ТЕК ЖАҢА ӘНДЕРДІ БЕРДІК...
2011 ж. 01 наурыз
3297
2
Гүлзира АЙДАРБЕКОВА, Қайрат Нұртас пен Сырым Исабаевтың продюсері:
– Жақында презентацияларыңыз өткен екен. Сондағы негізгі жаңалықтар жайлы бөліссеңіз: – «Ауырма жүрек» ән-жинағы жайлы айтатын болсам, ән-жинақ толық жасалып бітпей жатып ғаламтормен таралып үлгерді. Оның негізгі түпнұсқасы енді ғана шығып жатыр. Мұндағы әндердің сапасы жақсы екені белгілі, сондықтан да әндерді музыкалық арналардан беріп жатыр. Демек оған сұраныс бар. Мәселен, әу бастан-ақ «Арман», «Мама» әндері де дәл осылай тез тарап, ел құлағында жатталып жатты. Бірінен кейін бірі телефон соғып, сұрап жатқандары, мойындап жатқандары бар. Бейнебаянын да түсіріп біткеніміз сіздерге аян. Басты жаңалық, Сырымның өзінің комедиялық киносын түсіріп бітіп, монтаждап болғаны. Сол үшін де бір жағынан жарнама етіп, презентациясын өткіздік. Меніңше, жақсы деген бағаға өткен секілді. Ағаларымыз Бауыржан Исаев та, Ескендір ағамыз да, Еркін Нұржанов та, «Жігіттер» тобының жігіттері де қолдап келді. Содан кейінгі кезектежурналист-тілшілерге де алғысымыз бар, елге кеңінен таныстырып, қолдап жатыр. Олар сахнада жүрген өнерпаздардың бағасын берушілер, бірін мақтайды, бірін даттайды, бірақ сол тілшілердің көмегінсіз, БАҚ-ның көмегінсіз елде ат қалыптастыру мүмкін де емес сияқты. Иығымыздан жүк түсіп, бір істің аяқталғанына қуанып отырмыз. Ал концерттен кейін енді бір күн дем алыс алдық. Ал ары қарай, Алла бұйыртса бірінен бастап он бесіне дейін Тараз, Шымкентте Сырыммен бірге, ал қалған қалаларда өзі ғана концерт беруге бағдарлама жасап отырмыз. – Биылғы концерт несімен ерекшеленді? – Ерекшесі сол, көбіне жаңа әндерді ғана бердік. Себебі ескі өлеңдермен халықты жалықтырып алатын едік. Десе де халық жадында сақталып қалған сүйікті әндерді ұмыттырмай, тағы да бір қауыштырдық деген ойдамыз. «Келесі ән қандай ән?» деп, сұраныс тудырып жүрген халыққа жаңалығымыз көп. Бір жолы Қытайға сапар жасаймыз деп, шығармашылықты қоя тұрғанымызда концерт бермеген едік, сол арада халық, әсіресе жастар жағы «неге көрінбейсіздер?», «әлі де жақсы әндер күтеміз» деп, лебіздерін білдірген болатын. Бұл нені білдіреді? Әрине, Қайраттың әндерін ел сағынады деген сөз... және концерттерден өз басым қорықпаймын, себебі Қайрат пен Сырым дүйім елдің алдына шығып, өз өнерлерін көрсете алатын нағыз дарындар. Мәселен Қарақалпақстан мен Қытайдағы аншлагты әлі де ұмыта алмай жүрміз. Өзімізді өзіміз мақтағанымыз емес, «қарға баласын аппағым» дейді ғой, бірақ шынында да Қайраттың әрбір әнді жүрекпен, тебіреніспен айтқанында оны халықтың сүйікті ұлы екенін білемін. Концерттерден де «билеттің құнын ақтай алмады» деп қабағы түскен бір адамды байқамаппыз. Қай концерттен тарасақ та жақсы-жақсы лебіздер, жақсы пейілдер ғана көреміз. Құдайдың құтты күні көк жәшіктен түспейтін жарнамаланатын әншілер бар. Олардың концертіне ел көп бара бермейді де. Халық шын дарынды өзі-ақ тани біледі деп ойлаймын. – Алғашқы жауабыңызда Сырымның киносы деп қалдыңыз? Сол мәселені айта кетсеңіз... – Бұл киноны алғашқыда басқа бір жігіт түсіріп, оны белгілі бір себептермен аяқтай алмай қалған болатын. Соны Сырым өз қолына алып, негізгі рөлдердің бірін өзі ойнағандықтан да бастаған істі соңына жеткізуді өзіне борыш санады. Киноның атын сіздерден құпия етіп сақтай тұрамыз. – Қайрат өнер жолына тым жас кезден бастап келді. Анасы ретінде Қайратты келешекте кім ретінде көресіз? – Болашағы өнермен тікелей қатысты болады. Бұйыртсын дейік. Бірақ басқа да саланы меңгермек ойы бар. Қайраттың ерекше алғырлығымен тек бір ғана өнермен шектеліп қалатынына сенбеймін. Сондықтан да жаңа қырынан танысуларыңыз мүмкін. – Қайраттың өнерге дейін қандай бала болғанын айтсаңыз? – Қайрат өте ерке, бұзықшылығы да бар болатын. Тұла бойы тұңғышым болғандықтан басқа екі баламнан ерекшеленіп тұрады. Екі балапаным менің Қайраттың жағдайын қарастырып жүргеніме үйреніп те алды. Өз беттерінше оқу-тәрбиесі өзгеше. Ал Қайрат менің ықпалымсыз-ақ барын жасап, өнерін көрсете алады. Бірақ өз басым Қайраттың елдің ұлы болғандықтан бақыттарын тілеп, басы-қасында жүргім келеді. Амандығын, бақытты өмір кешулерін тілеп қана жүреміз ғой. – Болашақта Қайраттан бөлек қандай жобаларыңыз бар? – Өз басым сұлулық салоны мен аспаздық бутиктер ашып, сондағы жұмыстармен көп уақытымды өткіземін, сондықтан да болашақта іскерліктің нәтижесін көремін деп ойлаймын. – Сұхбатыңызға үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан Ардақ ҚҰЛТАЙ