Светқали Нұржан: Дін үйреткіш «сақалды саудайылардың» есілдерттері – көк күмбезді қирату
2016 ж. 25 қыркүйек
7096
2
Белгілі ақын Светқали Нұржан сүбелі сұхбатында діни теріс ағымда жүргендерді түйреп өтті
…Тәуелсіздік келгеннен кейін біздің рухани әлемде «идол-пұттарды қирату» деген құпия қара толқын жүрді. Оның астарында – ұлт айбынып, ұрпақ қайрылып қарайтын бір де бір тұлға қалдырмау үшін сырттан дайындалған сұмпайы жоспар жатыр еді. Сол екпінмен біраз жігіттер ақсақалдардың сақалынан алды, ағаларымен бет жыртысты, басқа шапты, төске өрледі, ақыры, дұшпан мұратына жетті. Бүгінгі таңда өліде де, тіріде де күллі ұлтымыз қадірлейтін бір де бір тұлға қалмады! Мисалы, қанша құдайсыз қоғамнан шықтық дегеннің өзінде, осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни Тәуелсіздік келген тұста Әулиелер Сұлтаны Қ.А.Ясауиді қадірлемейтін қазақ бар ма еді!? Атеист-коммунистердің өзі перзенттеріне «Қожахмет» деп ат қойғанына талай куә болдық қой. Ал енді не болды? «Софы» екен деп, «тарихатшы-нақышбандиттерден» (штаб-пәтері Лондон қаласындағы діни-саяси ұйым) сұрасаң: «Ясауи жолы 500 жыл бұрын тоқтап қалған, оның орнына Нақышбандия тарихаты келген» деп сайрай жөнеледі. Сен де сосын кеудеңде жаның болғасын қарсы сауалға жүгінесің: «Ау, айналайын, Алланың хақ жолы орта жолдан тоқтап қалса, дініңде не құн қалады?! Ондай болса, Ақ Пайғамбарымыз 33 мың сақабасының алдында Аманат-құрманы Арсылан-Бабқа (Салмани Фарси) тапсырып несі бар?!» десең, жауап жоқ… Менің қолыма ғайыптан тайып бейнеулік біреудің «қолжазбасы» түсті. Онда нақышбандиттердің компьютерге басылған «тарихат-шежіресі» бар екен. Бұл «шежіреде» Аманат Иесі Әзірет Сұлтан Ахмет Ясауи жоқ! Демек, қолдан құрастырлыған жасанды, жалған нәрсе! Әлгі шіркін бір жеріне қаламсаппен «Бекет Мырзағұлұлы», төрт-бес адамнан кейін «Ержан қазірет Төлегенұлы» деп кіргізіп қойыпты. Кейінгі компьютермен шығарылған нұсқада екі атамызды айтылмыш жалған шежіреге нықтап «орналастырып», көптеп таратып жатыр. Мұндағы мақсат, әсіресе Маңғыстау өңіріне аса қадірлі екі әулиені өз тарихаттарына «енгізіп алса», бұлардың «жолына» түсушілер қара нор болмақ. Қастерлі көне кітап-қолжазбалармен көп жұмыс жасадым, солардағы ақиқаттарға сүйене отырып айтам, жақтырмаған жандар, мейлі, сәуегейлік, мейлі, пафос дер, көп ұзамай Ақиқат Таңы атады. Сол кезде жаңағы «шынжыр-шежірелер» шірік жіпше үзілмек! Қайта жалғанбастай болып!.. Бұл – бір.
Енді, қазаққа дін үйретпек болып жүрген тағы бір «сақалды саудайылар» не дейді? Қазір анау парламенттегі «аллах-лап» отырған әншіден бастап, «жасыл арнадағы» экс-айтыскерге дейін бар есілдерттері сол көк күмбезді қирату екені кімге жасырын?! Асықпаңыз, ол Көк күмбезді, олар түгілі, патшаның жезайыры от құсқан жандаралы Черняев те неше зеңбірегімен атқылап құлата алмаған, бұлардың да қолынан келмейді, иншалла! Әзірет Сұлтанды ауызға алып қалдық қой, ол ұлықтың «Алладан пәрмен болып 4400 хикмет жазғаны» мәлім. Оның мыңы – шариғат, мыңы – тарихат, мыңы – мағрифат, мыңы хақиқат мақамдарынан сыр шертеді. Бізге жеткені «дәфтар-сәни» («екінші дәптер»), яки тарихат жайлы хикметтері. Алланың үш құраны бар. Бірі – қасиетті «Кәлам-Шәріптің» өзі, екіншісі – Қ.А.Ясауидің хикметтері (түркі жұртына берілген), үшіншісі – Мәуләна Румидің «Мәснәуиі» (парсы жұртына берілген). Нәсіп болып, мен Әзірет Сұлтан мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың хикметтерін, сондай-ақ, Софы Аллаярдың «Сәбатул ғажезин» («Дәрменсіздер қуаты») кітабын қазіргі қазақ тіліне тәржімаладым. Бұл еңбектердің бәрі кешегі Совет өкіметі орнағанша әр қазақтың басына жастап оқитын кітаптары-тын. Мұның өзі – үш том! Осы еңбектерді аудару үстінде түсінгенім, бұлардың әр тамшысы – кәусар, әрбір әрпі – гауһар! Қазақ қана емес, күллі адамзат қардер болып отырған руханият маржандары!
Дереккөз: Ұлт порталы