Ғасыр жасаған белгілі театр әртісі Хабиба Елебекова Кеңсайға, жары Жүсіпбек Елебековтың жанына жайғасты
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 101 жасында дүние салды.
Ол өз өмірінің 63 жылын қазақ өнеріне арнады. 100-ге жуық рөлдер жасады.
Хабиба апа қазақ театрының қарашаңырағы, бүгінгі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың табалдырығын 1935 жылы аттаған екен. Содан бері қазақ өнерінің алыптары Қалибек, Серке, Құрманбек, Елубай, Күләштармен тізе қосып, өнер ордасының іргесін бекемдеуге үлкен үлес қосты. Қазақ әнінің хас жүйрігі Жүсіпбек Елебековпен отасып, өнерде де, өмірде де бірге тер төкті. Ән дүлділінің бабы кемімеу үшін өз өнерін де құрбан етуге барды. Асыл жарға адал қызмет етудің қазақтық үлгісін көрсете білді. Үш кітап жазды.
Үш-төрт күннен бері ішін бермей тұрған Алматы аспаны бүгін Хабиба апаның мінезіндей шайдай ашылып сала берді...
Алпыс жылдан астам ойнаған сахнасына әртіс соңғы рет кірді. Залдағы қоштасудан соң, марқұмды театр сахнасына алып келіп қойды. Қоштасу осы жерде митингімен жалғасты.
Экраннан Хабиба апаның ойнаған рөльдерінен үзінді көрсетілді. Әсіресе, тоқсаннан асқанда да томағасын сыпырған қаршығадай толғанып тұрып, Мағжанның:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Мен жастарға сенемін!-
деген отты жырын оқыған кезін тыңдаған жанға тың күш бітіп шыға келеді. Ол Мағжанның махаббат жырын 100 жасқа толғанда да оқып, елді таңқалдырған болатын..
Қазақы бояуға тұнып тұрған қоңыр үн кеңсарайды ғана емес, жансарайыңды да күмбірлетіп жібереді. Кезінде өзі ұлы ақынның өз аузынан тыңдаған қырықа жуық жырын жатқа айтады екен жарықтық...
Әйгілі тарлан Асанәлінің өзі толқып, сөзін аяқтай алмай, жанарына жас іркіліп, «апа, қош бол» деп, табытты құшып, қоштасуы залдағы елді түгел толқытты.
Театр аруанасымен халық тік тұрып қоштасты...
Ғасыр жасаған белгілі театр әртісі Хабиба Елебекова Кеңсайға, жары Жүсіпбек Елебековтың жанына жайғасты. Ол жерде ұлдары Біржан Жүсіпбекұлы да жатыр екен...
Театрда да, Кеңсайда да кісі қарасы онша көп болған жоқ. Хабар жетпей қалған болар деп өзімізді жұбаттық.
Министр де, әкім келсе де, болар еді, мемлекеттік маңызды шаруалардан шыға алмаса керек...
Ол біздің бір ғасырлық өміріміздің куәсі еді...
Жүз жасап жатқандар жоқ емес шығар, жәй өмір емес, осынша жыл өнеріміздің отымен кіріп, күлімен шыққан еді...
Ол қазақ мәдениетінің алыптарымен дәмдес, серіктес қана болған жоқ, өзі де сол қазақ өнерінің уығын қадасты...
Ол Алаш арыстарын тыңдап, Мағжанды көріп, жырын естіп қана қоймай, кешегі кеңестік кер заманда да жатқа айтып жүрген асыл жан еді...
Ол армандап жеткен Тәуелсіздікті көріп кеткен көнекөздердің соңғы өкілі еді...
Ол асылдарымыздың соңғы тұяғы еді...
Бүгін Алматыда ел арыстардың көзі де, сөзі де болған, соңғы куәгер Хабиба Елебековамен қоштасқанын көп адам білмей де қалды...
Хош, ғасыр куәсі!
Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын, Хабиба апа!
Жаныңыз жәннаттан жай тауып, иманыңыз салауат болсын!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz