ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ СЫҢАРЖАҚ САЯСАТ ҰЛТ ТАҒДЫРЫНА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ
2016 ж. 21 сәуір
10011
29
Ұлт зиялыларының ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫ туралы ЕЛБАСЫҒА АШЫҚ ХАТЫ
ҚР Президенті Н. Назарбаевқа,
Сенат және Мәжіліс депутаттарына,
БАҚ өкілдеріне
Еліміз Тәуелсіздік алғалы 14 министр ауысқан, нәтижесі шамалы реформалардан көз ашпай келе жатқан ҚР Білім және ғылым министрлігі енді Қазақ елінің болашағы - мектеп оқушыларына кезекті эксперимент жүргізбекші. Сорақысы, осы жолғысы тіліміздің мүлде өшуіне (бұл ұлттың өшуінің алғышарты екені сөзсіз) мәжбүрлейтін төте жол. Себебі, мектептерде енді 3 пән ғана –"Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" және "Қазақстан тарихы" пәндері ғана қазақша оқылады. Қалған барша жаратылыстану пәндері: "Информатика", "Химия", "Биология" және "Физика" пәндері ағылшынша өтпек. "Орыс тілі мен әдебиеті" және "Дүние жүзі тарихы" пәндері орыс тілінде өтеді. Бұл – ұлтқа деген қарусыз, аштықсыз, т.б. физикалық түрмен емес, бірақ нақтылы рухани геноцид деп бағалауға әбден болатын жаһандық шара. Өйткені барша мамандар, алдағы аз уақытта ("Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" және "Қазақстан тарихы" пәндері мамандарынан басқалары) ағылшын тілді болмақ. Барлық ғылымның алғышарты жаратылыстану пәндері екені белгілі. Бұл қазақ тілі ғылымнан ығысады, алғашқыда қолдану аясы мүлде тарылып, соңынан тарих қойнауына кетеді деген сөз. Өйткені қоғамдағы қатынас – сол қоғамды құрап отырған мамандардың тілінде өтетіні анық. Бұл болашақта елді ағылшынтілді мемлекетке айналдыратыны сөзсіз. Нәтижесі қазақ ұлты тілінен, ғасырлар бойғы тарихынан айырылып, түсініксіз, белгісіз, ағылшынтілді, аморфтық массаға айналады деген сөз. Бір сөзбен айтқанда қазаққа ұлт ретінде жойылу қаупі төніп тұр. 1.Бұл ҚР конституциясы 19-бабына («Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар») мүлдем қайшы екенін мәлімдейміз. 2. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде, дүниежүзі тарихы пәнін қазаққа қажет емес секілді орыс тілінде оқыту Елбасымыздың Жолдауларындағы: «Қазақ тілі 2025-жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарай алмаймыз» (2012 жыл), «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады» (2014-жыл), деген тұжырымдарына қарсы нәтиже беретіні белгілі. 3.Оқытылатын мамандықтар қай тілде болса, маман сол тілде болып шығады. Яғни, ағылшын тілінде оқытылса, сол салалардағы қазақ тілді маман болмайтыны анық. Сонда қазақ тілі жаратылыс тану ғылымдары саласынан мүлдем жоғалып, тек гуманитарлық сала мен тұрмыстық тіл деңгейінде ғана қалады. Бұны Елбасымыздың алға қойған мақсатын орындауға қарсы жасалып жатқан қаскүнемдік деуге болады. Қазірдің өзінде мемлекеттік тіл тек қағаз жүзінде ғана қалып, оның өзінде мемлекеттік органдарда, мысалы тілге жауапты Мәдениет және спорт министрлігінің тіл туралы бұйрығының өзінде 53 қате өріп жүрсе, басқа салаларды елестетудің өзі қорқынышты екені белгілі. Яғни, бұл нақты қажеттілік пен тегеурінді талап болмағасын, қазақ тілді мамандардың тапшылығын қазірдің өзінде қолдан тудырып отырғанының айғағы. ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ СЫҢАРЖАҚ САЯСАТ ҰЛТ ТАҒДЫРЫНА ҚАУІП ТӨНДІРЕТІНІН ЕСКЕРТУ - БІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ! 4. Жоғарыдағы төбемізден төніп тұрған қауіп-қатерді ескере отырып, ҚР барлық мектептердегі бастауыш сыныптардың мемлекеттік тілде болуын, орта мектептің 70 пайызынан кем емес мөлшері мемлекеттік тілде, қалғаны сұраныс тілінде болуын талап етеміз. Біз шет тілін тек 5 сыныптан бастап енгізуді талап етеміз. 12 жасқа дейін тек жапон тілінде ғана оқытатын Жапонияның әлемнің алдыңғы қатарлы технологиялық дамыған еліне айналып отырғаны біздің билікті ойландырып, дұрыс шешім қабылдауы тиіс. Өз тілін әлі толық меңгермей жатқан 6 жастағы бүлдіршінге өзге тілді тықпалау – арбаның аттың алдына шығып кетуімен бірдей болашаққа зияны зор іс деп білеміз. Ағылшын тілін білу - заман талабы. біз оған қарсы емеспіз. Бірақ ағылшын тілі қазақ тілінің есебінен дамуына қарсымыз. Онсыз да көлеңкеде қалып келе жатқан Мемлекеттік тіліміз - Қазақ тілі енді ағылшын тілінің көлеңкесінде қалып қалмауы керек! Ағылшын тілін қажет еткендер үшін өз алдына бөлек арнайы мектептер ашылуы керек. Ол жалпы қазақ мектептеріне зиянын тигізбеуі тиіс. 5.Мектептерді жаппай ағылшындандыруға бөлінген 1,5 триллион теңге қаржыны қазақ тіліндегі білім мен ғылымды дамытуға, әр өркениетті мемлекеттегідей мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласына жаппай еңгізуге жұмсауды талап етеміз. Тек осы жолмен жүрсек қана, тарихта өз ұлтын тілін жоғалту арқылы жойған мемлекет ретінде қалмайтынымыз анық. Керісінше, Тәуелсіз мемлекетіміздің алдындағы перзенттік парызымызды сезініп, дамыған мемлекеттердің ортасынан ойып орын алатынымызға сенімдіміз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы - оқушылар өз халқының тамырынан қуат алғанда ғана, заманға сай толыққанды дамып, мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі - Елбасымыз айтқандай, Мәңгілік елдің Мәңгілік тіліне айналады. Құрметпен, НҰРПЕЙСОВ Әбдіжәміл – жазушы, ҚСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ЖҰМАДІЛОВ Қабдеш – Қазақстан халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; АЙТБАЕВ Өмірзақ – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі; ИСАБЕКОВ Дулат –жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Мәдениет» журналының бас редакторы; ЖҰМӘДІЛДАЕВ Асқар – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰА академигі; ДОСАНОВ Сәбит - жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты; МЕДЕТБЕК Темірхан - ақын , ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; САПАРБАЕВ Исраил - ақын, Тәуелсіз "Платиналы Тарлан" сыйлығы лауреаты ӘУЕЗОВ Мұрат – М.О.Әуезов атындағы қордың төрағасы, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, ғалым; ӨТЕЛБАЕВ Мұхтарбай – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ҚАБЫШҰЛЫ Ғаббас – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі; СМАТАЕВ Софы – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; ЕСДӘУЛЕТ Ұлықбек – ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері; ИСА Қазыбек – “Қазақ үні” газеті президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – “Алтын күз” ордені иегері. КӨШІМ Дос -“Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы; НИЯЗБЕК Рафаэль – ақын, Шешенстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЫСҚАҚ Дандай - филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі; ҒАББАСОВ Совет-Хан – медицина және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, Халықаралық М.Нострадамус атындағы Академияның академигі; БЕЙСЕБАЙТЕГІ Руза – қоғам қайраткері; ҚОЙШЫБАЕВ Бейбіт– тарих ғылымының кандидаты, «Әділет» тарихи- ағарту қоғамының президенті; ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ Ханбибі - ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері; ТӨРЕХАНОВ Эрнст – жазушы, қоғам қайраткері; ӘЗІМБАЙ Ғали – саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы; ТОҚАШБАЕВ Марат – «Президент және халық» газетінің Бас редакторы, ҚР ПҒА академигі, профессор; ӘКІМ Жанұзақ – Халықаралық Адам институтының президенті, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының корр.-мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүшесі; ҒАБЖӘЛЕЛОВ Хайрулла – «Алаш» тарихи-зерттеу Орталығының президенті, Социология ғылымдары Академиясының академигі, ҚР өнер қайраткері; БАПИ Ермұрат – «ДАТ» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері; САРЫМ Айдос – Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі, Қазақ Ұлттық Кеңесі төрағасының орынбасары; ЖҰМАЛЫ Расул - саясаттанушы, Қазақ Ұлттық Кеңесі Төрағасының орынбасары; ТАЙЖАН Мұқтар – Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті; ҚОСАНОВ Әміржан –қоғам қайраткері, тәуелсіз саясаткер; КЕНЖЕБАЙ Мырзан – ақын, ҚР мәдениет қайраткері ҚЫСТАУБАЕВ Геройхан – қоғам қайраткері; АҚЖІГІТ Өмірзақ– тәуелсіз журналист; МҰҚАНҒАЛИЕВ Ермек – ғалым, қоғам қайраткері; СҚАБЫЛҰЛЫ Арман – ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты; ЖАУБАЙ Ержан - ақын, "Қазақ үні.kz" ұлттық порталы Бас редакторы СӘЛЕНҰЛЫ Жарқын - журналист; ҚАПТАҒАЙ Қ. – «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы; ҚУАТ Дәурен – «Абай.kz» ақпараттық порталының жетекшісі; БІЛӘЛ Қуаныш - "Қамшы.кз" порталы директоры НҰРЫПБАЕВ Мақсат – «Антигептил» қозғалысының ұйымдастырушысы; ЖӘКЕЕВ Ғабиден – Ғ.М.Мүсірепов атындағы қордың төрағасы; АБАҒАН Мұқтархан – Кенесары Хан қоғамдық қорының төрағасы; ОШАНБЕКОВ Нұржан – "Мемлекеттік тіл" РБ жауапты хатшысы; АЙЫПҰЛЫ Рахым – БСДП Президиум мүшесі, Қоғам қайраткері; КЕНЕБАЙ Жұмаш – ақын, қоғам қайраткері, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты; СӘДУҰЛЫ Б.. «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; МҰҚАШ Құлтөлеу - ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты; МӘКІМБАЙ Бақытгүл - "Общественная позиция" газеті бас редакторы МҰҚАН Дархан - "Қамшы.кз" порталы бас редакторы; САҒИДУЛЛАЕВА Айман – ұстаз, қоғам қайраткері; БАБАМҰРАТ Дәурен – «Болашақ» жастар қозғалысының лидері; МҰҚАНОВ Дәурен – аудармашы, әдебиеттанушы; БӨТЕЕВ Марат – «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы; АШУҰЛЫ Ж. – Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы; МҰХТАРБЕК С. – журналист, қоғам қайраткері; ҚАНАФИЯ Назарбек – филология ғылымдарының кандидаты; УАТҚАН Марат – журналист; ЖАҚАУ Мақсат - саясаттанушы ТАСҚАРАҰЛЫ Азамат - ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты; ЕРҒАЛИ Махамбет - "ГУ-ГУ.кз" ақпараттық порталы бас редакторы ШӘМШІ Жұмамұрат - тәуелсіз журналист; КӘРІПЖАН Аманғазы – ақын; БОҚАНҚЫЗЫ Лашын -Оралған Отандастардың Республикалық "Жаңа Өмір" қоғамдық бірлестігінің төрайымы, жазушы, қоғам қайраткері. Барлық қол қоюшылар саны 3 мыңнан асып кетті. Қол қою жалғасуда. qazaquni.kz