Рахымжан Отарбаев: Ұлы Абайдың мерейтойларын өткізгеннен басқа не бітірдік?!.
2016 ж. 14 қыркүйек
6139
0
Мен «Абай жолын» мансұқтаған адам емеспін. Классикалық туынды. Бірақ өкінішке орай өз заманының шығармасы. Тап осы қалпында алдағы елу, жүз жылда ұлт руханиятына қызмет ете алмауы мүмкін. Өйткені, басқа ұрпақ, әлемдік өркениетпен қол ұстасқан келешек келеді. Олар кең көсілме эпопеяға көз жүгірте ме, жоқ па, қайдам?!
Оның үстіне қазіргі саясатқа орай үш-төрт тілді қазақ баласы қанатын жайғалы отыр. Кере – қарыс төрт томды құшақтап жатуға олардың тілі, ділі, түсінігі мүмкіндік бере ме? Жасыратыны жоқ, эпопея кеңестік дәуірдің келбетіне орай жазылған. Артық-ауыс, бөлек-салақ тұстары көп. Егер Әуезовтың қасиетті қаламына жақсылық жасайық десек, осы шығарманы қырнап-сырлап екі томға түсірсек, міні құрамас еді. Сонда Абай атам бейнесі бар қырынан жарқырай көрінер еді. Болашақты ойлайық та!
Абай-ұлы мақтанышымыз. Айта-айта аузымыз құрғады. Ғажайып ақылман ақын. Сол ұлы мақтанышымыздың жауһар жырларын әлемге таныта алдық па? Жоқ! Мемлекет боп бар бітіргеніміз данышпан бәленбай жасқа толды деп той-топырын өткізу. Бітті!
Сол қырғын салтанатқа жұмсаған қаржыны ақынның өлеңдерін алуан тілге аудартуға, насихаттауға жұмсасақ қайтер еді? Сонда қаракөз қазақ баласы арабқа барсын, ағылшын, француз елін кезсін «Мен Абайдың ұрпағымын» – деп кеуде қақпас па еді? Ал, Мәскеу көшесінде шошайтып орнатқан бір ескерткішке мәз болып әлі жүрміз?
Рахымжан Отарбаев,