Отандық режиссер: Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет саласының өз маманы
2016 ж. 23 шілде
2304
1
Жуырда еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы мен киногер Талғат Жәнібеков арасында болған жағымсыз жайтқа нүкте қойылады. Әрине, өнер адамының жан-дүниесі эмоцияға толы келеді. Режиссер Талғат Жәнібеков өзі түсіргелі жүрген құны 650 миллионға шығатын "Феникс" фантастикалық фильміне мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының тоқтатылуына министрді кінәлап, тіпті жеке тұлғаның ар-ожданына тиетін одағай сөздерді қарша боратып ғаламторда үндеу жариялады. Фильмге қатысты істің мән-жайын нақты білетін министр өзінің атына айтылған режиссердің ғайбат сөздері мен жаласы үшін сотқа жүгінді. Меніңше, тек министр ғана емес, өзінің атына жазықсыз жала, өтірік айып тағылса кез-келген азамат ар-абыройын сот арқылы қорғар еді. Арыстанбек Мұxамедиұлы да, кино маманы Т.Жәнібековтен миллиондаған моральдық өтемақы талап етуіне болар еді... Алайда болмаған нәрсені болды деп өтірік ақпарат айтқан Жанибековке қазіргі таңда жалған ақпар таратқанын мойындатып, сот алдында әділ жауап беруі үшін министр бір ғана талап қойғанын білдік. Ол - көпшілік алдында Т. Жәнібековтың жалған ақпар айтқанын мойындауы.
Министр менің мақтау сөзіме зәру емес. Дегенмен мәдениет процесінің бел ортасында бірге кәсіби тұрғыда әріптес болғандықтан, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетіне тәнтімін. Бірден шенеунік болып туған жоқ. Өнерге аяқ астынан келген жоқ. Көп балалы отбасынан шықты. Алты жасында А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің табалдырығын аттады. Елді-мекендерден жиналған жас дарындардың ортасында қабілет-қарымын шыңдап, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны кәсіби орындаушы ретінде үздік тәмамдады. Еңбек жолын мемлекеттік симфониялық оркестрден бастап, талай баспалдақтардан өтті. Яғни, мәдениет саласының "Өз маманы". Сонау тоқсаныншы жылдардан бастап, министрлікте бас маман болды. Саналы ғұмырында мәдени процесті жүйелі түрде әбден зерделеген жан. Осыдан екі жыл бұрын "Қазақстан Республикасының мәдени саясат туралы мемлекеттік концепциясы" қабылданды. Министрдің жетекшілігімен тұжымдаманы сараптаған зерттеушілер мен білікті мамандармен жұмысшы тобының қатарында болдық. Шет елде жинақтаған аз-мұз тәжірибемізбен бөлістік. Еліміздің мәдени саясатының іске асуы үшін белгілі композитор Ақтоты Райымқұлова екеуміз бір мезгілде Астанаға қоныс аудардық. Біз секілді мәдениетіміздің әр саласында министріміздің жанында кәсіби мамандар лайықты еңбек етіп жүр. Олардың есімдерін толтырып жазу мақсатым емес. Министр өз тарапынан тың, жаңашыл идеяларға қолдау жасап отырады. Өмірден тым ерте кеткен Қайрат Сүгірбеков деген жаңашыл режиссер болды. Өзінің өзгеше қойылымдарымен Қайрат театр әлеміне жаңа леп, жаңа серпін әкелді. Министр ойымызды құп көріп, бірден қолдау білдірді. Айтайын дегенім, келесі жылы Қ.Сүгірбеков атындағы республикалық жас режиссерлердің І-ші форум-фестивалі өтетін болып шешілді. І-ші әлемдік театр фестивалі де (World theatre festival "Astana") келесі жылы өтетін шаралардың бірі. "Кино туралы" заң жобасы жасалынып, талдауға ұсынылғалы жатыр. Ұлттық киноны дамыту xақында жоспар да жасалып жатыр. Музей, опера, балет, кітапxана, тариxи қорықтар.... Барлық салалардың өз ұстанымдары, бағдарламалары бар. Әрине, атқарылар шаруалар шаш етектен.
Талғат Жәнібековке жөнсіз дабыра қағып, қара бұлт төндірудің қажеті жоқ! Мәдениет көші - "Феникс" секілді фэнтэзи-фильммен тоқтап қалмайды. Фестиваль-байқаулар да - өнердің барометрі бола алмас... Алайда мемлекетшіл азамат Арыстанбек Мұxамедиұлының мәдени саясатымызға қатысты тұжырымдама негізіндегі ұзақ мерзімге арналған жүйелі түрде атқарылар іс-шаралары бар! Бәрімізге ұлт руxаниятына қызмет етуге жазсын!
Асхат Маямеров,