ҮН БОЯУЫ
2016 ж. 25 наурыз
6497
0
Әйгілі әнші, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың әуелде суретші болуға талпынғанын көпшілік біле бермес. Болашақ Халық артисі өзінің жан әлемін тербеген құбылыстар сырын бастапқыда қылқалам арқылы жеткізуге құлшынған.
Сұңғат өнеріндегі мұның да алғашқы қадамдары Сәкен, Ілияс, Бейімбет портреттерін салудан басталған секілді. Ертеректе көптеген жас талапкерлер өтетін өзіндік «мектеп» еді бұл. Одан соң біртіндеп Ленин кескіні айшықталады. Міне, осыны игерген жан шеберліктің ең шыңына жеткен деп саналатын-ды.
Өсти-өсти, кәдімгіше қанаттанып, тәжірибе ұштап, натюрморт, пейзаж жанрына құлаш ұра бастайсың. Қайраттың бұл бағытта орындаған бес-алты балаң қолтумасы әлі де сақталған көрінеді.
Қиялшыл, дарынды жеткіншектің әуестігі ақырындап фотосуретшілікке ұласыпты. Бұл саланың да қыр-сырын әжептәуір меңгерген жастың түрлі этюдтерінен сәтті ізденіс іздері анық байқалады. Әсіресе, кеңістік пен жарық мүмкіндіктерін пайдалану, ракурс таңдау бағытындағы тапқырлығы жоғары бағаға лайық. Және, әрине, ескі суреттер ұшқыр уақыттың айшықты мезеттерін ұстап қалуы арқылы да қымбат.
Өнер сапарымен жер-әлемді түгелге жуық шарлаған Қайрекең сонау сексенінші жылдарға дейін үйреншікті фотоаппаратын тастамаса керек. Мәселен, «Гүлдер» ансамблінде жүріп, Алжир мемлекетіне немесе Париж, Римге барғанда түсірген алғашқы дүниелерінің ішінен Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Әзидолла Есқалиевтердің кескіндері сонша сүйкімді көрінеді. Осыларды тартқан шебер о тұста он тоғыз жаста екен...
Әншінің кейінгі бір ермегі – шақша жасау. Бұл, енді, ұлт өнеріне ежелден ынтық адамның баяғы сал-серілер ғұрпына айрықша қызығуының бір көрінісі ме деп пайымдаймыз.
– Шақшаны аршадан қиюшы ем. Қасиетті ағаш қой, – дейді өзі. – Исі бұрқырап, көңіл сергітеді. Титтей ғана шашақты, қайыс тығыны бар қоңыр шақша күн өтіп, жыл озған сайын жаңара да беретіндей. Кеуіп қалмайды. Лак жаққандай жылтырап, түрлене түседі.
Қайрекең қолынан шыққан сол бұйымдардың хикаясы да мол секілді. Көрген адамдар: «Тү-у, не деген әдемі нәрсе! Тіпті, үріп ауызға салғандай етіп қалай жасағансың! Маған берші осыны! Сен тағы жасап аласың ғой өзіңе» – деп жата-жармасатын көрінеді. Бермесе, ретін тауып ұрлап тынады. Бүгінде талай насыбай құтысы жер-жерде жүр. Әйтеуір, бір жақсысы, алғандар «Қайраттың сыйлаған бұйымы еді!» деп мақтан тұтып айтып жүретін сияқты. Иесі осыған да риза. Қазір әнші үйінде екі шақша жатыр. Біреуі – кезінде Президентке бата берген атақты ақын Шәкір Әбеновтікі. «Қайратжан, осыны көзімдей көріп ұстап жүрші!» деп тарту етіпті. Аты аңызға айналған қиқар шалдың тура өз мінезіндей әлекей-шүлекей, ерекше дүние. Екіншісі – досы, марқұм Жәнібек Кәрменовтен қалған ескерткіш. Бұл да түр-сипаты бөлекше бұйым.
Әлбетте, әншінің негізгі «дерті» – домбыра. Әр жылдары қарағайдан шауып, екі-үшеуін жасапты.
– Біреуін шәкіртім Ерлан Стамғазиев ұстап жүр. Бәрін де бар өнерімді салып, оюлап, әспеттеп жасап ем...
Қарап отырсаңыз, Қайраттың жастайынан домбыраға құмартуы әбден қисынды да екен. Дәулескер домбырашы, шертпе күй дүлділі Сайдалы сары Тоқаның ұрпағы. Әкесі Әукен (Әубәкір) де қобызшы, домбырашы кісі. Әм он саусағынан өнер тамған өте ісмер адам болған.
– Үйде әкей жасаған кішкене қалақ домбыра тұратын-ды. Үні керемет. Майда қоңыр. Шешем марқұм ешкінің ішегін шиырып керіп, кептіріп, ызып, шек тағып беріп отыратын. Мен де кейінгі домбыраларымнан ылғи сол күмбірлеген дыбысты іздейтінмін. Негізінде, аспап жасау аса қиынға соқпайды. Мәселе – үнде. Осы тұрғыда талай әурелендім. Үйге келе сала домбырамды ақтарып тастайтын «ауруым» ұзаққа созылған. Бет тақтайды ашамын да, ішін түгелдей қайта өзгертемін. Бірақ діттеген нәтижеге жету қиын. Ертеңіне дыбыста тағы бір кінәрат бардай көрінеді де, құрал тағы жайрайды...
Иә, талғампаз тыңдаушы өнердегі мәнері бөлек Қайрат Байбосынов домбырасының да өзгеше шалқып, жүрек тербейтін қасиетіне тәнті болар еді.
– Мен кейде шанақты тесетінмін де. Кейбіреулер: «Мұныңыз не? Дыбыс лағып кетпей ме?!» деп таңырқап та жатады. Бірақ ішкі түйсігім бәрін сездіріп тұрады ғой. Тегінде, менің домбыраларымның үні де өзімнің баритон дауысым сияқты шығар. Тембріме сай...
Одан соң әнші домбырасын жөндеу үстінде өткенді-кеткенді ой елегінен өткізіп, қиялы шартарапты шарлап отырса керек-ау. Яғни, бұл да үлкен ізденіс үдерісі.
– Әрине, мұндайда орындалатын әрбір әннің иірімін екшеп, іштей әрлеп отырасың. Домбыраны қай жерінде қалай шертсем, нендей ілмектер қоссам деп өз-өзіңмен сырласқандай күй кешесің.
Аспап үні, сөз жоқ, әлгінде айтылғандай, тағылатын шекке де тікелей байланысты. Ал бұл түйткіл қалай шешіледі?
– Ол рас, домбыра үні ширықпай, шыңқылдамай, мандолина немесе балалайка сияқты шырылдамай, тұнық шығуға тиісті. Мұндайда әр нәрсенің ішкі сұлулығын түйсіну шарт. Кейбіреулер баяғыдай қоңыр үн шығару үшін кәрі қойдың ішегі қажет, бәлен керек, түген керек дейді. Бірақ бұлар бір-екі тартқаннан кейін дымқыл тартып, суланып, тарқап, бұзылады. Әрі, қайта-қайта мұндай шек алмастырып жататын уақыт қайда. Домбыра деген оқтаулы мылтықтай әрқашан әзір тұрғаны жөн. Қазір шет елдерде шектің неше қилысы дайындалады. Технология дамыған заман емес пе...
Сергек көрермен әншінің аспап пішініне де жіті ден қоятынын аңдайды.
– Базбіреу сахнаға қалай болса солай, можантопай домбырамен шыға салады. Тура, қар тазалайтын күректей қылып, жалпайтып... Немесе сымпиған жіп-жіңішке бірдеңесін шолтаңдатып жүреді. Домбыраң да үзіліп түскен тамшыдай мөлдіреп, жұтынып тұрса қандай ғанибет! Бабаларымыз аттың сұлулығын, қыздың әсемдігін талмай жырлаған. Сол секілді қолыңдағы аспабың да тартымды болсын. Жалпы, пішіні де, үн бояуы да сұлу, сазды, назды келіп, бәрі өзара орайласып, біртұтас ансамбль құрап жатса дейсің. Бұл үшін, әрине, суретші болу керек...
***
Бәрі дұрыс. Тек, біздіңше, басты мән қай істі де жоғары деңгейде атқаруға ұмтылатын жаны жайсаң және аса кішіпейіл жанның асқан шеберлігінде жатады.
Құлтөлеу МҰҚАШ
"Қазақ үні" газеті