Қостанай жұрты құнды жәдігерлерін Ұлттық музейге тапсырды
2016 ж. 03 қазан
2459
0
Тарихты білмей болашаққа бағдар жасау әсте мүмкін емес. Сондықтан адамзат баласы үшін кешегі күннен сыр шертетін кез-келген мұра құнды. Себебі, өткенге көз жіберіп, тарихты таразылауға көнеден жеткен жәдігерлердің қосатын үлесі орасан.
Құнды мұраны жинап, көздің қарашығындай сақтайтын, оның келешек ұрпаққа бүлінбей жетуін қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме музей болып табылады. Елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі 2015 жылғы 18 наурызда «Ұлттық музейге сый тарту» атты акция бастаған болатын. Мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудартып, ел ішінде елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың танымал тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтау және көпшілік назарына ұсыну.
Акция осыған дейін Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өтті. Нәтижесінде Ұлттық музейдің қоры небір құнды жәдігерлермен толығып келеді. Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Қасым Қайсеновтің кездігі, Шәмші Қалдаяқовтың күлсалғышы, Жұмекен Нәжімеденовтің партсигары мен дипломаты, Жұмабек Тәшеновтің ордендері, Қадыр Мырзалиевтің қаламсабы мен қолсағаты, Жақсылық Үшкемпіровтің медальдары мен жарыстарға киген киімдері, міне, осының барлығы «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының аясында жиналған заттар.
Дәл осы игі бастама Қостанай қаласында жалғасын тапты. Өз кезегінде астықты аймақтың тұрғындары да Ұлттық музейге құнды жәдігерлерін тарту етті. Акцияға Торғай өңірінің тарихта аты қалған танымал тұлғаларының ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, музей үшін құнды деген көптеген бұйымдарын ұсынды.
Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай акцияға қатысқан қостанайлықтарға алғыс білдіріп: «Музейге жай ғана ғимарат ретінде қарамай, оған жан бітіруіміз керек. Музейге келушілер сол арқылы рухтанып, біздің тамыры терең тарихымыздан мол мағлұмат алуы тиіс. Сол үшін де осы акцияны ұйымдастырып, құнды жәдігерлерді Ұлттық музейге жинап жатырмыз. Оның үстіне біздің музейге жыл сайын мыңдаған шетелдіктер келіп, экспонаттарды тамашалайды. Барлығын бір орталыққа топтастыру арқылы біз сол туристердің де біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің мол мұрасынан сусындауына жағдай жасаймыз. Ендігі жерде Тобыл, Торғай даласының перзенттерінің құнды экспонаттарын әлем назарына ұсына аламыз», - деді.
Қостанай өңірінде өткен акция барысында Ұлттық музейдің қоры 200-ге жуық экспонатпен толықты. Жәдігерлердің арасында Ғафу Қайырбековтың қолжазбалары мен қаламсабы, академик Шауқат Алтаевтың Елбасының қолынан алған қолсағаты және көптеген медальдары, Қазақстанның халық артисі Қапан Бадыровтың қолжазбалары мен фотосуреттері бар. Бұдан бөлек Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың домбырасы, журналист Қайсар Әлімнің кітаптары, экономист-ғалым Кенжеғали Сағадиевтің ғылыми еңбектері де Ұлтық музей экспонаттарының қатарына қосылды. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко да акцияға атсалысып, өзінің спорттық киімі мен былғары қолғабын Ұлттық музейге тарту етті. Биыл 110 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Мариям Хакімжанованың ұрпақтары ақынның жеке заттары мен көзәйнегін Ұлттық музейге ұсынды. Жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындылары да музей қорына алынды. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда акция барысында жиналған экспонаттардан көрме қойылып, қонақтардың назарына ұсынылды.
«Ұлттық музейге сый тарту» – жай ғана акция емес еліміздің тарихы мен мәдениетіне өлшусіз үлес қосатын бірегей жоба. Республикалық деңгейде жоспарланған акция еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастырылып, жалғасы табатын болады.
Досжан ЫСҚАҚ,
Ұлттық музейдің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі маманы
qazaquni.kz