Стивен Сигал: Мен өзімді көшпендімін деп санаймын (ФОТО)
2016 ж. 07 қыркүйек
3023
0
Голливуд актері Стивен Сигал Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында өзінің айкидодан Қырғызстан Республикасының бас нұсқаушысы болғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Танымал АҚШ актеры Ыстықкөл облысында өтіп жатқан ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қадірлі қонақ ретінде қатысып жатыр.
«Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевқа алғысымды білдіремін. Ол азамат маған сіздердің елдеріңізбен танысуға мүмкіндік берді. Мен Қырғызстанды ұнатып қалдым. Бесбармақ – мен жеген тамақтардың ең дәмдісі. Біз президентпен философиялық тақырыпта сөйлестік. Оған шексіз алғысымды білдіремін!», – деді С. Сигал.
Сонымен қатар, америкалық актер болашақ жоспарларымен бөлісті.
«Біз Садық Шер-Ниязбен алдағы уақытта не түсіретініміз жайлы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бізге кез келген жастағы адамдар қажет болуы мүмкін. Яғни, жасы үлкендер де, ересектер де, жастар да керек. Өндіріс барысында бұлардың бәрі бізге қажет болады», – деді ол.
Алайда әлемге әйгілі актер әрі режиссер Садық беймен бірлескен жобаларының атауын құпия қалдыруды жөн санады. Сондай-ақ, Стивен Сигал журналистерге айкидодан Қырғызстан Республикасының бас нұсқаушысы болғанын айтты. Бұл әлемнің әр тарапынан келген журналистер үшін расында үлкен жаңалық болды. Ал өзінің үнемі көшпенділерге бүйрегі бұрып тұратынын тегіне тартатынымен байланыстырды.
“Менің әкем – бурят, шешем – үндіс. Сондықтан менің де ата-бабам көшпенді болған. Яғни, мен де одан алыс болмауым керек. Менің ойымша, дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу өте дұрыс шешім деп санаймын. Қалай өмір сүру керегін түсіну үшін, әуелі бізге қайдан шыққанымызды білу қажет”, – деп түйіндеді сөзін атақты Голливуд актеры.
Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның Чолпан Ата қаласында ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатыр. Жаһандық жарысқа 58-ден астам елдің 600-ге тарта спортшысы қатысуда. Олар 25 спорт түрінен бақ сынайды. Халықаралық іргелі шара туралы жаһанның 35 елінен көптеген белгілі ақпарат құралдары хабар таратуда. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 75 спортшы қорғайды.
ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Ыстықкөл облысында 3-8 қыркүйек аралығында өтеді.