Күптілеу көңіл күтуде, төзімнің таппай амалын...
2016 ж. 20 сәуір
3424
0
Қанат Дауылбаев 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданы, Қоғалы совхозында дүниеге келген. 1985-1995 жылдар аралығында Шардара ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде білім алған. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан ашық университетінде тарих факультетін бітірген. Ақын, термеші, дәстүрлі әндерді орындауда аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Әншілік өнер мен қаламды да жанына серік еткен Қанаттың шығармалары аудандық, облыстық басылым беттерінде жарияланып тұрады. Бір топ өлеңдері аудандық «Ақ шағала жырлар» топтамасына енген. Таяуда «Көңілімнің көкжиегі» атты жыр жинағы жарық көрді.
Жұбандыр өлең, жұбандыр
Көзімнің алды буалдыр,
Көңілде күңгірт құрақ жыр.
Жабырқау, жамау жүректі,
Жұбандыр өлең, жұбандыр.
Күн сайын дендеп алаңым,
Жолыңнан таймай жанарым.
Күптілеу көңіл күтуде,
Төзімнің таппай амалын.
Алыстап кетсең аңсармын,
Жақындап келсең жар салдым.
Өзіңмен ғана сырласып,
Таңдарды талай қарсы алдым.
Бірге едім, өлең, өзіңмен,
Кездерім сирек көз ілген.
Қалтарыстарда қалмадым,
Арпалыссам да сезіммен.
Булығып іште көркем үн,
Шағылып тауы өр сезім.
Кеудемді жарып шыға алмай,
Өртедің кейде, өртедің.
Жүректе – жалын, денемде өрт,
Арылар ма екен менен дерт.
Қаламнан түскен әріптер,
Құралып жатыр өлең боп.
Не керек осы тақпақ жыр,
Деп қалам кейде астам бір.
Тасқындап кетсем тағатсыз,
Сақтандыр мені, сақтандыр.
Елім деп туған ақынмын,
Шәрбәтін сөздің татырдым.
Халыққа сені ұсынсам,
Халықты маған шақырдың.
Оқырман, ойлы зерегім,
Аларсың сайлап керегін.
Саралап, қағып көріңдер,
Мендегі ойдың елегін.
Көрініп көңіл көгінен,
Өлең боп енді өрілем.
Қоныстап жатса жырларым,
Жүректеріңнің төрінен.
Үркек жүрек
Санамды кеп беймаза ойлар түртеді,
Дамыл таппай, маза бермей жүр тегі.
Асау ойды тізгіндемек түгілі,
Жүрек шіркін, өз-өзінен үркеді.
Үрікті екен, үрікті екен бұл неден,
Неге өзін жырақ ұстап жүр менен.
Бұрын-соңды кешпеп еді мұндай күй,
Қайран жүрек, қаймығуды білмеген.
Неден ғана секем алдың байғұсым,
Кең емес пе ең кім-кімге де жайлы тым.
Әрекетін дұшпанымның жүк қылып,
Саған арттым достарымның қайғысын.
Кейде көңлің қаламаған тағдырға,
Айдап салып ренжітіп алдым ба.
Сенің таза, пәктігіңнің арқасы,
Алшаң бассам ар-намыстың алдында.
Ненің жайы сені жаным кірлеткен,
Көңілге сый – сен ұсынған жыр – дестең.
Шаршадың ба, мағынасыз дүрмектен,
Шошындың ба, құн дәметкен құрметтен?
Үркегім-ау, шошыма сен, шошыма,
Өртен мейлі, адалдықтың отына.
Қандай халге түссем-дағы өзіңді,
Жуытпаймын жәдігөйлер қосына.
Жүрегім-ау, менің жұмсақ нәзігім,
Өзгелерге естілер ме наз үнің.
Өзге түгіл, өзім кейде үніңе,
Құлақ аспай кететінім – жазығым.
Өлең өрген жазиралы жыр – мекен,
Қайтсем сенің айналаңды нұрлы етем?
Бейқам жүріп, мен өзіңді бір күні,
Жылатып ап, жұбата алмай жүрмесем ...
Күзгі бақта
Тал-теректер төгуде жапырағын,
Күзгі бақтың жабулап атырабын.
Сары ала күз, сарғайған сағыныштар,
Қауышуға сендерді шақырамын.
Жапырақтар тербелген өлеңменен,
Бұрынғыдай сендерді көрем деп ем.
Өкінішті-ақ, аяққа тапталғаның,
Кеше ғана саялы көлеңкем ең.
Ағаштардың тұрқында уайым бар ма,
Қоңыр тартқан емендер, қайыңдар да.
Әшекейін ұрлаған сотқар желдің,
Мұршасы да жоқ оны пайымдарға.
Үйеңкінің қолында жапырағы,
Бақ ішінде бір ару отыр әні.
Ол да жалғыз, білмеймін мен де жалғыз,
Ойымыздың беймәлім қосылары.
Серпіп көңіл толқынын, батылданып,
Сөзге тарттым жанына жақын барып.
Миығынан жымиған нәзік күлкі,
Жібергендей сезімнің отын жағып.
Жүрегіме бір бүлік орнағанын,
Орнағанын білмеппін, қорланарын.
Дүрсіл қағып сол сәтте баяндады,
Бұрын-соңды мұндай күй болмағанын.
Сәл ертелеу кеттім бе артық тасып,
Жан ем өзі қонбаған жалшып бақыт.
Қош айтысып аруым кете барды,
Жапырақты аямай жаншып басып.
Айыра алмай түсім бе, өңім бе әлі,
Жабырқаулы жанарым соңында әлі.
Әлде менің, сарғайған жүрегім бе?
Парша-парша жапырақ қолындағы.
Атпаса да күлімдеп құба таңым,
Сары уайымды сабырмен жұбатамын.
Сағындырсаң сағындыр, сары күзім,
Сарылсам да мен сені ұнатамын.
Есімде сол бір күрең күз
Тұйықтау мінез, қоңырқай көңіл күз күні,
Жолығар сәтте елемес жігіт, қыз мұны.
Қалқаның аулы қайда? – деп, күрең даламен,
Тартып бір кеттім, жиреннің қолда тізгіні.
Зер салып бұрын байқамаппын-ау күзді мен,
Жамылғандай ма сарғайған түгі сұр кілем?
Сағыныш толы, онсыз да қамдау жүректің,
Сарылтып әбден сабырын алды-ау күзгі рең.
Жалаңаш бұта жабығып жүзі, сұр қалмай,
Көктемін аңсап, көл-көсір көңлі сынғандай.
Желексіз жүдеу қария қандым өткінші,
Жолаушылардан қымсынып бейне тұрғандай.
Сағынған жанның ырқына жазып түз-бауыр,
Құлдилап ойлар шығады кейде шыңға бір.
Қиялмен сезбей қалыппын, әне, алдымнан,
Қарауыздары қарсы алды үріп қызды ауыл.
Жақындап келіп шеткі үйге табан тіредім,
Жақындау туыс, жеңгей де жайлы білемін.
Әңгіме-дүкен шай үсті өрбіп жеңгемнен,
Сүйгенге сәлем, жеткіздім сәлем бір ебін.
Ел жатқан шақта орайы келіп, түн қатып,
Қауышты құшақ дүрсілін жүрек тыңдатып.
Үздігіп демі, үзіліп әлсін үн қатқан,
Оралып, сірә, қайталанбайды-ау бұл бақыт...
Қапыда қалмай үкілі үміт ақталып,
Шалқып бір тасып, сарайым кеңіп,
шаттанып,
Қоңыр күзде де көңілім көктем күйге еніп,
Таласып таңмен ауылға кеттім аттанып.
Сері емеспін бе, шығатын жеңгем алдымнан,
Бұл соқпақ жолда Ақандар атын шалдырған.
Мүмкін, бұл күз де қалмас па еді есімде,
Осы бір сәт қой қолыма қалам алдырған.
Абыз далам
Атамекен, армысың, абыз далам,
Ұлылығын ұрпаққа уағыздаған.
Қаланың қиқуынан қажып келіп,
Абыз далам өзіңе арызданам.
Алдау, арбау көп екен ит аразы,
Жаныма жат ол жақтың күй талабы.
Қаупаңдатып, қолпаштап қойғанменен,
Мейірленіп басымнан сипамады.
Сенде қалып аңғалдық, балалығым,
Енді өмірге басқаша қарады ұлың.
Дарханым-ау, өзіңдей қайдан болсын,
Ұсақталып қалада барады ұғым.
Бала кезден баптаған құрыштайын,
Өзің едің мұныңды ұмытпайын.
Топырағыңа кетейін тағзым етіп,
Таза ауаңнан қанғанша тыныстайын.
Беу, шіркін, құба жалдың қабағын-ай,
Жатырқаған сыңаймен қарауын-ай.
Кезсем-дағы дүниенің төрт бұрышын,
Көңіл тартып тұрады саған ұдай.
Қызыр кезген киелі қызыл мекен,
Ұзап кетсем өзіңнен үзір етем.
Шағыл құмның бетіне түскен өрнек,
Кешегі өткендердің ізі ме екен.
Із қалдырып белдердің бедеріне,
Адаспасын ұрпағым дегені ме.
Ұлы далам төсінде ұлағат бар,
Ұлың үшін басқаның керегі не?
Қазақы элегия
Біздің қазақ, дарақы да, бөспе де,
Сөзге құмар тимейтұғын төске де.
Қара нан мен ішетұғын қайғысыз,
Суы болса керегі жоқ ештеңе.
Тамсанғанда тақылдатып таңдайды,
Ғайбат айтса, алдына жан салмайды.
Ғибратты сөз сұрай қалсаң шалынан,
Ошақ үйден асып ары бармайды.
Ақын сөзі көбісіне жақпаған,
Сарайыма сығалайды қақпадан.
Келді-кетті ақымақты қайтейін,
Ақылдары қорегінен аспаған.
Айырылған ба арманнан да сенімнен,
Бүгінгінің көзіне не көрінген.
Болашақтың тағдырына алаңсыз,
Дәмесі бар сонда-дағы төрінен.
Қайран жұртым, азғындықтың торына,
Бейқамдығың түсірді ме сорыңа.
Айтқанменен бола ма екен тосқауыл,
Ақын сөзі мәңгүрттіктің жолына.
Енші алмаған қазақтың баласы едік
Бір емшекті өскендей таласа еміп,
Енші алмаған қазақтың баласы едік.
Жат бауыр боп, жақынға кеткендей ме,
Қандастардың көп жайға санасы өліп.
Құрметпенен қарайтын жоралғыға,
Қоныстанып тоғыз жол торабына.
Астындағы атын да сыйға тартқан,
Сәлем еткен сәскелік қонағына.
Арнайы болмаса да шақырылған,
Сары қымызы сабада сапырылған.
Бата бер деп, қол жайып, соңғы малын,
Қонағының алдына атып ұрған.
Ұрпағына мұрасы уағыздалған,
Ел аузында нешеме аңыз қалған.
Біздің ғана қазақта бар қасиет,
Көршісінің қонағын қарызға алған.
Сақылықпен халқына ұнаған көп,
Бірақ, жұрты оларды сынаған жоқ.
Біреулер жүр әлек боп осы күнде,
Атымтайша атымды шығарам деп.
Құбылмалы қалмады-ау, арда деңгей,
Туғанға емес, көбісі малға жеңгей.
Қалталыға қаламыз қалбалақтап,
Алушыға иілген саудагердей.
Нарық болып, санада сылтауымыз,
Ойлан жұртым, жарамас бұл халіміз.
Мал-мүлкімді алсаң да, пейілімді алма,
Деп тілеген халықтың ұрпағымыз.
Қарсылық
Жақсылық пен жамандықтар таласып,
Ебін тапқан ессіздердің бағы асып.
Қарсылықтар қайшыласқан заманның,
Арасында мен де жүрмін адасып.
Айналаңды аңғарып бір байқашы,
Мына заман ақ пен қара айқасы.
Момындардың орнын басар дейсің бе?
Мына жүрген дәлдүріштер тайпасы.
Біреулердің кесірінен тоғышар,
Паралельдер бір-бірімен тоғысар.
Күншілдіктің өрті шалған кеудесін,
Әділдікке қауқары жоқ болысар.
Өмір-күрес, сынағы көп білгенге,
Не жетеді риясыз сүргенге .
Жемқорлардың кедергісін қайтерсің,
Қорқаулардан құтыла алмай жүргенде.
Ақынға үйір о басынан жалқылық,
Жүрсе-дағы елдің жүгін артынып.
Қазағының келешегін күйттеген,
Абайға да көрсеттік-ау қарсылық.
Тартса-дағы тауқыметін азаптың,
Ұрпақ үшін аңсағаны азат күн.
Қарсылықтың болған талай құрбаны,
Парасатты заңғарлары қазақтың.
Қолдау таппай қазағымнан, бауырдан,
Қажыдым-ау қоғамнан да қауымнан.
Бәріне де, біржолата қол сілтеп,
Аулағырақ кетсем бе екен ауылдан.
"Қазақ үні" газеті