Бұл жүйенің мақсаты — мұғалімді жынды қылу ма?
2016 ж. 29 маусым
2733
4
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухбанбердиеваның «Біз министрдің атынан ешбір жұмыс беруші, білім беру мекемесінің басшысы мұғалімді курсқа жіберуге құқығы жоқ деген бұйрық бердік» деп мәлімдегені кеше ғана. Алайда бұл бұйрықты ешкім естімеген секілді. Бүгіндері Алматыдағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына 1 айға оқуға келген ұстаздар демалысымыздың бір айы «өліп» кететін болды деп шыр-пыр етеді.
— Бір айға оқуға келдік. Сонда демалысымыздың бір айы текке кетейін деп тұр. Жұмысымыз онсыз да ауыр.
Заңды демалысымызды да біз адам сияқты пайдалана алмайтын болдық,
— дейді бүгіндері «Өрлеу» ұлттық орталығында білімін жетілдіріп жатқан ұстаз.
Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылмай-ақ қойды
Бізге хабарласып, аты-жөнін атамауды сұраған маман мұндағы оқудың да томпақ тұстарын тізіп берді.
— Оқудан қайтқанда қолыңызға қыстырып қаншама қағазды алып қайтасыз. Үйге берілген тапсырмаларды орындау керек. Ішінде жаттайтыны бар, жазатыны бар. Қағазбастылық дегеннен бір құтыла алмай-ақ қойдық. Менің өз басым, бұл арадан сабақ беру методикасын, сабақ жоспарын құрудағы жаңа үрдістерді үйренгім келеді.
Бірақ мұнда керегі жоқ қосымша дүниелер өте көп. Соның бірі — тест тапсыру.
Қазір тесттен өтпей қалып жатқандар көп. Барлығы не істерін білмей дал болып жүр. Мен де қорқып кеттім. Енді тестке тыңғылықты дайындалайын десем, басқасы аяқсыз қалайын деп тұр, — дейді ол.
Ұстаздың айтуынша, бұған дейін тест деген болмаған көрінеді, оның орнына мұғалімдер білім деңгейін дәлелдеу үшін зачет қана тапсырған. Осы жағынан алғанда,
ұстаздардың жұмысын жеңілдетемін деген жаңа министрдің уәдесі де орындалмай жатқаны анық.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл сәуірдің аяғында ұстаздарды қағазбастылықтан арылтуға жағдай жасауға уәде берген еді.
Өскелең ұрпақты білім мен ғылымға баулыған ұстаздың қадірі әрдайым биік дейміз. Алайда біз ұстазды биіктеткеннің орнына, оның жұмысын көбейтіп, тиесілі демалыс уақытын «ұрлап», төмендету жүріп жатқан секілді.
Жалпы, өз сөзіне жауап бере алмай жатқан министрлікке үлкен жауапкершілік артуға бола ма? Мысалы, «үштілділік» сынды саясаты «терең» реформаны?
Дерек көзі: 365info.kz