Арандатушы арнаның тағдырын Абаев шеше ала ма?
2016 ж. 17 мамыр
2622
2
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Еуразия» арнасының айналасында қалыптасқан ахуалға алаңдайтындығын білдірді,-деп хабарлайды «Exclusive.kz» порталы.
Қазақстан Үкіметінің қазақ жерін сату және оны жалға беру туралы бастамасына наразылық білдіріп, бейбіт шеруге шыққан әрбір азаматқа АҚШ пен Батыс елдері, сосын әлдебір «бесінші колонна» басшылары 50 доллардан 150 долларға дейін ақша үлестіріп беріпті деп жалған ақпарат таратқан «Еуразия» арнасының мәселесін енді министр Дәурен Абаев қарайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында «Abai.kz» порталы «Еліміздегі телеарналар кімнің саясатын ұстанады: Назарбаевтың ба, әлде Путиннің бе?» атты мақала жариялаған болатын. Онда аталған арнаның (бірінші басшысы Константин Эрнст, РФ азаматы) ҚР Жер кодексі бойынша, жердің меншікке сатылуы мен шетелдіктерге жалға берілуін қамтамасыз ететін баптарына қарсы наразылық білдіріп, шеруге шыққандарға көпе көрнеу жала жауып, жалған ақпарат арқылы халықты арандатып отырғаны (тіпті, алаңға шықсаң 150 доллар береді екендегендей халыққа астыртын үндеу жасап) айтылып, ҚР Бас прокуратурасы мен ҰҚК назарына ұсынылған еді .
Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі дезинформациялық «көпірмелердің» көбісі ресейлік позицияны ұстанатын БАҚ өкілдері тарапынан жасалатыны айтпаса да түсінікті. Осылайша ашық провокация жасап отырған арна және оның тілшілері (А. Шаукентаева мен Р.Смыков) көгілдір экран алдында көсіп сөйлейміз деп көпке топырақ шашқандарын өздері де аңғармай қалса керек. «Келді. Украина және басқа да елдерде халықты алаңға шығару үшін ақша беріп, сүйреп шығарғандар енді бізге де жетті. Бұл кім, дәл сол бесінші колонна. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, әрбір адамға әлгі бесінші колонна 50 доллардан 150 долларға дейін үлестіріп жатыр екен» деп айды аспаннан бір-ақ, шығарып еді әлгі екі әріптесіміз. Бесінші колоннаның кім екенін білетін арнаның тілшілерінің бұл сөздері қоғамдық орта мен БАҚ ішінде қызу талқыға түсті.
Артынан ақталғандай болып, қолдан ұйымдастырылған әм түсініксіз жағдайда түсірілген бейне жазбаны көрсетті. Бұл Шаукентаева мен Смыковтың сөздерінің «жалған» емес екендігінің дәлелі-мыс.
Осыдан кейін қазақстандық заңгер Нұрхан Жұмабеков «Еуразия» арнасының үстінен Сотқа шағым түсіріп, халықтың демократиялық таңдауын қорлап, жала жапқан арнаның Заң алдында жазалануын талап етті.
Енді белгілі болғандай, жаңадан құрылған министрліктің тізгінін ұстаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырза «мәскеулік» арнаның айналасында қалыптасқан ахуалға алаңдайтынын білдіруде. Әрине, министр «Еуразия» арнасының жалған ақпарын растап, жаны ауырмайтын шығар. Сірә, Абаевты алаңдатып отырған мәселе аталған арнаға деген халықтың наразылығынан туындаса керек.
Нұргелді Әбдіғаниұлы