Желтоқсан оқиғасында Софы Сматаев не істеді?!.
2016 ж. 16 маусым
6179
3
"Олжас Сүлейменовтің бүгінде: «Мені алаңға жібермеді, сөйлетпей қойды» деп жүргені белгілі. Шындық басқаша..."
Қаламгер Софы Сматаевқа хат
Қадірлі СОФЫ! Кеше, маусымның 12-сінің таңы алдында, түсімде Ізғұтты ағамды көрдім. Маңдайымнан сипап оятып: «Тұрмайсың ба? Бөлмең ысып кетіпті, терезені аш, желдесін» дейді, еркелеткен раймен сөйлеп. Ояндым. Өмірімде көрмеген туысымның бөлмемде болып, жылы тіл қатқанынаеріксіз таңдандым. Совет Одағының Батыры атанып, Латвияны гитлершілдерден азат ету шайқасында 1944-жылы, небары 22 жасында, қаза тапқан Ізғұтты Айтықов немерелес ағам еді. Ол соғысқа сұранып аттанғанда мен алты жаста болдым және олар басқа ауылда тұрды.
Еріксіз таңданысым әрқашанғысынша ет-жүрегімді сығымдаған өкініш-күйінішке тірелді. Үйленіп үлгірмей, ұрпақсыз кете барды-ау!.. Алайда аты тарихта қалғаны – бір жұбанышым... Бүгін маусымның 12-нші күні... Ізкен аға фәниге 22-сі күні келіпті. Маусымның 22-сі... әлемге аранын ашқан фашизм соғыс бастаған күн. Бұлайша ой кеше бастағанымда, Софы, өмірге 1941-жылдың 22-нші маусым күні келгеніңді айта отырып, тірліктің толқын-қатпарларына үңіліп: «пешенеме жазылған тылсымдай жұмбақ сұрақ емес пе екен?» деп бір тоқтағаның есіме түсті. «Мұңлы ойлар» кітабыңнан оқып едім.Осы орайда алдын ала айтарым: 75 жасыңды мұңды ұмытып тойлап, денсаулығың оңалып мықты болып, халқыңа жаңа романдарыңды тарту ете Жамбыл атамыздың жасын межеле. Құдай қуат берсін!
Ойды ой қозғайды дейміз. Сенің жазушылық қуатыңды тарихи «Елім-ай» бастаған айшықты романдарың мен хикаяттарыңнан, әңгімелерің мен мақалаларыңнан танысам, азаматтығыңды Сағидолла аға Құбашевтың маған сен туралы сыр шерткенінен анық білдім. Сәкең биыл бақиға бет түзеді ғой, иманы жолдас болсын!
Сәкеңмен кездесуім де, сырласуымыз да мен күтпеген тосын жәйт болды. Партия мен үкіметтің небір үлкен қызметтерін абыроймен атқарып, зейнетке шығып, жасы сексеннен асқан тұсы еді. Бір мүшелтойдың төрінде отырған ағаларға барып сәлем бердім. Қолын ұсына берген Сәкең:
-Ассалаумағалейкүм! Ғаббассың ба? - деп жылы жымиды.
-Сәке, ағаеке, сәлем менен ғой? - дедім, ыңғайсызданып қалып.
-Сізді сырттай білемін, силап жүремін, сондықтан сәлем бергім келіп кетті, - деді Сәкең, жайдарыланып.
Той соңындағы бір оңаша әредікте Сәкең шерткен сырдың қысқашасы былайша:
-Сіздің өкшеңізді басып келе жатқандардың ішінде Сматаев Софы деген жігітке ілтипатым дұрыс. Жазушылық мықтылығы өз алдына ғой, азаматтық тұлғасына күні бүгінге дейін риза болып жүрмін. Ол Орталық комитеттің Мәдениет бөлімінде сектор меңгерушісі еді. 1986-жылғы Желтоқсанның сұрапылы... Республиканың партиялық басшылығына көлденең көкаттыКолбиннің әкелінгеніне наразы алматылық жастар алаңға жиналып, қатқыл сөздер естіле бастағанда Софы жастарға алғашқыда өзі екі-үш рет барып, әрине, сабырсақтауға кеңес бере сөйлесті. Одан кейін, алаңды әскерлер қоршай бастағандажәне бір ініңіз, жазушы ӘбдіковТөлен екеуі, ол жігіт те - Орталық комитеттің қызметкері, бір сұмдықтың боларын біліп, жандары шырылдап, жастарды қорғау керектігін қанша айтса да, жаңа билік олардың жанайқайын тыңдамады. Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Камалиденов Софыны, Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісіУстиновты шақырып алып, алаңдағы жастарды тәртіпке шақырған үндеу жазуды және тездетуді тапсырады. Софы тез жазып, Камалиденовке ұсынғанда үндеудің «Айналайындар, адаспаңдар!» делінген қазақы тақырыбы оған ұнамайды да, ашуланып: - Мынау жарамайды, Альберттің жазғанын алыңыз да, қазақ тіліне тез аударыңыз! - дейді. Ал Устиновтіңқазақ жастарын кінәлап жазған шимайын ұнатпаған Софы: - Устинов жолдас, шовинистік пиғылыңыз тірілген екен! Қазаққа бұлайша жала жаппаңыз! - деп оның «үндеуін» өзіне ұстата салып: - Басқа аудармашы тауып алыңыздар! - дейді де, бөлмеден шығып кете барады. Солай болғанын кейінірек естісем де, Софының қайсарлығына риза болдым.
Мұны айтқанда да Сәкеңнің Софыны құрметтейтін ағалық сезімі жарқын жүзінен айқынданып тұрды.
Олжас Сүлейменовтің бүгінде: «Мені алаңға жібермеді, сөйлетпей қойды», деп жүргені белгілі. Шындық басқаша. Софы ақынға сырттай қамқорболып, «бірдеңеге ұрынып қалмасын» деп, оны досы Толмачев арқылы іздетіп, өзіне шақырып алған. Олжас мардымды ештеңе айтпай, Софының кабинетінде түске дейін отырып, содан кейін кешкісін үйіне қайтқан. Ол жәйтті Софы кейінде «Жас алашта» шыққан мақаласында ашып айтты.
Лауазымы жоғарылардың көбі кекшіл болады ғой, Камалиденовтің тілін алмаған Софыны келімсек «көсем» Колбин бір аптадан кейін шақырып алып, «Ұлтаралық жағдайды жақсартуымыз керек» деген себеппен Ақтөбе облысына жұмсайды. «Денсаулығым сыр беріп жүр, жақын облыстардың біріне барайын» дегенін елемей, қасарысып: «Ақтөбеге баруың керек!» деп сызданады. Софы көнбейді. Жүйкесі онсыз да шабақталып жүрген Софы сол күні жүрек талмасына (инфракт) ұшырап, «Жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізіліпті.
Арамза Колбин айдаған жағына жүрмеген «қыңыр Сматаевты» ауруханадан шығысымен қара мылтығының қарауылына қайтадан іледі. Арада бір апта өте бере Орталық комитеттің Үгіт-насихат бөлімі мен Мәдениет бөлімінің «мықтылары»: «Софы Сматаев жолдас партия басшыларын тыңдамайды, міндетін дұрыс атқармайды, ұлтшылдық пиғылы басым» деп беталды кінә таққан жазбаша мәлімдеме жасап, оның тәртібі Орталық комитет хатшыларының мәжілісінде қаралатын болады. Мәжілісте әлгі «мықтылардың» баяндамаларынан кейін Колбин бірден: - Түсінікті болды, кәне, Сматаев жолдасқа қандай жаза қолдану керек, айтыңыздар! - дейді, қарақошқыл бетінің түгі көтеріліп. «Мықтылардың» міңгірі ызасын келтірген Софы түрегеледі де, олардың сөздерінде іліп алар ештеңе жоғын дәлелдеп береді. «Мықтылардың» бірі (қазекең) сипақтап: - Солай жазу керек деп тапсырған соң... - деп қалғанда Орталық комитеттің екінші хатшысы Сағидолла Құбашев оған зілдене қарап: - Міңгірлемеңіз, отырыңыз! Ойлы адам жала жабумен әуестенбес болар! - дейді, әдейі қазақ тілінде сөйлеп. Жалма-жан арашашы болғысы келіп аузын аша берген Устиновтіңдертесін Сәкең: - Всепонятно, садитесь! - деп бір-ақ қайырып, Софыны колбиндік жазадан қорғап қалыпты. Інінің Азаматтық қасиетін таныған Сәкеңдей Аға көп болса ғой!
Келімсектің құзырында енді жүргісі келмеген Софы сол «талқылаудың» ертеңінде екінші өтінішін жазып, «Ақ үйден» аулақ кетті. Бірінші рет өтінішті ауруханада жатқанында жазған еді, бірақ «күштілер» ескермеді, өйткені олар «төмендегі» коммунист Сматаевқа есе жібермеу үшін оған шара қолдануға асыққан болатын.
Софы бұрынырақта бірде Колбиннің кадр саясатындағы солақайлығын бетіне басқан екен. Қанға тойған кенедей Колбин: «Мені сынайтындай сен кімсің?!» деп тебіткенде Софы: «Сынауға хақым бар, сіз бен біз – бір партияның мүшесіміз!» деген оқ-сөзін Колбиннің қара жүрегіне тік қадаған ғой!
Сөйтіп, Софы «Ақ үйдегі» алапес тірліктен азат болып, қаламын қолға бірыңғай алды. Содан беріде де елінің, халқының мүддесін қорғай топ алдында әділетті қаншама сөз сөйледі, оқырман қауымға нешеме мақала ұсынды. Философиялық мәнімен құнды: «Ағаларым – жағаларым; інілерім – ірілерім», «Мұңлы ойлар» сынды кітаптары ше?!. Ертеңгі ұрпақтың ескерері, жете бағалап, шын мәніндегі «Асыл мұра» қорына қосары сөзсіз мұншамаеңбекті біздің бүгінгі «әсіреесепшіл» билік керек етпей отыр, - оның әділ пікірден, адал ниетті әрекеттен безінгеніне көзіміз жеткелі қашан! Оған қазақ әдебиетінің бір қара нары, «туғаны жоқ тура би» – Софы Сматаев қажет емес, жасы 75-ке емес, 100-ге келсе де. Бұл билік Тура Би атаулыны «оппозицияшы» деп біледі де, оның әділ сынынан шошынып, қолы жетсе – мұрнын бұзады, жетпесе – аяғынан шалады. Әдетте рухы жадау билікке өзіндей жадаулар – жағымпаздар, яғни оның ертең түшкіруін күтіп, «жәрәкімалласын» бүгін әзірлеп жүретіндер керек. Оларының мерейтойларын сұратпай-ақ өткізіп береді.
Демек, қадірлі бауырым Софы, Астана мен Алматының және өзің туып-өскен Қарағанды облысының төбесінде отырған «күштілерге» көз-құлағыңды жұмсамағын. Қалың қауым – Оқырмандарыңның ізгі тілек-ниеттерінен күш-қуат алып, бір Алладан медет тіле!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
qazaquni.kz