Кенесарының бас сүйегі табылар ма екен?
2016 ж. 26 тамыз
2883
4
Таяуда БАҚ құралдарында Қазақстан Премьері Кәрім Мәсімовтің ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында атақты тарихи тұлғаларымыз Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін елімізге қайтару жөнінде мәселе қойғаны жазылды. Өз кезегінде Ресей үкіметінің басшысы ұсынысты дұрыс қабылдап, тиісті орындарға тапсырма беретінін айтыпты.
Артынша-ақ Санкт-Петербургтегі І Петр атындағы антропология және этнография музейі директорының орынбасары Ефим Резванның Кунсткамерада Кейкі батырдың бас сүйегі бар екенін, егерде жоғары басшылық тарапынан Жарлық шығарылып, нұсқау берілетін болса, қайтарылатынын мәлімдегені айтылды. Бірақ, ол: «бізде Кенесары ханның бас сүйегі сақталмаған», – депті.
Жалпы, отарлаушы елдердің дәстүрінде отар болып, артынан тәуелсіздік алған елдерге мәдени-рухани құндылықтары мен жәдігерліктерін қайтару үрдісі бар. Кезінде Ұлыбритания да, Франция да, Нидерландия да сөйткен. Бұл – өркениеттілік пен мәдениеттілік белгісі.
Тарихи деректерде Кенесарының 1847 жылы қырғыз жеріндегі Кекілік-Сеңгір аңғарында ұсталып, Жамбы ауылында өлтірілгені, денесі сонда қалдырылып, бас сүйегінің Омбыдағы Батыс-Сібір аймағының генерал-губернаторы, князь Петр Горчаковқа апарып берілгені айтылады.
Ал, Кейкі батыр 1919 жылы Амангелді Иманов қайтыс болғанан кейін кеңес өкіметінен қуғын көріп, біраз жыл Ұлытау мен Қызылқұмда бой тасалаған. 1923 жылы комиссар Александр Токаревтің берген уәдесіне сеніп, оған жолығуға келеді.
Алайда, Токаревтің арам ниет-пиғылын сезіп қойып, оны сол жерде атып тастайды. Осыдан кейін қызыл әскерлер Кейкінің соңына түсіп, түн ішінде абайсызда қолға түсіреді. Қорлап өлтіріп, екі қолын кесіп, бас сүйегін Орынборға жібереді. 1926 жылы Қазақстанның астанасы Қызылдордаға көшірілуіне байланысты батырдың бас сүйегі Санкт-Петерборға жөнелтіледі.
Көпшілік хабардар, Кенесары мен Кейкінің бас сүйектерін елге қайтару жайы талайдан қозғалып келеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының СанктПеберугтегі Бас консулдығы сұрау салып жазған хатқа 2004 жылдың 4 қарашасында Кунсткамераның (яғни, Ресей Ғылым академиясына қарасты Антропология және этнография музейі) директоры Юрий Чистов пен антропология бөлімінің меңгерушісі Валерий Хартанович: «Біздің музейде Кенесары Қасымовтың бас сүйегі және оған қатысты ешбір құжат-қағаздар сақталмаған» деп жауап берген. Бұдан басқа да сұрау салу мен іздеу әрекеттері болған. Кезінде газеттерде жазушы ғалым Тұрсын Жұртбай мен журналист-жазушы Думан Рамазанның Кенесары ханның бас сүйегін іздеп Ресейдің бірқатар жерлерін шарлағандары туралы жазылып, екеуінің жолжазбалары жарияланды.
Бұған қоса, Кунсткамераның жоғарыда аты аталған директорының орынбасары Ефим Резван «Азаттық» радиосының тілшісімен болған сұхбатында: «Мұндай жәдігерліктерді Эрмитаждан іздеу бос әурешілік. Әдетте ондай заттар тек Кунсткамерада ғана сақталады. Менің білетінімдей, Кенесары ханның бас сүйегі бізде жоқ. Ендеше, оны басқа жақтан іздеу керек» деген пікір білдірген.
Осы орайда мен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет айтып жүрген мына бір деректі көпшіліктің қаперіне салып, іздеушілердің назарына ұсынғым келеді.
Ұлықбек бұл деректі сонау 90-жылдардың аяғында Атырауға барғанда белгілі драматург Берік Қорқытовтан естіпті. Берік ақсақалға оны ертеректе орыстың танымал ақын-жазушысы Сергей Марков айтқан көрінеді.
Сергей Николаевич Марков 1920 – 25 жылдары Қазақстандағы Ақмола, Петропавл қалаларында тұрып, жергілікті газеттерде жұмыс істеген. Қазақ даласы жайында «Горячий ветер» деген өлең жазған ақын. Ол әрі Сібір, Қазақстан, Орталық Азияның талай жерлерін аралап, көптеген танымдық дүниелер тудырған саяхатшы, тарихшы және этнограф.
Сол айтқан Сергей Марков бірде соғыстан кейінгі кезеңде тарихи-этнографиялық материалдар жинау мақсатымен Ор қаласындағы өлкетану музейіне барады. (Ор емес Омбы қаласы болуы мүмкін. – Ә.А.) Сонда музей директорының алдынан адамның бас сүйегінен жасалған күлсалғышты көреді. Марков таңырқап қарап қалғанда музей директоры: «Білесіз бе, бұл қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі» деп мақтанады. Жазушы күлсалғышты айналдыра қарап, қайта орнына қояды. Сөйтіп, барған шаруасын тындырып, кері қайтып кетеді.
Жолы түсіп, екінші рет барғанда музей директорының алдынан баяғы күлсалғыш бас сүйекті көрмейді. Директордан: «Экспонат күлсалғышты қайда жібердіңіз?» деп сұрағанда ол: «Бәлесінен аулақ, құртып, көзін жойып жібердім!» дейді.
Сөйтсе сол тұста «Правда» газетінде Кенесары ханды қаралаған мақала шығып, үлкен шу болып жатқан екен. (Мұнда әңгіме 1950 жылғы 25 желтоқсанда «Правда» газетінде жарық көрген Т.Шойынбаев, Х. Айдарова және Я. Якунин жазған «За марксистко-ленинское освещение истории Казахстана» деп аталатын мақала туралы болып отыр. Ол мақалада тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында» атты зерттеу еңбегі сыналып, Кенесары бастаған көтеріліске ұлт-азаттық қозғалыс емес, керісінше: «үстем таптың мүддесін көздеген феодалдық-монархиялық көтеріліс» деген баға берілген еді. – Ә.А).
Жазушы-драматург Б. Қорқытов осы әңгімені айта келіп: «Жігіттер Кенесарының бас сүйегін іздеп, босқа арамтер болып жүр. Ол әлгіндей жетесіздің кесірінен жойылып, құртылған ғой» депті. Бұл дерек қаншалықты рас? Нақты дәлелдер болмаған соң оған «пәлендей» деп пікір айту қиын.
Осы айтылғандарға қосар тағы бір жәйт, 2014 жылғы қазанда Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы «Мегаполис» апталығына көлемді мақала жазып, онда бірқатар тың деректер мен мәліметтерді келтірді. Оның омбылық өлкетанушы Андрей Палашенков пен жазушы Сергей Марковтың жазбаларына сүйеніп айтуына қарағанда, Кенесары ханның бас сүйегі 40-жылдарға дейін Омбының өлкетану музейі қорында сақталып, кейіннен Кунсткамераға жіберілген.
Одан Этностар мен адамның пайда болуы ғылыми-зертету инсититутына өтіп, әрі қарай Ресейдің Гохранасына тапсырылған. Мұны 2003 жылы бір басылымға берген сұхбатында КСРО -ның Музей қорын ұзақ жыл басқарған академик Юрий Хорошилов айтыпты. Бір айта кетерлігі, бас сүйектің маңдайшасына мөр басылған еді деседі. Соған қарағанда, осылай ресми түрде мемлекеттің бақылауында болғандықтан, оның әлдекімнің өтінішімен күлсалғышқа айналуы екіталай.
Расында да, Гохранаға тапсырылған болар дегенге сенейін десең, Гохрана туралы ереженің 1,7-тармағында бұл мекемеде: «тек алтын, күміс, платина, палладий, иридий, родий, рутений және осмий сияқты аса қымбат металлдар сақталады» деп көрсетілген. Сондықтан «ондай қымбат металға жатпайтын Кенесарының бас сүйегі қалайша Гохранаға тапсырылған?» деген сұрақ туады.
Бұл ретте 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін КГБ-ның ұсынысымен Кенесарының бас сүйегі «түптің түбіне» жіберілген деген де болжам айтылады.
Жоғарыда айтылған Берік Қорқытов ақсақал Омбы музейі дегенді Ор қаласының музейі деп қате естіген болуы да ықтимал.
«Айтпаса сөздің атасы өледі». Руслан Шербаев дейтін археолог Caravan.kz медиа-порталына берген сұхбатында: «Кенесарының бас сүйегі төңірегіндегі әңгіменің бәрі аңыз бен қауесет. Негізінен, жоңғарлармен шайқасқан қазақ, қырғыз және қарақалпақ халықтарының салт-дәстүрінде ханның басын алу әдеті болмаған. Сол үшін Кенесарының сүйегін қырғыз жерінен іздеу керек» дегенді айтыпты.
Орыстардың өздерінің: «үміт соңынан үзіледі» деген тәмсілі бар ғой. Сол айтпақшы, тілектес жұрт қазақтың бостандығы мен бірлігін көксеген соңғы хан Кенесарының бас сүйегі Ресейдің әлдебір түкпірінен табылып қалар деген үмітте. Ендеше, Қазақстан Үкіметі басшысының сұрау салып, оған Ресей Премьер-министрінің уәде беруі істің жаңа сипатта қолға алынып, нәтижелі болуына ықпал етеді деген ойдамыз.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ
Дереккөзі: «Алматы ақшамы» газеті