БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНАН НЕГЕ ШОШЫДЫ? (ВИДЕО)
2016 ж. 20 сәуір
7621
5
Жаңа оқу жылынан бастап болашақ тарихшылардан өзге студенттер "Қазақстан тарихын" оқымауы мүмкін. Сан ғасырлық тарихтың орнына Жоғарғы оқу орындарында тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі тарих қана оқытылмақ. Жаңа министрдің жаңа бастамасына ең бірінші болып тарихшылар қарсы шығып жатыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 31-арнаға сілтеме жасап.
Алғашында аса мән бермеген қоғам енді алаңдай бастады. Өйткені білім беру саласындағы жаңашылдық ел тарихын да айналып өтпеді. Алдағы оқу жылынан бастап студенттер "Қазақстан тарихы" пәнінің алғашқы сағатын "Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алды" деген дәрістен бастауы мүмкін. Тарих пәнінің мұндай келте нұсқасына қарсылық білдірген тарихшы ғалымдар бұған үн қата бастады.
МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, профессор:
- Егер біз осыған ауып кетсек, осыған көшіп кетсек "Қазақстан тарихын" жоғарғы оқу орындарда оқытуда, бұл әрине дұрыс болмас еді. Өйткені "Қазақстан тарихы" осы соңғы тәуелсіздік тарихымен аяқталмайды ғой. "Тәуелсіз Қазақстан тарихы" бұл бұдан бергі "Отан тарихының" логикалық жалғасы.
Мәмбет Құлжабайұлы министрліктің тарих пәнін оқытудағы өзгерістерін мақұлдайды. Тіпті, студенттер мектептегі "Қазақстан тарихы" пәнін қайта оқиды деген уәжімен де келіседі. Алайда студенттер Қазақстанның бірнеше ғасырлық бай тарихын оқымасын деген бастамаға түбейгейлі қарсы. Ал Білім және ғылым министрлігінің ұстанымын білмекке хат жолдаған едік, жазбаша жауап берді.
Стандарт жобасына бакалавриат мамандықтары шеңберінде қарастырылған «Қазақстан тарихы» пәні орнына «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәні енгізілді. Оған негіздеме «Қазақстан тарихы» пәнінің алғашқы тарихи кезеңдері толық мазмұнда мектеп бағдарламасында қарастырылған. Осыған орай, ЖОО-да аталған пән мазмұны толығымен қайталанатындықтан және жоғары оқу орындарының ұсыныстары негізінде жаңа пәнге ауыстырылды.
Ал бұл пәнде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық, 25 жыл бойы шетелге қашқан бай-бағландар және жемқорлықпен ұсталған шенеуніктердің қаншалықты қамтылатыны белгісіз. Тіпті, жуырда шымкенттік ғалым ұсынған "Назарбаевтану" пәнінен жаңа "Қазақстан тарихының" қаншалықты өзгеше болары да беймәлім. Мұндай жаңашылдықты естіген қоғам өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, бастаманың дұрыс еместігін айтуда.
- 25 жылдың тарихын ғана біліп, арғы ата-бабасының тарихын білмейді ме сонда? Білуге тиісті емес пе? Ол дұрыс емес қой.
- Сақ, ғұн, біздің "Қазақстан тарихының" басы сол кездерден басталады.
- Келешек жас ұрпақ біздің ата-бабамызды, біздің тарихымызды білмесе одан қандай ұлт шығады, қандай қазақ шығады?
"Қазақстан тарихы" жетімдік көрмесе екен деп үндеу жариялаған тарихшылар тығырықтан шығар өз ұсыныстарын да айтқан. Ол - жаңа типтік бағдарлама, жаңа оқулық пен хрестоматия әзірлеу. Жаңа "Қазақстан тарихы" мазмұндық, мағыналық тұрғыдан өзгеріске ұшырауы тиіс дейді тарихшылар.
МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, профессор:
- Жоғарғы оқу орындарының міндеті мен мақсаты тек қана инженер, дәрігер, басқа мамандық иелерін даярлау емес, сонымен бірге Отан азаматтарын даярлау. Жаңа мемлекеттік құрылысқа белсенді еңбек ететін азаматтарды даярлау.
Демек, жаңа оқу жылынан бастап еліміздің Жоғарғы оқу орындарында "Қазақстан тарихы" ширек ғасырлық тарихты қамтитын пән ретінде ғана оқытыла бастамақ. Ал бастаманы көтерген Білім және ғылым министрлігі қоғам өкілдерінің пікірі мен еліміздің белді тарихшылары айтқан сын-ескертпелерге қаншалықты мән берері әзірге белгісіз.
«Қамшы»