Жанат Бақыт: Ене келінін қызындай көреді деген сөз шындыққа жатпайды
2016 ж. 26 қазан
3815
0
Көпшілікке көгілдір экран арқылы белгілі болған тележүргізуші Жанат Бақыт өмірде қандай адам, бүгінде немен айналысуда? Қатаң образды талап ететін жаңалықтың тізгінін ұстап келген қазақ телевизиясы жұлдызының айтары бар.
Асыл жар, аяулы ана, ибалы келін рөлін атқарып жүрген белгілі тележүргізуші Жанат Бақыт NUR.KZ порталына арнайы сұхбат беріп табысты әрі бақытты әйел болудың сырымен бөлісті.
Жанат Бақыт кәсіпкерлікке қалай бет бұрды?
Жанат Бақыт басқаны қойып, жуықта сәнді ұлттық киімдер саудасына байланысты жеке кәсіпкерлікке бет бұрған еді. Кейіпкеріміз бұл салаға ойда жоқта келгенін айтады. «Ешқашан жеке кәсіппен айналысам деп ойламаппын. Өзім есепке онша жоқ едім, ақшаға да қытымыр емеспін, үнемшілмін, бірақ саудаға жақын адамдардың қатарынан емеспін. Басында эфирге өзіміздің қазақстандық дизайнерлердің ұсынған киімдерін киіп шықтым. Сол кезден бастап сұраныстар көбейе бастады. «Қайдан аласың? Біз де сатып алсақ бола ма?» деген сұрақтар жиі келетін болды. Содан соң өзіміздің дизайнерлерді жарнамалай бастадым. Бір күні «Неге біз осы ұлттық киімдерді тек Наурыз мейрамында ғана киеміз? Неге күнделікті кимеске?» деген ой келді. Үйдің қасындағы бір сауда орнына барып сұрасам, жалға алу құны онша қымбат емес екен. Сол жерде келісіп, қолыма эмульсия алып, ішін әктеп, өзім жуып-тазалап шықтым. Біршама дизайнерлермен келістім. Басында қорқыныш болғаны рас. Келушілер бірте-бірте көбейді. Халық қазақша киіне бастады. Сөйтіп, бірден екіні құрап, екіден төртті құрап кәсібімді бастап кеттім. Шынымды айтсам, басқа жұмыстарды қойдым», - дейді тележүргізуші.
Жанат Бақыт тележүргізушіліктен рахат ала алмапты. «Тележүргізуші ретінде шығып жүрген кезімде ол қызметімді жан-тәніммен сүймедім. Өйткені, атқарылып жатқан қара жұмыс басқалардың еңбегі. Менікі дайын нәрсені кешкі эфирге шығып айтып беру, бары сол ғана», - дейді ол.
«Кәсіпті өз күшіммен аштым, жолдасым да, ата-анам да бай адамдар емес»
«Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді ғой қазақ. Бәлкім мені біреулер ол жерден кетіп қалғаннан кейін осылай айтып отыр деп ойлап қалуы мүмкін. Иә, маған ол жұмыс ұнайтын, мені танымал етті. Бірақ сол қызметім мені осы кәсіпке айналдырып алып келді. Кейбіреулер күйеуі бай адам шығар, өзі де бар жерден шыққан деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Мен кәсіпті аз-кем ақшамен бастадым», - дейді Жанат Бақыт.
Жанат Бақыт отбасын бірінші орынға қояды
Қазақ эфирінің жұлдызы, кәсіпкер Жанат Бақыт 24 жасында тұрмыс құрған. «Жігіт жүгірсе алады, қыз жүгірсе қалады деген сөз рас. Жолдасыммен 9-сынып оқып жүргенде таныстым. Көрші тұратын. Бірақ мен оған 7-8 жыл күтетінін, мектеп бітіріп, оқу оқып, бір жыл жұмыс істеп, сосын тұрмысқа шығатынымды айтқан едім. Сөзінде тұрып, мені күтті», - дейді ол. Жолдасы Ершат мұнай саласында жұмыс істейді. Бақытты отбасы қазіргі таңда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
«Таңғы алты жарымда тұрамын, балаларды киіндіріп біреуін мектепке, біреуін балабақшаға жіберем де, вокзал жаққа жүгіремін», - дейді
Нәзік жанды болса да, кейіпкеріміз барлығын өзі істегенді ұнатады екен.
«Сөмке-сөмке тауарды иығыма салып алып пойызға тиеймін. Оларды күтіп алу, салып жіберу сияқты жұмыстарды өзім атқарамын. Вокзалда танып жатқан адамдар күледі», - дейді Жанат Бақыт.
«Жұмыс арасында баламды мектептен, кішкентай қызымды балабақшадан алып үйге қарай жүгіремін. Бұдан бөлек газетте бас редакторлық қызметім бар. Оның да жұмыстары жетерлік. Мақаланы тексеру керек, типографиямен байланысты жұмыстары тағы бар. Мен ұйқыны сүймеймін. Күніне 3-4 сағат ұйықтаймын», - деп ағынан жарылды журналист.
Жанат Бақыт отбасында қалыптасқан қағидалармен бөлісті
Жанат Бақыт әйел адамның ер адамнан бір саты төмен тұру керек деп есептейді. «Ер адамға ешқашан қарсы келмеу керек. Ақылмен түсіндіруге болады. Әйел адам ұрысқаннан ештеңе шықпайды. Жеңбейді. Қол көтеру, жанжал дегеннің бәрі әйел адамның ащы тілінен шығады. Ең бастысы ақылмен, сабырмен жеңе білу керек», - дейді тележүргізуші.
Жанат Бақыт өз бойында қалыптасқан қағидалармен бөлісті. «Біздің үйде қалыптасқан бірінші қағида - кешкі алты-жетіден қалмай ыстық тамақ дайын тұруы керек. Міндетті түрде үйің таза болуы керек. Қолданылған ыдысты жинап қоймай, бірден жуып тұру керек. Ұйықтамасам да осы қағиданы ұстанамын», - деп ақтарылды отанасы.
«Ене келінін қызындай көреді деген сөз шындыққа жатпайды»
«Менің енем жақсы адам. Келін боп түскеніме 10 жылдан асты. Осы уақытқа дейін маған «олай істе, былай істе» деп ешқашан айтқан емес. Мүмкін, кемшіліктерім болған шығар. Бірақ бетіме басып көрмепті», - деген ол «ене келінін қызындай көреді, немесе келін енесін анасындай көреді» деген пікірдің жай сөз екеніне сенімді.
«Ене анаңдай бола алмайды, келін қызыңдай болмайды. Келіннің аты - келін. Мені қызындай көреді екен деп, түскі 11-ге дейін ұйықтауға болмайды ғой. Мұнда ең бастысы, өзіңді сыйлата білу, біреуді сыйлай білу», - деп сөзін түйіндеді Жанат Бақыт.