ҚАРШЕКЕҢ ОПАСЫЗ ЖОЛДАСТАРЫН КЕШІРДІ МЕ ЕКЕН?..
2016 ж. 05 сәуір
8937
3
"...Құрманғазыны бұғаудан құтқарған Мақаш правитель екен. Сол сияқты мені де ажалдан арашалап қалған – Иманғали..."
Дәулескер домбырашы, атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтың Қытай астанасы Бейжіңнен бүйрек алмастырып, емделіп қайтқан кезі. Өңі жақсы. Расында, өте келбетті де жан еді ғой; сол сәт тіптен нұрланып, жасара түскендей екен, жайдарылана қарсы алды.
Әжептәуір әңгімелестік. Бірақ сөзіміз керемет жарасып та кете қоймады. Жекелеген тосындау сұрақтарым да жоқ емес-ті. Соны аңдағанда сезімтал күйші аздап тіксініңкіреп, тым тереңге түсуді қаламады.
Кейінірек тағы бір оралармын деп шықтым. Александр Бектің Бауыржан Момышұлын көп жағалап жүріп зорға иліктіргенін ойлаймын. Сол сияқты, сұхбатты белгілі деңгейіне жеткізгенше бір нысанға он реттен барған ағаларымды білетінмін. Мен де күйшіге тағы айналып соғармын деп өз-өзімді жұбаттым.
Кейін іс аяқсыз қалды. Қайта дидарласудың ыңғайы келмепті. Енді осынау әңгімені көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.
– Қаршыға аға, жат елде жатқанда қандай күйде болдыңыз? Қатты торыққан кездеріңіз кездескен шығар операция қарсаңында?..
– Енді, былайынша, белгілі нәрсе ғой. Торығасың, әрине. Не айтатыны бар. Бірақ қытайлық қазақтардың ықыласы елжіретті. Сондағы Ұлттар ұйымынан, жергілікті радиодан, басқадан... Наурызбен құттықтап келіп жатты. Біреулері үйінен тамақ, оны-мұнысын пісіріп әкеледі. Анау ғой, мынау ғой деп көңілімді аулауға тырысады. Домбырамды тартып, әңгімемді айтып, отырамын, баяғы, араларында. Бірде кешкілік, қалай басталып кеткенін де білмеймін, бәріміз қосылып «Елім-айды» айтып жіберіппіз. Бір қарасам, егіліп жылап отырмыз. Қаракөлеңке. Тұрып, жарық жағайық десек, бір-бірімізден ұяламыз.
– Көз жасын көрсеткің келмейді ғой кейде. Әлгі ағайындар ел деп, жер жеп тебіренеді. Сізді не босатты?
– Мен де сағынбаймын ба туған жерді. Ауыр операцияны күтіп, пышаққа түскелі жүрген адамды, бір үміт, бір күдік дегендей, түрлі қиял билемей ме. Жаным пида, құрысын, ел шетіне жетіп өлсем-ау деп те ойлайсың. Балаларымның маңдайынан бір иіскесем, басқа арман болмас еді деп, бәрінен күдер үзген де сәттер болды. Бекер келдім бе деп толқисың. Әлгі қандастар – қамкөңіл, шет мемлекетте жүр. Отан деген, атамекен деген қиын ғой. Соны армандап жылайды.
– Содан қайттіңіздер?..
– Содан қайтеміз, кетті бәрі кішкенеден кейін ақырындап жылыстап... Түк білмегендей. Мен қалдым жалғыз. Құлазисың. Қасымда ешкім жоқ-тын о тұста. Бір өзім жатқам. Ой-бой, басқа бермесін! Әкем марқұм «дүниеде не жаман» дегенде «жалғыздық жаман» деуші еді. Аурухана есігінің алдына шыққанда, үдеріп көшіп бара жатқан ақ шуда бұлтты көру үшін шығамын. «Әй, шіркін, біздің ауылдың үстінен өтті-ау ана бұлт!» деп ұзақ қарап тұрамын. Ең қымбат нәрсе туған жер екен. Туған топырақ. Қадірін білмейді екенсің үйде жүргенде.
– Атамекеніңіз Атырау өлкесі ғой.
– Иә, Құрманғазы, Дәулеткерей, Исатай, Махамбет сынды бабаларымызды дүниеге әкелген Нарын құмының қойнауында туғаныма сүйінемін.
– Сіз үшін Алматының да орны бөлек, әлбетте...
– Оған сөз жоқ. Алматыда өсіп-өндік. Жас шақтан осындамыз. Балалар туды. Алматының жаратылысы айрықша. «Жер жәннаты Жетісу» деп тегін айтпайды. Қар жауса, аппақ болып мөлдіреп тұрады. Мамырда – көкпеңбек. Сылдырап аққан бұлақ. Бір маса, не бір шыбын көрмейсің. Дүниенің жұмағы осында ғой! Әттең, сол қасиетті сезіне алмай жатамыз. Түтін дейміз, анау дейміз, мынау дейміз. Студент кезімде ауылға асығушы ем. Одан қайтадан Алматыға жеткенше дегбірің кетеді. Қызық. Қызым Раушан АҚШ-та Дүниежүзілік Өнер университетін түгесті. Ол да туған жер қадірін енді біліп жүргендей. Америка, Жапония, Еуропа... көрмеген елі жоқ. Жер жетпейді Алматыға дейді...
– Сағыныш – шабыттың да нәрі...
– Ол рас. Уақыт та өтіп болмайды. Серігім –домбыра. Күй, көбінесе, қиналған кезде шығатыны мәлім. Кішкене желпінсең, шалқыған, көңілді күй туады дегендей. «Бейжің қыз» деген күймен емханада қызмет ететін қытайдың қырық қызын билеттім. Медбикелер. Бұларда ақпанның 23-інен кейін көктем мейрамы көрінеді. Ұлттық билерімізді үйреттім. Қазақ костюмін тауып кигізіп. Тіпті, телевизорға түсті, билеп... Маған дән риза. Мәз болып: «О-о-о, ни хао, ни хао!» деп қырылып қала жаздайды көргенде. «шишие, шишие!» дейді иіліп. «Рахмет!» дегені екен. Қытай радиосына елу төрт күй жазғыздым. Бес мың жылдық қорларына кіреді деді. Мемлекеттік. Терлеп, балқып отырып тыңдады мамандары. Қайран қалады бәрі. «Бұл күйлерді не мақсатпен жазғызасыз?» деп сұрағандары да бар. «Өліп кетсем, қазақтың өнері қалсын деген ниетім ғой» деп жауап бердім. Қарап отырсам, о жақта он сегіз күй шығыпты. «Қандастар» , «Ана мейірімі», «Жалғызым», «Табыну»...
– Жалпы, қай кезден тарта бастадыңыз домбыраны?
– Ес білгеннен тарттық қой. Әкемнің ойып жасаған домбырасы бар еді. Емен-ау деймін. Он екі перне. Баяғыда Батыс өңірінде Қисса Көпжарұлы деген керемет ақын, әнші өтіпті. Қазан төңкерісі тұсында қашып, Иранға қоныс аударады. Одан Атырауға қайта оралып, 1924-ші жылы дұшпандар қолынан мерт болған секілді. Сол Қисса жарықтық таңға ән салғанда, маңайындағылар тырп етпей, сүйсіне тыңдайды екен. Әкем соның қасына көп ерген. Өзі де жанынан аздап өлең шығарушы еді. Домбыра тартатын. Ән салатын. Аңшы адам. Кешке келеді. Қоян, түлкі, қасқырын алып. Соғыстан кейінгі қиын жылдар ғой. Шешемізден ерте айырылдық. Мен үш жаста қалыппын. Жеті баламыз. Әкеміз ешкімге бермей өзі асырады. Бәрімізді оқытты. Ауылдағы өнер адамдары үйге жиі келетін. Біз солардың өлеңін, домбырасын естіп отырып ұйықтап кететін едік. Әрине, өнерпаздыққа ықпал еткен өзге де жағдайлар болды.
– Қандай, мәселен?
– Қырғи деген үлкен ағам Атыраудың қасындағы Зооветтехникумда оқыды. 1950-ші жыл қарсаңында. Оқу орнының домбыра үйірмесіне қатысады екен. Соның үйреніп келген күйін алып қалуға тырысатынмын. Ол кеткен соң да кешке дейін қайта-қайта тартып, әбігерге түсетінмін. Сөйтіп, өнерге кішкентайдан-ақ бейімделдік. Кейін ән-күй сабағын өттік, домбырашылар оркестріне қатыстым.
– Білуімізше, сіз үйдегі ұлдардың кішісісіз.
– Ұлдың ең кішісімін. Өзі, бес ұл, екі қыз ғой бәрі. Менен кейін қарындасым Ақкенже бар. Анамның аты – Дәмеш. О кісі еміс-еміс қана есімде...
– Ән салуға бейіміңіз қалай еді?
– Әуелі ән айтқанмын мен! Әнші бала атанып, көзге түстім, тіпті. Талай жүлде алдым. Кейін тамағым кетті де, домбыраға содан соң ауыстық қой біржола. Өтпелі жас деген бар емес пе. Соған мән бермеппіз. Айқайлай бердік алды-артқа қарамай. Одан кейін ангина болып, қазақша «баспа» дей ме; ақыры, дауыстан айрылдық.
– Домбырадан шыңдаған алғашқы ұстаздарыңыз кімдер?
– Алғашқы ұстазым – Қатимолла Ризуанов. Ауыл мұғалімі. Негізгі мамандығы – физик. Қазір бар. Одан соң Қазакеш Мұхтаров, Нариман Үлкенбаев деген кісілердің де тәрбиесі, өнегесі жұқты.
– 1962 жылы Малдәрігерлік институтқа түсіпсіз.
– Иә, жағдай солай сабақтасты. Бірақ 1965 жылы қыста консерваторияға ауысып кеттім. Бойдағы өнер шықпай қоймайтын сияқты. Ішіне кіргеннен кейін бәйгеге қосқан ат секілді қызынып, делебең қозып, есі-дертің өнер болып тұрады екен. Сол жылы Құрманғазы оркестріне кірдім. Шәмшиден Шәріпов деген ағамыздың қасында отырып, көп нәрсе үйрендім. Рүстембек Омаров, Сәмиғолла Андарбаев, Бақтияр Құбайжанов деген ағаларымыз, Мүнира Ержанова деген апамыз болды. Бәрі де Дина шешемізді көрген кісілер. Осылардың тәрбиесімен бірталай асуға шықтық. Одан профессор Құбыш Мұхитовтың класына түстім. Шамғон Қажғалиевтен дирижерлік мамандықты оқыдым. Оркестрде қосымша жұмыс істей жүріп. Шет елдерге бардық. 1991 жылға дейін сол оркестрде істедім ғой. Осы құраммен бірге бүкіл әлемді араладық десе болады.
– Оркестр деген үлкен академия дейді...
– О-о, оған сөз бар ма! Ішінде отырып, неше алуан композиторлардың музыкасын орындайсың. Бас домбыраның, кіші домбыралардың, қобыздың, сырнайдың, флейтаның... Өзге де аспаптардың қосылу үндестігін сезінгеннен кейін басқаша талғам қалыптасады. Шығармалардың күрделі құрылысына бойлайсың. Әлем кемеңгерлерінің туындыларын бойға сіңіре бастағаннан-ақ шеберлігің арта түседі. Жоғары деңгейге көтерілесің. Кезінде Ахмет Жұбанов бастап кеткен Құрманғазы оркестрі Қазақ елінде ғана емес, бүкіл Одақта алғаш академиялық тұғырға шықты. Мұны айтамыз, кеңес тұсында дүниежүзінде фестивальдерге орыстар емес, біз бардық! Осыдан кейін кәсіби жағынан қалай өспейсің! Мұның бәрі күй өнерін жүйелі түрде дамытуға зор пайдасын тигізді.
– Әрбір орындаушы көбіне өзі ізденетін шығар.
– Әрине, көп нәрсе өзіңе байланысты. Өзің ұмтылуың керек. Шамаңды кәнігі мамандармен мөлшерлеп көрсең, осалдығың бірден білінеді. Туабітті дарының болуы мүмкін. Бірақ сауатың жетпесе, тәжірибең ұшталмаса заңғар биікке көтеріле аласың ба. Жүрегің ойнап тұрғанымен, білімсіз, жаттығусыз алысқа ұзамайсың. Кейде дирижердің айтқанын орындай алмай ұятқа қалатын сәттер кездеседі. Сондықтан, қара терге түсе жүріп, күні-түні талмай іздендік. Консерваторияға ілігіп, дирижерлық класқа кіріп, фортепияноны меңгергеннен кейін көзің ашылады. Негізі, кез келген салада өз ісіңнің майталманы болғаның жөн. Әйтпесе, немене... Ілініп-салынған көптің бірі болу – нағыз дәрменсіздік қой, сезінген адамға.
– Жаңа сырт елдегі ағайындар арасында отырып көңіл босаған сәтті еске алдыңыз. Ал шығармашылық ұзақ ғұмырда қатты опынып, қамыққан кездеріңіз болды ма?
– Дүниеде тағы бір жаман нәрсе – еңбегіңнің жанбауы. Баяғыда комсомол сыйлығына өтпей қалдым. Халықаралық фестивальге ілікпедім. Айта берсе, әділетсіздікті көріп бағыппын. Тауым талай шағылды. Оркестрдің бірінші домбырашысымын. Былайша айтқанда, дирижерден кейінгі адамсың. Бірақ еңбегің құмға құйған судай, еш еленбейді. Өзім қатарлы жігіттердің бәрі лайықты атақтарын алған. Ал мен 1981-ші жылға дейін марапат дегенді білген емеспін. Кішкене қынжыласың, әрине, сондайды ойлағанда... Қазір еске түсіп отыр, сонау ертеректегі уақыт еді. Украинада жүрміз. Отбасың ол қалған артыңда жәутеңдеп. Сенің жүрісің – мынау, үйден безіп, жер-дүниені шарлап. Балалар жас. Сонда бір оңашада өз-өзімнен егіліп жылағаным бар. Ауылды сағындым ба, әлде шешемді ойладым ба екен. Ал соңғы екі-үш жылда денсаулығыма байланысты қатты қиналдым. Он жылдай ауырдым ғой. Көп күйзелдім. Білдірмедім, бірақ. Көңіл күйі болмайды. Ем жоқ деп ойлайсың. Іштей мүжілесің. Құдайға шүкір, қазір жаман емес. Енді жайлап, сүйікті істі қолға қайта алып жатырмыз.
– Өнер төңірегінде бақталастық жиі ұшырасады. Бұ жағынан да талай теперішті көрдіңіз...
– Қайдам, дарын барын жерде қызғаныш қоса жүреді деп жатпай ма. Кезінде Дина Нұрпейісова шешеміз де мемлекеттік сыйлықты ала алмай кеткен екен. Тоқсан жасқа келгенде сталиндік сыйлыққа ұсынылыпты. Сонда додаға қабаттасып, екі ағамыз қоса түседі. Белгілі кісілер. Динаның баласындай адамдар, негізі. Бұл не, қызғаныш па, басқа ма?! Қалайда кедергі келтіруге тырысқан. Кейін өз басымнан да кештім ондайды. Мен де мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, соның сынағына екі күн қалғанда біреулер домбырамды ұрлап кетті. Ұзамай айқындалғандай, өз төңірегімдегілердің әрекеті екен. Жағаңды ұстайсың. Бақастықтан, қызғаныштан бәрі. Басқа домбырамен шықтым бәрібір. Жастығым, жігерлілігім болар, ширығып, бұрынғымнан артық ойнамасам, кем ойнамадым ғой деймін. Сыйлықты алдым ақыры. Бәскелестік кейде өсіреді де ғой. Бірақ сонда үш-төрт күн ұйықтай алмай, берекем кеткені, қатты жүдегенім есімнен шықпайды...
– Ұстаз, профессор ретінде өз жолдарыңызды қуған жастардың беталысын қалай бағалайсыз?
– Қуантатын да, қабаржытатын да жәйттер бар. Бір қиыны – балалар сабаққа келуді сиретті. Ұйқыларын қимайды. Сылтау айтады. Өтірік анықтама әкеледі. «Қайда болдың?» – «Ауырып қалдым, ағай!». Жап-жас. Немене сырқат екенін сырқыратып, әкетіп бара жатқан! Жалқаулық қой, әшейін. Үйренген бір-екі күйін болдым-толдымға балайды. Өнер жолына түскеннен кейін аянбай іздену, үйрену қажеттігін ескеру жоқ. Бейнеттен қашып, көз алдай салуға тырысады. Ермек Серкебаев ағам: «Қаршыға айналайын, мен осы уақытқа дейін үйренумен келдім. Әлі тырбанамын. Білем қазір қалай ән салуды. Бірақ, жасым сексенге келді ғой!» деп еді. Сол айтқандай, біз де күні бүгінге дейін оқумен-тоқумен жүрміз. Сахнаға әр жолы алғаш шыққандай үлкен әзірлікпен шығасың. Әйтпесе өмір бойы жинаған әбүйірің бір мезетте-ақ айрандай болуы мүмкін. Ал оқу орнын аяқтамай жатып тоқмейілсіген қыз-жігіттерді көргенде ылғи Ерекеңнің еңбекқорлығы есіме түседі. Жә, мұны да қойшы, мені қазір басқа бір жәйт қатты шошынтып жүр.
– Ол нендей нәрсе?!
– Өнер маңайында жүрген біз қатарлы кейбір «білгіштер» «Қазақтың қара домбырасы тұрғанда фортепияно не керек, шетелдік шығарма не қажет, оркестрі құрысын» деп өзеуреуді шығарды. «Дәстүр, дәстүр» деп осындай «ерекше» бастамасымен көзге түскісі келетін сияқты. Бір ғажабы, бұларға көпшілік иланады! Дайындығы төмен студент жастардың бір бөлігі осындайларға малданады. Төбелесті бастап беріп, жеме-жемге келгенде жалт беріп қашып кететін желөкпелерді білетін шығарсың? Тура сол сияқты бұлар да. Онсыз да басы қатқан жұртты шатастырып қойып, тымпиып жүреді. Пиғылдары – халық қамын жеген болып, бір мезет анау «тосын» ойларымен аттарын шығару. Ел ішіне іріткі салатын шалағай саясатшысымақтар да сөйтпей ме. Арзан атаққа құмартушылар ғой. Басқа ештеңе де емес. Және осылардың қастерлі ұлт атын жамылатыны қиын. Елдік бет-бейнені айқындаудың жөні осы екен деп адамзат баласы ойлап тапқан жақсылықтың бәрін қолма-қол жоққа шығара салу санаға сыя ма? Иә, егемендік алдық. «Мен тәуелсізбін!» деп есік-терезені бекітіп алып, ешкіммен араласпай отыруымыз керек пе енді. Бірақ өз-өзімізбен тұйықталу нағыз іркілудің, ірудің басы болып жүрмес пе екен? Халықтың асыл қазынасын саф таза қалпында сақтау туралы сөз басқа. Тек оның бірден-бір жолы іргені бітеп алу емес. Қалай десек те, ғаламмен араласпай тұра алмайсың. Қонақ келетін үй қандай, келмейтін үй қандай? Ешқайда барма, оқыма. Жетеді байлығың. Ал іске аспаған, ел игілігіне қызмет етпеген ондай дәулет кімге керек! Және «Е-е, сен егемен Қазақстан екенсің, енді қойыңды құрттап, шайыңды ұрттап, тып-тыныш жата бер» деп кім отырғызып қояды?! Есіме түсіп отыр, баяғыда Алматыдағы резиденцияны салып жатқанда мұның не қажеті бар дегендер болған. Оу, төрің болмаса, дастарханың болмаса, кім келеді саған?! Қазақты төрткүл дүниеге танытып, елдің абыройын асырған Елбасына ризамын. Құдайға шүкір, қазір қандай қонақ келсе де қабылдай алатын жағдайымыз бар. Алайда кей ағайынның кежегесі кейін кетіп тұр. Біржақты түрде «қазақтың қобызы, қазақтың домбырасы» деп, рояльге мұрын шүйіретіндерден не сұрайсың. Ол, тіпті, орыстыкі де, немістікі де емес, ортақ нәрсе ғой! Гармония. Қазақ осыны көрмей, білмей өтуі керек пе. Сол секілді, нотаның қажеті жоқ дейтіндер шықты. Нота ұлт өнерінің табиғи қалпын мүлде бұзады-мыс.
– Расында, қалай? Нотасыз музыка бола ма?..
– Бұл да әлгіндейлердің дақпырты! Ал өздерінің бітірген түктері де жоқ үлкен елдік мүдде бағытында. Нота керек емес деуді қалай түсіне аласың?! Сонда, мен өзім шығарған нәрсені білмей өтуім керек екен, ә?! Әлде өмір бойы басқа біреуге жалынумен жүрейін, күйімді қағазға түсіріп беруін өтініп! Кенжебек Күмісбеков ағамыз айтатын еді: «Ай, қазақтар-ай, баяғыны көксесең мына консерваторияда нең бар?! Тау бөктеріне үйіңді тігіп қойып, есігіңді ашып, жатпайсың ба аяғыңды көтеріп... Қырдағы малға қарап?!» деп. Өсетін, дамитын жұрт дүниежүзіндегі халықтардың да өнерін зерделеуі қажет. Солардың үздік үлгісін алып, пайдалан. Керек емесін алма. Сонда ғана шын өркениетті елге айнала бастайсың.
– Ал ата-бабадан қалған осы күй байлығын әлемдік деңгейге шығару үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Сапалық өсуді ойлаудың орнына әлі күнге дейін «дәстүрімізге көштік, дініміз, әніміз, күйіміз келді» деп қақсау да мезі қылады. Құдды, бұрын болмағандай. Қазақ оны дамытпаса, ешқашан кейін кетірген жоқ. Жойған жоқ. Әлбетте, күй өнері – теңдессіз байлық. Басқа халықта кездеспейді. Мана айттым, кешегі совет дәуірінде Құрманғазы оркестрі алыс шет елдерге оңайшылықпен шықпаған. Мұндай ерекше ұжым болмағандықтан, еріксіз жіберетін оны. Қазір елімізде жиырмадан аса халық аспаптар оркестрі бар екен. Әйткенмен, шымбайға батса да шындығын айтайық, ел, негізінен, осыларға көп бармайды. Неге? Себебі, бұлардың орындаушылық дәрежесі өскелең талғамға сай емес. Жиырма оркестр бір-бірін қайталайды. Бір-бірінен көшіріп алады. Осы сүреңсіздіктен құтылу үшін, айталық, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы немесе Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрлері өз мектебін қалыптастыруға тиісті. Бір-біріне мүлде ұқсамауы керек бұлардың. Түр жағынан ғана емес, биік интеллектуалдық дәрежесі, ғылыми ізденістері, биік көркемдік деңгейі тұрғысынан көз тартатын өзіндік қолтаңбасы, айрықша мәнері болуы шарт. Жаңа өзге халықтардың өркениетінен хабардарлық туралы бекер айтып отырғам жоқ. Төмен шенде қалып қоймай, аса талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, мейлінше ауқымды кеңістіктерге құлаш ұру қажет. Жалпы, жеке орындаушылар арқылы тұтас ұжым деңгейін көтермейінше, оркестр өз қасиетін жоя бастайды. Әңгіме санда емес, сапада. Жетекші мамандар қатты ойланып, кемшілік сырын табуы керек қалайда. Тың ізденіске кірісу керек.
– Домбыраны электронды аспаптарға жалғап орындаушыларға не айтасыз?
– Рас, кейінгі жастар арасында ионикаға қосып тартып жүргендер бар. Қайбір жетіскеннен?! Байқайсың ба, соны заман, уақытың өзі талап етіп тұр. Күй өрісі белгілі ауқымынан асып кетіп жатады. Бұл – оркестр дәрменсіз деген сөз емес. Жастардың талғамы солай. Қойғыза алмайсың. Бірақ уақыты жеткенде өз-өзінен қалады. Басқа бірдеңеге ауысады. Қайталап айтайын, ұлттық оркестрдің деңгейін көтеру керек. Әйтеуір, классикалық күйлердің тексі жоғалмаса екен деп тілеймін. Қастерлі дүниені ит-ырғылжыңға айналдырмай сол тексте ойнай бер. Тосын бояу керек десең, озық техника мүмкіндігін шеберлікпен қолдан. Бұған қарсылығым жоқ.
– Көңілді күпті қылған басқа да жағдайлар жоқ емес шығар?
– Күй деген өте құдіретті нәрсе. Мысалы, «Сарыарқа» ойналғанда ләззат аласың. Рухтанасың. Қызынып, өзіңді бір сәт ат үстінде келе жатқандай сезінесің. Желпініп, серпіліп қалғандай күй кешесің. Бірақ адам ойланбайды – шығарманың түпкі ойы қандай, мақсаты не? Міне, туындыны орындап қана қоймай, оның идеясын кез келген тыңдаушыға музыка тілімен түсіндіруге ұмтылу керек. Басқа халық өкілдері де әлгіндей сезімге бөленсін. Олар да күй мәніне бойласын, ойлансын, толғансын. Демек, шеберлік дәрежесін таң қаларлық деңгейге көтеруге тырыс. Көптен бері осы бағыттағы методикалық, тәжірибелік ойлар мазалап жүр мені.
– Жеке шығармашылықта күйден өзге не жаңалығыңыз бар?
– Жаңалық сол – Халықаралық қайырымдылық қорын ашқанбыз. Менің атымда. Жоспар ауқымды. Мысалы, әлемдік музыка тарихында аты алтын әріппен жазылған опера сирек. Мұның ішінде Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсы бар. Оның бір актісіне «Соқыр Есжан» күйі пайдаланылған екен. Атырау облысында осы Соқыр Есжан күйшінің орнына белгі қоюды діттейміз. Сол сияқты Бала Майсаң күйші де құм арасында белгісіз жатыр. Халыққа еленбей жүрген таланттарды ашсақ. Жас дарындарды қолдасақ. Сайыс, конкурстар өткізсек дейміз. Кейінде балаларымыз физика, математика саласында жер жүзіндегі жоғары жүлделі орындарға ие бола бастады. Керемет нәрсе. Өнер бағытында да сондай межеге талпыну қажет. Қазір талғам өсіп барады. Ендігі уақытта жастардың кәсіби білігін арттыруға, күй өнері көкжиегін жаңа биіктерге көтеруге үлес қосуға тырысамыз.
– Мінезіңіз қандай, Қаршыға аға? Жайлы адамсыз ба?
– Жо-о-оқ... Аса жайлымын деп айта алмаймын-ау! Бірде көл, бірде шөл деуші ме еді. Аумалы-төкпелілеумін. Қайшылық көп. Түрлі сәттер келіп қалады. Көңілді сезімге көбірек билетемін. Қазір – аязбын, қазір жайма-шуақ...
– Жеңгеймен татулығыңыз қай деңгейде?
– Ой-бой, Нұрбикеге тең келетін жан жоқ қой мен үшін екі дүниеде! Керемет доспыз қазір екеуміз. Осындай «анықтама» беруге болатын шығар бүгінгі ара-қатынасқа.
– Бос уақытта көңіліңіз неге тартады? Шеге қағып, бірдеңелерді жөндеу, бүтіндеуге аңсар аумай ма?
– Жас шақта уақыт шіркіннің қадірін біле бермеппіз. Қазір бала- шағаны ойлайсың. Заман мынау. Артыңа бірдеңе қалдырғың келеді. Жалпы, бұрын да бос сенеделе қоймаппын. Кезінде шегені де қақтық, құдықты да қаздық қой. Атқа да міндік, мылтық та аттық. Тиыннан сақина соқтық. Жеңгелеріме бес тиындық бақырдан қатырып тұрып жүзік соғып беретінмін. Алтыннан кем көрмей, соны әлі күнге дейін сақтап жүргендері бар. Әкем зергерлігі де бар адам еді. Патша заманында болыстың әйелдеріне білезік, сақина соққан екен. Арба дөңгелегін жасайтын. Қасына еріп жүретінмін. Ахмет Жұбанов 1934 жылы ағайынды Борис пен Эмманауил Романенко деген шеберлерді арнайы Туладан әкеліпті. Оркестр жанындағы шеберханада аспап жөндеген. Осы сала мамандарының шеберлігін жоғары бағалаймын.
– Бағана сөзіңізді бөліп жібергендей болдым, бірқатар күй шыққан секілді. «Ана мейірімі» күйін өз анаңызға арнаған боларсыз?
– Қытайға аттанар алдында шешемнің басына бара алмай кетіп едім. Жол түспеді. Көкейімнен кетпей, қатты тықыршыдым. Ауруханада жатқанда түсіме енді. «Құлыным, уайымдама, бәрі оңды болады» деді. Дереу ағаларыма звондап, менің атымнан дұға оқыңдар деп тапсырдым. Көрдің бе, Ана рухы деген қандай, операция алдында алты мың шақырым аралықтан ниетін сездіріп тұрған! Тебіренесің, толқисың, әрине. «Ана мейірімі» тез туды.
– «Жалғызым» күйінің тарихы қалай?
– Нұрғиса Тілендиев ағам анда-санда еміреніп, «жалғызым» деуші еді мені. Со кісінің атынан шығарылған күй деуге болады мұны. Әркімнің өз жалғызы бар бір...
– «Табыну» туындысының сыры ше?
– Баяғы бірде Құрманғазыны бұғаудан құтқарған Мақаш правитель екен. Күйшінің өнерін қатты бағалаған. Сол сияқты мені де ажалдан арашалап қалған – Иманғали. Құрметтеген боп тұр ғой. Көп жәрдемдесті. Қаржы аудартты. Зейнеттегі кемпір-шалға дейін көмек қолдарын созып жатты. Елшімен сөйлесті. Көзімді ашқанда Иманғалиды ойладым. Осындай азаматтарға табыну керек-ау, немен қайтарамын еңбегін деп. Адамдар бір-біріне тірі жүргенде неге табынбайды, расында. Болмашы нәрсеге бола қиянат жасайды. Қастандық ойлайды. Кейін өзіне де айттым: «Айналайын, сен менен кішісің ғой, бірақ мен сенің балаңмын. Сен мені өмірге қайта әкелдің. Қайда жүрсең де аман жүр!» деп.
P.S.
Қаршыға Ахмедияров ағамды ойласам, әйгілі актер Кененбай Қожабеков еске түсер еді. Небір қауіпті трюкті дублер көмегінсіз өзі орындаған осынау экран шеберінің асқан батылдығы, ұшқырлығы туралы аңыздарды ерте естідік. Тіпті, ол ең алғашқы рөлдерінің бірінде қасқырмен арпалысыпты. Арбаға таңылу себебі оның әлдебір содырлардан жазықсыз жандарды құтқару кезінде соққыға жығылуымен түсіндірілетін. Жұлыннан жараланған.
Бұл сөз көпшілікке мәлім болса керек.
Дегенмен, жағдай басқаша өрбіген екен. Кешкі қалада әріптес екі жолдасы қарақшылар ортасына жалғыз тастап, өздері бас сауғалайды.
Бертініректе қазаққа кең танымал сол екі азаматтың аттары ашық айтылып та қалып жүр. Кенекең оларды өле-өлгенше кешірмеген деп естиміз.
Жас Қаршыға Ахмедияров бастан кешкен оқиға да дәл осындай. Бір топ бұзақы тепкілеп кетеді. Бүйрегінің қатты зақымданатыны сол сәт. Мұнда да бірге келе жатқан екі жолдасы бастарын алып, тастай қашқан.
Бұлар да бүгінде есімдері белгілі кісілер...
Мұндай әңгіменің әлдекімге ұнамасын жақсы білемін. Тек бұл пәле қуғандық емес. Бәлкім, әлгіндей «жаман жолдасты» сөгу де орынсыз. Өмірде не болмайды. Сатқындықты әркім бастан кешеді...
Бірақ құндылықтар орны алмасып кеткен қазіргідей заманда әрбір «кездейсоқ» оқиғаға көз жұма қарап, жауырды жаба тоқи салуға дағдылану халықтың өз-өзін сақтау инстинктін жоя бастайтыны туралы ойлайсың. Соның айғағындай, бүгін Ізгілік, Әділеттілік туралы сөз қозғасаң, кей ағайын миығынан күлер еді. Оған мұндай рухани қасиет құны көк тиын. Күні ертең өзінің белгілі қиындықққа тап болуы туралы ой кәперіне де кірмеуі мүмкін. Себебі, кез келген түйткілді жеке мансабы немесе ақша арқылы шеше салуға әдеттенген.
Алайда адамзат қоғамында Адамгершіліктен асқан құндылық жоқ. Тек соны әрқайсымыз әлгіндей қатер өз басымызға төнген сәтте ғана сезініп жүрмесек болғаны да...
Қаршекеңді ойласам, әлі толғанамын. Сонау бауырларын кешті ме екен деп.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
ҚР Мәдениет қайраткері.
qazaquni.kz