Әбекеңнің артында қалған «Қазақ кодексі»
2016 ж. 23 қыркүйек
8891
1
2010 жылы Ақтауға, Бекет атаның 260 жылдық мерейтойына бардық. Жиынның екінші күні түске таяу имам Валерия Порохованың уағызы мен Батыр кентінің іргетасы қаланатын болып, қонақтар екіге бөлінді. Мен уағызға қалдым, ал, досым Жаңабек Әбішев Батыр кентіне кетті. Бірақ, баруынан қайтуы тез болып, келіп қалды.
"Бекер бармадың, бекер бармадың!.." дей берді маған. "Е, не болды?" "Не болғанын айтсам... Жиынға Әбіш аға келді. (Әбекең тойға келуін келгенімен, бірінші күнгі конференция жұмысына денсаулығына байланысты қатыса алмаған болатын –авт.) Жұртпен бірге мен де жақындадым, қолын алғым келді. Бір денелі ақсақал сәлемдесуге ыңғайланып, қолын созып жақындай берді де: "Әй, Әбіш, сен қол сүйгенді жақсы көресің ғой, менің де қолымды бір сүйші!" деді гүрілдеп... Мен Әбекеңе барып, "өзіңіздің қазағыңыз ғой, көңіліңізге ауыр алмаңыз, сіз адасайын деп адасқан жоқсыз ғой" деп, өзімше жұбатқан болдым..."
Досымның сол сөзі есіме түскен сайын мен өз басымнан кешкендей қиналамын. Өзім бармаған жерімдегі көрмеген оқиға сурет болып, көз алдымнан кетпей көлбеңдеп тұрып алады...
Әбекең Алтын Жұлдыз алып тұрған кездегі қас-қағымдық осалдығын, бір сезімге берілген сәттің өзінде-ақ, тіпті болмаса кейінірек жуып-шайып, елден кешірім сұрағанда ғой. Оны да қоя салайықшы, Жаңаөзеннің жұмысшыларын кінәлап сөйлемесе болмас па еді? Биліктің сойылын соғып тұрғанын, алаңда жеті ай бойы тұрған жігіттерді, жалаң қол, қарусыз жігіттердің, қанша жерден кінәлі болса да, он алтысын бірдей атып тастау ешқандай сылтау-желеумен ақтап алуға болмайтын қылмыс екенін қалай бағамдай алмады екен?
Жалпы, адам баласы бір рет қателессе де, соның жазасын тартпай қалмайды екен, соған көзім жетті. Өз басым ешкімге "неге кешірмедің?" дей алмаймын...
Әбекең кәзір бақилық мекенінде, біздің кешірген-кешірмегенімізге мұқтаж емес. Әлеуметтік желіде соңғы күндері ол кісі жайлы басқа жазушының бұрынғы-бүгінгі жазушыларға қоса айтқан пікірінен кейін біраз сөз қозғалды, пікірталас орын алды. Менің есіме Ақтауда орын алған оқиға түсе берді.
Әбекең қалай болғанда да қазақ тарихында өзінің әдебиеттегі еңбегімен қалады. Сол шығармалары арқылы даналық деңгейге көтерілген адамның соңында қалған сөзді, «Үркерден» үзіндіні ұсынып отырмын. Кеңес заманында «Коммунизм құрылысшысының моральдық кодексі» деген болған. Біз ұлы аталарымыздың мына сөздерін «Қазақ кодексі» деп қабылдап, басшылықққа алсақ тек қана ұтар едік...