СҮЙГЕНІҢДІ АЯЛАЙ БІЛ...
2016 ж. 10 ақпан
4015
5
Қазіргі таңда «сүйемін, күйемін» деп қосылған жас отбасылардың дені араға аз уақыт салып айрылысып жатқаны бәрімізге мәлім. Ең өкініштісі – мұндайлардың қатарын жастарға үлгі көрсетуге тиіс үлкендер жағының толықтырып жатқандығы. Осылайша, ажырасу – қоғамның дертіне айналғаны жасырын емес.
М.Әуезов атындағы Академиялық театрда өткен «Қоштасқым келмейді» драмасының премьерасы осынау өзекті мәселені еске салды. Жиналған қауым да қойылымнан бір сәт сонау жанға бататын өмір шындығы туралы толғанып тарағандығы даусыз. Әйтеуір, белгілі орыс драматургі, сценарист ақын Александр Володиннің «С любимыми не расставайтесь» шығармасы желісі бойынша сахналанған қойылым көпшілік көңілінен шыққанын аңдадық.
Өмірлік серік боламыз деп серттескен жандарға тағдыр өзінің «тосын сыйларын» ұсынып тұратындығы да тіршілік заңдылығы шығар. Қойылымда бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүре алмаған сегіз отбасы ажыраспаққа шешім қабылдайды. Ажырасудың себебі – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіп, күмән мен күдікке бой алдыруы. Екіге айырылып, жөндерін табу үшін сот залына келген оларға судья отбасын сақтап қалуға кеңес бергенімен, оған ерлі-зайыптылардың құлақ асар түрі көрінбейді. Өйткені, олардың әрқайсысының дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы әртүрлі...
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың режиссерлігімен қойылған бұл қойылымының басты ерекшелігі – мұнда театрдың үш буын өкілдері бас қосады. Талас-тартысқа құрылған қойылым барысында көрерменнің дені басты кейіпкерлер – Катя мен Митяның тағдырына көбірек алаңдады. Жас-жұбайлардың араларында болған кейбір түсініспеушілік пен келіспеушілікке қарамастан, олар бір-біріне деген кіршіксіз таза сезімнің арқасында өз шаңырақтарының отын қайта үрледі. Бұл тұрғыда театрдың жас актері Абзалбек Асхатұлы мен Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Салтанат Бақаева өздерінің актерлық шеберліктерін көрсете білді.
Сүйе білу кім-кімнің болса да қолынан келуі мүмкін, бірақ сүйген жанды қадірлеу, оның кемшілігін кешіре білу екінің бірінің қолынан келмесі анық. «Қоштасқым келмейді» қойылымы осынау ізгі қасиеттерді әрбіріміздің бойымыздан табылуға үндейді. Кездесу мен қоштасу – өмір заңы десек те, үлкен өмір жолына қол ұстасып бірге аттанған жандардың ешбірі де ажыраспаса екен...
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz