ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЛАМГЕРЛЕР МҰРАЖАЙЫ ЖОҚ
2010 ж. 14 желтоқсан
4225
0
Қызылорда – еліміздің алғашқы астанасы. Әрбір қазақтың ең ыстық мекені.Сондықтан ба, ескі шаһардағы көшелерді аралап, ескі нысандарға көзіміз түссе, не болмаса «Бұл үйде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, яки болмаса Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов тұрды» деген кейбір көп қабатты үйлердегі естелік тақталарды көргенде, тап сол үйлерден әдебиетіміздің алғашқы алыптары шыға келетіндей жалтақтап қарай беретініміз бар. Қанша айтқанмен, жас қазақ мемлекеті буынының қатайып, яки беки түсуіне қаламымен де, қайраткерлігімен де өздерінің қомақты үлестерін қосқан бұл алып ағаларымыздың Сырдың бас шаһарында қызмет етуі – біздің қызылордалықтар үшін үлкен абырой, әрі мақтаныш. Әйтпесе, Қазақстанда қаншама қала бар. Бірақ, солардың барлығына астана болу бақыты бұйырған ба? Демек, Қызылорда – талай тарихи тұлғаларымыздың, асыл арыстарымыздың бағы жанып, тұсауы кесілген алтын ордасы, ыстық ұясы.
Осы жоғарыдағы алыптар тобының ізін ала әдебиетімізге келгендердің бірі – ақын, жазушы, сатирик Асқар Тоқмағамбетов.
Жастайынан әдебиет алыптарынан жылы лебіз естіп, ақ бата алған, Асқар Тоқмағамбетов бұл дүниеден өткенінше бір сәтте қолынан қаламын тастамаған шебер шығармашылық иесі. Көзінің тірісінде Комсомол ақыны атанған ол 70-тен астам кітап шығарып, 100 мыңнан астам өлең жолдарын жазған екен. Бұл қаншама қыруар еңбек! Асекең шығармашылығына көз жүгірткен кісі «тек мына тақырыпты көп жазып еді, өндіртіп жазып еді» деп кесіп-пішіп, айдар тағып, айта алмас. Оған себеп, Асекеңнің жазбаған тақырыбы, баспаған тауы, бармаған жері жоқ қой.
Дейтұрғанмен, Асекең шығармашылығын сөз еткенде, алдымен оның қазақ сатирасының жалына жабысып тіпті оны жан-жақты дамытқан қазақ сөз өнеріндегі бірден бір айтулы, ақиық ақын-жазушы екенін айрықша бөле-жара айтсақ артық болмас.
Сол қарымды қаламгеріміздің өзі бұл жалғаннан кеткеніне сонша жыл болса да, оның атын мәңгі есте қалдыру шаралары аймақта өз дәрежесінде өткізіліп келеді.Асқар ауылы, Асқар мектебі және Асқар көшесі жер жердің бәрінде де жетерлік. Тіпті, қаладағы маңдай алды көненің көзіндей зәулім әдемі Мәдениет үйі Асқар ақын атында. Осы Мәдениет үйі алдында оған жарасымды, еңселі ескерткіш те қойылған. Сыр өңірі бір адамға зор ілтипат көрсетсе, асылын ардақтаса, осы Асқар ағадай-ақ ардақ тұтар, құрмет көрсетер. Бұл жағынан келгенде, оған ешкімнің таласы жоқ шығар.
Әйткенмен ежелден қасиетті өнер өлкесі дейтін сүлейлердің мекенінде жасағаннан кейін талай-талай тамаша туындыларды жарыққа әкелген, бірақ бүгінде өздері арамызда жоқ ұлтымыздың қарымды қаламгерлерінің өмір жолы, шығармашылық еңбектері және қолданған бұйымдарымен тереңірек танысу, әрі оны тереңірек білу кімді болса да, қызықтыратыны сөзсіз. Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақты. Ол үшін ең алдымен кең байтақ Қазақстанның басқа өңірлеріндегі қалалардағыдай Сыр өңірінен шыққан ақын-жазушыларымыздың жеке мұражайлары бар болса, қандай ғанибет болар еді!
Біз осы мақсатпен қелместің кемесіне бұдан 25-30 жыл бұрын мініп, бақилық болып кеткен Асқар аға мен Зейнолла сынды сөз өнері шеберлерінің отбасыларына бас сұқтық. Олардың үй мұрағаттарын көрдік, таныстық. Солардың бірі – алдымен әңгімелейтініміз Асқар аға Тоқмағамбетов.
Міне, Қызылорда қаласындағы К.Байсейітова көшесі, 86 үй. Осы үйде ғұмырының соңғы жылдары Асекең өмір сүрген. Көп қабатты үй сыртына ақынның суреті салынған мемориалдық ескерткіш тақта орнатылған.
– Мынау әкемнің отыратын жазу үстелі мен орындығы, – деді Асқар ағаның кенжесі, қарашаңырақтың иесі Аягөз апай. Үстел үстінде қаламгердің өмірінің соңғы сәттері оқыған «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы шыққан бір-екі сандары және күнтізбесі жатыр. Оның 21 тамыз деген беті ашулы тұр.
– Бұл әкемнің қайтқан күні. Ал мынау сол уақыты – сағаты, – деді күнтізбені көрсетіп, Аягөз апай сөзін әрі қарай жалғады.
Бөлме іші кішкентай, тар.Үй қабырғаларындағы сөрелер кітаптарға лық толы. Ол кітаптардың барлығын дерлік бір кездері Асқар ағаның өзі оқып тауысқан. Хаттары да жетерлік екен. Әр жылдардағы өткен мерейтойларына берілген түрлі бағалы сый-сыяпаттар, портреттер де баршылық. Біреу-жарым қойын дәптеріне көз салып едік, жазуларының бірсыпыралары арабша екен. Бұл кейбір шығармашылық адамдарға тән Асекеңнің ішкі сезімдерін өзге жұрт оқудан құпия, таса ұстағандығынан болар деп ұқтық.
Жазу үстелінің шығыс жағында терезеге таяу қойылған шағын ғана диван бар. Ол жазушының үйге келген кісілермен әңгімелесетін, яки шаршағанда сәл-пәл тыныстап алатын төсек орны болса керек.
Асқар ағаның жинаулы тұрған үй мұрағаттарын шағын бөлмеде олай-бұлай ақтарып, аударыстыра беру өте ыңғайсыз. Әйтпесе, қалың-қалың түрлі папкілердегі қатпар-қатпар,бума-бума хаттардың ішінде небір тұнып тұрған сырлардың бар екеніне көзіміз жетіп-ақ, тұр.Тамсанып, ынтығып көруге көмейіміз бүлкілдеп тұрғанымен не пайда? Біздіңше, аға шығармашылығына ден қойғандардың қай-қайсысы да әлі де болса кеңірек көсіле отырып, қалам сілтесе, зерттесе, қүмбір-күмбір тарихқа жолығары сөзсіз-ау?!
Осы Асқар ағаның сөз өнерін қуған рухани інісі, Сыр елінің дарынды, талантты тағы бір перзенттерінің бірі – Зейнолла Шүкіров. Сол Зекең бұл жалғанда жарты ғасырдан астам төсекте жатып, ғұмыр кешті. Әуелі – Алланың, екінші – мейірімді, аяулы жандардың, аялы алақандарының себі де болар, Зекең ешнәрсеге зәру, мұқтаж болмады десек қателеспеспіз. Тек қана жар сүйіп, перзентті болмады демесек. Тілектес дос-жарандарының, ағаларының, інілерінің көмегі арқасында бастауыш сыныптық білімімен-ақ, соншама том-том кітаптар жазып,туған халқын рухани байлықпен кенелтті, қуантты десеңші!
Қалада Абай даңғылын кесіп өтетін З.Шүкіров көшесі (бұрынғы Чехов көшесі) бар. Осы көшенің қиылысындағы төрт қабатты үйдің төменгі қабатында бір кезде Зекең тұрған. Үйдің сыртына мәрмәр тастан ескерткіш тақта қойылған.Тақтаға Зекеңнің:
«Бір жұлдыз болып жанам мен,
Бір жұлдыз болып қалам мен», - деген өлеңінің екі қатары жазылған.
Ақиқатында да Зейнолла ағамыз, өзі айтқандай, әдебиетіміздің сөнбес бір жарық жұлдызы болып жанып, жарқырап қалды.
Ардақты аға тұрған, шығармашылық қызмет еткен қаладағы көрген жанның көзіне оттай басылатын бұл үй өкінішке орай бүгінде сатылып кетті. Биліктен үміт күтіп, үйді мұражайға айналдыруға Зекеңнің інісі Алпысбай қаншама рет талпынып, ұмтылып көрді. Болмады. Біреуінен де тұщымды жауап ала алмады. Дегенмен, қарымды қаламгердің «дүние-мүлкінің» бәрі Алпысбайдың жаңадан салған үйінде мұрты бұзылмай, сол қалпында сақтаулы. Ол кейбір қолына ілінген жаңа деректерді, әсіресе, Зекеңнің хаттарын жер-жерден сұрастырып, жинап та қойыпты. Үйіне кірсең, мұражай тәрізді. Бұған қалай риза болмассың! Тіпті, үйге кезінде кімдер келді, олар Зекең туралы не айтты? Солардың бәрін жатқа біледі. Туған ағасының шығармаларды қай уақытта және қалай жазғанына дейін тыңдаушысына тәптіштеп, жалықпай айтып береді ол.
Осы Зейнолла ағамыздың үйіне бас сұғып, жазған өлең, поэма, әңгіме, повесть және романдарының алғашқы қолжазбаларымен таныссаңыз, тұтынған қаламсаптарын ұстап көрсеңіз, өзгеше бір сезімге бөленеріңіз анық. Жазған жазулары қандай, тасқа басқандай. Екінші сыныпты бітірген оқушының жазуы дей алмайсыз. Құдды көркем жазудан беске оқитын оқушының жазуынан бетер, сұп-сулу. Оның үстіне сол сиямен жазған шығармаларын өз алдына кітап етіп, түптеп койғанын көргенде, еріксіз бас шайқайсыз. Әңгіме тек жазуының әдемілігінде емес, Зекеңнің не нәрсеге болса да ұқыптылығында, пысықтығында.
Алпысбаймен Зекең жайлы әңгімелесе отырып, үйінде мыңнан астам хат бар екенін білдік. Хаттар өзіміздің қазақтың ақсақал-алып қаламгерлерінен бастап, кешегі кеңес өкіметі тұсындағы түрлі ұлт өкілдерінің ақын-жазушыларынан, журналистерінен, мұражай қызметкерлерінен, керек десеңіз қарапайым еңбек адамдарынан, ұжымдардан келген. Соның ішінде Асқар ағаның жасы едәуір үлкен бола тұра, інісі Зекеннің алдында баладай зыр жүгіріп, қызмет істегенін дәлелдейтін мына бір хатынан-ақ білуге болады ғой деп ойлаймын.
«Зейнолла!
Денсаулығың қалай? Біз де аман жүріп жатырмыз. Көптен бері хат та сала алмадым, оған толып жатқан себептер болды...
Жақында Алматыдан келдім. Издательство сенің жинақтарыңды күтіп отыр. Ғабитте болғанда сенің курортың туралы сөйлестім. Олар Алматы жанындағы «Аяқ қалған» деген ыстық сумен емдейтін курортты дұрыс деп отыр. Егер оны алыс десе, Жаңақорғанға жіберейік дейді.
Ал мотоколяска туралы, персонал пенсияң туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының председателі Ташеновпен сөйлестім. Ол бұлар туралы жәрдем бермек болды. Керекті документтерді дайындап, ол кісінің атына өзім жібердім. Бұл жағынан қам жеме.
Әнеукүні Б.Тоғысбаев сен туралы бір беттік очерк жазған екен. («Лениншіл жаста») Мен оқып көріп, қайта жазуға кеңес бердім. Жақында шығып қалуы мүмкін.
Жазушылар одағына мүшелікке алу жөнінде документтеріңді де жеткіздім. Жақында билетіңді алып қаларсың.
Басқа жаңалық жоқ. Жазғандарыңды маған жіберіп тұр».
Сәлеммен ағаң Асқар. 14 май 1958 жыл.
Қараңыз, не деген жан жадыратар, мейірімге толы әкелік сөздер. Шіркін, осындай аңқылдаған ақ көңіл, жаны пәк, кең пейіл кісілер өмірде, күллі әлемде көп болса ғой дейсің.
Зейнолланың інісі Алпысбайдың сөзіне қарағанда, оның Сыр елі басшыларына өкпесі жоқ. Зекеңнің атына койылған көше, мектеп, ескерткіш жөнінен еш кінә айта алмайсың. Бәрі жіптіктей. Тек бір ғана әттеген-айы, мұражай мәселесінің осы кезге дейін қаншама рет айтылып, жазылса да, кешеуілдеп, ашылмай келе жатқаны. Себебі мұны айтайын дегеніміз Кеңес өкіметі тұсындағы орыстың тамаша жазушысы «Құрыш қалай шынықты» романының авторы Н.Островскийді білмейтін қазіргі орта буын азаматтардан ешбір пенде жоқ шығар. Жазушы қаламының құдіреттілігі сол жас уақытында осы кітапты бас алмастан оқып, оның бас кейіпкері Павел Корчагинге ұқсағысы келмеген кім бар дейсің? Ал, біздің Зекең он жасқа шығар-шықпастан отырып тұруға шамасы келмесе де, тіршіліктен түңілмей, сол Корчагинге еліктеп, өмір сүру үшін елу жыл бойы күрескен жан. Ал біз өмірімізге үлгі-өнеге тұтқан орыстың сол атақты сөз зергеріне арналған Ресейде 4 мұражай бар екен. «Қазақтың Островскийі», «Құрыш қазақ» деп, жоғары баға беріп, пір тұтатын өзіміздің Зейнолла Шүкіровке төртеу түгіл осы кезге дейін облыс орталығында бірде бір мұражайдың (тек Арал ауданында бар) жоқтығы жанға батады. Сөз зергері Асқар ағаға ше? Бір өзі әдебиеттің сонша жүгін қара нардай мойымастан көтерген. Әсіресе, қазақ сатирасының шаңырағын көтеруге бір кісідей атсалысқан және күллі илһәм перілері – Сыр сүлейлері жайлы «Жыр күмбезі» деген роман жазып, өзі де Сырдың жыр күмбезі атанған оның қыруар еңбегін қайда қоямыз? Біздіңше бұл « Сыр елі – жыр елі» деген мақтан тұтар, атқа ие елде айтар ауызға тым ұят-ақ!
Сонымен, «алыстан сермеп, жүректен тербеп» (Абай) айтарымыз, қазақ сатирасының сардары Асқар Тоқмағамбетов пен «құрыш қазақ» қаламгер Зейнолла ІІІүкіровтерге арналған мүмкін болса жеке-жеке, яки болмаса қызылордалық барлық қаламгерлерге ең құрығанда бір мұражай ашу мәселесін колға алатын мезгіл жетті ғой деп ойлаймыз. Өйткені бұлар жүректегі жазуларын күллі оқырмандарына көркем сөзбен кестелеп жеткізген, ұлтымыздың мақтанына айналған, қадір тұтар, қарымды қаламгеріміз емес пе?!
Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ