Өткен күндер елесі
2016 ж. 15 ақпан
4710
1
Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстан және Қырғызстан республикаларының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер
Соғыс кезі. Соғыс ауыртпалығы ауыл тұрмысын мүлде нашарлатып, күйзелтіп жіберді... Біз, әрине, баламыз. Колхоз бригадирі Айтмағамбет жырық бізді ызғырықтан өткізіп, шөпші, егінші, қырманшы әйелдерге сусын, тамақ апарып беруге жұмсайды. Бармасаң, маңқылдап: «Алда, әкеңнің аузы!» – деп қамшымен шықпыртады. Осы бір беймаза адам талай баланы шырқыратты. Бізге араша түсіп шешелеріміз жағаласты. Бірақ «Отан үшін, Сталин үшін!» деп жан алып, жан берген ел ауыл ішіндегі мұндай күнделікті у-шуды лезде ұмытып кететін-ді. Жаңа ғана жанжалдасқан бейбақтар, енді бір қарасаң, ішегі қата күлісіп, дым болмағандай бір-бірімен бал жаласып отырады.
Өмір – қашанда өмір. Дүниеде қандай қасірет болып жатса да, қу тірлік өз әуенімен жүре береді екен. Ауылда бір үй майданнан қарақағаз алып, улап-шулап жылап жатса, азаматынан хат келген үй құдайы жасап, мәз-мейрам боп қуанышқа кенеледі. Иә, өмір – қашанда өмір!
Осы күні ойлап қарасам, біздің ауыл құдды бір дуылдаған филармония, театр секілді таң-тамаша қалдырады. Жазда ауылдың маужыр кештерінде қариялар төбенің басына жиналып, өткен-кеткенді айтысып, әңгіме-дүкен құрады. Қилы- қилы әңгімелер қозғалады. Сол жиынның ұйытқысы – Асан, Сәрсен, ауылкеңес бастығы Үсенбай... Олардың сөзіне ден қоятын – Мәді, Садуақас, Қасымбек, Оспан, Шүкей, Балажан, ертегіші Бедербай, Досымбек... Екі ұста – Сәдібек пен Әлкен, жылқышы Жазыбек, қарауыл Күзембай, қырманшы Өмірбек, диқан, сушы аталарымыз – Бекжан, Кенжебай, түрлі істе дедектеп жүретін Алдаркөсе Төлеу атамыз...
Сондай әңгімелердің бір тұсында ауыл көркі — Алдаберген мен Әбдірахман кезек-кезек серпіліп, Арқаның кербез әндерін керілтеді. Сәдібек қосбасарлап, күй маржанын төгеді. Ара-арасында ауылдағы кейбір оқыс оқиғалар да жұрттың ішегін қатырады. Сол қызықты әнгімелердің бәрін Төлеу атамыз айтады...
Бірде жиынды қыздырып, сөзге жел беріп отыратын Бедербай: «Әй, Төке, Разия келін екеуің Шолақтаудан келе жатып, ақтүтек боранда мына бізден таяқ тастам жердегі Найман ауылына қонғандарыңды айтшы» – деді. Қаршығадай жұтынған Төлеу ақсақал көп сөзге жоқ, екі көзі күлім қағып: «Боран. Сұмдық. Есік қақтық. Үй-іші гу-гу. Жиын. Қу кемпір. Есік ашпады. Дүрсілдеттім. Кемпір: «Сен кімсің?» – деді. «Жыршымын» – дедім. Кемпір: «Бірауыз өлең айтшы» – деді. Сонда мен:
– Ахау, дың-дың,
Карманнан өлсін мың-мың.
Жапаннан өлсін бес-алтау,
Ағалар келсін есен-сау, – дедім. Кемпір есік ашты. Кірдік. Ет жедік. Наймандар бізге тағы ән салғызды. Разия дым білмейді. Нанды соғып отыр. Мен Разияға: «Шеш!» – дедім. Ол «А?..» деп қозғалғанша мен басынан орамалды жұлып алдым. Сөйттім де басыма шарт байлап, әйел боп шыға келдім. Ұят-тағы. Наймандар күлді. Сосын мен:
– Шайы көрпе құрадым,
Көздің жасын бұладым.
Әскер кеткен жалғызды
Бір Құдайдан сұрадым.
Аттан түстім, су іштім,
Неге түстім, неге іштім?!
Ит Карманның тұсында
Неге туып, неге өстім?! – деп сұңқылдап көп жыладым. Қара кемпір де аңырап қоя берді. Наймандардың бәрі өкірді. Олар у-шу боп жатқанда табақтағы еттің бәрін жеп қойдым. Ха-ха-ха!..».
Төлеу жымың-жымың етіп, тағы бірдемені айтуға ыңғайланғанда таудай мол денесімен селкілдеп күлген Асан атам: «Жо, болды», – деп оны зорға тоқтатты...
Тағы бір жиында ақсақалдар бізден жасы үлкен ересек ағамыз Құрақбайды ортаға алып, ән салдырды. Сосын Бедербай оған: «Әй, Құрақбай, сен Байқадамдағы «Ынталы» каналында жұмыс істеп жүрсің ғой. Әлгі Молдас Махамбет соқырдың Байбатшаевпен болған әңгімесін айтшы», – деді. Құрақбай іркілген жоқ, сөйлей жөнелді: «Каналдағы жұмыс ауыр. Тамақ тапшы. Шаршадық. Киіміміз тозды. Тарықтық. Біреулер науқастанып қалды. Бір күні райисполком председателі Байбатшаев келді де, жұмысымызды аралап көрді. Өзінің құлағы нашар естиді. Онымен айқайлап сөйлеседі. Бір кезде ол бізге тақалды да:
– Осында Махамбет деген ақын бар дейді, ол қайсың?! – деді үні күркіреп.
Махамбет арбаның қасында тұр еді:
– Менмін, – деді.
– Соқыр Махамбет сенсің ғой? – деді ол.
– Иә, ал сен керең Байбатшаевсың! – деді Махамбет былқ етпестен.
Байбатшаев оған селтиіп қарап қалды. Бірақ еште ме демеді де, сәл күлімсіреп:
– Сен мені мақтап өлең айтады дейді, кәне, бірауыз тастап жіберші, – деді. Махамбет оған:
– Бері... берірек кел. Құлағыңды жақындат, – деді ымдап, қолымен ишарат білдіріп.
Сырт қараған адамға екі мылқау сөйлесіп тұрғандай. Байбатшаев Махамбетке тақала берді. Махамбет екі қолын артына ұстап, оған тесірейе қадала түсіп:
– Ей, біз жатырмыз каналды жаздай жайлап,
Ағын суды тоқтаттық қолмен байлап.
Сен жүрсің «лөккөбаймен» күліп-ойнап,
Біз жүрміз аштан қатып, сорымыз қайнап, – деді. Сол кезде Байбатшаев екі көзі алақтап, жан-жағына қарап:
– Әй, Айтжан! – деп бастығымызды шақырып алды да, – Мына Махамбет соқырдың бригадасына бір қой сойып бер! – деді. Махамбет:
– Рахмет, керең! – деді жымың қағып.
Сол күні каналдағы жұмысшылар жас етке қарық боп, түнімен күлді аспан астын жаңғыртты.
Бұл да сол күндердің бір елесі.
* * *
1944 жылдың кақаған қысы. Әкей соғыстан оралды. Екі қолтығында екі балдақ. Сақал-мұрты өсіп кеткен. Реңі сұп-сұр. Мені алғаш көргенде, көзіне жас толып, тәлтіректеп кеп жақындады да маңдайымнан иіскеді. Өзі жоқта туған екі жасар Жарылқасын мен Жақып көкемнің бір жасар ұлы Есіркесінді таныған да жоқ. Елдің жыласа қауышқан шуы әп-сәтте қуанышты тойға ұласты. Әкейді күнде анау үй, мынау үй шақырады. Соғыстағы хикаясын айтқызады. Сол көп әңгімесінің бірі – Орел-Курск доғасында танкілер шайқасында жаяу әскер құрамында соғысқаны. Аспан мен жер тұтасып кеткен осы от-жалынның ішінде төрт жерінен (аяғы мен қолында және арқасында екі тыртығы бар) жараланыпты. Сол күндерде дала госпиталінде жатып, орыс жауынгерлерінен «Темная ночь», «Катюша», «Три танкиста», «Если завтра война», «Священная война» сияқты тағы да басқа көп әндерін үйреніпті. Сондай-ақ, орыстың «Ах, ты, степь широкая», «Ямщик», «Ах, ты, душечка» әндерін де біледі екен. Ол әндерді жайлап әндеткенде көзі күлімдеп, іштей қатты толғанатын-ды.
Әкей ауылда шамалы мауқын басып, демалған соң аудан орталығы Байқадамға барды да, өзіміздің Серго атындағы мектепке мұғалім боп орналасты.
Сол жылы мен бірінші класта оқимын. Бір жолы бізге ән сабағынан беретін Ақмолда ағайымыз: «Илья, сен қандай ән білесің?» – деді. Мен үндегем жоқ. Ақмолда ағайдың шегір көзі ар жақ, бер жағымнан өтіп: «Ой, сен өзің бері.... былай... тақтаға шықшы», – деді. Мен жүрексініп, тақта алдына кеп тұрдым. «Кәне, бір ән айт», – деді Ақмолда ағай. Мен дір-дір етіп:
Өлім-өмір арасы –
қас қағым сәт,
Көре алмасам, қайран ел,
Қош-аман бол-ай, елім-ай! – деп бір шумақ өлеңді ортасынан айтып, жылап жібердім. Балалар шулап кеп күлді. Ақмолда ағай да күліп тұр. Мен кластан тұра қаштым. Әкей кейін осы оқиғаны естігенде қатты ашуланып: «Елім-ай», әрине, жылатады. Елді сағынғанда шығарған өлеңім емес пе ол! Соған дені дұрыс адам күле ме екен?! Ильяның жылайтын жөні бар. Өңкей кеще!» – деп тас-талқан болды. Соған налыған әкей домбыраны қоңырлата шертіп, осы өлеңін қариялар алдында, отырыс-жиындарда жиі айтып, ашуын басқандай боп жүрді. Бір күні әкей маған: «Сен «Елім-айды» домбырада тартып көрші», – деді. Үйде қалақтай ғана кішкене домбыра бар еді, соны маған ұстатты да, өзі ойға батып отырды. Мен домбыра пернелеріне қарап біраз бөгеліп ем, әкей: «Жайлап тарт», – деді. Әлі есімде, сонда мен пернелерді нық бастым. Әкей: «Екінші жолын...» – деді. Мен екінші жолын да жаза баспай, дәлме-дәл шығардым. Әкей: «Енді екі жолды қосып шерт», – деді. Солай еттім, бірақ кібіртіктеп, зорға-зорға иліктіріп, «Елім-ай, елім-ай» дейтін жерін өлімсірете үзіп-үзіп тоқтадым. Әкей «дұрыс» дегендей бас изеді.
Сол күннен бастап «Елім-ай» менің домбырада шертетін ең сүйікті әніме айналды.
* * *
Әкейдің қоңыр үні мені ерекше баурайтын еді. Әсіресе, «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін айтқанда.
Әкей соғысқа кете сала туған Жарылқасын деген ұлын өте жақсы көрді. Аққұба, ақылды, жайсаң мінезді осы ұлы қызылша індетінен шетінеді. Сол бір қапалы күндерде әкей кеш батқан шақта қараңғы бөлмеде қисайып жатып, осы әнді естілер-естілмес баяу үнмен ыңылдайтын-ды. Бұл ән де жүрегіме шер-шемен боп орнықты. Ауылдағы бірде-бір бала бұл әнді білген жоқ. Ән сабағында мен осы әнді орындайтын едім. Сонда мұғалімдеріміз үнсіз мүлгіп, ойланып қалатын-ды. Бірте-бірте білдім, бұл ән Абайдікі екен. Мен Абай музасына осылай ендім. Ауылда мені аялаған музыкалық орта, қазір қарасам, жайнаған бір қызықты галерея. Әнші, домбырашы, жыршы, ертегіші... ойыншы-комиктер – бәрі бір ауылдың аясында. Соғыстың мұң-зары болмаса, дүрілдеп-ақ жатқан ел. Соның бірі – домбыраны адамша «сөйлеткен» ақсақал – Сәдібек. Өзі бір аяғы кем, ағаштан түйін түйген, қара темірді нанша илеген, күсті қол, нағыз қарамұрын ұста. Төлжан деген мейірімді бәйбішесі, Әбсейіт деген жалғыз ұлы, одан үлкен Алтын деген қызы бар. Әбсейіт менімен қатар. Мінезі тұйық. Көңілі түсіп бір ашылса, болмашы нәрсеге ішек-сілесі қатып күлетіні қызық. Бір класта оқыдық, домбыраны бірсыдырғы жақсы тартты. Бірақ әкесінің бипаздап сылқылдататын мәнері – бөлекше бір жұмбақ құбылыс. Әр күйі – тұңғиық сыр. Біздің әкей осы Сәдібек атамыздың шертісіне ден қойып, ол тартқан Тәттімбет күйлерін бар жанымен тыңдады. Сонда көп шертіліп, есімде қалған күйлер: «Сарыжайлау», «Көкейкесті», «Қосбасар», «Бозайғыр», «Ақсақ құлан»...
Сәдібекпен әріптес Әлкен есімді ұста бар. Екеуі соқа, арба, тырма, шалғы жасайды. Колхоздың күш аттарын тағалайды. Қамыт, ер-тұрман, сауыншыларға шелек істеп береді. Олар біз сияқты балаларды осы дүкенге шақырып алып, көрік бастырады. Сәбиға шешеміз бұларға түс мезгілінде шай әкеледі. Бізді мақтап қойып, өздері шай ішеді. Екі ұста бір-бірімен әзілдеседі. Әлкен де сергек көңілді жан. Әйелі Сәбиғаны домбырада сүйемелдеп, қырғыз әнін балбыратып тартқанда үнің шықпай, тек тыңдай бергің, тыңдай бергің келеді. Сондай әндердің бірі:
Толғой тарткан кыл аркан,
Тор кашка аттын кермеси,
Топ жыйында сайраган
Токтогулдун кербези.
Толкун жашың өткөн соң,
Толгонуп кайтып келбеспи!
Осы әнді мен бір күні үйде ешкім жоқта Әлкен атам секілді сызылтып, көзімді жұмып, ырғалып отырып айттым. Неге сөйттім, білмедім. Бір уақытта байқадым, үйге әкей келген екен. Сабағы бітіпті. Әкей өзінің сабырлы қалпымен:
– Сен бүгін кешке Әлкен атаңды үйге шақырып әкел, – деді.
Сол күні кеште біздің үй Әлкен атамыз бен Сәбиға шешемізді жаны қалмай күтті. Екеуіне жаңағы мен айтқан әнді қайта-қайта айтқызды. Көзінің астымен маған қарап қояды. Әкейдің ықыласына бөленген олар «Ой, бұлбұл», «Күйдім шоқ», Бешырғай», «Ақмаңдай келін», «Алымхан» деп аталатын қырғыз әндерін бірінен соң бірін құйқылжыта төкті.
Әлкен ата сондай ілкімді, қалақтай жұқа домбырасын «сөйлетті-ай» кеп, шөл бұлбұлының үніндей жүрекке тиетін мұндай шырын әуез болар ма?! «Ой, Құдай-ай, Жақан-ай, мен осы әні үшін алдым ғой мына Сәбиғаны!» –деп бір шалқытты дейсіз...
Бұл да бір естен кетпес эпизод...
1944 жылдың жазы. Жон жайлауы. Ауыл көк сазы Бұхар кілеміндей былқылдаған Нұржансайда отырды. Бір күні күтпеген жерден қырғыз артистері келді. Ел қуанып, шу ете түсті. Соғыстан қажыған жұрт сауық-сайранға да зар еді. Қырғыздардың келгеніне жас та, кәрі де мәре-сәре.
Концерт дуылдап тамаша өтті.
Әкей қой сойып, артистерді қонақ етті. Айлы аспанның астында, сол сый-құрметтің үстінде де таң атқанша қаншама ән шарықтап, қаншама күй жан-жүйені балқытты. Ауыл адамдарының шаттанғаны соншалық, тіпті өздерінің «артистері» Сәдібек атама күй толғатып, Әлкен атам мен Сәбиға шешемізге қырғыз әнін орындатып, Алдабергенге «Еңлік-Кебек» жырын, Біржан салдың «Ләйлімін», Ақан серінің «Қараторғайын», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», Естайдың «Қорланын» айтқызып, ой, бір мақтанды дейсіз. Қырғыздар да мәз. Олар: «Бір «Қорланға» қырғыздың бар әні шалынып кетсе болмай ма!» – деп бастарын изеп, таңғалысты. Ол кезде машина жоқ. Сегіз артистің мінгені – ат арба. Ертеңінде олар ауылдан көрші колхозға шыға бере арбалары сынып, ділгір боп үш күн жатты. Сәдібек атам мен Әлкен атам арбаларына жап-жаңа дөңгелек жасап берді. Қырғыз артистерінің әндері мен күйлері қиялымды қалай-қалай көкке өрлетті дейсіз. Оны тілмен бейнелеу еш мүмкін емес. Арбалары жөнделіп, жолға шығар алдында қырғыздар біздің үйден қымыз ішті. Мен әкейдің артында, торсықтың түбінде өз-өзімнен ыңылдап кетсем керек, бір кезде артистердің ішіндегі жүзі нұрлы, көзі оттай жанған, әсем мұртты сұлу кісі маған өзгеше бір жылы мейірмен бұрылып: «Кани, ботом, маңдайынды акелип койчу!» – деп маңдайымнан сүйді. «Акын бол! Ообончу бол!» – деді. Кейін есейгенде әкейден білдім сол кісі қырғыздың атақты әнші-композиторы Атай Оогомбаев екен. Біздің айтып жүрген әндеріміздің көбі осы Атайдікі боп шықты.
* * *
Біздің ауыл – екі таудың арасы, өзен-көлі бар жер.
Мені табиғат сұлулығы аялады. Жас қиялым аспандағы ақша бұлт үстінде қалқыды. Жұлдызы жымыңдаған мақпал түн болса, толықсыған айға ойлана, сұқтана қарадым. Өзен шуы, су сылдыры, қамыс сыбдыры... түн құстарының құйқылжыған үні... Осының бәрін тұңғыш рет тыңдағандай құлақ түрдім. Кейде ауыл шетінде қой күзеткен жандардың сызылта салған қоңыр әндері де тіл байлайды. Бір түсініксіз сезім толқытады. Жауынды күндерде қара аспан төрінде шарт етіп сынған найзағай... Жылқы шетінде бір-бірімен шайнасып, жанталаса кісінескен азулы айғырлар... Жартастың үстінде қақшиып тұрған құлжа... Қып-қызыл боп өртеніп батып бара жатқан алтын күн... Маужыр кеш... Осы суреттің бәрі-бәрі – мен үшін бір қайталанбас ғажап көрініс. Сырлы әлем! Ішкі дүниедегі қайнап жатқан бұлқыныстың осы дүмпуі ме, мен үн-түнсіз отырып сурет сала беретін әдетке де бой алдырдым. Оған тағы бір себеп – біздің ауылдағы Досат атамыз бен Көркіш әжеміздің Сәтжан, Төре есімді екі ұлы соғыста қаза тапты. Төренің керемет суретшілігін ел жыр қылып айтатын-ды. Біз оқитын Серго атындағы мектептің үлкен қоңыр шкафында ол салған көп сурет сақталған екен. Мен бір жолы мұғалімдер бөлмесінде осы суреттердің шашылып жатқанын көріп, оның біразын ешкімге көрсетпей, қойныма тығып, үйге алып келдім. Оны өзім ғана тамашалап, оған көз алмай үңіліп, киял құшағына ендім. Акварельмен, түрлі-түсті қарындашпен салынған суреттер. Сол суреттердің бір-екеуі есімде қалыпты: біріншісі – жорғалап кеп іркіле тоқтаған торықасқа тай, екіншісі – тулай шауып бара жатқан тайдың сол қапталынан қосылып, шабынан тартып қалуға ұмтылған сұр қасқыр. Тағы бір жыртылған суреттерінде тау жолы... жартастардың арасымен ылдиға түсіп келе жатқан түйелер... ақша бұлттар сол жартастармен араласып тұр... Бұл –акварель!
Сол күннен бастап сурет салдым. Сурет салсам болды, қиялымда бір беймәлім әуен де жүріп жатты...
* * *
1954 жылы Қаратау қаласында орта мектепті (сегізінші класты Байқадамда, тоғызыншы класты сол кездегі Шымкент облысы Бостандық ауданының орталығы Ғазалкентте – Абай атындағы мектепте оқыдым) бітірдім.
Сол жылы Алматыда КазГУ-дің филология факультетіне түстім.1956 жылдан бастап ән жаза бастадым. Қомпозиторлар: Латиф Хамиди, Василий Великанов, Әбілахат Еспаев, міне, осы үш ғазиз жан алғашқы әндерімді нотаға түсірді. Маған ерекше ықылас қойды,
Алғашқы әнім «Түн ортасы болғанда» деп аталады (сөзі – Қасым Аманжоловтікі). Оған ілесе «Салтанат» (сөзі – Қадыр Мырзалиевтікі) әнім туды да, бірінші ән оның көлеңкесінде қалып қойды. «Салтанаттан» кейін «Ақ қайың», «Жан сәулем», «Нұрланып менің-дағы туар айым», «Қайда екен сол бір ақмаңдай?», «Жігіт арманы» секілді әндер легі келді.
1957 жылдың қараша айының төртінші жұлдызында Композиторлар одағының бір ән конкурсын талқылаған мәжілісінде Шәмші Қалдаяқовпен таныстым. Менен алты жас үлкен екен. Екеуміз бір-бірімізге әндерімізді көрсетіп, етене шүйіркелесіп, дос боп кеттік.
Осы ксздерде «Салтанат», «Ақ қайың» әндерімді КазГУ-дің әншілері мен хоры радиоға жаздырды. Оған өзіммен бірге оқитын жан досым Өмірзақ Айтбаев жетекшілік етті. Өмірзақтың дәстүрлі әнші екендігі Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебековтің мақтауына ілігіп, ол жастық жалынмен шарықтата шырқап жүрді. Өмірзақтың басқаруымен «Ақ қайың» әнін хор орындап, ол, тіпті, Москва радиосынан да берілді.
1958 жылдың ерте көктемінде бұл екі әнді радио қабылдап алды. Бұл ретте Шәмші екеуімізді өбектеп, ерекше жақсы көрген музыка редакциясының аға редакторы Мақсұтбек Майшекиннің қамқорлығын еш уақытта ұмыта алмаймын.
Радиодағы әндерімді пианистка Наталья Борисованың сүйемелдеуімен өзіммен замандас әншілср – Майра Жүрсінова мен Сәжида Ахметова орындады. Оларға іле-шала жасы бізден үлкен, бірақ бізбен бірге оқитын ақын Тұрсынхан Әбдірахманова шырқағанда осы әндерім мүлде құлпырып кетті. Алматы студенттері бұл әндерді бірден іліп әкетті. Хош, радиода, жас композиторлар қатарында әндерім концерттерде жиі орындалатын болды. Бұған біздің ауылдағылар аң-таң, сенеді... сенбейді. Өзімізбен ағайын ағаларымыз – Қоңқабай, Шайқы, Сағымбай, Тілепберген, Ақберген, Рахымбек, Ақмолда, Нұрғалилар әкей мен шешейді жандары қалмай дуылдаса құттықтайды. Сонда осы қуанышты сәтті көрген Асан атамыз бір күні домбырашы, мұғалім баласы Нұрғали сылқылдата тартқан «Салтанат» әнімді тыңдап: «О, Тәңір, мұныңа да шүкіршілік, Баржақсы мен Шәуен тірі екен ғой... тірі екен!» – депті қуаныштан көңілі босап.
Мен композитормын! Тек композиция ғана ма? Мен әдебиетші едім ғой КазГУ-ді бітірген. Ол мамандығым да далада қалған жоқ. 1959 жылы «Қазақстан пионері» газетіне қызметке тұрдым. Әдебиет пен өнер бөлімін басқардым.
Журналистпін енді!
1961 жыл. Сәуір айының шуақты күндері. Мен командировкамен Қызылорда жағына барып, қайтар сапарымда ауылға соқтым. Бір-екі күн аялдадым. Үлкендерге сәлем беріп, дүниеден озған жандардың отбасына көңіл айттым. Алматыға қайтатын уакытым боп, Байқадамға келдім. Міне, осы жерде күтпеген оқиғаға тап болдым. Аудан басшылары Байқадамның Жамбылға шығар жолындағы Қарағайлы деген жерде «Коммунар» совхозының малшылар слеті болады деп қуаныса дүрлігіп жатыр екен. Совхоз директоры Иген Нұрмағамбетов пен аудандық газет редакторы, ақын Дулат Шалқарбаев екеуі мені көре салып: «Слетіміз той болып өтеді. Концерт қоямыз. Сарысулықтардың«Сарыарқа» оркестрін білесің, бүгінде республика көлемінде мақталып жүр. Өнерпаздарымыздың дені – кілең жастар. Ішінде алма мойын, бота көз қыздар да бар», – деп қызықтыра желпілдетіп, маған жата-жабысты. Мен уақытымның тарлығын айтып, біраз көнбедім. Сері көңілді Дулат ағай: «Дәрігерден бюллетень алып береміз. Жұмысыңа «Ауырып қалдым» деп телеграмма жібер. Еш оқасы жоқ. Біз сені сағындық та», – деп қоярда-қоймай, тырп еткізбеді. Біз сол дуылдасқан қалпымызбен тойға бардық.
Сарысудың қызғалдағы жайнаған даласы. Көк шалғынға қаз-қатар ақбоз үйлер тігілген. Ортадағы алаңда концерттік эстрада. Әдемі безендірілген сахна. Біз келгенде концерт те басталып кетті. Оркестр Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін ойнап, енді бірде жеке әншілер шықты. Біз бір топ жігіт отырған жұрттың сырт жағында тұрған едік. Бір кезде құлағым қырғыз әнін шалып қалды. Сахнада қолаң шашы жерге түскен бір жас қыз оркестр сүйемелімен:
Айылдың ары жагынан,
Алмалы колхоз багынан.
Колундан кызыл гүл берип,
Коштошкан күнду сагынам, – деп лирикалық әнді сырлы сезіммен сызылтты.
Сол замат менің қиялым бала кезімде егіс даласында осындай әндерді үзілдірген қырғыз жеңгелерімді елестетіп, жүрегім елжіреп, толқып кетті.
Мен қыздан көз алмадым. Дулат ағай жымың-жымың етіп:
– Жақсылап қарап ал, – деді.
Қасымдағылардың сөздерін естігем жоқ. Екі көзім қызда. Ән орындалып біткенде қыз жұртқа иіле құрмет білдіріп, сахнадан шыға берді. Арқасынан құлай түскен қос бұрымы жер сызып бара жатты. Сәлден соң біз үлкен ақбоз үйде жүздестік. Дастархан басында таныстық. Көзі қарақаттай жанған сұлу арудың оң жақ бетінде қос меңі бар екен. Жастардың әзіл-қалжыңы жарасқан көңілді отырыста мен әлсін-әлсін қызға ұрлана қараумен болдым. Мені бір беймаза сезім биледі. Дулат ағай құлағыма сыбырлап: «Мына меңді қыздың әке-шешесі – Молдас атаның ең қадірлі адамдары. Әлтай ата, Ақбала апа! Үлкен ағасы Қарпулла – Қырғызстанда прокурор. Кіші ағасы Асқар совхозда істейді. Айткүл деген сіңлісі бар, мектепте. Ел сыйлайтын берекелі, қасиетті үй», – деді.
Гу-гу сөздің арасында қызға тағы бір көз қырын салсам, ол да маған ұрлана қарап отыр екен. Көзге көз түйісті. Көз бен көз ұғынысты. Жүрек пернесі тағы да дір ете түсті.
Ойда жоқта бейтаныс қызбен осылайша кездескен түні сәуір таңын мен Дулат Шалқарбаевтың үйінде «Меңді қыз» атты жаңа әніммен атырдым. Сезімі сергек Дулат ағай лезде:
– Шырқай салып асқақ әнді.
Кең жайлауда жүр едің.
Жас жігіттің жарқын жанды
Билеп алдың жүрегін.
Жанарыңды көрген шақта
Жанған от па деп қалдым.
Құрбым, қатар отырсақ та,
Сөз айта алмай тоқталдым.
Өзің, жаным, аңсағаным,
Аңсағаным, Меңді қыз! – деп басталатын құмарлы, ынтық сөзін жазды. Мен Алматыны ұмытайын дедім. Есіл-дертім – Меңді қыз! Ауыл арасы дегендей... қызбен сөйлесу қиын. Лепіргеп жүрек те шыдатар емес. Тағаттан айырылдым. Араға жігіттер жүре бастады. Ауданның байланыс бөлімінде істейтін, менімен құрдас, ауылдас жігіт Бердібек велосипедпен ызғытып жүріп Меңді қызға менің хатымды тасыды. Бұл жайды Меңді қыздың ағасы, Жеңісбай есімді ауыл өнерпазы естіпті де. Бірақ есті қарындасының ішкі тілегіне ешқандай қарсылығы жоқтығын сездіріпті. Оны Меңді қыздың өзі де біліпті. Үміт оты жанды.
Арада бір апта өткенде «Коммунар» совхозының Мәдениет үйіндегі жастармен кездесу кешінде бұл әнді сол жас арудың өзіне орындаттым. Өзіне! Меңді қызымыздың шын аты Тиышкүл екен. Мен Тиыш деп атадым.
Сол кеш өтісімен Тиыш Ақтоғай ауылындағы біздің үйге келін боп түсті. Келін!
Әке-шешем үшін ақ түйенің қарны жарылды да қалды. Ауыл-аймақ, ағайын-туыс, жегжат-жұрат – бәрі қуанысты. Әкей мен шешей Тиыштың ата-анасын жақсы біледі екен. Соған мәз.
Ертеңінде әлемді дүр сілкіндіріп Юрий Гагарин космосқа ұшты, аман-есен туған жерге қайта қонды. Тиыш екеуіміздің қосылған қуанышты сәтіміз тарихтың осындай ұлы салтанатына ұласты.
Алматыда той жасадық. Маусым айы.
Тойға үш күн қалғанда бұрын менімен аралас-құралас жүретін Шәмші Қалдаяқов келіп, Тиыштың мандайынан иіскеп, шашынан сылап, еркелете еміреніп:
– Илья бауырым, қолыңа қондырған құсың құтты болсын! Жан-жүрегіммен тілекшімін саған, – деді де, көзінен жып-жылы нұр тарады. — Тиышжанды кеше көргелі бері «Бәрінен де сен сұлу!» деп жаңа ән бастадым. Өзіңе аян, Илья, менің бар байлығым – әнім ғой. Осы әнді тойларыңа арнадым. Майра Жүрсіновамен әзірлеп жатырмын. Және сенің «Меңді қызыңды» Сәжида Ахметоваға айтқызатын болдым.
Айтса-айтқандай, Шәмші той үстінде:
– Менің бұл әнімнің кейіпкері – жас келін Тиышжан! – деп мандолинамен Майра Жүрсінованы сүйемелдеді.
Жұрт жапырласа қол соғып жатқанда Шәмші Сәжида Ахметоваға ым қағып, менің «Меңді қыз» әнімді бастай берді.
О, шіркін, сол күнгі шаттығымыз! Оған бүгінгі бақытты өміріміз жалғасып жатыр...
Сол екі әннің хикаясын сол тойда болған бүгінгі белгілі кісілер – ерлі-зайыпты академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, өз замандастарым – ақын Қадыр Мырзалиев, академик Өмірзақ Айтбаев, журналист-жазушы Еркінбай Әкімқұлов, өз ағайындарымыз, академик Қосылған Күзембаев, тағы басқа да тілектес жандар, құрбы-құрдас, іні-қарындастарымыз дәйім сүйсіне еске алып отырады.
Өмірімнің бір жарқын беті осы.
* * *
«Қазақстан пионері» газетінде төрт жыл істедім. 1963 жылы күзде радио мен теледидар саласына ауыстым. Бұл жұмыста жай редакторлықтан радиодағы музыка редакциясының бас редакторлығына дейін көтерілдім. Маған «СССР радио-телеведениесінің үздігі» деген атақ берілді. Мұнда жиырма жылдай жемісті еңбек еттім. Қазақ радиосының сексен жылдығына арнайы шығарылған кітапта жазушы Дүкенбай Досжанов мені: «Қазақ радиожурналистикасының корифейі», – деп жазыпты. Сүйінішті сөз! Радио мен теледидардың Алтын қорындағы мен жазған музыкалы новеллалар мен музыкалы спектакльдер қазақ эфирінің классикасы деген бағаға да ие болып жүр. Оны жұрт жақсы біледі.Осы рахатты да мехнатты еңбектердің тағы бір саласы – зерттеушілік жұмысым. Ұшы-қиыры жоқ, бітпейтін іс. Оған өлшеулі ғұмыр да жетпес. Мен қазақ музыкасының жоғын жоқтаушы секілді фанатикпін бе, білмеймін... Арменияның тау-тасын кезіп, ән іздеген Комитас секілдімін бе, қалай?..
Не десеңіз де, мен – музыка зерттеушісімін!
Міне, менің болмысым! Марғұланша айтқанда, еңбекпен өткен өмірім!..
"Қазақ үні" газеті