БҰЛ НАУРЫЗ БҰРЫНҒЫЛАРДАН ӨЗГЕРЕК!
2016 ж. 20 наурыз
3440
0
Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы – Наурыз мейрамы да келіп жетті.
«Жаңа күн» деген ұғымды білдіретін Наурыздың жаңғыру, жаңару, қайта түлеу мағынасын қамтитыны да мәлім. Арқыраған ақпанның мұз көрпесін серпіп, керімсал есетін Ұлыстың ұлы күні Сүмбiле, Сұлу Сары, Үркер және Үшарқар-Таразы жұлдыздары бiр түзудiң бойында тiзiліп, күн мен түнді теңестіреді екен. Осылайша, қытымыр қыс ығысып, жер бетiн шуақ жайлайды, көк қаулайды. Күн белдеуi жоғарылай түседi. Мұның бәрі, ата-баба тілімен айтқанда, ақ түйенің қарны жарылған аса шуақты кезеңнің басы болып шықпақшы. Яғни, көктем мен еңбек думаны басталып, ел көңілін шаттық кернейді...
Ырымшыл халқымыз мұндай сәттерде әр құбылыс сырын жақсылыққа жорып, болашақты болжамақшы.
Иә, расында, жаңа жеткен мешін жылы Қазақ ұлтына нендей ризық ұсынар екен...
Қалай дегенімізбен, дәл бүгіндері бүкіл әлемнің беймаза күйге түсіп, дүрбелең шақтарды өткеріп жатқаны анық. Ендеше буырқанған заманалар лебі бізді де шарпымай қалмақ емес. Дүбірлі дүниеден оқшау отыра алмасымыз және түсінікті. Солай бола тұра, білікті сарапшылар мен ел арасындағы жұлдызшылардың жалпы ел ахуалына қатысты долбарларының бір жерден тоғысатынын аңдаймыз. Олар биыл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған сонша бір мамыражай кезең орнай қалмағанмен, жаңа еңбек жылының Қазақ халқы үшін жайлы болатынын бірауыздан болжап отыр. Мәселен, бұлардың айтуынша, алдағы үш жыл бойы Қостанай мен Қызылжарда егін бітік шығады.
Сол секілді, 2016 жылы елдің барлық аймақтарында мал саны артып, шаруашылық нығая түспекші. Тағы бір сүйініштісі – осы жылы сәбилердің туу көрсеткіші айтарлықтай артады...
Доллардың көтерілуі алдағы сәуір айынан бастап шілденің орта тұсына дейін тоқтауға тиісті. Сөйтіп, теңге өз тұрақтылығы бағытын бірнеше жыл сақтайды.
2016 жылы Орталық-Азия аймағы елдерінің саяси-экономикалық, мәдени байланыстары мейлінше нығаяды. Бұл достастық аясы тоғыздай мемлекетті қамтып, іргені бекіте түспекші.
Сондай-ақ Қазақ елінде жеңілдікпен оқытатын білім жүйесі дами бастайды.
Дегенмен, кейбір сарапшылар салық көлемінің және коммуналдық қызмет түрлерінің айтарлықтай өсетінін болжайды. Бірақ зейнетақы мен жалақы кешіктірілмейді.
Биыл жабылып қалған бірқатар кәсіпорындар қайта ашылады деп күтіледі. Демек, жұмыс орындары көбейеді деген үміт бар. Қазан айы қарсаңында кәсіпкерлер экономикалық дағдарыстан шыға бастамақшы. Алайда 2016 жылы мұнай секторы қызметкерлерін мейлінше қысқарту жалғаса түспекші. Осы сияқты әлемдік нарықта «қара алтын» бағасы арзандай береді деген де долбар жоқ емес.
Ираннан келетін мұнай көлемі де азайтылады. Оған Таяу Шығыстағы ахуалдың ықпал ететіні түсінікті. Әлемдік экономиканың іркілісіне Қытай мен АҚШ және кейбір Еуропа мемлекеттері арасындағы тартыстың кері әсер беретіні де аян. Мұның бәрі Қазақ елінің тыныс-тіршілігіне де салқынын тигізбей қоймайды. Олай болса, бос сәуегейлікке малданып, қамсыз отыруға болмайды-ау.
Демек, халық шаруашылығының өркендеуіне Үкімет қана жауапты емес, біз бәріміз... жалпы ел тұрғындары ат салысуға міндетті шығармыз. Олай болса, лайықты ұрпақ тәрбиелеп, өрісті кеңейту үшін өз сергектіміз бен белсенділігіміз ауадай қажет...
Айтпақшы, сарапшы мамандар ел әлеуетін көтеруге ендігі жылы ашылатын ЕХРО – 2017 Халықаралық көрмесінің де зор ықпал тигізетініне тоқталады. Биыл даму бағытымыздың басындай осынау дүбірлі құрылыс та аяқталады. Сондай жауапты істермен шектесетіні үшін де бұл Наурыз салмақтырақ сезіледі. Және биылғы жыл басы Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауымен басталды. Яғни, үлкен үміт, шешуші кезеңдер алдында тұр екенбіз.
Олай болса, барша халықты алдағы барлық іргелі міндеттерден сүрінбей өтуге тілектестік білдіргіміз келеді. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Әз Наурыз жас мемлекетімізді шуаққа бөлеп, жарқын келешекке бастай берсін!
«Қазақ үні» газеті
Наурызым!
Ақбоз үйді үлпілдеткен,
Боз даланы бүлкілдеткен.
Қуанышты күлкің – көктем,
Әсем едің, шіркін, неткен,
Наурызым!
Құлпырады сәнді бақтар,
Жұлқынады арғымақтар.
Сылқылдайды бал бұлақтар,
Мерекемсің мәңгі мақтар,
Наурызым!
Жарқыраттың шығыс Күнін,
Бар адамдар туыс бүгін.
Тілеп елдің тыныштығын,
Жүректерде жүр ұшқының,
Наурызым!
Аңсап жүрсең осы күнді,
Ашып таста есігіңді.
Болайықшы кешірімді,
Ән тербетсін бесігіңді,
Наурызым!
Бұл әлем қалғығандай,
Ұшты көкке ән қырандай.
Наурыз көже дәмді балдай,
Сенің көшің сәнді қандай,
Наурызым!
Аталардың – Қара Нардың,
Ақ жаулықты Аналардың.
Бас иетін саған әр күн,
Ақ батасын ала барғын,
Наурызым!
Ғашықтардың түр-түсінде,
Сәбилердің күлкісінде.
Ел үшін де, жұрт үшін де,
Қара Жерге кір түсірме,
Наурызым!
Ибрагим Исаев