СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕГІ СЕРІ
2016 ж. 26 сәуір
4945
16
Ұлттық Ғылым Академиясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлының 80 жасқа толуына орай «Академик Ө.Айтбайұлы және мемлекеттік тіл мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымдарының ұйымдастыруымен өткен осынау ауқымды шараны Қазақстан Ұлттық академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов жүргізді.
Конференция шымылдығы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өмірзақ Айтбайұлына арнаған құттықтау хатының оқылуымен түрілді.
Жиын басында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов: «Бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілінің білімі мен ғылымын дамытуға арнаған академик Өмірзақ Айтбайұлы бүгінде сол қазақ тілінің маршалына айналып отырған абыз ағамыз десек артық айтқандық емес. Бұ кісі қазақ ғылымы мен білімі саласына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сондықтан да мен бүгін Өмекеңді тамыры тереңге кеткен, жапырағы мен бұтақтары құлаш жайған осы саланың мәуелі бәйтерегі дер едім. Өмірзақ Айтбайұлының өміріндегі айрықша атап өтерлік мемлекеттік һәм қайраткерлік қыры – сонау 50-60-жылдардан бастау алады. Сол кездегі еліміздің астанасы – Алматы қаласында бірде-бір қазақтілді балабақшаның жоқтығын өзекті мәселе ретінде көтеріп, билікке өтініш білдірген зиялы қауым өкілдерінің бірі де Өмекең тұғын. Осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал еткен бірден-бір тұлға ретінде айрықша атап өтуге тиіспіз.
Сіздің осы уақытқа дейін атқарған істеріңізді бір жиында тізбектеп шығудың өзі мүмкін емес.
Туған жеріңіз – қасиетті Отырар өңірі өзіңіздей атпал азаматымен мақтанатындығын айтуға тиіспіз. Туған топырақтан ізіңізді жалғайтын ізбасарларыңыз көптеп шыға берсін! 80 жасыңыз құтты болсын! Жасыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын!» деп көрнекті ғалымның қазақ тілді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еселі еңбегін атап көрсетті.
Сондай-ақ, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов аталған ұйымның ең жоғары дәрежедегі медалін мерейтой иесіне табыстады.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хатын Жамбыл атындағы мемлекеттік филормонияның директоры Ақан Әбдуәлі, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің құттықтау хатын Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқарма бастығы Ахет Мамайұлы жеткізді.
Осы күні сексеннің сеңгіріне сергек жеткен ел ағасына деген ақ тілектер ағылып жатты. Конференция барысында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков, ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түрік тілі құрамы төрағасы Мұстафа Качалын, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театр директоры Ерлан Біләл сынды елдің атпал азаматтарынан Өмірзақ Айтбайұлының атына арнайы құттықтау хаттардың келгендігі хабарланды.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын ақын Маралтай Райымбек жеткізсе, ақын Темірхан Медетбек, жазушы Әнес Сарай, ақын Қасымхан Бегманов, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағановалар өздерінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Өнегелі өмір» атты сериямен осы оқу орны ректорының кеңесшісі, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып пен Өмірзақ Айтбайұлының бірлесіп шығарған кітабының тұсаукесер рәсімін ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев пен филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманов жасады. Сонымен қатар, профессор Ө.Әбдіманов ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың құттықтау хатын оқып берді.
Өмірзақ Айтбайұлы сынды сегіз қырлы бір сырлы талант иесі туралы толық мағлұматты аталмыш кітаптан табуға болатынын атап көрсеткен академик Көпжасар Нәрібаев: «Бүгінгі той Өмекеңнің жеке басының немесе бір ғана әулеттің тойы емес, бұл бүкіл қазақтың тойы. Бүгінгі жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырған қонақтарды көріп, осыны аңғарамыз. Өмірзақ Айтбайұлының ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым ретінде қазақ тілі білімінің теориясына қосқан үлесі ұшан теңіз. Қазақ тілін мемлекеттік дәрежеге көтеру жолында сіңірген еңбегі де орасан зор. Осы бағыттағы еңбегіңіз алдағы уақытта да жемісті жалғасын таба берсін!» деп өзінің ізгі тілегін білдірді.
Ал Мәдениет және спрот министрлігі атынан Тілдерді дамыту және қоғамдық жұмыс комитетінің төраға орынбасары Ғалымжан Мелдеш, Қазақтан Халқы Ассамблеясы атынан төраға орынбасары Ни Любовь, «Достық үйінің» директоры Гүлсін Дүкеновалар да кеш иесін қызу құттықтады.
Осынау салтанатты күні Өмірзақ Айтбайұлының бір топ жерлестері де сонау оңтүстік өңірінен ат арытып, арнайы келді. Оңтүстік Қазақстан обылысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың құттықтауын әкім аппараты басшысының орынбасары Ақберен Елгезек, сондағы Отырар ауданынының әкімі Ерлан Айтахановтың лебізін аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов жеткізді. Әл-Фарабидей ұлы ғұлама туған, бабтардың бабы – Арыстанбаб жатқан киелі мекен жұртшылығының сәлемі той иесінің жүзін жадыратып, қуанышын одан әрі еселей түсті.
Негізінде, бүгінгі ғылыми теориялық конференцияда сөз алғандардың дені Өмірзақ Айтбайұлының ғалым ретіндегі еселі еңбегін баса айтып жатты. Ал, осы бір кешке әдейілеп Атыраудан келген жазушы, композитор, белгілі өнер зерттеушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов Өмірзақ Айтбайұлының Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали Досымжанов сынды өнер саңлақтарының алдында ән шырқағанын айрықша атап, көрнекті ғалымның өнерпаздық, әншілік қырын аша түсті.
Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақұлы:«Қазіргі қазақ терминологиясының көшбасшысы», ал Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ерден Қажыбек: «Ту ұстаушы», ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы: «Академик Ө.Айтбайұлы және қазақ терминологиясы» атты тақырыпта баяндама жасады. Мұнда Ө.Айтбайұлының қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегі жан-жақты талқыланды.
Осы күні «Шалқар» ұлттық радиосының Бас редакторы, ақын Серік Сейітман ел алдында ерекше қуанышқа бөленген ел ағасына жырдан шашу шашып, кеш шырайын кіргізе түсті.
Салтанатты шара аясында Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Демирел атындағы Халықаралық-қазақ түрік университеті, Шығыстану институты, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Ақпарат информатика институты, Еуразия ғылыми зерттеу институты және басқа да еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының арнайы өкілдері, сөз алып, Өмірзақ Айтбайұлына деген ыстық лебіздерін білдірді. Ата салтымен иығына шапан жапты.
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әбдуәлі Қайдар және заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Сұлтан Сартаев сөз алып, көрнекті ғалымның жүзеге асырған ілкімді істерін тілге тиек етті.
Жиын соңында «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес бастаған осы қоғамның еліміздің барлық аймағындағы төрағалары өздерінің ақжарма тілектерін айтып, абыз ағаның атқарған ауқымды істерінің бір парасын атап көрсетті.
Көрнекті ғалымның мерейтойына арналған ғылыми мәслихатта, сондай-ақ, «Мемлекеттік тіл және тіл саясаты», «Терминтаным және аударматаным мәселелері», «Дәстүрлі-құрылымдық және қолданбалы тіл білімі», «Әлеуметтік тілтаным, лингвомәдениеттаным, лингодидактика және мәдениаралық коммуникация» атты бес секция бойынша түрлі баяндамалар тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған академик Өмірзақ Айтбайұлы: «Бүгінгі кешке бар жұмыстарыңызды қойып, қаншама уақыттарыңызды қиып келгендеріңіз үшін көп рахмет. Осы уақытқа дейінгі зерттеген салаларым бойынша сағаттап баяндама жасауға әзір ғалымдар жетерлік. Десе де, оның барлығымен көбіңіз тансыссыздар. Оның үстіне көпшілігі кітапқа енген дүниелер болғандықтан, өздеріңіз оқып ой түйе жатарсыздар. Қазақ тілін дамыту жолында жұдырықтай жұмылып бірлесе жұмыс істей береміз деген ойдамын! Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін!» деді.
Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті