Оразада шөлдемеу амалдары
2016 ж. 08 маусым
6415
0
Биыл Рамазан айы негізінен маусым-шілде айларымен тұстас келетіндіктен Ораза ұстайтындар үшін шөлге шыдау мәселесі аса маңызды болып табылады. Ораза кезінде адамдар арасында күннің астында жұмыс істейтіндер кездеседі. Сол кездерде организм көп су жоғалтса, адамның басы айналып, ыстығы көтеріліп, жүрегі айнып, тіпті құсуы мүмкін. Жазда ауыз бекіткенде шөлдемеу үшін не істеу керек? Ол үшін аздаған кеңестерге құлақ түрген жөн болады.
1. Шәй, кофе, газдалған сусын мен алкоголь ішпеген дұрыс. Оларда кофеин мен химиялық қоспалар болғандықтан шөл қанудың орнына организмнің көп суалуына әкеліп соғады.
2. Ауыз бекітерде бір шымшым тұз салынған бір кесе тұзды су ішсеңіз, организмнен су шығу үрдісі тежеледі.
3. Әркімнің қажетіне қарай адамдар су мөлшерін әрқалай қабылдайды. Өте белсенді адам тәулігіне 2-3 литр су ішуі керек. Су, көк шәй және әртүрлі шөптерден жасалған шәй шөлді жақсы қандырады.
4. Ораза кезінде тамақ ішкенде өте ащы, тұзды, қуырылған, майлы және тәтті тағамдар жемеңіз. Қуырылған және майлы тағам асқазан мен ішекті тітіркендіреді және өте баяу қорытылады. Ал ащы, тұзды және тәтті тағамдар болса адамды шөлдетеді. Осы жағдайларға байланысты таңертең ботқа жеген өте тиімді. Ботқаның қорытылуы оңай, организмге пайдалы жеңіл тағам. Сонымен қатар ботқа жеген адам белгілі бір дәрежеде күні бойы тоқ болады.
5. Капуста, сәбіз, картоп, кәді сияқты көкөністерді мейлінше көбірек жеңіз. Ауыз бекіткенде алма, жүзім, апельсин, алмұрт сияқты жемістерді жемеген дұрыс. Өйткені, олардың құрамында қышқыл көп болғандықтан, күндіз адамды шөл қысуы мүмкін.
Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ
Дерек көзі: Егемен Қазақстан