Қалдаяқов пен Қалдыбек
2016 ж. 27 қыркүйек
4075
0
...Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Ол кезде астанамыз Алматы қаласы едi. Қазақтың бар зиялысы осында. Сондықтан болар әдеби-мәдени, саяси өмiрi бұрқ-сарқ қайнап жататын-ды. Қалдыбекпен қалай, қай жерде танысқаным нақты есiмде жоқ. Алайда, жоғарыда айтқан жиындардың бiрiнде болса керек.
Әдетте ауыл балаларының Алматыға тез сiңiп, үйренiп кетуi қиындау болады. Ал, Қалдыбек бiрден Алматының өз баласы болып кеттi. Сол жылдары Қазақстан Жазушылар одағын Олжас Сүлейменов басқаратын. Қалдыбек сонда қызмет iстей жүрiп, одақ жанынан жас таланттарды қолдау үшiн құрылған «Жұлдыздар» әдеби бiрлестiгiне төраға болып ауысқан. Сол-сол екен жұмыс та қайнап жүрiп кеп бердi. Түрлi кештер, айтыс, концерт бiрде одақта, бiрде театрда, бiрде «КазГУградта». Осылайша талай бұлақтың көзiн ашып, тұсауын кесiп, үлкен өмiрге жолдама бердi. Солардың талантын ұштай жүрiп, өз таланты ұшталды, жолын аша жүрiп, өз жолы ашылды.
Студенттер арасында айтыс ұйымдастырды. Өзi де бiрнеше рет айтысқа шықты. Политехникалық институтта оқып жүрген Бекболат Тiлеухан, бүгiнгi профессор, Қазақ автожолдары институтының ректоры Бағдат Телтаев, белгiлi ақын, желтоқсаншы Аманғазы Кәрiпжан, айтыскер ақын, композитор Лена Әбдiхалықова, саятшы, әншi, зергер ұста, марқұм Бекет Есентаевтың үлкен сахнаға шығуына мұрындық болды. Тiптi, осы күнде елiмiзге белгiлi, қазақша жұлдыз санап, ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайды жетелеп жүрiп, барлық басылымдарға шығарды. Бiрде Қарағанды, бiрде Жамбыл, тағы бiрде Шымкент, ендi бiрде Қызылорда... Осының бәрiне үлгерiп, уақыт табатын. Жоғарыда айтқанымдай, өзi де талай айтысқа шықты. Бiрақ, бақытын әннен тапты.
Талай ақынның жырына арқау болған «КазГУград» қалашығы. Жатақханада поэзия кешi, ендi бiрiнде гитара, домбыраға қосылып әндер шырқалады, тағы бiрiнде саяси дебаттар, қызу пiкiрталастар өтiп жатады. Сондай кештiң бiрiнде Қалдыбектiң тұңғыш әнi «Қариялар азайып бара жатыр» дүниеге келдi. Сөзi — Мұқағали Мақатаевтiкi. Бүгiнгiдей телеарна, радиолар көп болмаса да ән бiрден таралып кеттi. Тыңдарман жылы қабылдады. Жүректi жарып шыққан әуендi тыңдағанда Д.Қонаевтың өзi жоғары баға берiп, авторын iздеткен екен.
ӘН ТӨРЕСI — «ӘН-АҒА»
Шәмшi Қалдаяқов қайтыс болған 1992 жылы Шымкент қаласының әкiмi Амалбек Тшанов «Менiң Қазақстаным» ән фестивалiмен қатар композиторға арналған ән конкурсын өткiздi. Конкурсқа 40-тан астам ән қатысқан. Сонда Қалдыбектiң «Ән-аға немесе Шәмшiмен сырласу» әнi ынталандыру сыйлығына да iлiнбей қалды... Өзiнiң шығармасының құнын бiлетiн Қалдыбек бұған еш мойыған жоқ. Түбiнде әдiлдiктiң салтанат құрарына сендi. Және солай болды да. Қазiр сол 40 әннiң бiрi де үлкен сахнада орындалмайды. Есесiне жыл сайын өтетiн «Менiң Қазақстаным» ән фестивалiнiң шымылдығы Қалдыбектiң осы әнiмен ашылып, жабылады.
Бұл — ән көпшiлiк көкейiнен шықты деген сөз.
Әлемде ескерткiштiң түрi көп-ақ. Олардың бәрi де уақыт сынына төтеп бере алмайды. Қайта жөндеудi, жаңғыртуды қажет етедi. Ал, Қалдыбектiң Шәмшi ағасына арнаған ән-ескерткiшi мәңгiлiк.
Қалдыбектiң әндерi мемлекеттiк гимн болмаса да, жергiлiктi жердiң сүйiп айтатын әуенiне айналған шығармалары баршылық. Мәселен, Фариза Оңғарсынованың сөзiне жазылған «Жайықтың толқындары» әнiн батысқазақстандықтардың бәрi айтады. Сондай-ақ, Ибрагим Исаевтың өлеңiне жазылған «Сырдария жағалауы» әнi де «Каспий» тобының орындауынан соң Қызылорда облысының сүйiктi әуенiне айналып жүре бердi. Екi облыс тұрғындары да осы әнмен оянып, ұйықтайды. Себебi, екi облыстың жергiлiктi телеарналары мен радиотолқыны таңғы шығармашылығын осы әндермен бастап, осы әндермен аяқтайды.
АБАЙДЫ АБАЙ ЕТКЕН — ӘУЕЗОВ
«Абайды Абай еткен — Әуезов» демекшi, Шәмшiнiң жаңа басталған екiншi ғұмырын жаңғыртқан Қалдыбек деуге әбден болады. Өйткенi, «Менiң Қазақстаным» әнiнiң мемлекеттiк Гимн болуына бiрден-бiр атсалысқан. Халық қалаулыларын, басқа да қоғам қайраткерлерi мен басылымдардың бас редакторларын ұйымдастырып, әннiң гимнге лайық екенiн Елбасыға дейiн жеткiздi. «Арайлым – ақ Келесiм», «Арқалықтың ақ таңы», «Бiр әнiм», «Ақсудан ұшқан аққуым», т.б. ұмыт болуға айналған әндерiн қазақпен қайта қауыштырды. Соңғы ән туралы дау туып, авторы талдықорғандық кiсi деп шулағандарға тойтарыс берiп, әннiң Шәмшiге тиесiлi екенiн дәлелдеп бердi. Жыл сайын Алматы мен Астанада Шәмшi әндерiнiң кешiн өткiзiп, насихаттап жүрген де - Қалдыбек. Насихат демекшi, республикалық «Шәмшi» журналын ашып, композитордың өмiрi мен шығармашылығын зерттеп жүрген де өзi. Академик Ғарифолла Есiмнiң жетекшiлiгiмен Шәмшi шығармашылығын зерттеп, ғылыми еңбек жазып жүрген де сол. Демек, Қалдаяқов пен Қалдыбек егiз ұғымға айналып кеткен.
МӘТIНГЕ МӘН БЕРУ
Бұл - Қалдыбектiң қатаң қағидасы. Өз басым оның бiрнеше әнiнiң қалай туғанына куә болдым. Жарыққа шығармас бұрын ұзақ толғанады. «Алматымен қоштасу», «Сырдария жағалауы» әндерiн басқа мәтiнмен жылдан аса уақыт бiрге айтып жүрдiк. Астана, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған сапарларында көлiк iшiнде қосыла шырқаймыз.
Бұрынғы мәтiндерi де жаман емес болатын. Дегенмен «Сырдария жағалауы» әнiне ақын И.Исаевқа арнайы тапсырыс бердi. Қазыбек Иса, Қалдыбек, үшеумiз «Шәмшi» журналының редакциясында отырғанда Ибрагим аға өлеңiн жiбердi. Шумақтары шымыр, ойы орнықты, Сырдарияның табиғатын тамаша жырлаған. Мәтiн бәрiмiзге ұнады. Алайда, әннiң қайырмасындағы «Ақ борықтай боп, жүрушi ең жайнап» деген тiркес Қалдыбекке ұнамай-ақ қойды. Сондағысы «борық» сөзiнiң мағынасын түсiндiрiп берiңдер» дейдi ғой.
Ибрагим аға телефонмен, Қазыбек екеумiз қасында отырып түсiндiремiз кеп... Сырда өсiп, талай мәрте ақ борықты күтiрлетiп шайнап жеген үшеумiз оны жемек түгiлi, көзiмен көрмеген Қалдыбекке әрең түсiндiрдiк-ау, әйтеуiр. Осындай биiк талғам мен жоғары талап қана сапалы ән туғыза алады. Бұл жағынан басқа композиторлар Қалдыбекпен таласа алмайды. Қазiр он ән тыңдасақ тоғызының мәтiнiне түсiнбейсiң. Мән-мағынадан жұрдай, баяндауышпен басталып, бастауышпен аяқталатын бәлдiр-батпақ... Осындайда мәтiнге зор мән беретiн Қалдыбек ерiксiз есiңе түседi...
НҰРҒИСАДАН БАТА АЛҒАН
Қалдыбек Нұр-ағаның үмiтiн ақтады. Өнерге адалдығынан танған емес. Қазақ өнерiнiң жоқшысы, өлiлердiң шырақшысы. Бекзат Саттархановты, Мәдина Ералиеваны еске алу кештерiн жоғары деңгейде өткiзгенiне барша қазақ куә. Ақын Сабырхан Асановтың есiмiн Түркiстандағы үлкен көшеге бергiзудегi еңбегi – бiр төбе.
«Көзден кетсе, көңiлден де кетедi» деп аталарымыз бекер айтқан ба?! Көрнектi композиторлар Әсет Бейсеуов пен Әбiлахат Еспаевты еске алу мен ән кешiн өткiзудегi қайраткерлiгi орасан. Шәмшi Қалдаяқовтың шырақшысы екендiгiн де жоғарыда бiршама айттық. Осынша шаруаны атқару қандай күш-қуатты керек етедi десеңiзшi? Бiрақ, Қалдыбек өнерге қызмет етуден ешқашан шаршамайды. Өйткенi, оған Құдайдың өзi ерекше қуат берiп қойғандай...
Кейде, осы Қалдыбек тек қана өз шығармашылығымен айналысса не болар едi деп ойлаймын да, өз ойымнан шошимын. Ол болмаса жоғарыда айтқан шаруаларды кiм атқарар едi?! Ешкiм де. Қалдыбектен басқа!
Мұхтар ағасы (Шаханов) айтпақшы, Қалдыбекте шығармашылық қызғаныш деген атымен жоқ. Таланттарды таниды, мойындайды. Өйткенi, өзi де үлкен талант иесi. Мен бiлетiн Қалдыбек Құрманәлi осындай...
Шаршама. Шалдықпа. Есiмдерi ерекше ұл-қыздарың аман болып, ұзақ жасай бер. Әл-әзiр елу жасың құтты болсын, Қалдыбек дос!
Алмас АҚЫЛБЕК,
"Оңтүстік Қазақстан" газеті