МҮСІНШІ МЕН МҮСІН
2011 ж. 12 ақпан
12159
15
Әлемде ұлттың барлығы да бір қара қазан сияқты. Қайнап жатқан тіршілік әлеуметі мен қоғамдық құрылым. Тыншыған санамен сол әлемге кіріп кетсеңіз-ақ таласты көресіз. Жақсылық пен жамандық иектеген адами құлқын, пенделік ғажаптар. Ғаламаттың ғарыш көгінен жасырынып қарап тұрған солқылдақ сұстар мен шыжығы аралас қызықтар. Көбі күнге талпынады. Күннің нәрін қалауынша болмаса да, бұйырғанын алып, жарық шамымен түнекке қайта түседі, бауырлармен, қандастармен қауышады. Құбылып келген заман құбылып кете барады. Өмір – өзен. Тек адамның жүрекпен туғызғандары ғана мәңгі жасайды, солар ұрпақ қарекетін жансыз көздерімен тымсалдап қарайды, үңіледі. Құдірет.
Мүсінші жарғабақтың құлағына шықты да аспан төріне көз тастады. Мәңгіліктің сұлбасын көрген. Мүсінге қалыптауға келмейтіндігін ойлап бір ауық демін ішке тарта мұңға берілді. Әркезде де қыш ойған, ал қазір ұзақ уақыт лайлы жұмысқа бергісіз, нәрегейленіп қалған саусақтарын жағасына жүгіртті. Әппақ жағасына қолын тигізгені сол-ақ, жастық сезімнің серпіліп, арман жолға бекінген қалпын еске түсірді. Аллаға тағзымын жасап, иманын келтірді. Жас. Жігері жадында, қайраты қалпында. Өмірге пырақ қанат самғап, жортуылға шыққан бөрідей шыңдалған шағы. Талай мүсінді ойып, талай көз қызықтарды туғызған. Туғызады да. Жасынан-ақ қарымын байқатып, еліне елеулі еңбекпен көрінген. Дәурен. Ел ұланы. Жасынның жарқылындай от шашқан жүзін көрген адам бір-ақ сәтте бейнет пен зейнетті әлде еңбек пен өнбекті көретін еді. Қайтсек те қателеспейміз.
Семей. Абай мен Дулатты тудырған асыл атырап, киелі қоныс, қасиетті жер. Мұның туған жері. Балалық шағынан Дәурен туралы ойласаңыз-ақ мүсіншілік өнердің қыры мен сыры жайлы қызықтарға назар аудармай өте алмайсыз. «Бояулар ырғағы». Кескіндеме, графика өнерін алғаш бәйгеге тіккен күні-ақ болашағынан үміт арқалатқан дарын болып, ел есінде қалды. Алғашқы адымынан жүйріктердің жүйрігі екенін ұқтырған Дәурен алматыдағы Өнер Академиясына оқуға түсті. Қазақ бейнелеу өнерінің біртуар перзенттері Х. Наурызбаев, Т. Досмағамбетов, Е. Сергебаев, Е. Мергеновтерден тәлім-тәрбие алып, білім көкжиегін кеңейтуі өнердің алғашқы, маңызды баспалдағы болғаны сөзсіз. Сырлы өнердің бір жетегін ұстаған жас ұлан беріде де оқ бойы оза шауып келеді. Мақсат-мұраттар мен армандар тоғысқан қалпында Республикалық додалардың жеңімпазы: бірде өткен «Күз-2002» ҚазҰӨА студенттерінің көрмесі, ал енді бірде Орал қаласындағы «Мир через культуру» - Республикалық мүсіншілер симпозиумының, ҮІІ-Шабыт» - Халықаралық жас таланттар фестивалі, «Жас Дарын» - Қалалық жас суретшілер көрмесі, «Тәуелсіздік тынысы» - жыл сайынғы қалалық жас суретшілер көрмелерінің жеңімпазы болып жалғаса беретін ұзақ тізімді мараппаттардың барлығын да жеңіп, көк аспан төрінде көпке көзайым болып самғаған сәттерін тізіп, тымсалдап жатудың өзі артық шығар.
Соңғы кезде жастардың белсенділігінің жан-жақты дамып, жетілуі, елімізде жүзеге асырылып отырған жастар саясатының дұрыс бағыт алуында деп айтуға болады.
Дәурен Мақсұтханұлының дәл қазір алға қойған мақсаты – қоғамдағы ең өзекті болып отырған жастар ісі жөніндегі мәселелерді шешу жолдарын табу бағыты болып табылды. Әсіресе, еліміздегі өнерлі жастардың проблемаларын олардың мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануын шешуді көздейді. Алыс шалғай өңірлердегі өрендердің өнерін көрсетуге мүмкіншіліктің жоқтығы, жас жеткіншектердің нашақорлыққа бейімділігі мен жұмыссыздық және тағы да басқа жағдайлар алаңдатады. Осы мәселелерді шешуде ол қолынан келгенше көмегін көрсетіп, басқосулар мен телеарналарда өз ұсыныстарын айтып жүр. «DIDAR» республикалық жастар кинофестивалі Дәуреннің авторлық жобасы екендігін ерекше атап өткен орынды шығар. Бұл өнердің де үдесінен шығуға талабы теңдессіз зор нәтижелерді тудырып жатқаны белгілі. Себебі аталған кинофестивальдің тәрбиелік мәні зор. Отаншылдықты идеологияны, ұлттық болмысты насихаттайтын бұл жоба алғаш рет Өнер Академиясының қабырғасынан бастау алып, біртіндеп қалалық, одан республикалық деңгейге көтерілді. Кинофестивальдің биіктерге көтерілуі автордың ерен еңбегі мен терең ізденістерін көрсетсе керек. Бұл оның өнерге бір табан жақындығын тағы бір рет дәлелдейді десек артық айтпаған болар едік.
Осы шара алғаш тұсауын кескеннен кейін-ақ, қазақ рухын көтергісі келетін азаматтарға ой салып, серпіліс берді. Көптеген жеке меншік киностудиялар, бірлестіктер, кинокомпаниялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Сондықтан да, аталған кинофестиваль қоғамда кең резонанс тудырғаны шындық. Кинофестифальде фильмдері көрсетілген «Жасұлан», «Sataifilm», «Кhаzar» студияларының кейіннен туындылары қоғамда үлкен серпіліс тудырып, қызу пікірсайыстарда талқыланды.
Осындай қоғамдық шараларға белсене араласқан ол бірнеше марапаттауларға да ие болды. Айталық, 2007 жылы «Фаберьже» көрмесін ұйымдастыруға ұйытқы болып, нәтижелі өткені үшін Алматы қаласының Әкімі И.Тасмағамбетов мырзаның алғыс хатын алса, ағымдағы жылы да осы уақытқа дейін жастардың шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі Н. Оразовтың атынан Алғыс хатқа иеленді.
Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің сарапшысы, Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі, суретші-мүсінші, дизайнер, өнертанушы, экономист Дәурен Мақсұтханұлы Мұхамеджановтың алға қойған мақсаты – қазақ өнерінің одан әрі жан-жақты дамуына атсалысу, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін шешуге белсенді араласа отырып, оны іс жүзінде нәтижелі жүзеге асыру болып табылады.
Дәурен Мақсұтханұлы осы қол жеткізген жетістіктерімен шектеліп қалмай, елі үшін, туған Отаны үшін қызық та қиын жұмыстарды жалғастыруды өзінің азаматтық борышы деп есептейді. Алдағы уақытта бейнелеу өнері саласында, оның ішінде өзінің сүйікті ісі – мүсін өнері туралы қазақ тілінде тақырыптық оқулық дайындамақ ниетте.
Дәурен Мақсұтханұлы – Алматы қаласында жастарды ұйымшылдыққа, бірлікке шақыра білетін, отансүйгіштік пен азаматтылықты жас ұрпақтың бойына сіңіре білетін, заман талабына сай жан-жақты дамыған жастардың бірі. Болашақта мемлекеттік жастар саясаты аясында қазақ өнерін дамытуды іс жүзінде жүзеге асыруда, ел келешегін жоғары деңгейде көтеру жолында барлық күш-жігерін аямайды деген сенімдеміз.
Халқына, еліне деген ерен еңбегі үшін және өнердегі жетістіктері мен қоғамдағы белсенді ұстамы үшін жақында Дәурен Мақсұтханұлы Қазақстан Жастар Одағының «Серпер» жастар сыйлығын «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша иеленді.
Өнер жаны таза, пейілі пәк, ниеті түзу дарындардың ғана асаулығын кешіреді. Оның қолынан шыққан мүсіндер бүрге тағалаған шебердей шыншыл, шыңырау қазған құдықшыдай нақ, ұшқаны ондыққа тиердей айқын, сұлу, тірі. Жанға дауа, дертке шипа. Солай...
Ардақ ҚҰЛТАЙ