СОҢЫНДА ӨШПЕСТЕЙ ІЗ ҚАЛДЫРҒАН
2016 ж. 10 қазан
2645
1
Нәзира Құдайбергенқызы Жақауова – тарихшы-педагог, мұражай қызметкері ретінде 33 жыл мәдениет саласында қызмет етті.Қазақ Педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген Нәзира Жақауова Х.Сутеева, Ж.Қасымбаев сияқты ірі оқытушы-ғалымдардан тәлім алды. Майталман маман ретінде өзінен кейінгі көптеген жастарды да осы бір халық үшін аса қажетті істің қыр-сырына қанықтырды.
Өзінің еңбек жолын Қызылорда Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсовод қызметінен бастап оның директорлығына дейін өсті. Алматы қаласында Мемлекеттік Орталық мұражайында бөлім меңгерушісі, Ахмет Жұбанов атындағы мемориалдық үйі мен Саяси қуғын-сүргін мұражайының директоры, Қалалық тарихи мұражайдың бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Соңғы қызметінде он жылдай репрессия, ашаршылық, Алаш және Қазақстандағы кеңестік саяси қудаланған қайраткерлері мен олардың әйелдері жайында құнды деректерді, материалдық экспонаттарды жинап, арнайы ақпараттық қорға ұсынып, толықтырды. Сонымен қатар, Нәзира Құдайбергенқызы, республика бойынша 45-тен аса мұражайлардың тақырыптық-ғылыми жобаларының авторы. Әсіресе, Қызылордадағы Ыбырай Жақаевтың, Нартай Бекежановтың, Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетінің мұражайы, Қорқыт ата мемориалдық кешенінің, Атыраудағы Махамбет, Шымкенттегі Абай, Саяси қуғын-сүргін мұражайы, Түркістандағы Нәзір Төреқұлов, Алматыдағы Министрлер кеңесі, Тынышпаев атындағы Көлік және байланыс академиясы, Ахмет Жұбанов, Дінмұхамед Қонаев, Қаскелеңдегі Назарбаев мектебінің мұражайы т.с.с мәдени-орталықтарға өз қолының ізін қалдырды.
Ел алдында атқарған еселі еңбегі ескеріліп, 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталды. Өмірде биязы мінезімен, аса мәдениеттілігімен, білімділігімен және адалдығымен ұжымына, өзі қызмет еткен ортасына сыйлы болды. Жүрегіне үш рет ота жасалып, жасанды жүрек құлақшаларымен жүрсе де қоғам ісінен қол үзген емес. Халқына қалтқысыз қызмет ете жүріп бүгіндері елімізге танымал, саясаттанушы Мақсат Жақаудай ұл тәрбиелеп өсірді. Үш немере сүйді. Тағдырына жазған жүрек дертімен күресе жүріп, 30-қыркүйек күні ұзақ науқастан көз жұмды. Өзі кетсе де, еліне мәдени құндылықтарды дәріптейтін, ұлттық рухани зор тәрбиелік мәні бар дүниелерді қалдыр. Ол асыл мұраны әлі де талай ұрпақ тамашалап, тәлім алатын болады. Соңынан өшпестей із қалдырған марқұм Нәзира Құдайбергенқызының жаны жәннатта болсын деп тілейді оны білетін барша қазақ.
Мәдина МҰСАХАНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы
qazaquni.kz