Қазақ халқының Әбу Ханифа мәзхабын ұстану себебі
2016 ж. 18 маусым
5235
6
«Адамнан бәрін жасауға болады.
Тек оның әлсіз жерін таба білсеңіз болды»
Адольф фон Книгге.
Ақтөбеде орын алған қайғылы жағдай біздің қоғамда сенім мәселесі аса ушығып тұрғанын көрсетті.
Былай қарағанда, имамдар мен дінтанушылар, тарихшылар мен басқа да идеология саласының қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Дін мен дәстүр мәселесіне қатысты түрлі жиындар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп жатыр. Бірақ жүргізілген жұмыстардың нәтижесі ойдағыдай емес.
Ендеше жұмыс тәсілін өзгерту керек.
Мүмкіндігі болғанынша, елді мекендерге шығып, ауыл клубтары немесе мектеп залдарында тұрғындармен тікелей кездесу өткізген тиімді.
Жергілікті телеарналарда дін мен дәстүр төңірегінде жиірек дөңгелек үстелдер өткізілгені абзал.
Ең бастысы, тыңдарманды жалықтырып алмау жағын ойлау керек..
Сондықтан бұрынғы партия жиналысы секілді жиындардан бас тарту қажет.
1990 жылдардың ортасында біраз жыл жұмыссыз жүрдім. Сол кезде желілік маркетингтердің жиналыстарынан бастап, қаламыздағы протестанттық секталардың да жиындарына қатысып көрдім. Олардың жиын өткізу тәсілі мүлдем бөлек. Сондықтан жұмыстары да тиімді. Бізге де солардың тәсілін алу керек.
Қанша үлкен зал болса да шешендер тыңдарманды өз уысында ұстайды.
Тыңдарман жиналған залдың сахнасындағы үстелде тізіліп отыру практикасынан бас тарту керек. Шешендер залда отырып, сөз кезегі тигенде ғана ортаға шыққаны жөн. Шешен сонда ғана тыңдарманның назарын өзіне аудара алады. Ар жағы оның өзіне байланысты.
Халқымыздың бәрі, тіпті намаз оқып жүргендердің өзі діни терминологиядан хабардар емес.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде терминдерді шектен тыс пайдалана беру нәтиже бермейді.
Сондықтан, халықпен тікелей жұмыс жүргізгенде халықтың қарапайым ауызекі тілімен ұғынықты етіп жеткізу керек.
Сонымен қатар, аудиторияның жас ерекшелігі мен әлеуметтік ортасын да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Мәселен, ЖОО студенттері үшін дайындалған баяндама колледж мен мектеп үшін, қала жастары үшін дайындалған баяндама ауыл жастары үшін түсінікті бола бермейді.
Сондай-ақ мешіт жамағаты үшін басқа дайындық қажет.
Ата-бабамыз неліктен исламды таңдады?
VII- VIII ғ.ғ. тәңірлік дінді ұстанған түркі тайпалары үшін аса бір қиын кез еді. Шығыстан қытай әскерімен бірге Будда, Лао-Цзы, Конфуций ілімдерін уағыздайтын миссионерлер келіп жатса, оңтүстік-батыстан арабтардың шапқыншылығы күшейіп тұрды. Олар аз болғандай, Ұлы Жібек жолының бойымен сауда жасайтын керуендермен христиан дінінің несториан ағымын ұстанған монахтар келетін,. Соның әсерінен көптеген түркі тайпалары тәңірлік діннен бас тартып, христиан дінін қабылдап та үлгерді.
Заман озып, дәстүр тозып, өзге мәдениеттердің ықпалы күшейе бастағанын, ал түркілер ұстанған тәңірлік діннің іргетасының онша берік еместігін, түбі жоғарыдағы діндердің бірін таңдауға тура келетінін Түркі қағандары анық түсінген. Әртүрлі пікірлер болған. Мысалы, данышпан Тоныкөк (VIII ғ.) өз тұсындағы қағандарға: «Будда мен Лао-Цзы ілімі жұртты нәзік те нәуетек қылып жібереді, жігерлі де жүректі ете алмайды» -(Н.Я.Бичурин «Собр. сведений… 1950 ж.) деп сақтандырады.
Ал, түркеш қағаны Сұлу (VIII ғ.) араб халифы Хишамның Ислам дінін қабылдау жөніндегі талабына: «Менің сарбаздарымның арасында шаштараз да, ұста да, тігінші де жоқ, мұсылманға айналып, исламның айтуымен тұрып, айдауымен жүрер болса олар қайтып тамағын асырамақ?» (Л.Н. Гумилев, «Поиски вымышленного царства». 1970ж. 48 стр.).
Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады. 748 жылы қытайлар Суябты басып алып Шаш (Ташкент) қаласына жақындап келіп бекінді. Келесі жылы олар бір шайқаста Шаш әмірін өлтіреді. Әмірдің баласы арабтардан көмек сұрайды. 751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласының түбінде Зия ибн Салих басқарған араб әскері мен қытайлар арасында бес күндік қырғын шайқас өтеді. Шайқастың бесінші күні арабтарға қытай қолбасшысы Гао Сян Чжиге қарсы көтерілген түргештер мен қарлұқтар көмекке келіп, нәтижесінде, қытай әскері тас-талқан болып жеңіледі. (Қазақ ССР тарихы, I-том, 361-б.). Осы шайқаста түркі тайпаларының тәуелсіздігі ғана емес, болашақ ұстанатын дінінің де тағдыры шешілді.
…«Талас шайқасында көшпенділер неге Қытайға емес, арабтарға жақтасты. Себебі, бәрібір Қытайдың салт-дәстүрі, күн көрісі көшпенді халықтарға жат еді. Ал жаратушы АЛЛАДАН Орталық Азиядағы парсы-иран жұрты өздерінің бір ҚҰДАЙЫН, ал дала көшпенділері өздерінің жалғыз ТӘҢІРІСІН көрді»… (Гумилев Л.Н. Древние тюрки, Москва, 1967.) .
Сондықтан да , ата-бабамыз ХАҚ ДІН — ИСЛАМДЫ ҚАБЫЛДАДЫ!
Уақыт өте, бел алған ислам бірте-бірте христиан , будда , зороастризм діндерінің барлығын ығыстырып-ысырып тастады. Ислам діні көне түркі сенімдерімен, жергілікті тәңіріге табынушылықпен іштей синтезделіп, түркі жұртының рухани-мәдени ұстанымына айналды.
Неге қазақ халқы имам Әбу Ханифа мазхабын ұстанады?
Біз қаласақ та, қаламасақ та келісетін бір фактор бар:
VIII – ғасырға қарай Халифаттың шекарасы ұлғайып, құрамына өмір салты бір бірінен мүлдем алшақ халықтар кіре бастады.
«Ислам бейбітшілік діні» дегенімізбен, ол халықтардың бәрі исламға бірден мойынұсына қойған жоқ.
Қырғын соғыстар болды.
Арабтың атақты қолбасшысы Құтейба ибн Муслим 714 ж. Шаш (Ташкента) пен Фараб (Отырар) өңіріне қылышпен келгенін еске алсақ біраз жәйт түсінікті болады..
Міне мазхабтардың пайда болғаны осы кез..
Ханафи мазхабының негізін қалаған имам Әбу Ханифа (699 – 767 ж.ж.) өз мазхабын саналы түрде араб емес халықтар үшін жасады. Әбу Ханифа исламнан бұрын да, тек пұтқа табынушылар ғана емес, сондай-ақ, зороастризм, иудаизм, христиан дінінің көптеген ағымдары секілді жоғары дамыған діндер жүйесі таралған Месопотамияда (қазіргі Ирак жері) өмір сүрді. Ол діндердің әрқайсысының Қасиетті кітаптары, ғибадатханалары және ғасырлары бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары бар еді. Оның үстіне ол халықтарға араб тілі мен араб мәдениеті мүлдем жат болатын.
Сондықтан имам Әбу Ханифа араб еместерді үркітіп алмас үшін аздаған жеңілдіктер қарастырды. Онда да ол жеңілдіктер идеологиясына емес, тек құқықтық және ғұрыптық нормаларына қатысты болды. Яғни, жергілікті халықтың исламға қайшы келмейтін ырым-жоралғыларына тиым салмай, керісінше діни-құқықтық нормалардың кейбірін соған қарай икемдеді.
Сол себепті біздің жерімізге келген алғашқы дін таратушы миссионерлер көшпелі халықтың ыңғайына қарап, бастапқы канондарды аздап трансформациялаған.
Олай етпеген жағдайда, мал жайылымының ыңғайымен көшіп қонып жүрген халық исламды маңайламас еді. Ал, мешіт салып алып, соның төңірегінен ұзамау – аш өліммен тең еді.
Осы тұста еске түсіп отыр.
1944 ж. біздің ауылға депортациямен келген шешендердің арасында Әзи деген ғұлама молдасы болған (ұрпақтары әлі Тасарық ауылында тұрып жатыр). Сол кісінің адалдығын ауылдың үлкендері әлі тамсана айтып отырады.
1950 жылдардың ортасында Кеңес өкіметі ауылдарда мешіт салуға рұқсат берген соң, ауыл тұрғындары асарлатып мешіт салады. Мешіт бітіп, ішінде намаз оқыла бастағанда Әзи ақсақал саптың ең соңына барып тұрады. Ол кісінің діни білімі өздерінен көп екенін білетін ауылдың ақсақалдары имамдық етуді ұсынғанда, ол бас тартыпты.
- Неге? – деген сұраққа
— Мен Шафиғи мазхабының өкілімін. Маған сіздерге имамдық етпек түгілі, саптың алдында тұруға қоспайды! — деп жауап қайтарыпты.
Осыған қарасақ, қазіргі шеттен келген ағымдардың жасап отырғаны рухани агрессия деп бағалауға болады.
Хиджаб, әлде орамал?
Арабтың хиджабы қажеттіліктен туған:
Алғашқысы климат жағдайы болса, екіншісі — олар қазақ секілді 7 ата санаспайды. Сондықтан 2-3 атадан кейін қыз-келіншектерін бір бірінен тұмшалауға мәжбүр болады.
Ал біздің ата-бабамыз10-15 шаңырақ болып көшіп-қонып жүрді. Бәрі бір шалдан тараған жақын туыстар.
Тұмшалауға қажеттілік жоқ.
Керісінше, ауылдағы қыз балалардың абыройы — бүкіл әулеттің абыройы. «Қызға 40 үйден тиым» деген сол болады.
Ауылдағы бір қыздың жаманаты шықса, ол ары-бері өткен жолаушылар арқылы елге жылдам тараған.
Айналадағы елдің бұл ауылмен құда-жекжат болуға ықыласы бола қоймаған. Қыздарының «ышқыры» бос әулетке кім жақындасын?!
Оның үстіне қазақ халқы қыз баласы тұрмысқа шыққанша басына қара және ақ түсті орамал салдырмаған. Жалаңбас та жүрмеген, түсті орамал салған. Қара түс – қайғының белгісі.
Ал ақ жаулық әйелдіктің белгісі.
Ал, әсіредіншілдер «шірік» деп жүргенн адыраспан тұтатуға келсек, қазір ғалымдар емдік өсімдік адыраспанның түтінінің түрлі микробтар мен бактерияларды жоятын бактерицидтік қасиеттері бар екенін дәлелдеді.
Ал, біздің ата-бабаларымыз мұны бағзы заманда-ақ білген.
Сондықтан дін атын жамылып, араб дәстүрін таңушыларға ел болып қарсы тұрайық.
Өмір Шыныбекұлы — тарихшы, жоғары санатты ұстаз,
1-деңгейлі сертификат иегері (Кембридж технологиясы),
Республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы.