Кенді Алтай халқы үшін ең құрметті азамат – Ислам Әбішев
2016 ж. 25 мамыр
5975
0
Шырайлы Шығыстың орталығы, қасиетті Ертіс пен ерке Үлбінің жағасында орналасқан Өскемен қаласы еліміздің ең ірі өндірістік ошағы екені белгілі. Қала табысы ел экономикасының едәуір бөлігін құрайды. Үш бірдей ірі су қоймасы бар қаланың қуаты да ерен. Жылдық табысы 100 миллардтан асатын қала мұнай өндіретін Атыраудан артық болмаса, кем емес.
Алайда, Өскеменнің бүгінгі жағдайы мүшкіл болып тұр. Өскеменнің ең түйткілді мәселесі ол экология. Өскемен онкологиялық дертке шалдығушылар жағынан барлық көрсеткіштерде көш бастап тұр, өкінішке орай.
Кезінде қала әкімі болып Ислам Әбішев тағайындалғанда «кезекті әкім ғой» деп ешкім мән бермеп еді. Бірақ, аздаған мерзімде қаланың көркі жаңарып, жағдайы жақсарып шыға келді. Ислам Алмаханұлының Өскеменге сіңірген еңбегі орасан.
Мысалы, Өскеменнің қақ ортасында 40 жыл бойы шіріп, сасып жатқан «Поганка» ауданындағы батпақты (болото) аймақты бір айдың ішінде тазалаттырып, “Комендантка” өзенінің арнасын қалаға қайта бұрып, сол жерде демалыс саябағын салғызды. Әбішев болмағанда әлгі аймақ әлі қанша жыл борсып жатар еді, бір Аллаға аян. Өскеменнің сол жағалауында үлкен мешіттің құрылысы басталған еді. Көлемі жағынан елімізде үшінші орында тұрған еңселі мешітке бүгінде Халифа Алтай атамыздың есімі берілді. Мешіттің оң қапталында қаладағы ең ірі этно саябағы салынды. Қазір бұл саябақ қалалықтар мен қала қонақтарының ең жиң келетін жеріне айналды.
Өскеменнің шығыс жағында орналасқан Ботпай тауының биігіне «ҚАЗАҚСТАН» деген жазу мен көк Туымыз орнатылды. Бұл шаруаның да тарихи мәні бар. Қаншама жыл орыстардың теперішін көрген қалада қазақ рухы асқақтады!
Қала көшелері күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Халықаралық мүсінішілер байқауы ұйымдастырылды. Оның қандай маңызы бар дейсіз бе? Байқау қорытындысы шығарылғасын, жасалған ғажайып мүсіндер Өскеменнің көркіне сән қосты. Әрбір көшеде ерекше мүсіндер орнатылды.
Қаланың тағы бір қордаланған мәселесі – су құбырлары. Әбден тозығы жеткен су құбырларын да ауыстыртқан осы Ислам Алмаханұлы еді. Өскемен қаласында халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар да сол кезден бастап жиі өткізіле бастады.
Ислам Әбішев Астанаға, басқа қызметке ауысқанда оған «Өскемен қаласының құрметті азаматы» атағы берілген еді. Қандай лайықта атақ. Бүгінде берекесі кетіп, күйі келмей тұрған қалаға Ислам Алмаханұлындай басшы тағайындалса екен дейміз. Білікті басшы – елдің тірегі. Әбішевке деген халықтың ықыласы да ерекше еді.
Қала тұрғындары кешкілік Ислам ағамыздың көшеде жалғыз серуендеп жүрген кездерін бірнеше рет байқап қалғандықтарын да сөз етісіп жүреді. Әлдебір көшеде жөндеу жұмыстары жасалып жатса, кешке жақын өзі жалғыз барып тексеріп қайтады екен. Дорбасын арқалап қаладағы базардан бұқара халықпен бірге, кезекте тұрып, азық-түлік алып жатқан кездерін көрген адамдар да аз емес. Осының бәрі оның халықтың ұлы екендігін айғақтайды.
Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған осындай басшылар, әрине, жоқтың қасы.
Бүгінгі Өскемен әлі де өз Исламын күтіп тұрғандай көрінеді бізге…
Алтай Сағидолда, Астана қаласы
qazaquni.kz