ХАЛҚЫ ҚАДІРЛЕГЕН ҚАДЫР ЕДІ...
2016 ж. 09 ақпан
4936
16
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының ардақты азаматы, ел ағасы, осынау кең аймақ қадір тұтқан Қадыр Есілбек ақсақал дүниеден озды.
Қадекең пікірімен өлке басшылары да санасатын, ауыл-аймағы әр сөзіне құлақ асатын ақылгөй қарттардың бірі еді.
Қарттық туралы ой толғаған Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-аймаққа әмірі жүретінді ақсақал атайды. Ал елдік сананы қалыптастыра алмай, ауыл-аймақ күйбеңінің шырғалаңында жүргенді шал дейді» деп қарияларға түрлі сипаттама берген-ді.
Ел ішінде тыныштықтың сақталуына, ағайын-туыстың ынтымағы мен бірлігінің ажырамауына үнемі ықпал етіп отыратын қазыналы қариямызды арамыздан алып кетті.
1932 жылы 3-қаңтарда Қызылқұм ауданы «Аққұм» ауылында (қазіргі Отырар ауданы, «Ақтөбе» ауылы) дүниеге келген Қадыр Сәрсенбайұлының алғашқы еңбек жолы да туған топырақтан бастау алады. Кезінде КОКП Орталық Комитеті пленумының шешіміне байланысты шаруашылық мамандары МТС қарауына берілген-ді. Осы тұста, яғни 1953-1955 жылдар аралығында Қадыр Есілбек Шәуілдір ауданындағы «Шәуілдір» малдәрігерлік учаскесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Кейін әскер қатарына шақырылды. Сөйтіп, 1955 жылдың 21-қарашасынан 1957 жылдың наурызына дейін Кеңес Армиясы қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Елге қайтып оралысымен-ақ, ОҚО Арыс ауданы Қараспан МТС-не қарасты Қызылқұм малдәрігерлік бөлімшесінің тізгінін қолға алады. Сөйтіп, төрт түліктің саулығын сақтауға септігін тигізіп, еліміздің ауылшаруашылығы саласының дамуына бір кісідей үлес қосты. Кейін, 1963 жылы құрылған ОҚО Қызылқұм ауданындағы «Ақтөбе» кеңшарының №4 бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне кіріседі. Өзіне сеніп тапсырылған кез келген қызметті асқан жауапкершілікпен атқара біліпті. Сондықтан болса керек, ол кісіге 1973-1986 жылдары Ақтөбе кеңшарының база меңгерушісі, 1986-1989 жылдары Арыс қаласындағы №13 мектеп-интернаты директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары сынды іскерлікті қажет ететін істерді атқару жүктеледі.
Қадыр Сәрсенбайұлының осы тұстардағы еселі еңбегін бұ кісімен бірге қызмет атқарған ҚР Білім беру ісінің үздігі, Арыс қаласының құрметті азаматы Қонысбек Балқынбеков: «Қадыр Есілбек көкеміз №13 мектеп-интернатқа директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарлығына келгенде, мен аталмыш оқу ордасында директордың міндетін атқарушы қызметінде едім. Ол кісіні ұжымдағы үлкені де, кішісі де құрмет тұтатын. Өйткені, өз ісінің білікті маманы. Шаруашылық жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде мектебіміздің өңі кіріп, ажарлана түскенін айтуға тиіспіз. Сондай-ақ, біз тек қана қызметтес емес, отбасымызбен бірге қоян-қолтық араластық. Қырық жылға жуық әр салада, өзінің адал еңбегімен қызмет еткен Қадыр Есілбек ағамыз ел құрметіне бөленген жан еді» деп тебірене еске алады.
Елдің әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін сол бір 1990-1992 жылдарда Қадыр Сәрсенбайұлы «Арыс Агропромтехника» бірлестігінің аға инженері қызметтерін атқарып, аймақтың аграрлық саласының қарқынды дамуына септігін тигізді.
Ел басқарып, атқамінер атанбаса да, адал еңбек, маңдай терімен қарапайым қызметтерді атқару арқылы ауыл жұртшылығының алғысына бөленген атпал азамат халықтың қалаулысы да атанды. Өйткені ол елмен етене араласты. Халықты толғандырған өзекті мәселелермен жете танысты. Ақтөбе ауылдық кеңесінің бес мәрте депутаты, Қызылқұм аудандық кеңесінің бір мәрте депутаты болып сайлануының өзі ол кісінің іскерлігін көрсетсе керек.
Қадыр Сәрсенбайұлы шынында да өмірі өнегемен өрілген жан еді. Ол кісі шаңырақта асқар тау әке, аяулы жар, ардақты ата еді. Өмірлік серігі Құрбанкүл Үсенқызы екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, жиырма немере, екі шөбере сүйді.
Қадыр Есілбек көзі тірісінде мұсылманның парызын өтеу мақсатында Мекке-Медина қаласына қажылық сапарға арнайы барып қайтты. Сөйтіп, қадірменді қария өзінің саналы ғұмырында өскелең ұрпақ бойына имандылық шарттарын сіңіруге атсалысты. Арыс ауданының қажылар қауымдастығының төрағасы Қадыр Сәрсенбайұлы ел ішінде сауатты түрде уағыз айтып, ізгілік бағыттарының кең насихатталуына үлес қосты.
Елдің ынтымағы мен бірлігін арттыру жолындағы орасан зор еңбегі ел алдында бағаланған-ды. Яғни, көптеген Құрмет грамоталарымен, медальдармен марапатталды.
Ол кісінің ерен еңбегін ел тұрғындары да ерекше еске алады бүгінде. Арыс қаласы, Сырдария елдімекенінің тұрғыны Әбдімұрат Тоқтаров:
«Көпшілік орындарда Қадыр Есілбек ағай ұсынған ой-пікірлерді мойындамайтыны жоқ десек, артық айтпағанымыз. Ол кісі сыртқы келбеті мен ішкі жан дүниесі астасып жатқан ардақты азамат еді. Билік басында отырған басшыларға да құрметпен қарайтын. Оларды жөн-жосықсыз сынап мінейтін кейбір тұрғындардың орынсыз әрекетіне тосқауыл қоя білетін. Мұның өзі ол кісінің ішкі мәдениетінің жоғары екендігін көрсетсе керек-ті.
Сонымен қатар, ауыл көлемінде туындаған келеңсіз жағдайларды туыстық тұрғыдан бөліп-жармастан оң шешімін табуға септігін тигізетін. Бұл кісінің бітімгершілік қабілетін ел тізгінін қолға ұстаған атпал азаматтар да жоғары бағалайтын. Әр пікіріне құлақ асып отыратын. Мен мұның барлығына бұл кісімен көрші тұру арқылы өз жеткіздім. Қадекеңнің қазасы баршамызға оңай соққан жоқ. Ағамыздың пейіште нұры шалқысын дейміз» дейді.
Әрбір ісі өскелең ұрпаққа өнеге бола білген жан ел-жұртының жадында мәңгі сақталары анық. Ендеше, біз де жәннаттан жай бұйырғай деп тілейміз!
Боранбек Шүкірбеков,
Шымкент, Арыс қалаларының құрметті
азаматы, Социалистік Еңбек ері:
ЕЛДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ ЕДІ...
Қадыр бауырымыз жастайынан зерек болатын. Еңбекке де ерте араласты. Соғыстан кейінгі жылдары мал шаруашылығы саласының маманы ретінде Қызылқұм ауданындағы малдарды залалсыздандыру жұмысына белсене араласты. Тындырымды тірліктер атқарғандықтан басшыларының көңілінен шыға білді. Арыс қаласына келгеннен кейін де оның мойнына жауапты қызметтерді атқару міндеті жүктелді. Тіпті, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де елдің тірліктеріне етене араласты. Тек қана ағайын-туғанның арасында ғана емес, ел арасында орын алған дау-дамайға да өзінің байсалды мінезімен әділ шешім айта білді. Қадыр ағамыз келіспей қалған екі тарапты мәмілеге келтіріп, ел құрметіне бөленген абыз қария еді. Қадыр ағамыздың жаны жәннатта болсын дейміз.
Төлебай қажы Ысқабаев,
Арыс қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы:
ҚОШ БОЛ, ҚАДЫР АҒА!
Қадыр аға жас кезінен-ақ мейірімді, әрі адамгершілігі мол азамат еді. Қашаннан-ақ ізінен ерген інілеріне қамқорлық танытудан танбайтын. Сол бір қиын-қыстау заманда қырғауылды, қоянды тұзақпен ұстауды үйрететін. Соғыс жылдары қыстың қақаған суығында бізге Көккөлдің мұзын ойып, балық аулап беретін. Яғни, ол кісі қандай қиын кезеңде де, қол қусырып қарап отырмайтын. Сарыарықтың жазығына, Мұңлық-Зарлық әулиелерге жақын жерге тары, қауын, асқабақ өсіріп, оны күзде жинап алуға басшылық жасайтын. Ол кісінің ел жадында қалған бір ерекше қасиеті – еңбексүйгіштігі дер едім.
Біз жастайымыздан бірге өстік. Сонымен қатар, 1980-84 жылдары бірге қызмет атқардық. 2007 жылы Меккеге қатар барып, қажылық сапарымызды өтеп қайттық. Осылайша тонның ішкі бауындай, ағайынды-бауырдай араластық. Ол кісі 84 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Қадыр ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болуын Алладан дұға етеміз!
Дайындаған: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
"Қазақ үні" газеті