«СЕМСЕРДЕН СОҚА СОҒАМЫЗ» МҮСІНІ КЕЙІПКЕРІНІҢ ПРОТОТИПІ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?..
2016 ж. 20 шілде
3967
2
немесе батырдың әуестігі туралы жазушы Мамытбек Қалдыбайұлымен әңгіме
1.ОЮ-ӨРНЕК.
Баукең кейде жай әңгімелесіп отырғанда да алдына қағаз, қайшы алып ою ойып отыратын еді. Әрі әр оюы бір-бірін еш қайталамайтын.
Бір куә болғаным, соғыс кезінде Бауыржан басқарған дивизияның аспазшысы болған Жан деген кісі 1974 жылы Баукең Жәмила жеңгемізге үйленгенде Қырғызстанның Талас қаласынан Толқын деген кенже қызын ертіп, құттықтап келді. Сонда Бауыржан аға Толқынға «мынау біздің ұлттық өнеріміздің бірі» деп ою-өрнек түрлерін ұзақ үйретті. Баукеңнің қолынан шыққан оюлар әлі де көп. Олардың дені батырдың туған жеріндегі мұражайда сақтаулы тұр.
2.СУРЕТШІЛІК.
Өз айтуына қарағанда, Баукең әуесқой суретші болатын. Арнайы соңына түскен жоқпын, бірақ қазір елге ұялмай көрсетуге болатындай жиырмадан аса қолтумам бар деп отыратын.
Шынында да, мәселен, Бауыржан Момышұлының атақты «Автопортретін» оның өзінен артық ешкім сала алмайтындай көрінеді. (Баукеңнің әкесі Момыш та ұста, зергер адам болған. Алтын мен күмістен сақина, білезік соққан. Қамшы өріп, ер шапқан. Коллективтендіру кезінде ауылда шамдары болмай қалған жерлестеріне қолдан шырағдан жасап беріп жүрген)...
Жалпы, Бауыржан ағаның көзі нағыз суреткердің көзі еді ғой. Әсемдікті ұнататын. Маңайындағы адамдардың кім екенін сырт тұлғасы мен сөйлеу мәнерінен-ақ бірден жазбай танитын.
(Осы тұста аз ғана түсініктеме. Баукеңе бір суретші телефон соғыпты. Баукең қатты тұмауратып, ауырыңқырап отырса керек. Осы жағдайын анаған айтса түсінбейтін сияқты. Сонда Баукең ашуланып:
– Әй қарағым, художник болсаң қайтейін. Мен де художникпін. Салатын суретіңді сала бергін, саған ауру Бауыржан керек пе, жоқ, сау Бауыржан керек пе? Егер тақырыбың ауру Бауыржан болса қазір келіп алуыңа болады. Ойдағыдай болып шыға келемін. Жоспар дейсің бе? Қайтейін жоспарың болса, нағыз шебер үшін жоспар емес, өзінің ойлап жүрген тақырыбы, шабыты, мезгілі, ойлау процесінің толығып жеткен кезі; салатын дүниесін терең біліп, толғатқан мерзімі болмай ма? Құр босқа, әйтеуір, жоспарда бар деп бояуды жаға бересіңдер ме? Это уже не шедевр, а бездарщина! Ну-ка перестань болтать! Фамилияң кім дедің? По-моему, ты – халтурщик, – деп зекіп, сөзін одан әрі тыңдамай, трубканы қайырып тастайды...
– Өзі қып-қызыл ақымақ па, ішіп алған ба, мен оған аурумын, әзір түсуге дайын емеспін десем, жанымды қояр емес, жоспарда барсыз деп тақымдайды. Оған, әйтеуір, Бауыржанжы сала салу керек. Қандай Бауыржанды салуын өзі де білмейді. Бұлар художник емес... Мен нағыз художник кісілердің мінезіне қанықпын. Көркем суретті салу үшін оны көре білу керек... Көргенде түсіне білу керек. Музыка жөнінде де айту қиын, оны да естуі керек, тыңдай білу керек.Әрбір қылқалам иесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Біреуі біреуіне ұқсамайды. Мысалы, бір дәуірде бір мезгілде өмір сүрсе де, суретшілердің сурет салу тәсілі, өмірді түсіну қабілеті, тіршілік философиясын түсініп, миына, көңіліне сыйғыза білуі, сіңіре білуі әр түрлі, әрқилы... Мысалы, көркемөнер музейіне бара қалсаң, тек шығармаларды қарап қана шығу емес, ол шығармаларды тани да, түсіне білуің керек. Баяғыда мен Эрмитаждан Италияның атақты, ғажайып ұлы суретшісі Рафаэльдің «Сикстинская каппелласын», «Леонардо да Винчидің «Джакондасын», Эль-Греконың, Пикассоның шығармаларын көргенде кейбіреулердің түсінбей үстіртін қарап шыққанын аңғардым. Ал одан кейбір хабары, білімі барлар үңіліп қарап, өмір шындығын, тіршілік сұлулығын, табиғат мәңгілігін ұғып, ойға шомады. Сен де ойланасың, жаңағы дүниеге қайта қарайсың. Саған жаңа бір дүниені ойыңмен көріп, жүрегіңмен сезіп кетесің! – деген. Қ.М.).
3.ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ.
Баукең тәуір тоғызқұмалақшы да болған. Көбінесе, Мұхтар Әуезовпен ойнауды ұнатушы еді. Өзі 1944 жылы майданнан елге демалысқа оралғанда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцовтың қабылдауында болып, оған ұлтымыздың Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Қыз қуу, Айтыс дәстүрлері мен Тоғызқұмалақ секілді көптеген ойындарын дамытуға тиым салып, қаскөйлік жасап отырғанын бетіне қатты айтып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі зор мәнін түсіндіргені мәлім.
Бауыржан аға сол сәтте хатшыға қазақ халқының есепке ойша жүйрік, зерек келетінін, оның сыры тоғызқұмалақ ойынын жақсы білуде екенін айтады.
– Мысалы, – дейді ол, – баяғыда мың қойды бір өзі-ақ бағуға машықтанған қойшыларымыз хат танымаса да алдындағы малды жедел-ақ санап үлгерген...
Сол кездесуден соң Н.А.Скворцов қателігін түсініп, халықтық мұраларға оң көзбен қарай бастаған.
4.БИЛЬЯРД.
Мұны мергендік өнерімен тікелей байланысты деуші еді:
– Бір миллиметр мүлт кетсең ұтылғаның. «Геометриялық шағылысу бұрыштары» деген болады... Нысана көздеуде жер қыртысы ерекшеліктерін, жел әсерін, оқтың ұшу траекториясын есептей білу машығы мұнда да жәрдемдеседі...
Ендігі бір жазда Мәскеудің арғы шетінде орналасқан «Малеевка» демалыс үйіне «Москва үшін шайқас» кітабын жазуға барған екен.
Жұмыс арасында сергіп қайтпаққа сондағы үлкен бильярд залына кірсе, ешкімді шақ келтірмей ұтып жүрген Асанов деген жазушы әбден кеуделеніп, кесірленіп алғаны сонша, ол жолы да «кәне, енді қайсың барсың» деп айқайлап тұр екен дейді. Ойынға Баукең кіріскенде анау бұ кісіні де «азиаттар да ойнайды екен-ау!», деп менсінбей, бірден тықсырып тастамақ болады. Бірақ жедел-ақ қаумалап қарап тұрған жұрттың мазағына ұшырап ойсырып ұтылады. Содан қатты қорланып, демалысының аяқталмағанына да қарамастан тез жиналып, еліне қайтып кетіпті. Сол ойынды көріп тұрған әйгілі мүсінші Евгений Вучетич Бауыржанға дән риза болып, айқара құшақтап, құттықтайды. Сол сәттен-ақ екеуі өле-өлгенше дос болып кеткен. Кейін Евгений Викторович Қазақстанға келіп он екі қайраткердің мүсіндерін жасағанда Бауыржан Момышұлын кеңесші қылып алыпты. Өзі Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Кеңесінің алдындағы семсерден соқа жасап тұрған адамның ескерткішін соққанда оның бет-бейнесіне Баукеңнің кескін-келбетін алғанын айтыпты. Бір ғажабы, осыған көпшілік жерлестеріміз мән бере қоймайды...
P.S. Егер жинақтап айта берсе, Бауыржан ердің шабандоздығы, мергендігі, сайыскерлігі, музыканттығы, бишілігі... туралы сөз бірталайға созылар еді. Және бұлардың бәрі жан-жақты талдауды қажет етеді.
Құлтөлеу Мұқаш,
qazaquni.kz