тастайды немесе мүлдем қатыстырмай қоюы мүмкін. Ал қазақша хабарға келіп, әркім қалаған тілінде сайрап отырады.
Тіл – ұлттың өзіндік үні, дара келбеті. Ол болмаса, елдің тәуелсіздігі баянсыз. Халқы кімнің тілінде сөйлесе, кімнің мәдениетін ұстанса – ел соның боданы. Басқа емес, маған қазақтың өз арналары қазаққа қарсы жұмыс істеп отырғандай сияқтанатыны қынжылтады. Шоуды қаптатып, эфирден кәсіби журналистерді алыстатып, аузы-басын бояған әншілерге тізгін ұстататындардың көксегені не? Қит етсе рейтингті алға тартады. Рейтинг деп дабыра қылатындары қаладағы он шақты орыстілдінің есеп-қисабы ғана. Қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы орта – ауыл тұрғындары не көріп жүр? Не көргісі келеді? Оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Жақсы-жаманын зерттеместен, шетелдік жүйенің бәрін елімізге әкеп таңа беруге болмайды
Сұлтанәлі Балғабаев,
Дереккөз: "Түркістан" газеті