ШЕТТЕ ҚАУЫМДАСТЫҚСЫЗДА ІС-ШАРА ӨТІП ЖАТЫР
2011 ж. 24 қаңтар
1647
0
Жақында ғана Австрияның Вена қаласында және Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен іс-қимылдар шеттегі ағайынның Қауымдастықсызда жұмыс жүргізе алатындығын айқын көрсетіп берді. 2010 жылдың желтоқсан айының соңына қарай Австрия астанасы Вена қаласында Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің аяқталуына және Тәуелсіздіктің он тоғыз жылдығына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті –Аталған шара Хофбургтың Фест залында (мерекелік зал) өтіп, оған Австриядағы әр елдің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Вена жұртшылығы қатысты. Құрманғазының «Балбырауынымен» сахна шымылдығын ашқан этнографиялық «Керулен» ансамблі бастаған, әншілер Дүйсенбек Өмірәлиев, Гүлзира Бөкейхан, Жұлдыз Төтебаева, Медет Шотабаев, Аида Аюпова, биші Әнел Нұрсейітова, күйші Айгүл Үлкенбаева, қобызшы Самат Қарабалаев қостаған өнер тобын жұрт өте жылы қабылдады. Тамаша концерттен кейін көтеріңкі көңіл күйге бөленген бір топ веналық қандастар «бауырым»-дап құшақ жая, ортаға келді. Олардың бірі Австриядағы Қазақ мәдени орталығының жетекшісі Қызырхан Шолпан болса, қасындағы Абыз Орхан деген жігіт ағасы орталықтағы орынбасары екен. Жеке кәсіппен айналысатын осы екі азаматтың да Венада тұрып жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Олардың айтуынша, бұл қалада тұрғылықты 25 қазақ түтіні бар екен. Жалпы саны 125-тей адам көрінеді. Елшілікте жұмыс істейтін жастарды, олардың отбасын, осы қалада оқитын студенттерді қосса, бір қауым ел сияқты. Веналық қазақтар Қазақстан елшілігімен тығыз қарым-қатынаста көрінеді. Олармен жиі-жиі хабарласып тұрады екен. Елшілікте жұмыс істейтін азаматтар да әртүрлі мерекелік шаралардан оларды сырт қалдырмайтын сияқты. Бүгінгі жиынға да осындағы қазақ мәдени орталығына деп біраз шақыру билетін беріпті. Оған әлгі азаматтар қазақтың кім екенін көрсін, танысын деп кіл жастарды ертіп әкеліп отыр екен. Бұл жерге алғаш келген қазақтар екі қолға бір күрек деп тек күнкөріс қамын күйттеген болса, қазір олардың арасында білімді жастар аз емес көрінеді. Әртүрлі ірі компанияларда менеджер болып жұмыс істеп жүргендері бар болса, бүгінгі кешке келіп отырған жастардың бәрі дерлік Вена университетінде оқитын болып шықты. Тәуелсіздік мерекесін Венада тұратын қазақтар жыл сайын арнайы атап өтеді екен. Биылғы басқосуға барған Қазақстандық өнер шеберлерін мәре-сәре болып қарсы алған талай әңгіме айтылды. Өнер шеберлері де қарап қалған жоқ, самсаған қазақ өнерінің жұлдыздарын бір сәтте көріп-тыңдау мүмкіндігіне ие болған ағайынның да қуанышында шек болмады. – Құдай қазақтың көз жасын көрді. Тәуелсіздік алдық. Міне, биыл сол тәуелсіздігіміздің 19 жылдығын тойлап отырмыз. Осыған мың тәуба дей келіп, сөз бастаған Қызырхан бауырымыз одан әрі сонау 1986 жылғы оқиғаны еске алды. – Әрине, біз ол оқиғаны өз көзімізбен көргеніміз жоқ. Алайда, елден жырақта жүрсек те қазақ жастарының қаны жазықсыз төгіліп жатқанын естіп, қабырғамыз қайысқан. Біздің қолымыздан не келеді, көз жасымызды көлдеткенбіз. Тіпті топталып барып, осындағы орыс елшілігінің алдына жиналып, қазақтарды қырып-жоюды тоқтатыңдар деген талап-тілегімізді айғайлап айтып, олардың ғимаратының алдына қап-қара күл шашқанымыз да есімізде. Сол жазықсыз төгілген қанның өтеуі болар, еліміз Тәуелсіздік алды. Біз де елге емін-еркін баратын болдық. Қайда жүрсек те қорған болар тәуелсіз еліміз бар екенін ойлағанда, жүрегімізді шаттық кернейді. Әлгінде айттық қой, мұндағы қазақтардың жаңа ұрпағы білімді жастар деп. Енді сол жастардың бетін елге бұрсақ дейміз. Олар ел үшін еңбек етсе дейміз. Бұл біздің қазіргі басты мақсатымыз. Ал бүгінгі мынадай қасиетті күні бізге қонаққа келген сіздерге де дән ризамыз. Адам баласының өмірі тек бақыттан ғана тұрмайды, бақытты сәттері ғана болады. Дәл қазір біз сол бақытты сәттерді бастан кешіп отырмыз. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы. Еліміз аман, Тәуелсіздіктің іргетасы мықты болсын – дейді газет тілшілеріне Қызырхан Шолпан. Вена қаласында өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне жалғас, Лонданда «Қазақ тілі және мәдениетті» атты конференция өтті. Ұлыбритания Қазақ Қоғамы 27.12.2010 күні Лондонда Қазақстанның бұрынғы төтенше және өкілетті елшілерінен және саясаттанушы професоор Бекжасар Нарбаевтың баяндамашы ретінде қатысуымен «Қазақ тілі және Мәдениеті» деген тақырыпта конференция ұйымдастырды. Конференцияда қазақ тілінің қазіргі хал-жағдайы және басынан өткерген кезеңдері, қазақтар қолданған алфабиттер, қазақ тілін жас буындарға үйретудің маңызы және қазақ мәдениеті сияқты мәселелер қолға алынып,әңгімеге арқау етілді. Шараға қатысқан Ұлыбританияда тұратын қазақтар қатты қызығушылық танытып, жоғары деңгейде өткен конференцияның сұрау-жауап бөлегінде, Қазақстандағы Ислам дінінің өткендегісі мен қазіргі жағдайы туралы да сыр бөлісті. Іркес-тіркес өткен жоғарыдағы екі іс-шараның нәтижелі өтуі әр елде тұратын елшіліктердің бастамасы арқылы ондағы қазақ ағайындарға шапағат сыйлаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. Алыстағы ағайын: «аты бар, заты жоқ Қауымдастықсызда мәнді шаралар ұйымдастыруға болады екен ғой» десті.
Сәуле Міржақып