Тимур Бекмамбетов кинотеатрларда айына 10-15 фильм көруге мүмкіндік беретін абонемент енгізуді ұсынды
2016 ж. 14 қыркүйек
1927
1
Отандық киноиндустрияны дамыту үшін қазақстандық фильмдерді көруге арналған абонемент енгізу қажет. Бүгін елордада өткен «Қазақстандағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жобасын талқылау» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында танымал режиссер Тимур Бекмамбетов осындай ұсыныс жасады.
Оның пайымынша, отандық киноларға кіру бағасы негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
«Меніңше, билет құны инвестиция санына сәйкес болуы тиіс. Егер қазақ фильмінің билет бағасы көрермендер үшін қолжетімді болса, онда кинотеатрларда мүлдем бөлек аудиторияны байқайтын едік. Қазір киноға жағдай бар адамдар барады. Қазіргі белгіленіп отырған баға 920 теңге. Бұл киноға барғысы келетін отбасы үшін қымбат билет», - деді Т.Бекмамбетов.
Осы орайда режиссер тұйықтан шығудың жолы ретінде қазақстандық фильмдерді көруге арналған абонемент енгізуді ұсынды.
«Абонемент сынды идея керек. Мәселен әрбір азамат ұлттық фильмдерді көруге арналған қандай да абонемент алды дейік. Бұл айына 10-15 фильм көруге арналса әрі тым төмен бағаға. Сонда кинотеатрларда мүлдем өзге аудитория пайда болар еді», - деді ол.
Сөз соңында Т.Бекмамбетов бүгінгі талқылауға ұсынылған Қазақстандағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жобасына қатысты өз пікірін білдірді.
«Мен Ресейде жұмыс істейтіндіктен ахуал айта қоярлықтай өзгеше емес. Мөлшері шамалы өзгешелеу. Бірақ проблемалар мен міндеттер түптеп келгенде бірдей. Біздер үшін әзірленген тұжырымдама өте сауатты әрі жан-жақты ойластырылған. Айтарлықтай өзгеріс қоса аламын деп айта алмаймын. Барлық негізгі мәселелер мен шешу жолдары қамтылған», - деп аяқтады сөзін ол.