Әйгілі «Қара көз» әнiнiң авторы Зеберше Оспанованы бiлесiз бе?
2016 ж. 11 ақпан
5204
1
Шардаралық апамыздың “Қара көз” әнi ел-жұртын әлi күнге әсем әсерге бөлеп келедi
Қазақтың қалың нөпiрi күллi түркi дүниесiнiң есiгi атанған қасиеттi Түркiстаны, қарт Қаратауы, таудай тарихы тарыдай талқан болған көне Отырары, басында кеме қалған қазыналы Қазығұрты, ерке Сырдай өзендi өлкесi, шағалалы, шалқар теңiздi Шардарасы бар оңтүстiк өңiрi өнерге де, өнерпазға да кенде емес. Кенде емес дейтiнiмiз сол, бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданынан (қазір Мақтарал ауданы) қызмет бабымен шағаласы шарқ ұрған Қызылдың құмына, Шардара ауданына қоныс аударып келген, қос аққудай жарасымды жұп құрған Есiмхан Қисабеков атамыз бен көзi тiрiсiнде ауыл-аймақты әуездi әнiмен әлдилеген Зеберше Оспанова анамыз жайлы болмақ. Сонау 60-70 жылдары Зеберше атты зерделi де, зейiндi анамыздың құдай қосқан қосағына деген жүрек түкпiрiнен жарып шыққан “Қара көз” әнi әлi күнге дейiн ол кiсiлердiң көздерiн көрген жандардың сүйiп те, сүйсiнiп те айтар әнi десек, асығып айтқандық та, асырып айтқандық та болмайтынын көзiқарақты, көкiрегi ояу сол жандар терiске шығармасына бүгiнгi буын өкiлдерi, бiздер, бәс тiгуге бармыз. Шығармашылығы ел арасына кеңiнен насихатталып, жыр-термелерi мен ән-күйлерi танылмай кеткен керемет талант иелерi қаншама..? Iзделмесе, шырқалмаса, көзiн құм басып қалған бұлақ секiлдi ән де азады. Әндi аздырған адам – халқын қорлаған адам. Ал ән жақсы болса, тыңдаушыға күндiз күннiң сәулесiндей, түнде жұлдыздың жарығындай әсер қалдырады. Олай дейтiнiмiз, Зеберше анамыздың: “Көңiлiмде бар түйгенiм, Сенсiң сәулем, сүйгенiм. Көптен күткен жарым менiң, Қара көз сүйгенiм” – деген ән жолдарын әсiрелеп айтқанда, санасында сәулесi бар адамдар тебiренбей шырқамас едi-ау! Иә, солай. Мұны қара өлеңнiң қаймағын қалқып iшпесек те, қалам ұстап жүрген бiз де жоққа шығара алмасымыз анық. Сол үшiн де, кезiнде Оңтүстiк өңiрiн әнiмен әлдилеген. Зеберше апамызбен қалай мақтансақ та, жарасады. “Сүйер ұлың болса, сен де сүй, сүйiнерге жарар ол” демей ме Абай атамыз? Бiз сөз еткелi отырған шығарма – сонау Бәйдiбек баба елiнен Сыр бойына келiн болып түскен Зеберше Оспанованың жан жарына деген жалынды сезiмiнен туған, кейiнiрек жұртшылықтың iңкәр дүниесiне айналған «Қара көз» әнi. Алпысыншы жылдардың бас жағында жалпақ жұртқа жайылған «Қара көз» әнi ұлы даланың ұлағатты халқына ұнағаны соншалық, сыбызғыдай сырлы сазымен ән сүйер қауымның арасына лезде-ақ тарап кеттi. Иә, Зеберше апа өз жүрегiнiң қалауына қарыздар екенiн дәлелдей алған, ерiм деп етегiнен ұстаған Есiмхандай қазақтың нар тұлғалы азаматына адал махаббатын мәңгiлiк өшпес әнiмен жеткiзе бiлген қазақтың қарапайым қызы. Өлең өлкесiнде сағыныш жайлы Төлегендей толғаған ақын бiздiң халқымызда некен-саяқ, ал ән әлемiнде жан жарына деген сағыныш сазын бiр әнiмен паш ете алған Зеберше апамыз ғана. Өзiм де ән жазамын, анығырақ айтсам, ән жазған боламын. Алайда, өзiмнiң махаббат, сезiм тұрғысындағы әуендерiмдi ыңылдай жүрiп, Зеберше апаның «Қара көзiн» ойлап қоямын. Бұл не? Қиял ма, әлде арман ба? Әрине, арман. Өйткенi Шәмшi ағаның өмiрiне бiр сәт көз жiберейiкшi... Артында өлшеусiз өшпес қазына қалдырған Шәкеңе көпшiлiк бас қосқан жерде «Ән айтыңызшы» деп қолқа салғанда, ол кiсi Естайдың «Хорланын» шырқайды екен. Неге олай? Неге өзiнiң керемет бiр әнiн орындай салмайды? Қай әнi болса да, таза лағыл сезiмнен туған дүние екендiгiне ешкiмнiң дауы жоқ қой. Ал ол кiсi тек «Хорланды» шырқайды. Мiне, көрдiңiз бе, Шәмшiдей шалқар шабыт иесiнiң өзi ұлы махаббатын кiшкентай жүзiкке сыйдырған Хорландай алаш аруына арзу-арманын асқақ әнiмен айта алған Естай ақынның ұлылығын мойындай бiлген, сезiне бiлген. Дархан дарын иесiнiң нақ осы әнге деген ынтызарлығы кейiнгi бiр тың туындылардың дүниеге келуiне себеп болды ма екен бәлкiм...? Өмiрiмiз халқымыздың той-думанымен өтiп келе жатыр. Ғылым мен техниканың дамығаны осындай-ақ болар, әншiлердiң дауысы да жанды, жансыз болып бөлiне бастады. Жанды дауыс бойында тiршiлiк белгiсi бар, кеудесiнде жаны бар адамнан шығады. Жансыз дауыс өзiнiң өлi қожайынын тауып алсын. Жә, әдемi әңгiменiң желiсiн басқа арнаға аудармай-ақ қояйын. Айтпағым, асабалыққа арнайы шақырылған тойларда Жақсыбай екеуiмiздiң ең алғашқы орындайтын әндерiмiздiң бiрi осы «Қара көз» әнi. Бұл ән шырқалғанда отырған меймандардың қай-қайсысы болса да рахаттанып, жандары жадырап қалады. Iштерiнде осы әндi бiлетiн кем дегенде екi-үш адам табылады. Қосыла шырқайды. Құмарларынан шыға алмай қалса, қайтадан өтiнiш жасайды. Не үшiн? Барша адамзат баласын асықтырып-үсiктiрiп қойған дәуiрде күллi күйбең тiрлiктi бiр сәтке болса да, естен шығаратын бұл әннiң не құдiретi бар сонша? Демек бiр құпиясы болғаны-ау, сiрә? Мiне, оқырман ол – ақиқат. Адам жанын бiр тыңдағанда-ақ баурап алатын әннiң тылсым сиқыры жүрек тебiрентер ырғағы мен мәтiнiнiң мәндiлiгiнде. Сөзi мен әуенiнiң үйлесiмдiлiгi бiр сұлудың жұдырықтай жүрегiнен шымырлап шыққан өмiрлiк серiгiне деген селдей сезiмнiң куәсi емес пе? Әндi зер салып тыңдай отырып жаны жылылықты сүйетiн кез келген ер-азаматтың “Шiркiн, менiң жарым да маған осылай ән арнаса” деген ойда қалары сөзсiз. Зеберше Оспанованың "Қара көз" әнін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де шырқап жүреді екен. Ол туралы белгілі ақын, журналист Мылтықбай Ерімбетов "Астана ақшамы" газетінде ( http://www.astana-akshamy.kz/?p=22181 ) әдемі суреттейді: "Астанадан, Ақордадан ән төгілді. 8 наурыз күні бір топ әйелдерді қабылдап құттықтаған Елбасы гүл, сый-сияпат жасап болған соң, олармен бірге өзі бастап ән шырқады. «Сүйгенім менің қалада» деген ән. Жайнаған гүлдер далада, Сүйгенім менің қалада. Сенсің менің сүйгенім, Басқаны қалама. Көңілімде бар түйгенім, Сенсің, сенсің сүйгенім. Көп күттірген жарым менің, Қарагөз сүйгенім, – деп жастық шағымыздан құлағымызға сіңісті болып, жүрегімізге орнығып қалған, көңілге таныс, жүрекке ыстық әнді естігенде және оны өз Президентіміз шырқағанда, ол кісінің әншілік талантына таңырқап және мақтаныш сезімі кеудені кернеп, естелік толқынына сүңгіп кеттім…" Ақындық арынымызға сәл ғана тежеу сала тұрып, әңгiме ауанын Зеберше анамыздың жан жары Есiмхан Қисабековке қарай ауыстырайық. Көршiлес Киров ауданының төл тумасы, өлең өлкесi мен ән әлемiнде қыран құстай қатар қалықтаған талантты Есiмхан ағамыздың милиция формасын киген қалпында Мәскеудiң Съездер сарайында ән шырқауы, ән болғанда да “Қыз Жiбек”операсынан Бекежанның ариясын орындауы – онша-мұнша әншiнiң пешенесiне жазыла бермейтiн несiбе әрi бақ демей көрiңiз. Кейiннен естi де елгезек атамыз ел тыныштығын қорғау үшiн әуелi Шардара қаласында, кейiннен Сыр маржаны саналатын ақ күрiштен ақ тау тұрғызған “Қазақстан” кеңшарында милицияның учаскелiк инспекторы болып өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн қалтқысыз қызмет еттi. Әйтсе де, құқық қорғау саласы қызметкерлерiнiң өмiрi қыл үстiнде тұратыны жасырып, жабуды қажет етпейтiн ақиқат. Мойнына құрық салдырмайтын қанды қол қылмыскерлердiң қолынан қапыда қаза таппағанда ел ағасы ретiнде елiне сiңiрген еңбегi еленiп, ортамызда ақылгөй ата атанып жүрер ме едi, кiм бiлсiн?! “Алланың iсi ғой” деп өзiмiздi өзiмiз жұбатқаннан басқа не келедi қолымыздан? Жатқан жерлерiңiз жайлы, топырақтарыңыз торқа болсын деймiз де, қайтемiз! Сағыныштың құны, сүйiспеншiлiктiң бағасы ұялы телефондағы жазбамен өлшенiп қалған мына заманда “Қара көздей” ән туа қояр ма екен..? Әй, қайдам...? Тағы бiр таңқаларлық жайт, қызмет үстiнде қанды қарақшының қолынан қаза тапқан Есiмхандай жарынан ерте айрылған Зеберше (Жiбек) апаның осы әндi орындап отырғанда жүрегi тоқтап қалып, жарық дүниемен қош айтысуы. Бәрi де бiр Алланың қолында. Десек те, ғашық жанның жарға деген адал махаббатына қалайша сүйсiнбейсiң?! “Елжiреп сүйер жүрегiм,Бақытым сенсiң бiлемiн.
Сағынтпа менi жан сәулем,
Өзiңсiң тiлегiм” –
деп, жалған дүниеде жар қызығының бал дәмiне, мейiрiмiне қана алмаған әзиз жүректер шын дүниенiң жұмағында қол ұстасып, арман жырын сызылта әуендетiп жүрген шығар? Кiм бiлсiн? Тамыры бiр бәйтеректiң бұтағы ала болмайды. Жаратқанның өлшеп берген жасын жасап, бұл жалғанды мезгiлсiздеу тәрк етiп кеткен қос асылдың артында қалған ұрпақтары да тегiн болмауы керек. Лайым солай болғай да... Әбдіғаппар АЙДАР 02.01.2016 жыл. *Төменгі суретте Зеберше оң жақта тұр qazaquni.kz