Елеусіз өткен есіл ер
2016 ж. 11 сәуір
2657
0
Әлемді шарпыған дағдарыс тек қана шикізат экспорттайтын елдердің бәрін сорлатты. Мұның қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алар емес. Капитализм заңы бойынша дағдарыс әлсін-әлсін қайта оралып, қамсыз елдерді есеңгіретіп кететін көрінеді. Дағдарыстан құтылудың ең басты жолы - импортқа тәуелсіз болу, өз еліңнің ғалымдары ойлап тапқан жарағыңмен өндірген дайын өніміңді шетелге сату. Осыдан 22 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жыл 30 қаңтардағы «Экономикалық реформаны одан әрі жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысына негізделген «импорт алмастыру» тапсырмасына талпыныс болған. Бәрі де аяқсыз қалды. Әрине, қазақ елінің қазақ өнертапқышы ойлап тапқан жаңа жарақпен өнер-ғылымы жетілген елдерді мойындату оңай шаруа емес. Ал, әлемдік деңгейдегі жарақ ойлап тапқан өнертапқыш қазақтың жасалымын қолдауға тиіс саланың ғалымдарының басшысынан қосшысына дейін өретүрегеліп, оны орға жығып тынды. Себеп, біріншіден сол саланың шенділерінің айтқанына көніп, айдауына жүрмеген, екіншіден ойлап тапқан жаңа жасалымына шенділерді «міңгестірмеген». Көп айтылатын әділдік, шындық, ақиқат көп жағдайда әлсіздер жағында бола бермейді. Осылайша кеңес өкіметі ғалымдарымен 30 жыл, егеменді елінің ғалымдарымен 15 жыл арпалысып «бойкүйез қазақтан түңіліп, көрсоқыр қазақтан жеңіліп», соңына «Арпалыс» атты дастан қалдырып өмірден арманда өткен, елеусіз өткен, өнертапқыш қазақ Сейілбек Қышқашұлының дүниеге келген күні сәуірдің 15 жұлдызы. Сейілбек көкеміздің жасалымдарына барлық ғалымдар түгел қарсы болды десек, жаңсақ айтар едік. Одақ деңгейіндегі кей ғалымдар, мәселен, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері академик Кошкин, Бастонов оны қызу қолдады. Мәскеудегі көмір өнеркәсібі министрлігінің бас маманы Бастонов С.Қышқашұлына: «-Сенің бұл шегірткедей эксковаторың Екібастұздың көмірін қазбайды, ондағы біздің пілдей эксковаторымыздың көрін қазады» деген. «Қазақфильмнің» сценаристері Сайран мен Сағатбек академик Кошкиннің қатысумен Сейілбек Қышқашұлы туралы «Ищу секунданта» атты деректі фильм түсірді. Бірақ, жергілікті «Батыраштар» оны дегеніне жеткізбеді. Сейілбек Қышқашұлының өзгелерден бір ерекшелігі ол атақ, даңқ, ақша жолындағы аламан шабыста қызыл танау боп білгішсінетін, дидарайнаның төрінен түспей сұңқылдап сұхбатбергіштер сапынан емес еді. Ол туралы «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Кривобоков: «Много лет ... он ведет бесплодную переписку. Обращается в разные ведомоства, пишет в различные станции, требует. Чего он требует, чего он добивается ? Более просторной квартиры ? Льготной путевки в дом отдыха ? Каких-то материальных благ ? Нет, для себя он ничего не про-сит» деген еді. Ал «Караванның» тілшісі Ковалев өз мақаласында Сейілбек Қышқашұлының Қазақстан үшін қандай жарақ ойлап тауып өліп-өшіп жүргенін, бірақ оларды Қазақстанда ешкімнін керек қылмай-тынын айта келіп: «Мы живем в мире, большая и сильнейшая часть которого хотела бы впредь видеть нас слабыми, зависимыми, продолжаю-щими ежегодно тратить миллиарды на покупку за границей техники и продукты питания. Им не нужен сильный Казахстан, он нужен Кишкашеву» деп жазды.
Сейілбек Қышқашұлы өзі сияқты Жаратқан Иенің берген ерекше қабілетін өз елінің тәуелсіздігін нығайтуға ұмтылған өнертапқыштарды баспасөз, ақпарат құралдары арқалы танып-біліп, оларға да қолдау көрсетуге тырысты. Солардың екі үшеуін айта кетейік : біріншісі - Кеңес Сейдахметов. Қостанай облысының Әулиекөл ауданынан, автомобиль ойлап шығарған. Егер биліктегілер қолдағанда, Кеңес жасаған автомобиль өз зауытымызда шыққанда, жылына триллион теңге пайда табар едік. Екіншісі - Сансызбай Оспанов. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданынан. Ұшақты ойлап тауып, сызбасын жасаумен шектелмей, жеңіл ұшақ жасап шығарып, сонымен өзі ұшқан. Егер Сансызбайлың ұшағы Қазақтанда жасап шығарылғанда, жылына 68 миллиард доллар пайда тапқан болар еді. Ал біздің Қарағанды облысындағы бәленбаааай миллиард теңгені талан-таражға түсіріп, ұшпайтын жалғыз ұшақ шығарған зауыт сол Сансызбайдың ұшағын шығарғанда ғой деп бармақ тістеп, бас шайқап қала бересің. Үшіншісі - Алматыда Әмзехан Кенжебай Сапанұлы деген қазақ сәмбі талдың орнына темір шыбық пайдаланып қазақы киіз үй жасап шығарған. Бірақ, оған тапсырыс беретін мекеме жоқ. Алматыдағы «Массагет» зауытының сол кездегі директоры Мейрамғали Тілеужанов Қазақстандағы барлық облыс әкімдеріне, барлық министрліктерге Әмзеханның темір сүйекті киіз үйі туралы хат жазды : «Біздің зауыт осындай үйді жасай аладыі тапсырыс беріңіздер» деді. «Мәу» деген бір әкім, бір министр болды ма? Болған жоқ. Қызылағаш, Темірлан, Орал, Көкпекті, Атбасар т.б. жерлердегі су тасқынынан зардап шеккендерге Әмзеханның темір сүйекті киіз үйі ауадай қажет болатын. (Биыл да ТЖМ-нің мәліметінше 807 ауылды су басу қаупі бар дейді). Еріксіз бас шайқайсың. Біз Сейілбек көкемізді әлі ұзақ жылдар бойы еске алатын боламыз. Себебі, Солтүстік облыстарда соңғы 4-5 жыл қатарынан астық жинау науқаны ауа райының қар аралас жаңбырлы күндеріне тап келіп, дихандарды орасан зор шығынға ұшыратуда. Шетелден бәленбай мың долларға сатып алынған, тұрпаты танкідей шетелдік комбайндар қар аралас жаңбырдан ми батпаққа айналған егіс даласына кіре алмай, қаңқайып тұр. Дихандар жаз бойы тырбаңдаған есіл еңбегінің зая кеткеніне күйінуде, табиғат қаhарының алдында дәрменсіздігін үнсіз мойындауда. Мүмкін, олар да осындай қарлы жаңбырға қарамай, бір түйір дәнді ысырап қылмай егін оратын Сейілбек көкесінің комбайнын талай армандаған шығар. Құдіреті күшті Алла-Тағаланың рахымымен пейіште нұрыңыз шалқысын, Сейілбек көке!
Нысанбай Қуанәлиұлы.
Астана қаласы.
qazaquni.kz