Білім министрі үш тұғырлы тіл және басқа мәселелерге тоқталды
2016 ж. 09 сәуір
6201
5
Иә, жаңа министрдің орын тағына отырғалы білім саласының әр ісі қызу талқылануда. Қоғамға үрей тастап үлгерген үш тілді оқыту мәселесі мен бес күндік дейсіз бе, әлде басқа дейсіз бе, біраз жаңа дүние енгізілгелі жатқаны ақиқат. Дәл осы күйіп тұрған сәтте қоғамның әр азаматының үнін жеткізу, қоғам болып талқылап, болашақ ұрпақтың мәселесін шешу, әрине, өте өзекті. Дәл осы кезде министрдің әр салада жүрген біз секілді мамандарды (тіпті, қатты айтып жүрген адамдарды) кездесуге шақыруы өзімізге әр сөзімізді дәлелмен, байыппен айтып, халықтың үнін жеткізуді толық атқару керек екенін сезіндірді.
Кездесу таңертең 9:30 шамасында, алдымен, министрдің көмекшісімен, содан соң орта білім департаментінің директоры Жаңыл Алпамысқызымен кездестік. Соңғы бір жарым сағат уақыт министрмен ашық диалог болды. Менің не айтқанымды емес, алдымен министрдің не айтқанын баяндай кетейін.
Сонымен, не талқыладық, қандай қорытындыға келдік, соған тоқталайын.
Үш тұғырлы тіл мәселесі
Бастауыш сыныптардан бастап, үш тіл бірдей оқытылады, бастауышта әр пәнге бағытталған жаңа пәндер де енгізіледі.
БҰҰ – ның жүргізген зерттеуі бойынша, біздегі 8 – сынып оқушылары дамыған елдердің 8 – сынып оқушыларынан кемінде 2,5 жылға артта қалып қойған.
Қандай пәндер ағылшын тілінде оқытылады?
Пәндерді үш тілде оқыту тек 10 – 11 сыныпта жүргізіледі. Негізгі мектеп, яғни, 1 – 9 – сыныптарда бұрынғыдай қазақ немесе орыс тілінде жүргізіледі. Ал, 10 – 11 сыныптан бастап, ағылшын тілінде өтілетін пәндер: информатика, химия, биология және физика. Қазақ тілінде өтілетін пәндер: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы. Орыс тілінде – орыс тілі мен әдебиеті (екеуін біріктіру жоспарлануда) және дүние жүзі тарихы. Орыс әдебиеті деген бөлек пән болмайтын көрінеді. Орыс тілінде дүние жүзі тарихы пәні оқытылмақ екен. Бұл стандарт, мейлі қазақ тілді болсын, мейлі орыс тілді болсын, барлық мектепте осылай болмақ.
Мұғалім мәселесі қалай шешіледі?
Мұғалімдерге бастапқыда ағылшынды «супер» деңгейде білу шарт емес, олар пәнді өз тілінде (Қазақ немесе орыс тілдерінде) түсіндіре береді. Бастысы, кітап ағылшынша болса болды. Дегенмен, ұстаздар бірте – бірте ағылшын тілін үйрене береді. Ол түрлі біліктілікті жоғарылату курстары, ағылшын тілін үйренудің тиімді мобильді қосымшалары (мысалы, dualingua), жазғы мектептер және т.б.
Ұстаздарды онлайн – оқыту жүйесі жүзеге асатынын мәлімдеді. Ол үшін қазіргі таңда 5000 мектепті интернетпен жабдықтау көзделіп отыр. Бұл салада бүгінде экономикасы әлдеқайда алда кеткен Сингапур, Малайзия елдерінің мол тәжірибесі ескерілген. Үш тілді мектеп жасақтамай, кері кеткеніміз кеткен. Онсыз да қазір біздің 8 – сыныптың оқушысының білімі Ресейдің 7, ал батыс елдерінің 6 – сынып оқушысының білімімен теңесіп, төмен түсіпті. Демек, оқушылар 2 жылға білім деңгейімен қалып қойыпты. Тек математикалық білім деңгейінде қазақстандық оқушылар күллі әлем елдері ішінде 49 орында екен.
Бес күндік оқу мәселесі:
Вице – премьер Дариға Назарбаеваның: «Мүмкін оқуды шілдеге дейін созармыз» – деген пікірінен бұрыс ақпарат тарап кетті. Негізінде оқу бір айға емес, ары кетсе 2 аптаға созылады. Есесіне, біз 6 күннен 5 күнге ауысып жатырмыз. Әлемде бізден басқа (бұрынғы КСРО елдерінен басқа) оқушылары 3 ай демалатын елдер жоқ. Зерттеу нәтижесі 3 айлық демалыстың тым көп екенін көрсеткен. 3 айда бала мектепте не үйренгенін ұмытып, сабақ оқудан шығып қалады. Мұны жиынға келген мұғалім – блогерлер де растады. Оның үстіне бізде тоқсандық демалыстар бар. Сондай – ақ бізде мейрам күндері көп. Мұның бәрі оқу бағдарламасының асығыс және сапасыз өтуіне әкеледі.
Оқу мерзімінің жазға дейін созылуына қатысты министр бұл жерде мерзім тек әрі кетсе, 2 аптаға созылатынын айтты. Дамыған батыс елдерінің өзінде демалыс тек 1 ай немесе 1,5 ай беріледі. «Бұрынғы Кеңес одағының елдерінің оқушылары сияқты 3 ай демалатын басқа ел жоқ», – деді министр.
Бірыңғай Ұлттық тестілеуге байланысты министр:
«Биыл тек бір рет қана қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі», – деді. Ал, келер жылы қайта тапсыруға рұқсат беріледі. Бірінші тапсырған тесттің нәтижесі мемлекеттік грантты бөлу конкурсына кетеді. Екінші және кейінгі тапсырулардың нәтижелері келесі жылғы конкурсқа жолданады. Қайта тапсыру 50 баллға жете алмай қалғандар үшін ғана қолжетімді болмақ. «ҰБТ – ны қайта тапсыру бойынша ұсыныстар енгіздік, қарастырып жатырмыз», – деді Е. Сағадиев.
Келесі жылдан бастап, тест екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең мектеп бітіру үшін мектептің өзінде онлайн түрінде, екіншісі университетке оқуға түсу үшін болады.
Қазақ тілін дамыту турасында:
Кедей халыққа алдымен керегі мәдениет емес. Ең бастысы – білім. Әлеуетті көтерсек, тіл де, мәдениет те дамымақ. Біздің жастардың кәрістерге еліктеуі, жапон сакурасына тамсануы, Америка арманын қиялдайтыны – олардың ұлтының ұлық болуында емес, олардың өмір деңгейінің, білімі мен технологиясының дамуында.
Қазақ тілін үйренуге қатысты министр: «Осы күнге дейінгі оқыту әдістемелері тиімсіз болғанын уақыт көрсетті. Сол себептен біз қазір «DuaLingua» аталған әдістеме бойынша мобильді қосымша әзірлеп жатырмыз»,- деді. Оған қоса, мектеп бағдарламасына қазақ тілінің қосымша сағаттары енгізіледі.
Бұл жолғы өзгерісті ауылдан басталады. Ауыл балаларын қала мектептерінің деңгейіне көтеруге жұмыс жасалынады. Ауыл мектептерінің барлығы дерлік интернетпен қамтамасыз етіледі. Одан кейін еліміздің үздік мұғалімдерінің видео – сабақтары барлық балаларға көрсетіледі. Ал мектептегі мұғалімдер ассистент қызметін атқарады.
Сонымен бірге, сайттарда өте көп тараған 101 адам қол қойған хатты министрлік көріп, ол туралы толық ақпараттанып жатқандығын, баспасөздегі әр мәселені сараптап отыратынын көрсетті. Бұдан басқа да өте көп мәселе көтерілді…
Ал мен не дедім, жұрт не деді?
Елімізде «блогер» атанып жүрген үлкені һәм ұйымдастырушылардың бірі Есен Елеукен ағамыздан бастап, әр блогер халықтың көкейінде жүрген барлық мәселені жеткізуге тырысты. Өте көп ұсыныстар жасалды. Кездескен ұлттың ертеңі үшін шырылдаған блогер іні – ағаларыма үлкен алғысымды білдіремін.
Ал, өз басым ұстаз ретінде, осы саланы зерттеп, қыр – сырына үңіліп, баламен жұмыс істеп жүрген маман ретінде көкейдегі көп ойымды жеткіздім. Өзім ойлап діттеп барған мәселелерімді толық жеткізіп, ең соңына да өзекті деп, алдын ала жазып барған дүниемді қолына аяқтап, қоштасар сәтте бұрыла бере ұстатып жібердім. Ол кісі де, әрине, «бір қарап, әр пікіріңді ойланамын» деп қалды.
Осы жерде айтпасам болмас, ұстаз ретінде баса айтқан ісім ұстаздардың мойнындағы ауыр жүк пен статусын көтеру, заң қабылдау керек деген секілді өтінішімді көмекшісі екеуі де құптап мәселені жан жақтылы қараймыз деп уәде етті. Ал бір өкінерлігі, қатарымыздағы бір экс мұғалім мұғалімдердің қағазы мен артық шаруаға жегілетінін мүлде жоққа шығарғаны көңілге кірбең ұялатты. Бірақ министр мырзаға дәлелмен біраз нәрсені түсіндірдім.
Жалпы өз істегенімді айтпай – ақ қояйын, бір ауыз сөбен айтқанда, мен азаматтық көзқарасы бар азамат ретінде, ұстаз ретінде өз позициямды толық атқарып шықтым. Әрі осындағы ұстаздардың өтінішін толық қағазға түсіріп бас мұғалімге ұсындым. Ұсыныс – бізден, ал, шешім – министр мен үкіметтен.
Менің түйгенім:
Бұрынғы министрге қарағанда, басты ерекшелік, бұл министр кез келген адаммен ашық кездесуге дайын екендігін, толық пікірлесуге, ұсыныстарды саралауға дайын екенін көрсетті.
Бұл кездесу айында бір мәрте немесе одан да жиі кездесуге уәде берді. Бастысы, «ұсыныстар іске асса екен» деген тілек қана.
(Аа, айтпақшы, ұстаздардың құқығы мәселесінде менің жұмыстан шығу жағдайымды айтып бір күліп алдық)
Аятжан Ахметжан
Дерек көзі: kazbilim.kz (Тақырып өзгертілді)