Нұрлан ӨНЕРБАЕВ: Қазақ елінде мен бармаған ауыл жоқ шығар...
2016 ж. 27 тамыз
5810
0
Қазақта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін танитын бір әнші болса, ол – Нұрлан Өнербаев. Ең алғашқы еңбек жолын қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов театрынан бастаған оның актерлік жолда да сомдаған рөлдері жетерлік. Оның көрнектілері ретінде «Ана – Жер Ана» спектакліндегі Жайнақты, «Қан мен тердегі» Рай рөлдерін атауға болады. Сондай-ақ, тағы басқа он беске тарта спектакльде ірілі-ұсақты кейіпкерлер бейнесін кескіндеді. Ол осы уақытқа дейін өзін сан түрлі қырынан көрсете білді. Иә, Нұрлан Өнербаев – актер, әнші, диктор, радио саласында басшы, кейін халық қалаулысы сынды түрлі қызметтерді атқарды. Нұрлан Әлтайұлының қазақтың ән өнеріне қайта оралғанына да біршама уақыт болды.
Шындығында Нұрлан Өнербаевтың әуезді үні бүкіл қазақ даласын ғана емес, әлемді шарлады десек артық айтқандық емес. Өйткені, ол әнімен Италия, Франция, Чехия, Словакия, Марокко, Германия, Түркия, Қытай, Моңғолия, Жапония сынды елдерді әуелеткен әнші. Алматыдағы ән кештерінің біріне Астанадан арнайы келген Нұрлан Әлтайұлын әңгімеге тартқан едік.
– Өзіңіздің өнерге қайта оралғаныңызды естіп, біліп, жүрсек те көп жерлерден көре бермейміз. Мұның сыры неде?
– Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке араласып кетіп, сахнадан кішкене алшақтаған кездерім де болды. Бірақ менің жүрегім әрқашан да халықпен бірге. Алдағы уақытта өзімнің олқы кеткен тұстарымның орнын толтырамын деген ойдамын. Сол себептен, сахнадағы орныма қайта оралдым. Бірқатар облыстарды аралап концерт өткізіп те үлгердім. Бірақ, «анда концерт қойдым, мында барып қайттым» деп әлеуметтік желіге жариялаудан аулақпын. Жұрт мені ғаламтордағы желіден емес, осындай тірі концерттерден іздесе екен деймін. Елдің мені көп көре бермейтіні, бәлкім, жұрттың санасын ғаламтордың жаулап алғандығынан шығар. Кез-келген жерде жылтыңдау ыңғайсыз екені түсінікті шығар.
– Бүгінде танылудың төте жолы – телеарна мен әлеуметтік желі болып тұр. Ал сіздер өнерге қадам басқанда жағдай қандай еді?
– Шыны керек, біз өнерге бет бұрған кезде жағдай мүлде бөлек еді. Сонау, 1977 жылы Алматы қаласында өткен ән байқауына қатысып, өнер көрсеттім. Сонда, қазылар алқасында отырған үлкендер жағы маған актерлік мамандықты игеруге жөн сілтеді. Осылайша театр саласы бойынша жоғары білім алдым. Кейін М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа орналастым. Бірақ ән айтудан жырақ кеткем жоқ. Көбіне қойылым барысында да ән шырқайтын рөлдер маған бұйырып жататын. Меніңше, жүрек түкпіріндегі әнге деген махаббат мені осы жолға өзі жетелеп әкелгендей. Қарап отырсам, Қазақстан бойынша мен барып, ән салмаған қала, аудан, ауыл жоқ. Тыңдармандарымды әрбір ауылдың клубында жүріп жинадым десем, артық айтқандық емес. Қолыма гитарамды алып, республикамыздың түкпір-түкпірін бір емес, бірнеше мәрте айналып, концерт қойдым. Меніңше, талмай еңбектенсең ғана ел ықыласына бөлене аласың. Әрі сенің дауысың да жұрт жадында сақталып қалады. Еліміздің қайсы бір шалғайдағы ауылына барсам да, барлығы дауысымнан-ақ танып жатады. Өнер адамы үшін мұның өзі зор қуаныш.
– Өнердегі өз жолыңызды табуыңызға ықпалы тиген ұстаздарыңыз кімдер...
– Әрине, менің өмірімде ұлағатты ұстаздар берген тәлімнің орны ерекше. Өкінішке орай, ол кісілердің көбісі өмірден өтіп кетті. Мен сахнаға деген адалдықты қазақ өнерінің қара шаңырағы – Әуезов театрының қабырғасында жүріп көкейге түйдім. Аталмыш театрдың іргетасын қалаған қазақтың жеті арысының бірі – Серке Қожамқұловтың көзін көрдік. Сондай-ақ, Сабира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова және бүгінде көзі тірі Хабиба Елебекова сынды хас таланттардың өнегесін бойға жидық. Сахнадағы сомдап тұрған кейіпкеріңе деген адалдықтың не екенін де ұқтырған осы кісілер тұғын. Әсіресе, театрдың табалдырығын енді ғана аттаған өзіміз секілді жастардың санасына білуге тиісті дүниенің бәрін сіңіріп отыратын. Әлі күнге дейін маған журналистер тарапынан: «Театрдан эстрадаға ауысып кеткеніңізге өкінбейсіз бе?» деген сұрақтар жиі қойылады. Жоқ, мен ол үшін ешқашан өкінген емеспін. Өйткені, мен үшін қазақ өнерінің сахнасының бәрі бірдей. Қойылымды да, концертті де тамашалайтын сол бір көрермен. Оларды бөле жаруға болмайды. Әрі олардың әрқайсысының талғамы биік. Әрбір өнер иесі сол талғамнан табыла білсе, қазақ өнері өрге өрлей бермек.
– Айтыңызшы, Нұрлан Өнербаевтың өнердегі көздеген шыңы қайсы?
– Кез-келген өнер иесі абырой-беделге оңайлықпен қол жеткізе алмайды. Бұл өз кезегінде ұзақ жылғы адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесінде жүзеге асатындығы белгілі. Кезінде АҚШ президенті Авраам Линкольн: «Абырой бедел де азып-тозады» деген екен. Сол айтпақшы, абыройды иелену бар да, оны өз дәрежесінде ұстап тұру жағы тағы бар. Мәселен, өзім кейбір шоу бағдарламаларға қатысып, халықтың алдына орынсыз шыға бергенді құп көрмеймін. Мендегі ең басты ұстаным – ел ортасындағы әрбір іс-қимылыңа мұқият болу. Егер де менің шырқаған әрбір әнім халықтың жүрегінен орын алып жатса, онда әнші үшін өнердің шыңы деген осы.
– Өнерге енді ғана қадам басқан әншілердің дені жыл құрғатпай жеке концерттерін өткізуге құмар. Мұны еңбекқорлық деп түсінеміз бе, жоқ әлде халықтың алдына шығып қайта-қайта жылтыңдау ма?
– Шамасы келіп жатса, жыл сайын концерт бергенге не жетсін?! Бірақ бір қалада жыл сайын жеке шығармашылық кеш өткізу – бір жағынан қисынсыз көрінетін секілді. Неге десеңіз, Қазақстан жері кең-байтақ. Елімізде қаншама облыс орталықтары мен ірі қалалар бар. Жыл сайын солардың әрқайсысына үлкен дайындықпен барып, ән кешін берсе, одан асқан талантты әнші жоқ деп ойлаймын.
Ал, өзім жеке шығармашылық кештерімді асығыс-үсігіс өткізген кезім жоқ. Барынша пысықтап, ұзақ уақыт дайындалғанды дұрыс көремін. Ол үшін бәлкім 3 жыл немесе 4-5 жыл кетуі мүмкін. Бірақ, мен барынша жоғары деңгейде халықтың көңілінен шығатындай дүние ұсынуды жөн санаймын.
Гүлнұр ӨМІРЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz