«Той бастар» емес, «Тойдан тобықтай» деп аталады
Бүгін, 22-сәуір күні таңертең сағат 10-ға таяу «Қазақстан» телеарнасынан қазақтың салт-дәстүрі, соның ішінде «Той бастар» туралы хабардың 15-минуттай үзігін ғана көріп қалдым. Әнші қызымыз Мөлдір өзінің тойында шағын ғана сыйлық дайындатып, оны тойға келген қонақтың бәріне таратқанын айтып жатты. Оған да, одан кейін де сөз алған студия қонақтары бұл дәстүрді тым ысырапшылдыққа жатқызуға болмайтынын, той қонақтарының құр қол қайтпағаны дұрыс екеніне бір ауыздан келіскендей болды. Бірақ, менің қарнымды қатты аштырған нәрсе – бір де біреуі
«бұл дәстүрдің аты «Той бастар» емес, «Тойдан тобықтай» деп аталады» демеді! Тіпті, араларында отырған, жасы біз секілді алпыстан асып қалған жасамыс әйел де оны білмейтін болып шықты...
Айналайындар-ау, «Той бастар» деп атының өзі айтып тұр ғой, ең болмаса неге соған көңіл аудармайсыңдар? «Той бастарды» кімге береді? Тойды ән салып бастаған адамға береді! Біздің бала кезімізде бүгінгідей салақұлаш-салақұлаш сөйлеп, сілесі қатқанша селкілдеп билеп, ең керемет болып өтті дегенде фонограммасын қосып қоятын және соған беттері быттиып пәленбай мың теңге тіпті долларды ұялмай алып кететін «өтірік» әншілердің концертін тыңдап қайтпайтын еді жұрт. Той ең алдымен тойға келгендердің ән жарысы болатын.
Той бастауға жұрт таласатын! «Жалайырдан кім бар? Бар болса бастасын!» Жоқ болса, немесе жалайыртекті ешкім ұмтылып шықпаса ғана басқаларға жол тиетін. Әдетте тойдың аты той ғой деп, той иесі екінші, үшінші кезекте ән айтқандарға орамал-көйлек тарту ететін.
Ал, кәзір біздің ұлттық тамырымыз үзілгендіктен, ескіні жаңғыртамыз деп, жаңғыртайық десек жадымыздан өшіп қалған, оны қалай істеудің жөн-жобасын тағы білмей, теңдесі жоқ тәрбиелі, тағлымды дүниелеріміздің астын үстіне келтіріп, құнын түсіріп жүрміз. Баланың тұсауын тек жүзі жоғары қаратылған пышақпен кесуге енді-енді үйрене бастадық, әйтпесе қайшы ала жүгіретінбіз... Немесе ақтөбелік бір жігіттердің өздерінше маған, күнгейдің адамына күлгені бар: «Сіздер келіннің бетін таяқпен ашады екенсіңіздер, ұят емес пе, біз сияқты домбырамен ашпайсыздар ма?!» Амал жоқ, білгіштерге ол
«таяқтың» жай таяқ емес, нан, қамыр илейтін қасиетті оқтау екенін және ақын жігіт келіннің бетін ашып болған соң, келінге міндетті түрде «енді осы үйдің қазан-ошағына, ыдыс-аяғына сіз иесіз, қаншама жыл енеңізге қызмет еткен мына оқтауды қашан өзіңіз келін түсіргенше қадірлеп, қастерлеп ұстаңыз» деген тілек айтып барып қана ұсынатынын түсіндіруге тура келді...
Біз кәзір «Той бастардың» да тақиясын теріс айналдырып кигізіп жүрміз. Негізі, тойға келген халыққа осындай тарту-таралғы жасау кезінде «не шықса да, солардан шығады» дейтін Шымкенттен емес, басқа өңірлерге қарағанда ауқаттылау Алматыдан шықты. Мен өзім 2013 жылы немеремнің тойын істегенімде бұл дәстүрдің атын атап тұрып, «рухани сыйлықтан артық ештеңе жоқ қой» деп, «мини-қабуснәме» ретінде немереме арнап шығарған кітапқа жазып қойдым (суретте) «Тойдан тобықтай» деп. Талай адам тойдан соң рахметін айтты. (Бірақ, ұмытып, отырған орындарында қалдырып кеткендері де болды, солар арақ, коньяк берсе қалдырмас еді-ау...)
Білмеген ұят емес. Біліп тұрып, «басқалар да солай істеп жүр ғой» деген сарынмен кете берген ұят. Абай атамыз: «Көп айтса – көнді, жұрт айтса – болды, әдеті надан адамның» деп еді. Біз бүгін надан емеспіз, Құдайға шүкір, көзіміз ашық, көңіліміз ояу. Бәріміз де сауаттымыз. Солай екеніміз рас болса, сауатты адамның тірлігін істейік. Әсіресе, бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген салт-дәстүріміздің бұрмалануына, мәнінің жоғалуына, тіпті теріс айналуына жол бермейік!
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz