Полицейлер балаларға қуаныш сыйлады
2016 ж. 10 маусым
2218
0
Астана қаласы ІІД Есіл АІІБ қызметкерлері мемлекеттік мейрамдарды мерекелеп, соның аясында игі істерді атқаруды дәстүрге айналдырған.
Мәселен, 1-маусым халықаралық балалар күнінде де үлгілі үрдіс үзілмеді. Қалалық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры А.Әубәкіровтің тікелей тапсырмасымен Есіл аудандық ІІБ қызметкерлері Астананың кішкентай тұрғындарына тарту жасады. Көпбалалы, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балғындарын жиып, сұлулықтың символына айналған Астананың ең көрікті орындарына саяхат жасатты. Оның ішінде, ірі сауда нүктелері, ойын-сауық орталықтары, аттракциондар сияқты бала үшін ойын отауы болар нысандар да бар.
Балғындар бір күнге болса да тұрмыстық қиындықтарды ұмытып, балалық шақтың бал дәмін бірге татты.
Айта кетейік, Есіл аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Б.Әміржанов сәбилер саяхатын толықтай өз жетекшілігіне алып, жеткіншектердің мәз-мейрам болуына, көңілдерінің толуына барын салды. Бала қолына кәмпит ұстатсаң да бақытқа кенеледі емес пе?! Мұны да ескерген полицейлер балғындардың қолына сыйлықтар ұстатып, жүздеріне күлкі сыйлады. Осындай шарапатты шаралардың легі алдағы уақытта да таусылмайды.
Білісбек Шалов
qazaquni.kz