Бірге өткен тәтті күндердің елесі
2016 ж. 18 қазан
4672
1
немесе Шәкен Айманов туралы сыр
Хабиба ҚАРАҚБАЙҚЫЗЫ-ЕЛЕБЕККЕЛІНІ, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі
Шәкен – өз халқына шын берілген, оның әдебиеті мен өнерін жақсы білетін, шын мәніндегі, талант иесі, майталман актер, дарынды режиссер. Кезі келгенде өлең де жазатын, оның үстіне тәп-тәуір ашық қоңыр дауысы бар, жиын-тойдың көркі боп үнемі көңілді жүретін, сегіз қырлы, бір сырлы аңқылдаған ақжарқын азамат еді. Өнерлі жанға халық қашан да үйірсек келетін әдеті ғой, Шәкеннің үйінен қонақ, жанынан жолдас арылған емес. Ерекше күтім, сыпайылық танытпай-ақ, өзім деген адамның үйіне ойламаған жерден бірнеше кісі боп сау ете қалатын. Қала тұрмысында әдейі арнап шақырмайынша топтанып жүру, үй иесін іштей ренжітетіні белгілі жайт. Бірақ Шәкен қай үйге барса да, жағдайы бар болсын, жоқ болсын, үй иесі ренжіп көрмеген шығар. Өйткені, ол өзімен бірге ерекше көңіл күй, шаттық ала келеді. Егер Шәкенге қатты өкпелеп, енді қайта көрместей боп кеткенмен, ойда жоқта кездесе қалсаң, оның бір-екі ауыз сөзін естігеннен кейін-ақ көңілің жылып, қабағың күлімдеп қоя береді. Арада ешбір араздық болмағандай, Шәкеннің жайдары қалжың сөздерінің райымен жадырай, бұйдалаған тайлақтай жетегінде кете бересің.
Шәкен Қалекидің үйі мен біздің үйге жиі келетін. Қалекиді жанындай жақсы көретін. Әсіресе, Қалекидің актерлік талантын жоғары бағалайтын. Екеуінің достығы арадан қыл өтпестей қалтқысыз, шынайы, сирек кездесетін достық еді. Жүсіпбек Елебеков екеуі бас қоса қалса, Қали мен Қалекиді әңгіме қылатын. Оның басынан өткен күлкілі оқиғаларды еске алып, мәз болысады. Бірде мен: – Бұларың не? О дүниедегі адамды қастарыңда отырғандай әжуалап күлкіге айналдырасыңдар! – деп ренжігенім бар. Сонда Шәкен: – Біздің Қалекидің қылықтарын айтып рақаттана күлгенімізді шын-ақ әжуа деп түсінесің бе? Біз оны сөзімізге араластырмай сөйлей аламыз ба? Біздің өміріміз өнермен байланысты. Өнерсіз өміріміз – тұл. Тұл өмірдің не сәні бар? Ал Қалеки өнердегі жарық жұлдыздай жарқырап, шуағымен жылу беріп, көңілімізге нұр құйып өтпеді ме?! Біздің бар өміріміз Қалекимен бірге өріліп, бірге қайнап, бірігіп кеткен. Ол қашанда бізбен бірге. Біз үшін ол тірі. Тіпті өлім де бөле алмай- ды, – дегені бар. Қалекидің бұрынғы бір әңгімесін жаңғыртып айтумен болатын. – Жүсеке, мынандай қызық болғанын айтайын: – 1948 жылы астаналық көркем театрдың 50 жыл толуына байланысты Хадиша, Қалеки үшеуіміздің сол тойға қатысқанымызды айтып берейін. Өзіңіз білесіз, мұндай үлкен тойға әр жерден келетін адамдар қарапайым түсінігі төмен жандар болмайды. Көркемөнердің майталмандары болатыны сөзсіз. Және де олар ертеден орын тепкен, өнердің бүге-шігесіне дейін тани білетін тарландар ғой. Соның ішіндегі өнерге кенже келгендердің бірі бізбіз. Солай бола тұрса да тойға арналған ең соңғы іріктеліп жинақтау концертіне қатысуға бізге де сыбаға тиді. Сондай үлкен тойдың кешіне қатысу біз үшін жеңіл жүк емес-ті. «Асауға тұсау» спектаклінің екінші актісінен үзінді көрсетпекшіміз. Көрермендер залға сыймай, сахнаның қалта бүйірлеріне сығылысып алған. Ойын көрсететін сахнаға құрметті қонақтармен МХАТ-тың ұжымы орналасқан, концертке шығатын жол жалғыз аяқ соқпақтай тар, қысылып әрең шығасың. Жүсеке, мен өмірімде дәл сол күнгідей қысылмаған шығармын. Тіпті, өне бойыма діріл пайда болып өзіме өзім ие бола алмадым. Не болса да тезірек шықсақ екен деп асығамын. Жанымда тұрған Хадишаға қарасам, ол менен де бетер қобалжуда. Біздің шығатын уақытымыз жақындап қалғандай жүрегім алып-ұшып алақтаудамын. Енді Қалеки тұрған жаққа қарасам, Қалеки орнында жоқ. Қайда кетті деп сасқалақтап іздеп жүрсем қолында бір стақан суы бар, асықпай жайбарақат ішіп тұрғанын көріп: – Ойбай-ау, мұның не? Осы құрғырды дәл қазір ішпей-ақ қойсаң қайтеді. Осындай уақытта тамақтан су жүре ме? – деп кейідім. – Е, шөлдесем неге су ішпеймін. Тамақтан су жүрмейтіндей соншалықты не күн туыпты (менің бас-аяғыма қарап алды да, қалжың аралас қатқыл үнмен) е, мүсәпірлер-ай, халдерің мүшкіл болып қалыпты ғой, мына түрлеріңмен халық алдына шығуға болмас, жығылып қалып жүрерсіңдер, – деп мысқылдады да, қатқыл үнмен: «Немене кісі көрмеп пе едіңдер? Олар да біз сияқты адамдар, о несі-ей?» – деді. Қалекидің әлгі бір ауыз сөзі серпілтіп жіберді. Майырылып тұрған жасықты болатпен жанығандай, бізді де өзімен бірге ерте жөнелді. Бірнеше минуттық үзінді ойынымыз біткен соң, бізді босатпай, сахнаға бірнеше рет шығарды. Сахна сыртында бірінен соң бірі құшақтап сүйіп жатыр, Книппер Чехова үшеуімізді кезек-кезек құшақтап «менің сүйікті қазақтарым, сендердің асқан таланттарыңа ризамын» деп алғысын айтты. Міне, бұл қуанышқа ие болуымыз Қалекидің арқасы. Біздің шал осылай ғой. Ол менің өмірде де, өнерде де табынар тәңірім. Ол менің қызыр ғалайссаламім ғой, – деп есіне алады. Кейде жаныңа жақын адамды көруге асығып сағынып тұрасың ғой. Тіпті, ол адам дүниеден өтіп кетсе де, оның тірі кезіндегі сөйлеген сөздері мен іс-әрекеттері еске түскенде рақаттанып қаласың. Мен мұны кейін түсіндім. Сол бір жақсы күндерімді есіме алу арқылы қалған өміріме содан қорек алғандай болам. Жүсекеңнің көзі тірі кезіндегі жасайтын кейбір қамқорлықтары есіме жиі түседі. Сол қамқорлық қазір де көрсетілетіндей марқайып қалам. Бірге өткен тәтті күндердің елесі жаныма әрдайым қуат береді. Тіпті, түсіме енсе де, бір жақсылық болардай көрем. Дүниедегі есіңе алар қымбаттың, өнегелі абзал жандар болғаны қандай жақсы. Солардың өнегелі істері, адал достықтары, тәрбиелі мінездері сені қия бастырмай, туралыққа жетелеп, қажытпай қайрат береді екен. Ол сенің көңіліңе – қорек, жаныңа – азық. Тұнған ойың, тыныстар ауаң. Бұдан артық еш нәрсе болмасқа керек. Мен өзім осыны мойындаймын. Сол кісілердің таза махаббаты мен бір-біріне деген шынайы достықтарынан кімде-кім үлгі алғандай. Бір жаққа жол жүрерде әдейі арнап барып қош айтысады, қайтып оралғанда, кішісі үлкендеріне сәлем бере кіріп шығады немесе бірін-бірі шығарып салып, қарсы алып жүретін әдеттері дәстүрге айналған еді. Осыған орай тағы да бір жайт есіме оралады. 1943 жылдың қазан айы болатын. Кешқұрым телефон безілдей қалды. Телефон соққан Сапекең екенін бірден білдім. Өйткені, Жүсекең Сапекеңнің дауысын танып, бірден сәлем беретін еді. – Мәжит Москваға оқуға барады екен, соның жолаяғында бірге болыңдар дейді, – деді сөйлесіп болған соң. Мен мұндай жерлерге көбіне бара алмай қаламын, әйел адамның тірлігі біткен бе, әртүрлі жұмысқа айналып қала беремін. Бұл жолы да әлдебір себептермен қолым тимеді. Қонаққа жалғыз кеткен Жүсекең үйге кеш оралды. Шаршап қайтқаны байқалады. – Көп адам шақырып па? – дедім сыр тарта сөйлеп. – Жоқ, үш қана кісі болдық. Мұхаң (Мұхтар Әуезов), Қалеки үшеуіміз ғана, – деп диванға құлай кетті. Сөйлеуге де зауқы жоқ. – Өзің, тіпті, танаулап, шаршап келген түрің бар ғой. Көп ән айтқан шығарсың. Сапакеңнің жолдасы Сәлима жеңгей әнге өте құмар кісі. Бас қосқан жерде Жүсекеңе ән айтқызбай қоймайды. Жүсекең тыңдаушысы келіскен жерде кейбір әншілер секілді кергімейтін. Қайта тер шыққан сайын құлашын кең тастайтын жүйріктей жазыла түсетін. Тартынбай шабыттана айтатын. Ал бүгінгідей кеште, құрметті ағалар, қадірменді ән сүйетін жеңгесінің алдында әннің толассыз шырқалуы айтпай-ақ түсінікті еді. – Иә, сонымен не болды? Мәжитті шығарып салдыңдар ма? Әңгімеңді айтсаңшы, – деймін оның әңгімеге құлқы жоқ екенін сезсем де, сөзге тартып. – Не болушы еді, Сәлима жеңгеміз жеті қазынаның есігін ашқандай сақтаған тәтті тамақтарының бәрін салды. Қазы-қарта, ірімшіктен жасаған жентті, Мәжиттің жолаяғына аямай-ақ төкті. Жеңгеміз киік желін ғой, дастарқанда бәрі де болды. – Киік желіні несі? Ол қандай теңеу? Бірінші естуім. – Сен естімеген қазақтың сөзі көп. Бәрін білем деп ойлаушы болма. Киіктің желіні кішкене болғанмен, сүті арылмайды екен, қанша қонақ келсе де қысылмай тамақ тауып бере алатын әйелді «киік желін» деп айтады. Аздап демалған Жүсекең қабағы ашылып, әңгіме айта бастады. – Сәкеңе ұқса дегің келеді ғой маған. Әй, ол қайдан болсын, – деймін әдейі сөйлете түскім кеп. – Әрине, ол кісідей болу қиын шығар, бірақ «болмасаң да ұқсап бақ» демей ме? Кішкене болса да, жақындасаң теріс болмас еді. – Жарайды, шамам келгенше үлгісін алуға ұмтылармын. Екеуіміз қосылып күлдік. – Мәжит жүріп кетті ме? – Иә, шығарып салдық. Қызық болды! – Жүсекең көрген-білгенін айта бастады. – Сен жаңа маған өзің танаулап келдің ғой деп дұрыс айттың. Бүгінгі кешіміз өте жақсы өтті. Әңгімелесіп отырып уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппыз. Мәжитті пойызға мінгізіп салуға жедел басып келе жатқан едік. Уақыт жақындап қалған екен. Біз Максим Горький көшесіне жеткен кезде, Мәжит оқыс тұра қалып: – Аға (Сапекеңді аға дейтін), менің жолға деген ақшам үйде қалып қойыпты. Алам деп отырып, ұмытып кетіппін. Енді не істейміз? Сіздер тұра тұрыңыздар, мен үйге барып, алып келейін, – деді. – Сен қалай барасың? Пойыздың жүрер уақыты жақындап қалды. Келіп үлгере алмасаң, биылғы сабақтан да мүлде қаласың, – деп Сапекең қатты қынжылды. Ол кезде жол жүруге билет алу өте қиын болатын. Әсіресе, астанаға баруға билет алу өте қиынға түсетін. Көшелерде жарық сөніп, транспорт тоқтап қалған. Бұлар не істерін білмей, тығырыққа тірелгендей, бір сәтке тұрып қалыпты. Жүсіпбек «мен барайын» десе керек. Барып қайтқанша біраз жер. Тоқтаусыз жүгіріп барып қайтпаса, қалып қояды. Енді аялдауға болмайды. Сонымен Жүсіпбек жүгіре жөнеледі. Өрге қарай жүгіру тіпті қиын. Бала кезден кейін жүгіру дегеннің не екенін ұмытқан Жүсіпбекті осынша қиындыққа салған Сапекеңнің қинала қынжылған қабағы еді. Қайтсе де, ақшаны жеткізуді өзіне міндеттеген Жүсіпбек екінші қабатта тұратын Сапекең үйіне ентіге жүгіріп кіріп, сөз айтуға мұршасы келмей, ауызғы ел отырған бөлмеден көктей өтіп, төргі бөлмедегі ақшаны ала салып, шыға жөнеледі. Үйдегілердің не болғанын сұрауға да шамасы келмей, абыржып сасып қалады. Үрейленген Сәлима жеңгей артынан жүгіре шығады. – Жүсіпбек-ау, не боп қалды, айтып кетсеңші! – деп айқайлады. – Ештеңе де болған жоқ. Қорықпаңыз, – деп кете барады. Бұл кезде вокзалға жеткен Сапекеңдер жүру уақыты жақындаған сайын дегбірсізденіп тұрады. – Жүсіпбек келіп үлгере алмайды. Көп жер ғой. Орта жасқа аяқ басқан адамға өрге қарай жүгіру оңай ма. Мәжит қаражатсыз қиналатын болды, – деп Сапекеңнің мазасы кете беріпті. Қашанда да сабырлы Қалеки: – Ей, Сапарғали, сен босқа ренжіп пышылдама. Мен білетін көршім болса, ақшаны жеткізбей тынбайды. Қара да тұр, қазір-ақ келеді. Осыған бәстесейік. Қазір базарда сыраның литрі қырық-ақ сом тұрады. Егер Жүсіпбек үлгеріп келетін болса, сен маған бір литр сыра алып бересің. Келе алмаса, мен саған алып берем. Әкел қолыңды, Мұхтар, сен қолымызды айырасың. – Пәлі, мына Қалибектің бәсінің түрін қара. Бір литр сыра, сол да сөз боп па! Одан гөрі қиынырақ бір нәрсе айтпайсыз ба? Егер Жүсіпбек келетін болса, мен қандай ауыр жаза болса да көнер едім. Мына Сапекеңді қара, бір литр сыраға да көнгісі келмей тұр, – деп Мұқаң сықылықтап күліпті. – Мұхтар, сен осының сөзіне иланып тұрсың ба? Қалибек былшылдап тұр. Бұл сөйлемей тұра алмайды ғой. Жасынан сөйлеп қалған ауыз. Біреуді иіндетіп, сөзбен бастырмалатып, орнынан тұрмастай етіп жаншып тастайтын кеселі бар емес пе? Әйтпесе, дәл қазір Жүсіпбек келеді деп бәстесудің не орны бар? – дейді Сапекең кейіп. – Ей, Сапарғали, мен осыған табандасып тұра алам. Ол керекті жерінде алдына жан салмайтын Ақанның Құлагеріндей жортады. Көр де тұр. Қазір келеді. – Пәлі, сен тіпті қисынсыз сөйлейсің. Жүсіпбекті күнде жарысқа қосып жүргендей айтасың-ау. Кәне, айта ғой. Қанша жарыста, нешеуінің алдынан келіп еді. Ашып, анығын айтпасаң, Сапекең оңайлықпен қолға түсе қоймайды, – деп Мұқаң да құтыртады. – Мұхтар, сен жазу үстіндегі қолданатын дәлдігіңді осы араға да әкелгің келеді. Ал мен ақылдан туар дәлдіктен гөрі, жүректің сездіргенін айтам. Мені былай қойғанда, сен екеуіңнің алдыңда өзін баладай ұстап, қабақ қағыстарыңды қалт жібермей құрмет тұтатын Жүсіпбек мойнына алған міндетті, мұрнынан қан кетсе де, орындамай тынбайды. Ал дәлелдеу керек болса, Жүсіпбек менің қолымда тұрған жылдарда, қай жерге жұмсасам да, тіпті түн ортасында оятсам да, қабақ шытпай, көзді ашып-жұмғанша үкілі поштадай орындап келіп қалғанын білмей қалатынмын, – деп күлдіртеді Қалеки. – Сен осыдан он шақты жыл бұрынғыны айтасың. Қазір шау тартып, денесі толысқан кезде шапшаң қимылдау оңай емес. Осы он шақты жылдың ішінде сенің өз бойыңдағы күш-қуатың бұрынғыдан кемігенін сезесің бе? Бірақ сен оған мән бермейтін шығарсың. – Өй, шіркін-ай, сендер өйтіп мені кәрілікке мойындата алмайсыңдар. Баяғы жас күнімдей сезінемін. Бір әдетім – жас күнімнен жүгіруге жоқпын. Әйтпесе, өзім-ақ кетер едім, – деп Қалеки әңгімені қыздыра түседі. Олар осылай қалжың сөзбен қағысып тұрғанда, пойыз қозғала бастайды. Осы сәтте әбден қалжыраған Жүсіпбек те жетеді. Қойшы, әйтеуір, Мәжитке ақшаны беріп үлгеріп, тәлтіректеп жерге отыра кетеді. Бұл айта қаларлық қызмет емес те шығар. Бірақ абзал ағаға деген ыстық ықыласын, кіршіксіз таза көңілін білдіреді... Кейде бірді айтып, бірге кетеміз-ау. Енді сол Шәкенге арналған сөз желісіне қайта оралайық. Біздің үйге жиі келетін адамның бірі Шәкен еді. Жүсекең де Шәкеннің келуін аңсап күтіп отырады. Тіпті, тәтті, дәмді тамақты, соғымның тілін, бүйрегін, телшесіне дейін Шәкенге сақтататын. Кейде келмей кетсе, телефон соғып: «Шәкен, сен қайда жүрсің? Келмейсің бе? Соғымның жылы-жұмсағын ескірмей тұрғанда жеп кетсеңдерші», – деп бәйек болатын. Шәкенмен бірге өткізетін кештер мағыналы, көңілді болатын. Көбіне ән айтып, кейде сол ән төңірегінде айтысып, керілдесіп қалатын. Бірін-бірі мойындап, өзді-өзі мәмілеге келіп отыратын кездері де болатын. Шыға алмай жүрген белеске көтерілгендей, бір-біріне ризалық білдіріп, бұрынғыдан да мейірлене түсетін. Шәкен біздікіне көбіне жолдассыз, жеке келетін. Ондағысы сол кешті тек әнге ғана арнаушы еді. Кілегеймен ішкен үнді шайын ұнататын. – Шайың қайнап кетпесін, аққұманға суды азырақ құй, – деп өзі бірге жүретін. Мен болсам, оған реніш білдіріп: – Қойшы, Шәкен, жағаласпашы. Өзім де білем ғой, – деп ұрсатынымды қайтерсің. Оны тыңдап жатқан Шәкен жоқ. Бабына келтіріп ішкен шайдан соң ән басталады. Жүсекең ән айтудағы өзінің ұстаған жолы бойынша, әнді кестедей өрнектеп, әдемілеп айтқанды ұнатады. Шәкен үнсіз тыңдап отырады да: – Мына бір ирегі артық, – деп әнді бөліп, өз ойын дәлелдейді. Кейде екеуі келісе алмай айтысып қалады. Шәкен әннің тұтастығын ұнатады. «Жиырма бестің» кейбір әдемі иректері артықтау дейтін еді. Жүсекең «Жиырма бесті» соңғы рет Шәкеннің айтуы бойынша жаздырған. Екеуі әннің артығын жонып, кемтігін толтыру үстінде көп еңбектенетін. Қалеки Шәкен екеуі басы қосылып келе қалса, түні бойына ән тыңдаудан жалықпайтын. Екеуі де домбыраны жақсы тартады. Дауыстары да жақсы, тәп-тәуір әнші болатын. Тегінде, қазақ халқының дана ұлдарының бәрі де әнші, домбырашы болу керек. Қаныш аға (Қаныш Сәтбаев) «Бүркітбай» әнін домбырамен керемет айтатын. Мұқаң ән салмағанымен керемет түсінетін. Өйткені ол кісі кез келген әннің шығу тарихын білетін. Ғабең (Ғабит Мүсірепов) домбыраға қосылып ән салғанда, асықпай мәнерлеп айтатын еді. Әннің нәзіктік жағына көбірек көңіл аударатын. Әсіресе, Абайдың «Сегізаяғын» жақсы керетін. – Жүсіпбек, «Сегізаяқты» сенен мен жақсы айтам. Кәне, тыңдашы, – деп жұмсақ қоңыр дауыспен толқындата, тебірене айтатын. Жүсекең кейде Ғабеңді сағынып көргісі келгенде, «Сегізаяқты» Ғабекеңше айтайыншы, – деуші еді. Мінеки, қазақтың асқан сырбаз ұлдары әнді сүйіп қана қоймайтын, өздері де ән шырқап, домбыра шерте білетін. Шәкенді біздің үйге алып келетін сол әнге деген құмарлығы. Олар көбіне Қали Байжановты әңгіме ететін. Және оның ән алдындағы айтар кіріспе сарынын қайталаудан жалықпайтын. Шәкен Қалиды жанындай жақсы көретін. Қалидың баладай сенгіш аңқаулығын, сөзге шорқақтығын айтып, екеуі рахаттанып күледі. Сексенге келіп, қартайған шағында, өзі қатарлас шалдар намаз оқитын болған соң, шалдармен бас қосқан жерде Қалекең де қосыла кететін көрінеді. Онысы намаз оқымайды деп айтпасын дегендегісі екен. Бір жылы Қалеки, Жүсекең, Шәкен үшеуі бастары қосылып Қарағандыға барып, Қалидың үйіне түседі. Қали мен Қалеки ежелгі жолдас, театр құрылмай тұрғанда Қоянды жәрмеңкесінде бірге сайрандап, әнші Қали, пері Қалибек атанған. Жүсіпбектің әншілік өнерін ерекше қадірлеген, ағасы Жақыпбекпен қатарлас, аралас өскен. Ал Шәкенге жезде боп келеді. Шәкеннің әкесі Кенжетайдың ағасының қызын алған. Шәкенді кішкентай күнінен бетінен қақпай еркелетіп әнге баулыған, домбыра үйреткен ұстазы, бір жағы туысы, әкесіндей адам. Олар шақырған жерге өздерімен бірге Қалекеңді қалдырмай апарып жүріпті. Қалекең бұрынғы әдеті бойынша, кісі үйінде намаз оқитын керінеді. Намаз артынан аят оқып, қол жайып отырып, өлген адамдардың атын атап әруағына құран бағыштайтын әдетті Қалекең де біледі. Соны көріп жүрген Қалекең қол жайып аят оқып отырғандай аузын күбірлетіп отырып, жан-жағына алақтап қарап қоятын көрінеді. Көзіне бірінші ілінген Қалекидің әкесінің атын атап, Қуанышбайдың аруағына бағыштадым деп бір қойып, Жүсіпбек өкпелеп қала ма дегендей, Жүсіпбекке қарай мойын бұра, дауысын көтеріңкіреп Елебектің аруағына, Шәкенге қарап, Айманның аруағына бағыштадым деп, жанындағы өзі білетін адамдардың әкелерін түгел айтып шығатын көрінеді. Қалекеңнің ақ көңіл аңқаулығын, жанының баладай тазалығын айтып екеуі рақаттана күлетін. Шәкен Қалекеңнің сондағы аңқаулық тұрпатын айнытпай салып айтып бергенде, көзімізден жас аққанша күлеміз. Қали қара сөзге өте шорқақ. Бір ауыз әңгіме айтып бере алмайды. Бірді айтып, бірге кетеді. Оны өзі аңғармайды. Оның білетіні ән ғана. Оның сол мінезін білетін Шәкен әдейі сөйлеткісі келіп сөзге шақырады. – Қалеке, баяғыда Қоянды жәрмеңкесінде Қалеки екеуің талай қызықты көрдіңдер ғой. Соның біреуін айтып берсеңіз, мына Жүсекең екеуімізге. Біз әдейі сенің әңгімеңді естиік деп келдік қой. Аяйсың ба ол бар болғырды, – дейді. Қалекеңнің әңгімесінің ішінде «есеп бар ма», «қапы жоқ», «баяғыда осы өзіміздің Қапан бар» (Қапан әйелі) деген сөздер еріп жүреді. Қалекең Қапанға ғашық болып жүріп әрең қолы жетсе керек. Сексенге келген Қапанның қас-қабағына қараумен, айтқанын екі етпей, ырқына қарай жүретін. Сондықтан ба, әйтеуір Қапанды қоспай сөйлесе сөзі сөз болмай іріп кететіндей, тіпті Қапанды алмай тұрған кезді әңгіме еткеннің өзінде де, «осы өзіміздің Қапан бар» деп сөз арасына қоса беретін. Онысын ізет деп білетін. Қалекең әңгімеден гөрі әнге ауысқанды ұнатады. Ал Шәкен баланың былдырын қызық көретін үлкен адамдардың әдетіне басып, Қалекеңді әдейі сөйлеткісі келеді. Қалекең сөйлемесем ренжіп қалар, онан да білгенімді айтып берейін деп, үлкен бір айтысқа дайындалып отырғандай қозғалақтап, аздан соң тамағын қырнап алып, сөз бастап кетеді. – Баяғыда осы өзіміздің Қапан бар, оған есеп бар ма, Шәкенжан, сен де бар, Қоянды жәрмеңкесінде мен ән салғанда, оған қапы жоқ. – Шал-ау, мен Қояндыда болғам жоқ қой. – А, солай ма. Шәкенжан, жоқсың ба? Иә, жоқсың. Оған қапы жоқ. Я, баяғыда осы өзіміздің Қалибек бар, оған есеп бар ма. Осы өзіміздің Жақыпбек әнші еді- ау, – деп бір тоқтайды. Оның осы ұзақ әңгімесі бес-алты сөйлемнен аспайтын көрінеді. Шәкен Қалидың әңгімесін айтқанда, күлкіден ішегіміз қататын. Бірақ Қали асқан әнші еді. «Әнді Қалидай түсініп, нәшіне келтіріп, құбылтып айтатын әнші кемде-кем», – деп табына таң қалып отыратын Жүсекең... – Жүсеке, бүл ғажап әнші ғой. Оның ән орындауындағы шеберлігіне қанша үңілсем де, ой түйінін түйе алмай-ақ қойдым. Сіз әншісіз ғой. Сезесіз бе? Мұның сыры неде? – деді бір күні Шәкен. – Меніңше, Қалидың басқа әншілерден басым түсіп, жоғары тұруы, біріншіден, ол қазақтың небір асқан дарынды әншілерінен үлгі алды. Мен Қалидай бақытты әнші жоқ деп айтар ем. Өйткені, ол Біржан мен Ақанның алдын көрді. Атақты Жарылғапберлінің сүйікті шәкірті болып, сабақ алды. Сондай-ақ дауылпаз композитор Жаяу Мұсамен де сан рет кездесті. Мұның бәрі оған әсер етпейді дейсің бе?! Екіншіден, оның табиғи талант ұғым-түйсігі басқа әншінемелерге қарағанда жоғары. Ол айтатын «Ардақ», «Алтыбасар», «Шама», «Жиырма бес», «Келіншек» секілді әндерді кез келген әнші нақышына келтіріп айта алмайды. Осындай асқақ әндерді Қали қиналмай, еркін айтады. Оның алдындағы ұлы ұстаздарынан алған өнегесі кеп. Ол оның бәрін ақылмен емес, жүрекпен сезіну арқылы алған. А.Затаевич «Қазақтың 500 ән-күйі» деген кітабына жазған түсініктемесінде Қали жайында айта келіп: «Өмірде көңілді, сүйкімді Қалидың, сөз жоқ, музыкалық қабілеті күшті. Мен оның әндеріне фортепианода сүйемел жүргізіп көрдім. Дала әншісінің күлкілі, көңілді шағының қайда кетіп қалғанын білмейсің. Ол бұрын үйренбеген тосын дауысты сүйемелге, ешбір қысылмай, әнді әдемі, ойлы айтты. Өте нақ және күшті үнмен дыбыстарды қатесіз тауып отырды», – деп жазбады ма. Фортепианоға қосылып айтқанда, бірден сүйемелге дөп түсіп еркін алып кетуі, қандай дарындылық десеңші, – деп Жүсекең де таңдай қақты. Шәкен екеуінің Қали жайында әңгімесі таусылмайтын. Әңгімелеп отырып Қалиша ән айтып, домбыра тартатын. Ұзақ түнге ән айтып, әншілер жайында сыр шертуге жалықпайтынына күні бүгінге дейін қайран қаламын. Не деген өнерсүйгіш, әнге құмар жандар десеңші! Бірін-бірі жетектеп, бірін-бірі толықтырып отырушы еді. Шәкен, әсіресе, «Жиырма бес» пен «Екі жиренді» ерекше сүйіп айтатын еді. «Екі жиреннің» Тоқбай айтатын екінші түрі болатын. Шәкен соны қатты ұнататын. Қолына домбыра тисе, бірден «Екі жиренге» басатын. Ерекше тебіреніспен басқа дүниені ұмытып өзгеше күй кешеді. Күмбірлеген домбыра үнімен бірге дауысы да қосыла шығатын еді. – Ғизатлу хат жазамын, қалқам, саған, самарқау, осы күні көңілім шабан. Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ, дүние осылайша өтті заман. А-ау, екі жирен, жалын түйген. Жалғанда жақыным сен, жаным сүйген... Көңілі әнге тоймаған Шәкен қайта-қайта айтады. Ән көңілді қоңыр мұңға бөлеп, жан сезімін шымырлатады. Артта қалған оралмас бұла дәуренге деген сағынышын оятады. Сонымен қатар әннің ойыңды әуелете көтеріп әкететін қуатты күші бар. Адам бойындағы саналы мұңды тез оятар, ой әуенін тереңге жетелер сырлы саз болғандықтан ба екен, әйтеуір, осы әнді Шәкен кейінгі кезде аузынан тастамайтын. Тоқбай айтатын әндердің бәрі де бұрынғы қалпынан өзгеріңкіреп, ойлы мұңға жетелеп тұрады. Сағынышқа, аңсауға толы. Бәлкім, оған Тоқбай өмірінің қиындықпен өткендігі де әсер еткен шығар. Тоқбай аштық жылдары бес-алты баласы мен әйелінен айырылып, жалғыз қалады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі жан тіршілігін қылады. Тоқбай да азып-тозып итшілеп жүріп дүкенге күзетші болып орналасады. Сөйтіп, алғашқы еңбек ақысына балалайка сатып алады. Сол балалайкамен қосылып түні бойы зарланып ән айтады екен. Тіпті, көңілді әндердің өзі Тоқбай айтқанда зарлы мұңға айналып кетеді екен. «Екі жиреннің» де жан тебірентер мұңды түрі осылай шықса керек. Осы әнді айтқанда, Шәкеннің көзіне мұң толып, маңдай әжімдері тереңдеп, өзінен-өзі тебіреніп ерекше күй кешетін еді. Оның сондағы кейпін көріп, қарадай отырып біз қиналатын едік. Оны «Екі жиреннен» ажырату қиынға түсетін. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, мұндайда Жүсекең «Жиырма бестің» Қали тартатын кіріспесін шалқытып шабыт шақыратын. Шәкен сонда ғана тұңғиық ой шырмауынан босанғандай ептеп серпіле бастайды. Сөйтіп, асқақ дауыспен шырқай жөнелгенде ғана ол ауыр мұңнан арылғандай «Екі жиреннен» «Жиырма беске» ауысатын. – Мыс па екен, алтын ба екен, қола ма екен, Көңілім жаман жырға тола ма екен. Тұйғын деп ұстағаным қарға шықты, Қарғаға пенде ғашық бола ма екен. Жиырма бес тотыдайын толғайтұғын, Қызыққа ертелі-кеш тоймайтұғын. Суалып тұла бойда тамыр біткен, Кәрілік келіп жетті қоймайтұғын. О-о-ой, жалған, Жиырма бес қайта айналып, Шіркін-ай, келмес саған! Осылайша Жүсіпбек екеуі түнімен ән айтудан талмайтын, жалықпайтын. Не көп, қазақтың ойлы, мұңды, күлкілі, көңілді әсем әндері көп. Әбден шаршап қалжырағанша айта беретін. – Қайран, Тоқбай! Дер кезінде білім алып қазақ өнерінің дамуына үлес қосқанда, жеке әншілік мектебі боларлықтай дарын иесі еді ғой. Біздің көкірегі соқыр кейбір басшылар кезінде бағалай білмеген соң, жағдайы келіспей елге қайтып кетті, – дейді Жүсекең өкініш білдіріп. – Мен сол кісінің өмірін жақсы білмейді екем, – дейді Шәкен әңгімені Тоқбайға қарай аударып. Олар шаршай бастағанда, әннен әңгімеге ауысып кететінін өздері де байқамай қалатын. – Жарықтықта өмір дейтіндей өмір де болған жоқ шығар-ау! Талайдың отын өшіріп, өмірін қайғыға салған небір ауыр замандар өтті ғой. Ой, заман-ай, десейші, – деп Жүсекең өткен күннен әңгіме қозғайды. – Тоқбаймен 1939 жылы ел аралап концерт беріп жүріп, Бесқарағай ауданында кездесіп едім. Ондай адамдар қай жерге де керек қой, өзіммен бірге Алматыға алып келіп, филармонияға әнші ғып орналастырдым. Бірақ жағдайы болмағандықтан, көп аялдамай қайтып кетті. Осыдан кейін Тоқбайдан көз жазып қалдым. Ұзақ жылдар бойы кездестіре алмай қойдым. Тым болмаса, әнін жаздырып алмағанымызға өкінем.1960 жылы тағы да сондай концерт беріп жүргенде, машинамен ағызып келе жатып, бір атты адамға көзім түсті. Дұрыстап қарап үлгергенімше болған жоқ, машина зуылдап өте шықты. Санамда әлдебір қимас адамның бейнесі жарқ ете түскендей болды. Дереу машинаны тоқтатқызып: – Осы адам Тоқбай болу керек, тұлғасы соған ұқсайды, – деп машинаны кері бұруын өтіндім. – Қойыңызшы, Жүсеке, бейсуат өтіп бара жатқан мықырайған біреуді Тоқбай деп шатасқаныңыз не? Сіз де не болса, соны айта береді екенсіз! – деп күлді қасымдағылар. – Меніңше сол, Тоқбайдың нақ өзі, көзім ешқашан алдамаушы еді. Сол екенін жүрегім де сезіп тұрғандай. Барайық, машинаны кері бұрыңдар, басқа адам болса, тонымызды шешіп алып қалмас, көрейік, – дедім. Сонымен әлгі аттыға қапталдаса кеп тоқтадық. Машина жолдан қашықтау бара жатқан соң, көзім жете қоймады. Айқайлап қол бұлғап едім, әлгі кісі бізге қарсы жүрді. Жақындағанда оның Тоқбай екенін жазбай таныдым. – Тоқбай! – деп машинадан қарғып түсіп, тұра жүгірдім. Бара аттан тік көтеріп алып, құшақтап жатырмын. Оның да қуанышында шек жоқ. – Жаман ағаңды қалай таныдың? Ұмытпапсың ғой, шырағым. Рақмет! –деп жылап жіберді. Шүйкедей боп шөгіп кетіпті. Атын біреуге қалдырып, өзін машинаға отырғызып алдық. Жиырма жыл жоғалтқан Тоқбайды солай тауып алғам. – Арада жиырма бір жыл өткенде, бірден қалай таныдың? – деймін мен де сөзге араласып. – Тоқбай сияқты адам ұмытыла ма? Ол менің ойымнан шыққан емес. Елге шыққанда оның қайда екенін сұрастырып жүретінмін. Ешкім білмейді. Бір рет бұрынғы жүрген жеріне іздеп барып, таба алмай қайтқам. Кейінірек дүниеден өткен шығар деп ойлаушы едім. Арқа сүйер ешкімі жоқ шүйкедей жаман шалды кім керек етсін. Кеуде соғары жоқ бұйығы адамның өнері ашылмай қала береді екен-ау деп те ойға қалушы едім. Қойшы, әйтеуір, көтеріле біткен танауыңнан айналайын, шүйкедей Тоқбайды таптым ғой. Жүсекең әңгімесін соза түседі. Шәкен үнсіз ойға батып жатып тыңдай береді. – Сол жолы Тоқбайды қонаққа шақырып келдім. Онда осы өзің жатқан үйді жаңадан алған кезіміз. Қыс түсе Тоқбай да келді. Қолында балалайкасы бар. Өзіне жеке бір бөлмені босатып бердік. Күнде таңертеңгі тамақтан кейін қоймай отырып ән айтқызам. Дайындалып жаттыға бер, әніңді жазып аламыз деймін. – Қой, Жүсіпбек, мені мазалама. Сексеннен асқанда менде ән айтатын не қауқар қалды дейсің. Өзіңе ғана әлсіз дауысыммен, сұраған әндеріңді айтып берейін деп, мына балалайкамды ала келдім, – деп көнгісі келмейді. – Мен бұдан бір сәт ажырай алмаймын. Бұл менің өмірлік жолдасым ғой. Кешегі қайғы басқан қиын жылдарда тек осы ғана сырымды ұғар сырласым, зарымды ұғар мұңдасым болмады ма. Кейінгі кезде домбыраға қайта ауысуға болар еді. Оған дәтім бармады. Ауыр күндерде серік болған сырласымды тастай алмадым. Кейбір әндердің балалайкаға көнбейтінін білем. Бірақ, амал жоқ! Тастай алмадым. Қиын кездегі жан аяспас досын бас пайдасы үшін сатып кететін жаман жолдастай болмайын деймін. Мен оны өлмей тастамаймын, – дейді. Дегенмен, сол жолы оның біраз өлеңдерін жаздырдым. Тоқбай ақсақал бір ай жатып, ауылына қайтты. Содан екі жылдан кейін қайтыс болды деген хат келді. – Е-е! Бұл жалғаннан кім өтпеді дейсің, – деп Шәкен де күрсінеді. Тоқбайдың өлімін естігенде, Жүсекең шалқасынан жатып алып, «Екі жиренді» қайталап айта берді. Басқа дүниені ұмытқандай ойға батты. Домбырасын кеудесіне қойып алып, «Екі жиренді» Тоқбайша ұзақ айтты. Жанына келіп тұрған мені де байқамады. – Не болды сонша, жас кеткен боздақ емес қой. Тоқсанға жақындап армансыз жасаған шалға сонша күйзелгенің не? – деп кейістік білдірдім. – Ай, Хабиба-ай, армансыз кететіндей сол көп жасты қайбір қызықты жасады. Бойында таланты бола тұрып, өмірден өз орнын таба алмай өксумен өтуден жаман нәрсе бар дейсің бе. Ол өз бойында өлшеусіз өнер жатқанын да біле алмай кетті ғой. Тағдырдың ауыр салмағы бір сәт бойын жазғызбады. Тек күңірене зар шеккеннен басқа не көрді. Сексен жыл азапты ғұмыр кешкенше, қырық жыл шалқып өткен артық емес пе. Тоқбай басынан өткізген өмірінің арман-мұңын, сағыныш-аңсауын «Екі жиренге» беріп кеткендей көрінеді. Тоқбай өмірін еріксіз көз алдыма келтіріп, ойым ұйытқып, алай-түлейі шығады, – деп жылап жіберді. Мен де шыдап тұра алмадым. Шәкен екеуінің «Екі жиренді» жақсы көретіні осындай сыр-мағынасын жете түсінгендіктен шығар деп ойлаймын. Шәкен жаратылысы бөлек, мінез-құлқы өзгеше, өмірге көзқарасы басқаларға ұқсай бермейтін ерекше жан еді. Сырт көзге ашу-реніш дегенді білмейтін, тек ойын-сауық құрып думандатып жүретін сал-серілердей көрінетін. Рас, Шәкен жалғыз жүргенді ұнатпайтын. Былайғы жұрт та оған үйірсек келетін. Аузынан шыққан сөзге дуылдаса күлісіп мәз болады. Шәкен дүние-мүлікке, ақшаға қызыққан жан емес. Барды қанағат қып, жоққа ренжімей жүре береді. «Жомарттың қалтасы тесік» дегендей ақшаның бет-жүзіне қарамайтын. Өзінде бар болса, сұраған адамның қолын қайтарған емес. Кейде өзінің қарызға батып жүретінін қайтерсің. Тегінде, шынайы өнерпаздардың табиғаты солай жаратылған-ау деген ойға келесің. Осындайда: – Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын, Болсам да малға кедей, тілге баймын. Күніне жүзді беріп мыңды алсам да, Қалтамның түбі тесік байымаймын, – деген Шашубай атамыздың өлеңі есіңе түседі. Шәкен де Шашубай сияқты «күніге жүзді беріп, мыңды алса да» байымайтын, қолы ашық, жаны жомарт өнерпаз болатын. Анау-мынау қиыншылықтарға мойымай, қашан да жайраңдап, күліп-ойнап жүретін еді. Шәкен Хадиша екеуі от басында шүйіркелесіп отырмаған шығар. Қашан да бір-екі жігіт бірге жүреді. Кейде Хадиша: – Сен осы өз үйіңе жеке келуге жол таба алмайсың ба? Жолбасшың, атқосшың бірге жүреді. Ертелі-кеш қонақ күту маған оңай дейсің бе? – деп реніш білдіретін көрінеді. Шәкен үй ішінің шаруасына ұқыпсыз еді. Оны былай қойғанда, үш баланың әкесі болғанша, Хадиша екеуі неке қағазына тіркелмеген болатын. Кейде ойына түскенде маған: «Хабиба, сен бізге куә-жолдас болып апарып некеге тіркетсейші. Біз жаңа үйленген жас жұбайларға ұқсап, жолдастарды шақырып той жасайық. Бізді киіндіріп, сызылтып бір жерге отырғызып, «ащы, ащы» деп айқайлаңдар. Біз бұрын сүйісіп көрмегендей, төмен қарап қысылған болайық, – деп күлетін. Мен қайбір жылпос адаммын. Шәкеннің сол тілегі орындалмай-ақ кетті. Шәкен ұнатпайтын адамын реті келгенде өткір қалжың, ащы мысқылменен түйреп-түйреп алатын. Табан астынан ойға келе бермейтін ұтымды сөз тауып айтады. Ол сөзі сондай өтімді болушы еді. 1958 жылы қазақтың атақты күйшісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, қазақ драма театрының алғашқы актерлерінің бірі Әбікен Хасенов қайтыс болды. Әбекеңді ақтық сапарға шығарып салуға көп адам жиналды. Үкімет тарапынан көмек керек болған соң, Жүсіпбек пен Шәкен екеуі жәрдем сұрап көркемөнерді басқарып отырған бір үлкен кісінің алдына барады. Жай-жапсарды айтып, көмек беруін сұраса, әлгі кісі Әбікеннің кім екенін білмей-ақ қойыпты. «Ол кім дейсіңдер, қандай еңбегі бар?» – деп қайталап сұрай беріпті. Жүсіпбек көркемөнерді тікелей басқарып отырған адамның Әбікенді білмегеніне ыза болып, ерсілі-қарсылы жүріпті де қойыпты. Шәкен әлгі кісінің бетіне қарап, бір сәт мысқылдай жымиып отырады да: «Апыр-ай, ә, қандай өкініш... Осы уақытқа дейін, «Сарыжайлау» мен «Сылқылдақты» бір естімеген екенсіз. Онда сізге қалай түсіндіруге болады?!» – деп орнынан тұрып жүріп кетіпті. Шәкен күлкі шақырып тұрған нәрселерді көрсе бітті, іліп түспей қоймайтын. Ол қалжыңға келгенде, алысым, жақыным, келінім, әйелім деп қарап жатпайтын, тек қармағына ілінсең болды. Оны өзі әдемілеп айтып бергенде, тыңдаушылар есі кете күледі. Кейде Хадишаның қылықтарын айтып күлдіреді. Шәкеннің үйіне кештеу қайтатын әдеті. Кейде жолдастармен мәжілісте отырып қалады, кейде биллиард ойнап кешігеді, әйтеуір себеп табылады. Күйеуінің кешігіп келгенін қай әйел жақсы көрсін, Хадиша да ашу шақыратын болса керек. Әйелдердің қолына ақша тисе, көңілдері тез жадырайтынын жақсы білетін Шәкен үйге кірісімен, сөзге келтірмей Хадишаның қолына ақша ұстата қоятын көрінеді. Хадиша, бұл ақша еңбекақы ма, әлде көлденең табыс па, тіпті мен көшеден тауып алдым ба, оның бірін де ойламайды. Тіпті, санамайды да, бергенімді ала береді. Сосын мен тұтас бермей тұр-ау деп ойлайтын болу керек, екі алақанын жайып: «Өзгесі қайда?» – дейді деп күлдіреді. Хадишаның қимыл-қозғалысын, сөзін айнытпай келтіріп, ептеп тұздықтап айтқанда, ішек-сілеңді қатырады. Шәкеннің қалжыңы түрліше болып келеді. Жай күлдіру үшін айтатын қалжыңы және ажуалы мысқыл қалжыңы болатын. Тағы бірде бір сұлу келіншек: – Осы әйелдер Шәкенді несіне жақсы көреді екен? Әйелдер сұлу жігітке қызығушы еді. Шәкеннің бетін қараңдаршы. Соқа салған жерді тырмалағандай айғыз-айғыз. Осындай бетке де ғашық болады екен-ау, – деп тиісті. Шәкен әлгі сұлудың бетіне қарап мысқылдай күліп, қадалып қалыпты. «Қара, қара менің бетімнен қандай мін табар екенсің» дегендей қасын кере түсті. Шәкен келіншектің бар-жоғын есінен шығарғандай, жанында отырғандарға сөйлей жөнелді. – Жаратылыс адамға он екі мүше берді. Олардың әрқайсысының өз атқаратын міндеті бар. Соның ішіндегі ең басты мүше бас. Ол басқа мүшелерге басшылық көрсетіп, түзу жолға салып отырады, ойлайды, толғанады. Жақсы-жаманды айырады. Ой арқылы қиналасың, қайғырасың. Саналы ой адамға әжім түсіреді. Түк ойламайтын, қалпын өзгертпейтін, ойсыз мүше – әжімсіз жер. Қолмен сипасаң, жұп-жұмсақ, жып-жылмағай нәрсе менде де бар, – деді. Басқалар дуылдасып күлісіп жатыр. Кексіз қалжың сияқты. Бірақ... Шәкен біреудің әдепсіз сөзін естігенде, не өзін үлкен өнерлі адаммын деп санайтын бөспелерді көргенде, үндемей бетіне қарап отырып қалатын. Басқа бір жерде әлгі адамның сондағы кейпін айна-қатесіз салып, жұртты қыран-топан күлкіге батыратын. Бірде Әлжаппар Әбішевтің үйінде көп адам бас қостық. Мұндай жиында Шәкен жанып кетеді ғой. Сол кезде бір-екі ауыз өлең құрағанына кеудесін қағып, беталды лаға беретін бір ақын болушы еді. Шәкен желпініп, өзін сол ақынмын деп жариялап сарнай жөнелді. Өлеңіне күліп, сөйлеген адамдарға өлеңмен жауап береді. Жүсекең бірдеңе дей беріп еді, оның да аузын аштырмады. – Ей, Жүсеке, үйтіп абзыбайт қылма сен, простой халықтың айтқанына көнбеймін мен. Атақты алтын тәтемнің ізін басқам, маған ешкім келмейді тең. Мен өзім Ж... деген ақынмын. Кәнеки, кім шығады айтысуға, қарсы шыққан болады маған жем. Осындай өлең тауып айтшы, кәнекей, арам тер боп қалады ол... Жұрт қыран-топан күлкіге батты. Әсіресе, екі адам ішегі түйіле күліп, өз қалпына келе алмай қойды. Біреуі Жүсекең, екіншісі инженер жігіт, күле-күле орындықтан құлап қалды. Ақыры болмаған соң Шәкенге тыйым салынды. Тегінде, Жүсекең күлкішіл адам емес. Қырық жылдан аса отасқанда оның қатты күлгенін екі-ақ рет көрдім. Екеуінде де Шәкен себепкер болып еді. 1943 жылы қазан айында М.Әуезов аудармасымен У.Шекспирдің «Асауға тұсау» пьесасы қойылды. Қазақ театры тарихында бұл да бір үлкен белес еді. Әрине, аударма пьесаның қойылуы бір бұл емес. Бұдан бұрын да Шекспирдің «Отеллосы», Гогольдің «Ревизоры» сияқты т.б. орыс және шетел классикалары қойылған. «Асауға тұсау» спектаклінде Шәкен мен Хадишаның жеке кездесетін жерінде, кірпік қақса атылатын тағыдай, астары көп құдіретті әзіл сөзін тежей ұстап, бірін-бірі үнсіз аңдып, кездерінен от шашып, тек көзбен ғана шарпысатын сәттері, сөзбен қағысқаннан да көрермен қауымға артық әсер береді. Бірі-бірінің тапқырлығына іштей сүйсіну, таңдану бола тұрса да, сыр беріп тізе бүккілері келмей, тәкаппарлана шалқақтай түседі. Екеуінің бір-біріне қайтаратын өткір де уытты әзіл сөздеріне, қозғалыс, қимыл-әрекеттеріне көрермендер дуылдай қол соғып, мейірі қана мәз болады. О.Сандлердің шаттық сезімге арнайы жазғандай отты да серпінді, бойыңды еріксіз билеп әкететін сезімге құрылған әсерлі музыкасы ойнай жөнелгенде, сахнадағы кейіпкерлерді музыканың қызулы шарпуы өзіне бірден үйіріп алады. Орғыта басқан тұлпардай, музыка ырғағымен елпілдей ере жөнеледі. Кейіпкерлер ғана емес, тіпті көрермендердің өзіне де, денеңді елеуреткен, жаныңды жадыратқан әсерлі өзгешелікті сезінесің. «Асауға тұсауда» Шәкен Петруччио рөлінде, Хадиша Катарина рөлінде ойнайды. Спектакльдің ортасына қарай қызықты оқиғалар шиеленісіп, көрермен күлкіден жарылып отырған тұста Петруччио мен Катарина және олардың қызметшісі Грумио (С.Телғараев) екі ат, бір есекке қарғып мініп шаба жөнелді. Бұл – спектакльдің ең күлкілі тұсының бірі. Жұрт көпке дейін күлкісін баса алмай қойды. Біз залдың оң жағында отырмыз. Бір кезде жұрттың бәрі бізге қарап қалыпты. Мен де сахна қызығына беріліп байқамаппын. Бойымды жиып, жан-жағыма қарасам, қасымдағы Жүсекең екі жағына кезек теңселіп, әлі күліп отыр екен. Жұрттың оған қарап отырғанында ісі жоқ. Айналадағылар енді Жүсекеңе күле бастады. Мен елден ұялып, Жүсекеңді түрткілеп қой деймін. Оны елеп жатқан Жүсекең жоқ. Әлден уақытта есін жиып: «Шіркіндер-ай, мұндай да ғажап болады екен-ау», – деп өзіне-өзі келді. Жүсекеңді есінен тандыра күлдірген Шәкен бастаған өнер өрендері еді. Шын мағынасындағы көрермендердің құдіреттілігі осылай болуға тиісті. Нағыз өнер ғана адамның жан сезімін толқытып, қуаныш, мұңға бөлейді. Ал оны жанымен қабылдап, терең түсіне білу де кез келген адамның сыбағасына тие бермейді. Шәкенмен бір театрда жұмыс істедік, жайшылықта жиі араласып тұрдық. Сонда да оны жете түсіндік деп айта алмаймын. Өйткені, оны түсіну, жанын ұғу тым қиын еді. Ол үнемі ашық-жарқын, ойын-сауық арасында жүретіндей, ойға, мұңға беріле қоймайтындай көрінетін. Расында да, оның ойға беріліп, үнсіз жүретін кездері сирек. Ал шешіліп сыр шерткенде, анда-санда байсалды. Әңгімеге көшкенде, оны мүлдем танымай қалатын едік. Әңгімені майын тамызып жақсы айтады, ой желісін бұзбай шешен тілмен баяндағанда, тыңдап отыра бергің келеді. Оның үстіне дауысы да жұмсақ, жағымды. Үнемі сауық-сайранның ортасында, жиын-тойдың гүлі болып көңілді жүретін қарапайым жанның соншама көп білетініне, өмірдің мәнін терең түсінетініне қайран қалатын едік. Ал жаны өксіп жылайтын шақтары да өте сирек болатын. Қандай ет-жақын жақсы көретін жолдастары қайтқанда да егіліп, езіліп кеткенін көрген емеспін. Қайғыға қарсы тұра білетін, ұстамды, салқынқанды жан еді. Әрине, ет пен сүйектен жаралған пенденің қуанып шаттанбауы, қайғырып қапаланбауы мүмкін емес. Бірде Шәкеннің жылағанына куә болғаным бар. 1946 жылы інісі Кәукен екеуі еліне – Баянауылға барып қайтты. Бір күні Хадиша екеуі біздікіне келе қалды. Мен қалбалақтап қазан асып, шай қоюға кірістім. Шәкен кішкене баламен сөйлескенді жақсы көретін. Дариға деген қызымыздың атын өзі қойған еді. Бірақ өз атымен атамай Қоңыр дейтін. Дариғамен біраз аулада ойнап жүрді де, шай дайын болған соң үйге кірді. Бапты қою шайды жақсы көретін Шәкен, онша мейірленбей мардымсыз ішті. Көңілінде түйткіл бар секілді. Енді біраздан кейін: – Хабиба, шайыңды тез жинашы, мен сендерге өлең оқып берейін, келгеннен бері қашан оқығанша мазам болмады, – деді. Ән, өлең десе елең ете қалатын Жүсекең: – Қандай өлең? Не жайында? – деп сұрастыра бастады. – Жүсеке, Баяндағы Ақбеттауды білесіз ғой. – Е, білмегенде. Шіркін, Баянға біраз жылдан бері бара алмадым. Сағынып жүрмін. Табиғат сұлулықтың бәрін Баянға жиып берген ғой. Баянға барған кісі Ақбеттауды неге білмесін. – Ай, Жүсеке-ай, сол Ақбет, қайран Ақбет! – деп ар жағын айта алмай көзіне жас толып, булығып қалды. Үнемі жайраңдап жүретін Шәкеннің кенеттен көзіне жас алғанына Жүсекең кәдімгідей абыржып қалды. – Е, не болыпты оған? Айтсаңшы! – деп Шәкенге еміне түсті. Шәкен мен Кәукен туып-өскен жеріне елден кеткелі келмеген екен. Көп жыл көрмей алыста жүрген соң елді сағынатының аян. Шәкен мен Кәукен де құшағын жая аңсап келеді. Шәкендей асыл перзенттерін туған-туыстары мен аудан басшылары құшақ жая қарсы алады. Аудан орталығына бір қонып, ертеңіне өзінің туған қыстауы Ақбеттауға асыға жүріп кетеді. Шәкеннің көңілі жеткенше алып-ұшып тағат таппайды. Қыстау Ақбеттауға қарсы орналасқан. Жалтыраған ақ тастың айналасына қалың қарағай өскен, алыстан қарағанда сұлу қыздың жүзіндей көрінеді екен. Оның Ақбеттау аталуы да сондықтан болса керек. Осынау әсем көрініске Шәкен жастай қызыға қарайтын болған. Оның, әсіресе, қатты сағынғаны да осы Ақбеттау. Бір кезде көз жанарын тұтқындаған тәкаппар сұлулықты көп жыл өткен соң сағынып кеп тағы бір көргісі келеді. Қыстауға келгенде өзі бала кезінде басына шығып бақырып жылап отыратын Серкетасқа алдымен көзі түседі. Шәкен бала кезінде осы тастың басына шығып алып, ылғи да бақырып жылап отырады екен. Шәкеннің әкесі Кенжетайдың ағасы Аббас оқыған дәрігер болса керек. Сол кісі жылап отырған Шәкенге қарап: «Ол жай жылап отырған жоқ, өнері бойына сыймай, қысып жылап отыр. Оған тиіспеңдер», – дейді екен. Осы сөз есіне түсіп, мырс күліп жібереді. «Жарықтық, менің өнер жолына түсетінімді қайдан білді екен» деген ой келеді басына. Міне, мынау бұзылған үйлерінің орны. Бұны көргенде де ой толқыны құйын соққандай буырқанып өтеді. Бұның бәріне де онша көңіл бөлмей, Ақбеттің биігіне көз жүгіртеді. Заңғар тау сол қалпында. Бірақ Ақбет сұлу жоқ. Өз көзіне өзі сенбей сонша қарайды, бірақ «Ақбетті» таба алмайды. Баяғы тәкаппар сұлудың орнында шашын күзеп, бетіне аламаштап күйе жаққан, сұлулығынан жұрдай болған Ақбет қалған. Мұны көргенде, Шәкен есінен танып сілейіп тұрып қалады. – Мынау не? Не пәлеге ұшыраған, айтсаңдаршы! – деп айқайлап жіберіпті. Жанындағы жігіттер не дерін білмей сасқалақтап тұрып қалады. Біраздан соң барып, өртке шалынып түк қалмай жанып кеткенін хабарлайды. Мына хабарды естіген Шәкен елден бөлініп, жеке қалғысы келеді. – Шәкен аға, мұныңыз не? Ешқандай көліксіз иесіз тауға сізді қалай жалғыз тастаймыз, жүріңіз, – деп қасындағы жігіттер не істерін білмей абыржып қалады. – Айттым ғой, мен осы жерде жалғыз қалам, барыңдар! – деп қатал айтқан соң амалсыз кетуге тура келеді. Қасындағылар кеткен соң Шәкен өксігін баса алмай, жер бауырлап жатып алып, егіліп жылайды. Артынан Ақбеттауға арнап ұзақ өлең жазады. Өлең зарлы мұңға толы. Бастан-аяқ өз көңіл-күйі қоса өріліп, туған жерге деген сағынышы, сұлулықты аңсаған асыл арманы астасып отырады. Шәкен өлеңін жылап отырып оқыды. Жылауы қиынға түспейтін Жүсекең мүлде күйреп қалды. Шәкенді жылатқан әсер Жүсекеңді есінен тандыратыны сөзсіз. Сол күні көп әңгіме айтылды, бірақ мұңды сағынышқа орала берді. Ал шырқалған ән Тоқбайдың «Екі жирені» ғана еді. Шәкен ыңылдап қайта-қайта қайталай береді. Енді бірде: – Жүсеке, айтыңызшы, – деп домбыраны Жүсекеңе ұсынады. Ол да нені қалап отырғанын іштей түсінеді де, «Екі жирен» әнін күңіренте жөнеледі. Сол күнгі екеуінің кезектесіп айтқан «Екі жирен» әні құлағымда әлі естіліп тұрғандай. Ән айтқандағы бейнелері де көз алдымда. «Жер – анасы, ел – баласы» деп кемеңгер ағамыз Мұхаң үлкен даналықпен біліп айтқан. Жер – ана, жер – тарих. Жер – көпті көрген баяндаушы қарт ата. Жер – ғасырлар бойында болып өткен жақсылық пен жаманшылықты, қантөгістерді тізіп отыратын шежіре. Жер – «Кербаланың шөлінде» болған Салсал Сейітбатталдың соғыстарын, «Сарыарқаның» белінде деп айтып кеткен Асанқайғы сөздерін баяндаушы. Небір ақын-жазушыларға жалын шарпыған шешен сөздеріне арқау болған қайнар бұлақтар, шұрайлы өлкелер, зеңгір биіктер, кең-байтақ далалар, құмайтты шөлдер, жұпар иісті белдер, айдын шалқар көлдер емес пе? Олай болса, бар қасиетінен айырылған Ақбеттің қайғысы бауырында туып-өскен перзентіне батпасын ба? Шәкенді мұңға бөлеп, күңіренте ән салдырған сол туған жерге деген ыстық махаббаты еді. Оның жаны өксіп жылағанын сонда көріп едім. Қазақ әр нәрседен хабары бар, жан-жақты өнерлі адамдарды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Міне, осы сөз Шәкенге арнап айтылғандай. Оның актерлік, әншілік өнеріне қоса, әжептәуір ақындығы да бар болатын. Бірақ шығарған өлеңдерін жинап, газет-жорналға бастырып немесе баспаға тапсырған емес, айтқан жерінде қала беретін. Жора-жолдастары іліп әкетіп, көпшілікке тарап кетеді. Әртүрлі оқиғаларға байланысты шығарған кейбір өлеңдері менің есімде қалыпты. Кеңестер Одағының халық әртісі Бибігүл Төлегенова айтып жүрген «Гауһартас» әнінің өлеңі Шәкеннің шығарған өлеңі еді. – Ажарың ашық екен атқан таңдай, Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай. Анаңнан айналайын сізді тапқан Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай... Екінші шумақ өлеңінің шығу тарихы былай болған еді. «Біз осында тұрамыз» атты фильмін Көкшетауда түсірген болатын. Шәкеннің келгенін естіген ел қонаққа шақырудан дамыл бермейтін әдет бойынша күнде қонақ, күнде шақырыс болып жатса керек. Бірде қарапайым бір жігіт: «Шәкен аға, біздің үйге бас сұғып, есігімізді көріп кетіңізші», – деп өтініп келе беріпті. Әлгінің көңілін қимай жанына Ақат Толыбаев деген әртісті ғана ертіп қонаққа барыпты. Үйі бір ғана бөлме, өте жұпыны тұратын адамдар болса керек. Үй иесінің есі шыға қалбалақтап қалғанын білдіргісі келмей, Шәкен бірден баурап әкетіпті. Бұл мінез ежелден әдеті болатын. Көптен білетін адамдай балаларымен ойнап, қалжың сөздерімен күлдіріп араласып кеткенде, үй иесінің бар-жоғы білінбей, мәз болып, бұлар да Шәкенмен бірге жайраңдап кетіпті. Тамақ дайындап жатқан үй иесі әйелге көмектесіп, көрші келіншек еттің нанын илеп жатса керек. Осы келіншекке Шәкен қадала қарап көзін ала алмай қойыпты. Келіншек айтарлықтай сұлу болмағанымен, көзге түсер жеке тұрған сұлулық байқалады. Аққұба, бидай өңді сүйкімді түрін, оң жақ бетінің ұшынан көрі төменірек біткен мөлдір қара меңі ақ жүзін аша түскендей әр беріп тұр. Онша көңіл бөлмейін десең де, көзінің қалай барып мақпалдай қара меңді аймалай қалғанын байқамай қаласың. Оның үстіне нан илеп жатқан саусақтары тым әдемі болса керек. Шәкен келіншектің біресе саусағына, біресе меңіне көз сүзіп, басқа жаққа қарай алмай қойыпты. Өзіне сұқтанған көзден тая соқты ма, кім білсін, нанын илеп беріп келіншек шығып кетіпті де, қайтып оралмапты. Осы келіншекке арнап шығарған бір шумақ өлеңі мынандай еді: – Қадалып, сәулем, саған қарай бердім, Суырып жанарымды қара меңің. Қол жетпес аспандағы армандай боп, Арқаның ақ маралы, қала бердің. Міне, Шәкен жазған өлең қазір «Гауһартас» әніне жараса кетіп, өз орнын тапқандай. Түгелдей бір адамның басындағы сұлулық әркімнің-ақ көзін тартады. Ал жеке бір мүшенің ғана сұлулығын көре қойып содан ажырай алмай қалу, ол ұшқыр көзді қырандай көрегеннен қана табылады. Осыған байланысты атақты күйшіміз, марқұм Әбікен Хасенов айтқан бір әңгіме есіме түседі. Сәкен Сейфуллин мен Әбікен Хасенов араласып жүретін достас адамдар болса керек. Олардың достығы ертеден, жас кездерінен басталыпты. Өйткені, бұл кісілердің жерлері де жапсарлас, түйісіп жатыр. Қарағанды облысының Шет ауданы мен Ақадыр ауданы жапсарлас. Сәкен аға Ақадыр ауданында болса, Әбікен Шет ауданында туып-өскен. Сәкен ағаның өнерді сүйетіні белгілі жайт. Өзі ақын, өзі композитор сері жігіттің көршілес отырған Әбікен сияқты телегей күйшіні дос етіп баурап алуы табиғи нәрсе. Екі өнерпаздың достығы ешқандай дәнекерсіз-ақ өміршең болып айырылмай кетсе керек. Сол Әбекең бір әңгімесінде, «Сәкеннің кейбір мінездері қызық болушы еді» дейді. Ертерек кезде Карл Маркс көшесімен Гоголь көшесінің түйіскен жерінде су сататын кішкене дүкен болатын. Ол кезде суды стақанға кашайттап барып құятын. Мен қызметке келерде осы араны басып өтетінмін. Қашан да әлгі кішкене дүкеннің ішінде қолында бір стақан суы бар Сәкенді көрем. Асығып жұмысқа бара жатқан соң, аялдауға мұрша болмай тек амандасам да, өте шығам. Кейде бірер сағаттан кейін қайта оралсам, әлгі орнында әлі тұрғанын көрем. Әлгіге таңдана бастадым. Бұл қалай? Неге бұл жерден шықпайды. Әлде су сататын әйелді ұнатып жүр ме екен дейін десем, ол әйел көз тартатын көркі шамалы қарапайым ғана ноқтаның жуан тұғыры. Сонымен бір күні сұрауға тура келген. «Сәкен, сіз осы ылғи шөлдеп жүресіз бе? Қашан көрсем, қолыңызда бір стақан суыңыз бар, дүкеннің бір бұрышында тұрғаныңызды көрем. Бұл не ғажап?» Сәкен иығыма қолын салып, бетіме қарап күлді де: «Рас, менің шөлімнің қанатын күні жоқ шығар. Мен сусаймын. Тіпті адам бойындағы он екі мүшесінің бірі ғана кез тартса, соған да таңдай қатқан, шөліркеген сусынымды қандырып, көзімді суарсам деп тақатым қалмайды. Мына әйелдің саусақтарын қарашы, су құярда, жылдамдата кашайттағанда аппақ сүйір саусақтары, күміс көлдегі бірін-бірі қуып ойнаған ақ сазандай болып елестейді. Жұп-жұмыр білектегі әдемі саусақтар мені мүлдем арбап алғандай. Көргім келеді де тұрады. Сол әйелдің қолынан талай рет су ішіп жүрсем де байқамаппын. Енді қарасам, шынында, әдемі қол екен», – дейді Әбекең. Сұлулықты іздеумен өтетін шаһбаз жандардың қыран көзі әсемдікті тез шалады. Сол сұлулық ақынның шабытын шақырады, жанын толқытады. Ақын тереңнен суыртпақтап тартып шешен сөз құраса, керкемөнер адамы сол сұлулықтың теріндісінен сомдалған бейне жасауды іздестіреді. Шәкеннің, әсіресе, өзімен бірге жұмыс істейтін жолдастарына шығарған өлеңдері болатын. Сөз реті келгенде, сондай бір-екі өлеңінің шығу тарихына тоқтала кетейін. 1942 жылы қыркүйек айының бас кезінде Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері екі бригадаға бөлініп, Кеген, Нарынқол аудандарына концерт беруге шықпақшы болды. Соғыс жылдары көркемөнер адамдары ауылда еңбек етіп жатқан колхозшы қауыммен жиі дидарласып, концерт қойып, өнер көрсететін. Филармония әртістері қалай бөлшектенсе де, барлық жерді түгел қамти алмайды. Қалибек Қуанышбаев пен Шәкен Айманов бастаған бір топ адам Нарынқол ауданына, Жағда Өгізбаев пен Камал Қармысов бастаған топ Кеген мен Жалаңашқа бармақшы. Жүсекең бұл кезде үйде көп болмайды, көбіне ауылда, колхозшылар арасында жүреді. Мен баламен үйде отырам. Жүсекең жолға шығарында: «Сен де Қалекилермен бірге барып, жолшыбай Кегенде тұратын өзің білетін Хакім Наримановтың үйіне түсіп қал. Ол сонда аудандық Советтің бастығы болып істейді. Сенің баратыныңды айтып тапсырып қойғам», – деп қадағалап кеткен. – Жүсеке, мен бармай-ақ қояйын. Жас баламен жалғыз қайда шұбатылып жүрем, – дегеніме көнбей: – Неге жалғыз? Бәрі өзіміздің адамдар. Кегенге жеткенше бірге барасың. Сені жолшыбай түсіріп кетеді. Қайтарларыңда бірге ала қайтады. Өзің үйден шықпай жаман жүдеп кеттің. Аз да болса көңіліңді көтеріп, демалып қайт, – деді. Сонымен Жүсекеңнің айтуы бойынша, сегіз айлық Дариғамды алып, Қалекилермен бірге мен де жолға шықтым. Мінген көлігіміз қорапты жүк машина. Алматыдан кештеу шыққан едік. Жолшыбай Шелекке тоқтап, екі бригаданың адамдары бөлініп-бөлініп қонуға тура келді. Біз Қалеки, Шәкен, Сейфолла, Ақат бесеуіміз ауданның бірінші хатшысының үйіне түстік. Өнер адамдары жүрген жері қашан да ойын-сауық екені белгілі. Оның үстіне Қалеки мен Шәкен кішігірім тоймен тең. Түнімен ән айтып, домбыра тартып кеш жаттық. Мен қызым оянып кетпесін деп, түнімен ұйықтамай шықтым. Анда-санда жолға бекер шыққан екем деп өкініп қоямын. Ертеңіне жолға шықтық. Машинамыз қайта-қайта бұзылып, жүрісіміз өндімей қойды. Жүргенімізден тұрғанымыз көп. Не керек, біз «Кәртоғайдың» көпіріне жеткенде, күн әлдеқашан батып, қас қарая бастаған. Кегеннің жолына ол кезде асфальт төселмеген. Ойлы-қырлы мүйісі көп-ақ. Жолдан әнтек бассаң, қатер үстіндесің. Оған қоса машина да саңғырап тұрған жоқ. Осының барлығы жиналып келіп, тағы да жолға қонуға мәжбүр етті. Сол жерде көпір жанында отырған күзетшінің үйі бар екен. Жас баланың далада жатуы қиын болар деп, үй иесінен рұқсат сұрап, мені сонда алып келді. Үйдің жағдайы сондай келіссіз екен. Жатпақ тұрсын, тізе бүгуге болатын емес. Мен баламды көтеріп қайта шықтым. Енді далада машинаның үстінде жатуға тура келді. Бір жақсысы, Дариға бауырыма жабысып, тұмсығын тығып алды да, түнімен бұйығып ұйықтаумен болды. Межелі жерге жеткеннен кейін мен қалып қойдым да, Шәкендер ары қарай кетті. Мен түскен үй өте қонақжай екен, барын аузыма тосып бәйек болды. Бірақ балалы әйел біреудің үйінде демалып оңа ма, әсіресе, түнде бала жылап, жұрттың мазасын алмасын, астын былғап қоймасын деп мазам кетеді. Сол жатқаннан бірнеше күн жаттым. Олар кешіккен сайын мазам кетеді. Тіпті, кейде жазықсыз Жүсекеңді жазғырам. Күндіз үйде жалғыз қалам. Бүйтіп демалғаны құрысын деймін. Шыдамым таусыла бастады. Бір күні монша жағылған екен, Дариғаны қолтықтап алып сонда кеттім. Көптен су көрмеген баламды енді шомылдырып бола бергенімде, бір бала келіп: – Әртістер келді, сізді сыртта күтіп тұр, – деп айқайлады. Қуанғаным сондай, баламды орап алып далбалақтап жүгіріп келем. Кішкене кешіксем, мені тастап кететіндей көрінеді. Не керек, көптен көріспегендей құшақтасып, мәз болдық та қалдық. Әртістердің мінездері қызық қой, бірін-бірі жұма көрмей қалса, құшақтасып сүйісіп жатқаны. Шын мағынасында сағынысып тұрады. Үнемі бірге жүргеннен бе, бауырмал келеді. – Хабиба, сен баламен кабинаға отыр, жаңа ғана моншадан шықты, суық тиіп қалар, – деді Қалеки. – Ортамыздағы бір балаға суық тигізіп не көрініпті, біраз бізбен бірге отырсын. Өзі, тіпті, жағы түсіп, халі мүшкіл боп қалыпты ғой, көрген-білген жаңалығымызды естісін. Мен шығарған өлеңдерімді айтып берейін, – деп көнбей бізді орталарына алды. Машинаға шығысымен көңілім жаңғырып сала берді. ІІІәкен Сейфолла мен Атайбекке шығарған әндерін домбыраға салып айтып, күлкіден езулері жиылмады. Біз ол кезде асханадан талонмен тамақ ішетінбіз. Сейфолла өзіне тиісті тамағын кастрөлге құйып алып, үйіне әкететін. Ал Бақберген деген баласын жанынан тастамай көтеріп алып жүретін. Сол Сейфоллаға арнап өлең шығарыпты. Сөзіне лайықты әні де бар. – Көрің құрғыр оңбассың сен, Сейфолла, Бақбергенің болушы еді ылғи қолда. Кастрөлмен тамақтасып өтті күнің, Ұйқыңды қандыршы бір осы жолда. Ойбай-ау, қарта ойнауды шығардың ба, Қолыңнан келмейді ол, олла-білла. Ақыры үш жүз сомнан айырылдың, Қартадан тапқан сенің пайдаң сол ма? Қоймасаң бұл қылығыңды, ей, Сейфолла, Қаларсың бір тиынсыз қаңғып жолда. Үйің қашық тұрасың Басарықта, Балаңменен жетіп ал күн жарықта. Тыпыршумен осылай күнің өтті, Рақат жай болар ма сен ғарыпқа... – Мынау қайтеді-ей, көріңді... өлтірді-ау мені, – деп Сейфолла да елмен бірге ішегі қата күледі. Шәкен қандай қалжың айтса да ренжімейтін. Енді кезек Атайбекке келді. Бұған шығарған өлеңі тіпті күлкілі екен. Өлеңнің әрбір сөздеріне байланыстыра қимыл жасап, кейде тіпті сөз таба алмай тұрып қап, басын шайқап, көзімен, бет пішінімен көрсеткенде, күлкіден ішегің түйіледі. Бұл өлеңді «Молдабай» әнімен айтады екен. – Ей, Нарынқолға келісімен, Нарынқолға келісімен, Атайбек тапты жақынын. Ертең ерте тұрат та, Жылжып кетед ақырын. Онан тойып келсе де, Мұндағы біздің тамақтан, Есесін алды-ау пақырың. Мойны ырғайдай қылқиып, Түсетін құстай жұтиып, Осы тамақ үстінде, Өлмес пе екен, апырым. Е-е-е-е-ей, Атайбек, ақырын, ақырын. О-о-о-о, а-а-а-ай... Кейінгі жеті жолды тездете айтып, «апырым» дегенде бір-ақ тоқтайды. Ең соңғы жолды құбылтып қайырғанда, астарынан «әй, саған дауа болмас» дегенді аңғартатын еді. Шәкен жүрген жерінен аз да болса, айта жүрерліктей бір жаңалық әкелетін әдеті. Бұл жолы не жаңалық әкелді екен дейміз іштей. Көрген-білген жаңалықтарынан біраз әңгіме айтты. Бір кезде: – Жүсеке, «Әке туралы жыр» әніне мен жаңа сөз жаздым. Сол сөзді тыңдап көріңізші, – деп өлеңін оқи бастады. Іштей толқып отырғаны сезілді. Тегінде, өлең оқу, ән салу, көңілдің толғанысын аңғартады ғой. Бір шумақ өлеңді, әртүрлі оқуға болады. Көңіл күйің қалай толқыса, сол мағынада ұғасың. Шәкен оқыған бұл өлеңді жай ғана нәрсе деп ұқпадық. – Ассалаумағалейкүм, асыл әке! Ағарған бейнетпенен шашың, әке. Ақтармын ақ батаңды әрқашан да, Кіргенше қара жерге басым, әке. Ат бердің аталусыз қалмасын деп, Ас бердің ұзақ жолда талмасын деп. Жетелеп өнер-білім есігіне, Қияға қанат қағып самғасын деп. Сағындым домбыраңды қоңыр майда, Күй шерткен тебірентіп талай жайда. Тізеңде отырушы ем сазыңды ұғып, Бал татыр сол күндерім кеттің қайда! Ардақты асыл бейнең көз алдымда, Барымды түгел тарттым өз алдыңа. Бұл өмір асуы көп ұлы жарыс, Білмеймін, кем қалдым ба, оза алдым ба! Өлең оқылып біткен соң: – Өлеңің жақсы екен. Ой-санаңа қозғау салатын дүние ғой мынауың. Маған жазып бер. Оқушы балаларыма үйретейін. Өзім де үйде отырғанда айтып жүрейін, – деп Жүсекең жазғызып алды. – Өлеңі жақсы екен, бірақ қорқыныш әкелгендей болды-ау маған! – деді Шәкен кеткен соң әлденеден секем алғандай. Өлеңнің соңғы шумағын байқайсың ба? Өзін жастайынан өнерге баулыған, аяулы, зерделі Кенжекеңнің аруағына, аялап өсірген туған еліне, өз өмірінен беріп отырған есебі ғой мынау. Бұл ән шыққалы қашан. Бұрын неге жазбады бұл өлеңді? Жаңа бір сөзінде Торыайғыр көлінің басында отырып жазып едім деді-ау! Ол сонда туған жердің топырағында отырып, әсемдіктің падишасындай Баян тауына, бауырыңдағы айнадай жарқыраған көлдеріне көз жүгіртіп ойға шомды-ау. Бойымдағыны іркіп қалмай еліме бердім. Жетпегенім болса кешір мені деп отыр ғой. Мынау өлеңі менің қорқыныш сезіміме қозғау салғандай, жүрегі құрғыр бір жамандықты сезгендей ме, қалай, – деп көпке дейін айтып жүрді. 1970 жылы қыркүйек айында Жүсекең «Алматы» санаторийінде демалып жатты. Бір күні ІІІәкен: – Жүсекеңе, осы демалыста барасың ба? – деп телефон соқты. – Ертең баруға дайындығым жоқ. Бірер күннен соң барам, – дедім. – Не дайындық керек, бауырсақ пісіріп алсаң болады ғой. Ертең жұмыстан бостау кезім еді. Бірге барып қайтайық. Кәукен мен Шабал да сонда жатыр. Уақытым болмай бара алмай жүрмін. Бірге барып қайтайықшы, – деп қиыла сұрады. Тіпті, «мені тастап кетпе» деп қояды. Мен оған «жарайды, көрерміз» деп шұбалаңқы жауап бердім. Адамның мінезі қызық қой. Егер сені біреу қадірлей түссе, әлдеқандай боп шалқақтайтының бар ғой. Шәкеннің дауысын ең соңғы еститінімді қайдан білейін. Бірақ Шәкен ертеңіне келмеді. Неге келе алмағаны белгілі еді, «Атаманның ақыры» атты фильмін түсіріп, соны бітіруге асығып, қолы тимей жүрген кезі болатын. Сол жылы желтоқсанның 24-күні таңғы сағат алтыда телефон шыр ете түсті. Оқыс шыққан телефон үні бәріміздің ұйқымызды шайдай ашты. Телефон трубкасын Жүсекең көтерді, Сапекең екен. Қысқаша амандықтан кейін Жүсекең: – Ойбай, не дейсіз?! – деп қолындағы трубкасын тастап жіберді. Сосын « Бауырым-ай, жампозым-ай, енді қайттім, боздағым-ай!» – деп айқайлап, зарланып коридорда ерсілі-қарсылы жүгіре берді. Тура бір шоқ басып алғандай. Балалар да үрпиісіп түрегелді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, Жүсекеңнің айналасына жиналдық. Оның есі шығып кеткен. Не істеп жүргенін өзі де білмейді. Біз сұрауға дәтіміз бармайды, тіпті Жүсекеңнің түрінен шошып кеттік. Бір кезде, «Шәкенім-ай, сен де кеттің бе? – дегенді естігенде, балаларым шулап қоя берді. Бір сәт есімді жиып, жердегі трубкаға көзім түсті де: – Жүсекең-ау, ананы алсаңшы, Сапекең күтіп тұрған шығар, – дедім. Сабырлы, білгір Сапаш аға әлі күтіп тұр екен. Жүсекеңе көңіл айтып: – Сен балаларды шошытып жібердің, білем. Балалар шу ете түсті ғой. Бұндайда ұстамды болған жөн. Тағдырға ешкім ара тұра алмайды, – деп тоқтау айтқан болды. – Қазір бәріміз жиылып, Төлебаев көшесімен Калинин көшесінің түйіскен жерінде кездесеміз. Сол жерге сен шыға ғой. Енді есебін тауып, Кәукенге естіртуіміз керек, – десе керек. Жүсекең өңі қуарып, тоңған кісідей діріл қағып, киіне бастады. Үйде қалып, байыздап отыруға менде шама жоқ: – Жүсеке, мен де барсам қайтеді, – деп едім, бетіме қарап тұрды да: «Жүре ғой», – деді. Шәкен Мәскеуде қайтыс болған еді. Денесін әкелуге Кәукен жүріп кетті. Түнгі сағат ондар шамасы. Аэропортта Шәкеннің денесін әкелетін ұшақты күтіп тұрмыз. Ел көп жиылған. Ығы-жығы. Біреуді біреу біліп болмайды. Қашан келеді деп асыға күтудеміз. Шәкен дәл бір алыс жолдан келе жатқандай, сағынып қарсы алатындаймыз. Ақыры күткен ұшақ та келіп қонды. Күтіп тұрған көпшілік Шәкенді тірі көретіндей ұшаққа қарай лап қойды. Бұларды тоқтатқан кісі болған жоқ. Не керек, аңсаған көңіл алып-ұшқан жүрек, сағымды қуған елестей боп тоқырап қала берді. Денесін салған темір табытты мықтап қоршап тастаған. Көп аялдамай, машинаға салып алып кетті. Қалаға кірген соң, орталықтағы дене сақтайтын жерге беттеді. Машина межелі жерге келіп тоқтады. Жұрт тағы да табытқа ұмтылды. Дене салынған табытты бірнеше жігіт көтеріп, баспалдақпен төмен қарай түсіп кетті. Бұдан әрі баруға болмайтынын білген жұрт, иіріліп тұрып қалды. Шәкеннің фәни жалғаннан өткенін енді ғана ұққандай. Бәрі де жылап тұр. Амал қанша! Ажалға кім араша тұрған. Шәкенді ақтық рет түнетуге Кәукеннің үйіне әкелді. Кәукеннің үйі әкелері Кенжетай отырған қара шаңырақ болатын. Кенжекең де осы үйден шыққан. Әкесінің жатқан үйіне Шәкенді де қойды. Бұл күндері Жүсекең жылауды қойып, ешкіммен сөйлеспей, жекеленіп үнсіз жүретін болды. Екі жағы суалып, өңі қуарып кеткен. Әншейінде не болса соған көз жасын көл қылатын Жүсекеңнің жыламай бекініп алғаны таңырқатады. Әлде көз жасын көрсетуге Кәукенді аяй ма екен деп ойлаймын. Енді бірде ауыз сенекте үнсіз сілейіп түрғанын көрдім. Маған көзі түсті де: «Үйге барам, кілтті бер», – деді. Кілтті алған соң үйде біреу күтіп отырғандай асыға басып жүріп кетті. Мен Жүсекеңнің ағасының қызының жолдасы, күйеу баламыз Зейнолланы шақырып алып: «Сен де үйге барып, Жүсекеңнің қасында бол», – деп тапсырдым. Зейнолла үйге барғандағы Жүсекеңнің қалпы мынандай екен. Диванның арқасына шалқая басын қойған күйі, баяулаған зарлы үнмен Тоқбайдың «Екі жиренін» домбырасына қосылып айтып отырса керек. Көзінен парлаған жас омырауын жуып кеткен. Жанды байқар емес. Тек ән. Ән қанатының дірілі, барлық денесін бірге дірілдетеді. Ән толқыны тереңге батырып бара жатқандай. Сол тереңнен Шәкен үнін іздейді. Осы өзі айтып отырған, Шәкен талай айтатын «Екі жирен» әні арқылы, құлақта қалған әуез болып естіліп тұрғандай сезінеді. Асыл сабаз, теңдесі жоқ өнерпаз інісімен ән арқылы, Шәкен сүйетін әні арқылы қоштасып отырғандай. Домбыраның қос ішегі, Жүсіпбектің зар үнін құптағандай, діріл қағып үн қосады. Иесінің көңіл күйін басайын деп келе жатқан саусағынан сезе қояр серігі, жан серігі –домбырасы Жүсіпбектің бүгінгі жайын түсінгендей безек қағып мұңды үн қосады. Неге түсінбесін... Домбыраның осы он екі пернесінің үстінде саусақтары талай рет жорғалаған Шәкеннің, әсіресе Тоқбай айтқан «Екі жирен» әнімен сан қайтара тебіреніп тартушы еді. Бұл пернені енді қайтып басар ма он саусағы Шәкеннің? Үнін қосып айтар ма «Екі жирен» әніне... Айтпайтынын білгендей зар илейді домбыра. Пернелері сыңсып жылап, қос ішегіне үн қосып, бәрі бірге Жүсіпбекті құптайды. Бұл үшеуі бірін-бірі жұбатқысы келмейді. Шәкен сынды өреніне, қанша зарлай жыласа да, аздау болып тұрғандай жылай түсті қосылып. Өнер сырын, ән сазын жүрегіңмен түсінуші ең, сырбазым. Сен де кеттің бізді тастап өмірден. Жазмышына тағдырдың көнбесіне не шара деген оймен домбырасын қасына қойды да, ұйқыдан оянған жандай жан-жағына қарайды. Зейнолланы көріп: «Сен неғып тұрсың ол жерде. Мұнда кел. Солай, шырақ!» Аяусыз ажал орны толмас олқылыққа тағы да душар етті. Ойсырата опырып кетті көркемөнер қабырғасын. Амал қанша көнбеске. Уақыт мерзімі әсте-әстелеп орнын толтырар. Сынық бүтінделер. Уақыт деген үлкен күш. Ол бәрін де ұмыттырады. Ал мен ше, мен ұмыта алмаспын. Шәкенді қалай ұмытармын? Қалекиді қалай ұмытармын. Абай Әбдірахман өлгенде келіншегі Мағышқа тоқтау айтып өлең жазған екен. Сол өлеңінде: «Шын сорлы мен дағы, Мағыш байқап қараса», – деген сөзі бар еді. Сол сөз қазір менің сөзім, менің мұңым сияқты. Қалекиді іздеп көңілімді мұң басқан шағымда, Шәкенмен кездессем, көңілім жаңғырып, ойым сергіп сала беруші еді. Бір мүйізді жоқтап жүргенде, екінші мүйізден айырылып, маңғып кеткен кәрі бұғыдаймын мен қазір. Менің әке-шешемнен, апа-қарындасымнан, ішімнен шыққан баладан айырылып, қайғырған күндерім де болған. Соның бәрінен ауыр күйреткен Мұқаң мен Шәкеннің қазасы. Мұқаңнан айырылу асқар тауыңның құлағаны, айдыныңның суалғанымен тең болса, Шәкен өлімі бүкіл көркемөнердің белін сындырып кеткендей болды. Оның үстіне тым жас кетті ғой. Кенеттен кетті. Арманда қалдық. Ол қараңғы түнде сәулесімен жол салып, ағып түскен құйрықты жұлдыз сияқты ерекше жан еді ғой. Иә... иә, солай, шырағым, Зейнолла! Жүр, Шәкеннің ақырғы түнінде көз ілмей жанында болайық. Ұзақ сапарына аяғымыздан тік тұрып шығарып салайық...» Опера және балет театрының маңы лықсыған халық. Ілби басып алды театрға кіріп, арғы есіктен шығып жатыр. Далаға шыққандары тарап кете қоймай, театр маңында айналсоқтап жүр. Бір-бірімен ақырын ғана сөйлеседі. Жайшылықта екі кісі бас қосса даурыға сөйлеп, қарқылдай күлісетін қазақтар бүгін үнсіз. Театрдың екінші қабатында музыка ойнап тұр. «Көбік шашқан» күйінің зарлы үні жиылған қауымның қайғысына үн қосып, сай-сүйекті сырқыратады. Шәкеннің табыты да екінші қабатта, бас жағында қара лента байланған суреті ілулі тур. Кенеттен қайтыс болғандықтан ба, түрі өзгермеген сол қалпында жатыр. Өлді деуге жүрегің сенбейтін сияқты. Табытқа қарасаң, жүрегің езіле түседі. Қоштасуға келген жұрт толассыз ағылып жатты. Олардың ішінде үн салып, жоқтау айтып жылап бара жатқандар да бар. Олар Шәкеннің дарқандығын, серілігін, елден еректігін, қазақтың маңдайына сыймай кеткендігін айтып, жылап барады. Қазақ әйелдерінің үн сала айтып жоқтаған зары адамды егілтпей қоймайды ғой. Зарлы үнге шыдай алмай жиылған жұрт егіліп кетеді. Бұл жоқтау іштей үн қосқан әркімнің ойында айтылып жатты. Шәкенге арналған мына жоқтау да менің өзегімді жарып шығып еді. Бәйгеге қосар жүйрігім, Мінсіз туған сүйрігім. Өнерлі туған өренім, Толықсып толған кемелің. Көп жабының ішінен Суырылып шыққан тұлпарым, Падишасындай айдынның Сән келтірген сұңқарым. Еңселі ерек еліңнің Өрге сүйреп өнерін. Уақыт, мезгіл, күндерің Серпіп тастап артына, Өнерлі елмен теңедің. Елден ерек жаралған Шыңға біткен шынарым. Алтын тұғыр үстінде Шегір көзді қыраным. Асқарды сәнмен сәлделеп, Көгілдір тартқан мұнарым. Қайнардай тесіп жайылған, Тынбай аққан бүлағым. Сусындап елің суаттан, Рахат табар құрағым. Салтанат, сәнмен жарасқан Алтын ерлі пырағым, Сәулеңді шашып еліңе Маздай жанған шырағым. Күн асқан сайын сағынып, Шәкенім, саған жылармын!.. Қазақ халқы Шәкен сынды аяулы асыл перзентінен кездейсоқ айырылып қалды. Алтын балдаққа қондырған ақ сұңқар қайтып оралмастай көк жүзіне сіңіп ғайып болды. Кешегі бірге жүрген Шәкен көрген түстей асыл арман боп кете барды. (Жалғасы бар) qazaquni.kz