Серікбай қажы Ораз: Теріс ағымға қарсы тұратын күш – дәстүр
2016 ж. 24 қазан
2566
3
«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Оразбен сұхбат – Серікбай Сатыбалдыұлы, Өзіңіз жақсы білетіндей, қазір дін тақырыбы, діннің төңірегіндегі мәселелер жиі қозғалып, оның соңы қоғамдық талқылауларға дейін ұласып жатыр. Мұны ислам дініне назар аударушылар қатарының артып келе жатқандығымен байланыстыруға бола ма? – Қай заманды, қай кезеңді алсақ та біздің халқымыз дін, тіл, жер мәселесіне қашан да сергек қараған. Өйткені, дін, тіл, жер – ұлттың негізгі ұстындарының бірі саналған. Ал қазіргі кездегі дін төңірегіндегі мәселелер де бұған бейжай қарай алмаудың айғағы дер едік. Мұндағы басты мәселе – исламға келушілердің санында емес, сапасында, діни таным-түсінігінің түзулігінде. Одан да күрделі мәселе – осы ортаны басқаруда, аудиторияны игеруде. Бұл – кешенді мәселе, қоғамдық жауапкершілік деп атар едім. Аллаға шүкір, жастар дінге бет бұруда. Әрине, қуантарлық жағдай. Алайда, оларға бағыт-бағдар беріп отыратын тұлғалар қажет. Олар кім? Әрине, үйде – ата-ана, ата-әже, мектепте – мұғалім, психолог, тәрбиеші, мешітте – имам, ұстаз, т.б. Әрбір жауапты тұлға өзіне қатысты міндетті ыждағаттылықпен атқарса, жастар адаспайды. – Қазіргі таңда исламды өзінің мақсат-мүддесіне пайдаланғысы келетін ағымдардың бар екендігі белгілі. Бұған не дейсіз? – Ағым деген – вирус. Оның шеті яки шекарасы жоқ. Ағым – ғаламдық мәселе. Ал оған қарсы иммунитет – иман, дұрыс діни сенім, салт-дәстүр, ата-әже институты, ұлттық тәлім-тәрбие, т.б. Халқымызда ата-әже институтының бала тәрбиесінде қандай рөл атқарғанын жақсы білесіз. Осындай ұлттық тәрбие мектебімізді, ұлттық менталитетімізді жаңғырту арқылы жастарымызды жат ағымның ықпалынан қорғап қала аламыз. Дәстүр – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген нәрсе. Мәселен, үлкеннің сөзін тыңдау, ата-ананың айтқанын екі етпеу, молдаға құрмет көрсетіп, оның уағызына амал ету – біздің дәстүрімізде бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан, біз әдет-ғұрпымыздың осындай игілігін көбірек пайдалануымыз керек. – Бүгінде өзге ағымның жетегінде жүрген, солардың «идеяларын» жамылған кейбір азаматтар дәстүрлі исламның құндылықтарын аяққа таптап, наным-сенімге селкеу түсіруде, оның ішінде отбасы мен отбасы құндылығы дегенге үстірт қарап қана қоймай, оны «ойыншыққа» айналдырып жүр. Осындай кері құбылыстың қалай алдын алсақ болады? – Діни басқарма не үшін дін мен дәстүр идеясын көтерді? Өйткені, жаңа айтып өткенімдей, дәстүр – бөлінбеуге, керісінше, көпшілікпен бірге болуға тәрбиелейді. Біздің талдауымыз бойынша, жат ағымда жүргендердің басым бөлігі өз дәстүрін қадірлемейді. Олар қазақы таным-түсініктен алшақтай бастағандар. Дін мен дәстүр – жікке бөлінген жамағатты ортақ мүддеге жұмылдыратын жол. Біз оны діни тәжірибедегі жұмысымыздан айқын аңғардық. Осы бағытта мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама қабылданып, дін мен дәстүрді насихаттайтын біртұтас идеологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс деп санаймыз. Халқымыздың түсінігінде «ұят болады» деген үлкен ұғым бар. Ата-әжелеріміз, ата-анамыз кішкентайымыздан бастап санамызға «ұят болады» деген ұғымды сіңіріп өсірді. Міне, дәстүр дегеніміз осы. Сол «ұят боладының» арқасында қаншама арсыз әдеттен сақтандық. Өзінен, адамдардан, Алладан ұялатын кісі жамандыққа әсте жол бермейді. – Қазір «таза ислам осы» дегенді желеу еткен жат идеологиялар үлкен қауіп болып тұр. Онымен күресудің балама жолы қандай? – Біріншіден, «таза ислам» деген сөз тіркесін пайдаланудың өзі дұрыс емес деп санаймын. Ислам сөзіне қосымша анықтама беруге болмайды. «Таза исламды» ұранға айналдыру кім үшін керек? Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айрықша мәртебе берілді. Баршамызға аян, соңғы жылдары елімізде орын алған қайғылы оқиғалар тиісті саладағы жұмыстарды жетілдірудің қажеттігін байқатты. Соның ішінде діни саладағы жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарды қайта қарап, тиімді шешім қабылдайтын уақыт жетті деп есептейміз. Салафизмді ұстанатын адамның көзқарасын өзгерту немесе оларды райынан қайтару үшін тиімді әрі кешенді жұмыс жүргізу керек. Осы бағыт бойынша біздің ұсынысымыз – орталықазиялық діни мектептің рөлін арттыру. Орталықазиялық мектеп – діни саладағы кешенді жүйе. Бұл – қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасқан жол, дала халқының болмысымен, табиғатымен біте қайнасып кеткен мектеп, діннің түп негізіне сүйенген діни ережелердің ортақ жиынтығы. Осы аталған діни мектеп радикалды көзқарасты, дінде шектен шығуды (фанатизм) қолдамайды. Керісінше, гуманизмді насихаттайды. Тарихымыздан белгілі, қазақ даласында дінге қатысты ешқандай лаңкестік оқиға болмаған. – Әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналған бүгінгі жат ағымдарға қарсы мүфтият өз тарапынан қандай іс-шараларды жүзеге асыруда? – Мүфтияттың жұмысы тек бір бағытпен ғана шектелмейді. Діни басқарманың жұмысы сан-салалы. Мүфтияттың қоғамдағы негізгі міндеті – діни рәсімдерді атқару, халықты ислам туралы дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету, қажылық жұмысын ұйымдастыру, халал стандарттауды жүзеге асыру, жастармен жұмыс, оқу-ағарту саласы, т.б. Ал жат ағымдағы азаматтарды дәстүрлі дінімізге тарту – көп салалы жұмысымыздың бірі. Жат ағымда жүрген азаматтармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін мешіт жанынан ашылған спорт кешендерінде футбол, волейбол, қазақша күрес, т.б. ойындар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Кешенді кездесулер мен жеке дәрістердің нәтижесінде бұрынғы райынан қайтқандар да бар. – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының есебі бойынша, азаматтардың қанша пайызын әрбір ғибадат-құлшылықты толыққанды орындайтын мұсылман деп айта аламыз? – Қазақстанның 70 пайыздан астам халқы мұсылман деген ресми дерек бар. Ал біздің жүргізген зерттеуіміз бойынша, елімізде шамамен 400 мың адам жұма намазға және мешіттегі бес уақыт намаздарына қатысады… Сенім деген – өте нәзік дүние. Ол көзге көріне бермейтін, қолға ұстала бермейтін нәрсе. Ал құлшылық – адам мен Алла арасындағы жасырын, риясыз амал. Бір мұсылманды: «Биыл оразаңды ұстадың ба, зекетіңді бердің бе, намазыңды оқып жүрсің бе?», – деп сауалдың астына алудың өзі орынсыз. Оларға: «Сен толыққанды мұсылмансың, ал сен жартылай мұсылман екенсің», – деп «баға» беруге немесе «төрешілік» жасауға, яки сенім мен иман дәрежесін «анықтауға» болмайды. Адамның жүрегіндегі нәрсені, ниетті Алла ғана біледі. Әрбір қазақтан: «Мұсылмансың ба?» – деп сұрасаңыз: «Әлхамдулалла, мұсылманмын», – деп жауап беретіні белгілі. – Бас мүфтидің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Республикалық ақпараттық-насихаттық тобы жұмыс атқарып жүргенінен хабардармыз. Ол топ еліміздің барлық өңірінде кездесу өткізіп, жұмыс жүргізіп отырады екен. Халықтың діни сауаттылығын арттыру жолындағы мұндай шаралардың нәтижесі қалай болып жатыр? – Бір адамның радикалды діни көзқарасын өзгерту немесе райынан қайтару үшін онымен сағаттап отырып сұхбаттасуға, бірнеше күніңді сол кісіге арнауға тура келеді. Әйтпесе, жұмыс нәтиже бермейді. Бір күнгі кездесу ештеңе шешпейді. Сондықтан біздің Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы имамдарымызға «Кемінде 4-5 шәкірті жоқ имам – толыққанды имам емес» деген талап қойды. Біз шәкірттердің санын арттыру арқылы дәстүрлі дінді ұстанушылардың қатарын көбейте аламыз. Қазіргі имамдардың негізгі миссиясының бірі – байсалды, парасатты, зайырлы мұсылман жамағатын қалыптастыру. Жұрттың бәрінен молда шығару міндет емес. Әрбір азамат өзі таңдаған мамандығы бойынша елдің игілігі үшін қызмет етсе сонда ғана біз өркениетке қадам басамыз. Жастар арасында «Біздің қоғамға иманды инженер, иманды есепші, иманды қаржыгер, иманды дәрігер, мұғалім қажет» деп ұран тастап жүргеніміз сондықтан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның… – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»