Ақжусанның «Аққу» атты күй кеші
2016 ж. 23 сәуір
3842
1
Қазақ ұлттық өнер университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған күй апталығы өтті. Соған орай аталған оқу орнының күйші ұстаздары мен студенттері өз өнерлерін ортаға салды. Қазақ өнерін ұлықтаған күйшілер, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбайдың, Рымхан Әбілханұлы, Нұрбек Тапалов секілді шеберлердің күй кеші өтті.
Одан кейін іле-шала Жанғалидай ұстаздың шәкірті, жас күйші Ақжусан Имамғазының «Аққу» атты концерті болды. Біз өзіміз куә болған күй кеші жайлы қысқаша тоқталып өтпекпіз. Қазақ ұлттық өнер университетінің Шопен залына күй тыңдармандары көп жиналды. Белгілі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар жүргізген кешті Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, даңғайыр күйші, сазгер Секен Тұрысбеков ашып берген соң, Ақжусан Алтайдың теріс бұраулы көне күйлерін кезегімен күмбірлетті. «Бұлғын сусар», «Ақсақ қаз», «Құр ойнақ» және Тәттібметтің «Бес төре» күйі мен Сүгірдің «Наз қоңыр» күйлері әуеледі.
Концерт арасында сөзін ақын Имамғазы Нұрахметұлы, әнін Ақжусан Имамғазықызы жазған «Жүрегіме сенемін» және «Туған жер» әндері домбырамен орындалды.
Келесі кезек Қытайға қарасты Алтай бетінде өмір сүрген атақты күйші Бейсенбінің әуезді күйлеріне берілді. «Төрт бидің кеңесі», «Алакөз аттың жүрісі» күйлерімен қатар, үш ішекті домбырада бебеулеген «Ажар» күйі жиынлған жұртты ерекше әсерге бөледі. Ары қарай Тайыр Белгібайұлы, , Мүкей Әбілқайырұлы, Жанғали Жүзбай, Толымбек Смағұл және басқа да күйшілердің шығармалары көпке ұсынылды. Ақжусанның өзі шығарған «Алғыс» атты күйі де күй сүйер қауымды серпілтіп тастады. Тәттімбет атындағы республикалық конкурстың алтын домбыра иегері, «Шаттық» ойындарының алтын медаль иегері, жас талант Ақжусанның кез-келген күйі тыңдарманын бейжай қалдырған жоқ.
Күй концертіне көпшілікпен бірге танымал қаламгер, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, әнші, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев, Қытайдағы қандастар арасынан шыққан танымал әнші Қазипа Қалиқызы қатарлы адамдар қатысты. Кеш соңында Тұрсын Жұртбай сөзге шақырылып, Ақжусанның шығармашылығына ризалығын білдірді және сазгерлігіне де тәнті болғанын айтып, ары қарай қадамына сәттілік, ақ жол тіледі. Жиналған халық та күмбірлі күй, сазды әуен тыңдап, қасиетті домбыраның үніне тербеліп қайтты.
Дереккөз: Baq.kz