Адал істі ту еткен асыл аналар-ай!..
2016 ж. 01 наурыз
4723
17
Әйел заты мынау жарық әлемге нұрын шашып тұратын күн іспетті. Ардақты аналарымыздың төл мерекесі де дәл осынау көктемнің алғашқы күндерімен тұспа-тұс келетіні де сондықтан шығар. Иә, ардақты аналарға қандай теңеу айтса да, жарасып-ақ тұрады. Өйткені, оның бойынан мейірімділікті де, әдемілікті де, қайсарлықты да, еңбекқорлықты да бәрін, бәрін табуға болады.
8 – наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында еселі еңбек етіп, елдің ықыласына бөленген жанның бірі – Алматы облысының құрметті азаматы Мәриям Ниязқызын осынау мерейлі күнімен құттықтап арнайы барған едік.
Бұрынғы Алматы облысының Октябрь ауданы «Көктал» ауылында өмірге келген аяулы ана биыл өзінің 79-шы көктемін қарсы алғалы отыр екен. Біз осы тұста апайдан не себепті ауылшаруашылығы саласына бет бұрғанын сұрадық.
«Өйткені, қазақтың негізгі айналысқан кәсібі – егін мен мал шаруашылығы ғой. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары білім алсам, осы саланың қарыштап дамуына үлесімді қоссам деген ой болды көкейімде. Осынау бала қиялдың жетегінде жүріп, Қазақ ауыл шаруашылық институтында білім алдым. Ең алғашқы еңбек жолымды қатардағы колхозшы болып бастадым», – дейді ол кісі.
КСРО кезінде 1955-1958 жылдары Мәриям Худайбердиева тың және тыңайған жерлерді игеру науқанында ерлермен бірге иық тіресе жүріп еңбек етті. Одан кейін, 1959-1962 жылдары Панфилов ауданындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында қызмет атқарды. Сөйте жүріп, Панфилов аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Осылайша, сол кездегі ауданның бірінші хатшысы – еліміздің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Кеңес Аухадиевпен бірге ауқымды істерді атқаруға мұрындық болды.
Жаны нәзік әйел заты болғанына қарамастан, қандай жауапты қызмет тапсырылса да, оны асқан жауапкершілікпен атқара білді. Мұндайда «Бақыттың кілті – еңбекте» деген халық даналығы еріксіз еске түседі екен. Иә, Мәриям Ниязқызы бақытын еңбектен тапты. Өйткені ол әрбір істеген ісінен рахат алатын.
Кейінірек Мәскеудегі КСРО комсомол орталық комитеті жанындағы Жоғары Комсомол мектебінде оқып, тәжірибе шыңдады. 1962-1966 жылдары Алматы облысы, Қаскелең ауданы «Каменский» совхозында агроном қызметін атқарып, аймақтың ауыл шаруашылығы саласының ілгерілеуіне ықпалын тигізді.
Өзінің қызмет жолдарының қалай өрбігендігін сұрағанымызда: «Оның бәрі бәлендей бір қызмет емес қой. Ол кезде өзіміздің кәдуілгі міндетіміз ретінде қарап, істеген жұмысымыз ғой» дейді өзінің қарапайым қалпынан танбай. Әйтсе де біз суыртпақтап отырып, біраз нәрсені білуге тырыстық. Өйткені бүгінгі өскелең ұрпақтың нағыз ардагерлерден алар өнегесінің жөні бөлек.
«Жетістікке жетудің сыры – жаныңды салып жұмыс істеуде ме?» деген сауалымызға ол кісі сәл ойланып отырды да: «Жоқ, жаныңды салып жұмыс істеу де аздық етеді. Мұндағы басты нәрсе – білген сайын білдім демей, білмегеніңнің көп екенін түйсініп, одан әрі ізденуде» дейді абзал ана.
Иә, ол кісі өз ісінің хас шебері болу үшін 1965 жылы Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы Академиясын оқып бітірді. Өз саласы бойынша білікті мамандар санатында әріптестерімен бірге Іле Алауытының бөктеріне белгілі «Апорт», «Семиренка» алма бақтарын өз қолымен отырғызыпты. Мұның өзі жемісті жұмыс көрінісі десек артық айтқандық емес.
1966 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданына қоныс аударып, ондағы «Ырғайты» совхоз-техникумында бағбан-агроном міндетін атқарды. Аймақтың осы сала бойынша одан әрі дамуына үлес қосты.
Сондай-ақ, Мәриям Худайбердиеваны сан қырлы талант иесі деуімізге толық негіз бар. Өйткені, ол білім саласында да ұзақ жылдар қызмет етті. Қатардағы мұғалімдіктен бастап, мектеп директорлығына дейінгі қызметтерді атқаруы бұл кісінің оқу-ағарту саласында да өзіндік орны бар екендігін айшықтай түспек.
Әйтсе де ол, өзінің ең басты міндеті – ана атанып, ұрпақ өсіру екендігін ұмытқан емес. Жары – Тұрлыбек Перуашұлы екеуі – Азат, Азамат, Дос секілді ұлдарын өсіріп, өмірден өз орындарын табуға ықпал етті. Бүгінде ұлдарының әрқайсысы бір-бір саланың тізгінін ұстаған елге белгілі азаматтар.
Мәриям Ниязқызының ерен еңбегі де елеусіз қалмады. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарын кеудесіне тағып, ел құрметіне бөленді.
Тағы да айта кетуге тиісті бір нәрсе – ол кісі өзінің жүрегінен жарып шыққан жырларын жақында жинақ етіп шығарды. Қазіргі таңда Мәриям апайдың сөзіне жазылған өлеңдерді елімізге белгілі әншілер орындап жүр. Мұның өзі ақынжанды ананың ел руханиятының дамуына қосқан үлесі екені даусыз.
Бүгінде, жастығында еткен бейнетінің зейнетін көріп отырған апайымыз: «Біз бақытты елміз. Өйткені, Аллаға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырмыз. Ендігі жерде «Еңбек еткен ұлт қана табысқа кенеледі» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгінгі жастарымыз тоқтаусыз еңбек ете берсе, біздің ел дамудың даңғыл жолымен жүре береді» дейді.
Сөз соңында барша қазақ әйелдерін көктем мерекесімен құттықтаған Мәриям Ниязқызына біз де амандық тіледік. Әрбіріміз арамызда жүрген осындай еңбекқор жандардың өмірінен өнеге ала білсек шығар шыңымыз да биік болмақ.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
"Қазақ үні" газеті