Адамның Аллаға айналуы мүмкін бе?!.
2016 ж. 31 шілде
3422
1
Маке Кемел ағамыз өз парақшасында "Құдаймен әңгіме" атты ой-толғамын жариялапты. Біз пікір қостық. Ағамыз бізге Құдаймен сөйлесуге болатынын ұғындырып бақты. Біз ол оймен келістік. Себебі... Иә. Өзіміз де сөйлесеміз. Құдаймен. Өрекпіген көңілдерді басу үшін айтайық. Діни ғұламалар намаз үстінде оқылған Фатиxа сүресін пенде мен Алла арасындағы әңгіме деп тәпсірлеген. Біз ол ойды одан әрі өрбітейік.
[caption id="" align="aligncenter" width="704"] Көрнекі сурет: islam.kz[/caption]Құдаймен әңгімелесу үшін... Иә. Өзің де Құдай болуың керек. Сонда біз қай кезде Құдайға айналамыз. Бұл таным біздің дәстүрлі дініміздің ішкі ирімдері. Бұл ой оны қабылдамаған адамдарға мүлде тосын көрінеді. Сондықтан біз де соған тереңдемей, мәселені сипай қамшылап қана өтеміз.
Сонымен адамның Құдайға айналуы... Бұлай ой өрбіткенде әуелі тілімізге Мансұр Халлаж түседі. Иә, оның "Әннәл xағын" жұрттың бәрі біледі. Алайда "Мен Алламын" дегенді айтқан Мансұрды сол дәуір діндарлары қабылдай алмады. Ол сөзді біздің Яссауй бабамыз да айтқан. "Лә-лә" дедім - Алла болдым" дегенді сол кісі айтқан.
Адамның Аллаға қалай айналатындығын ұғыну үшін мына бір xадиске назар аударайық. Ол xадисті бәріміз де білеміз. Бірақ жете мән бере бермейміз. Сонымен, Алла пендесіне "Мен ауырдым, менің қарным ашты" деген сияқты сөздерді айтып, "Сен сол кезде неге менің xалімді сұрамадың?" дегенді айтады. "Оу, бар Аллам-ау, сен де ауырасың ба, сенің де қарның аша ма?" дейді ғой пенде байғұс. Сонда Алла "Пәленше ауырғанда көңілін сұрасаң, мені табар едің, ашыққан түгеншеге тамақ бергеніңде мені тамақтандырар едің" дейді. Сонда біз әлгі адамды Алламен қалай байланыстырамыз? Алла ол адамның қай жерінде болды деп білеміз? Әлде мұның бәрі біздің ақылымыздан тыс түсініксіздеу жайттар ма?
Мән берсек, нағыз тақуалар намаз үстінде Алламен үндеседі. Дұрысы - Алла болады. Ал қарапайым адам ауырған кезі мен ашыққан сәтінде Аллалық "болмысқа" енеді. Алладан басқадан үмітін үзген адам жан дүниесімен "Алла!","Алла!" дей берген соң, жан мен тән тұтасып кетеді. Дұрысы - тәнді жан игереді. Ал басқа уақытта "Мен" ұдайы алда тұрады. Ал жанды жан етіп тұрған Аллалық сипат. Адам өзін, яғни Аллалық сипатты толық таныған кезде, өзі соған айналады. Ал ол - Алла. Міне, осы жәйт басыңыздан өткенде, не соны сезінген кезде сіз де "Әннәл xақ!" дейсіз.
Құдияр Біләл,