Әйтеке би әлемі
2021 ж. 07 мамыр
16771
23
Астана қаласындағы жоғарғы сот ғымаратының алдында үш данагөй қария қаз-қатар отыр. Олар Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би және Әйтеке би. Түр-тұрпаттарына қарағанда біраз жас жасағаны байқалады. Жүз-өңдері де келіскен. Бірінің басында сәлдеге ұқсыс бас киім, екіншісінікі айыр қалпақ, үшіншісінікі дөңгелене біткен сусар бөрік. Бұл ұлы үш бидің үнемі кеңес құрып, осылай оңаша отырғандары тарихта таңбаланған. Сонда бұл соңғы рет қашан болды десеңіз, «Қазақ ұлттық энциклопециясы» және «Елтұтқа» кітабы 1700 жылды көрсетеді. Яғни кітаптар Әйтеке биді 1644 жылы дүниеге келіп, 1700 жылы 56 жасында дүниеден өткен деп көрсетіледі. Демек, мұндай үш ұлы бидің бас қосып сұхбат құруы дәл сол 1700 жылдан кейін мүмкін болмайды. Бір тамашасы сол «Ұлттық энциклопидия» мен «Елтұтқа» кітаптары Төле биді 1663-1756, Қаз дауысты Қазыбекті 1665-1765 жылдар арасында өмір сүрген деп төрелік береді. Бұған қарағанда Әйтеке бимен 1700 жылы өлер шағнда сұхбат құрысқанда, Төкең небәрі 37, ал Қазыбек-35 жаста болады. Сонда бұлардың егде тартқан адам сияқты мүсіндері Астана қаласында, Жоғарғы соттың ғимаратының алдында неге тұр? Егер олар сұхбат құрмай, мүсіндері былайша қойылған болса, Алматыдағы Ғылым Академиясының алдында қазақ ғылымының аталары, көшбасшылары боп саналатын Әбу Насыр әл-Фараби бабамызды сәлделі, ал Шоқан Уәлихановты орыс офицерінің киімімен неге сұхбат құрғызып қаз-қатар орнатпаймыз?! Бұл біздің келеңсіздікті Әйтеке би өмірін, оның сіңірген қызметін көрсетудегі іс-әрекеттердің соншалықты сынағы санаға сия қоймайтынын байқату үшін жазып отырмыз. Мысалы балалық шақтағы әсер ғұмыр бойы қаз-қалпында сақталады. «Менің елім Қазақстан» деп аталатын балаларға арналған энциклопедиядағы жазуға сенсек, «Кіші жүздің биі Әйтеке би Бәйбекұлы 1682-1766 жылдар арасында өмір сүріпті (қараңыз 107-бет). Ал «Жалын» баспасынан 1993 жылы 300 мың данамен басылып шыққан Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы жазды дейтін «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабы былай дейді: «Астанасын Асыға орнатқан (Ясса-Түркістан қаласы) Тәуке өзіне ақылшы етіп Арыстың Ақ тұқымы Төлені, Арыстың Жан тұқымы Қазыбекті, Арыстың Бек тұқымы Айтықты алған. Айтық (Әйтеке би) алғашқы екеуінен кіші болған. Ол Төледен төрт, Қазыбектен екі жас кіші болатын, бірақ ол аз жасап 56 жасында дүниеден өтті» (қараңыз 210-бет). Бұған қарағанда Әйтеке би 1667 жылы дүниеге келгені көрініп тұр. Бұл қазіргі таңда халыққа кеңінен танымал кітап, Әйтеке бидің қашан өлгенін де көрсете кетеді: «Әбілқайрдың өлімі және осылай болуы біреудің қолынан өлері хақ еді. Ұлу жылы (1748 жылы) Барақтың оны өлтіргенінен қазақ елі құлақдар болғанда, оған ешкімнің де жаны ашыды деп айту қиын еді. Соның бір мысалы тұрғысында Айтықпен (Әйтеке би) кездесуімді айтсам болады. Кіші жүз Құндақұл қарияның асына тышқан жылы Айтық аға да келген екен. Сонда онымен ақтық рет кездестім. Ол демікпе ауруына (астма) шалдыққан екен». В.А.Моисеев «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII вв» деген кітабында (Алматы, «Ғылым» баспасы 194-бет) «Нұралы сұлтан әкесі Әбілқайырды өлтерген Барақты құрамында Ұлы жүз Төле би, Кіші жүз Әйтеке би, Шөмекеден Жалған би, Шектілерден Сырлыбай мен Баба би, Ысықтан Көбек мырза кірген билер сотына тартты, сот Барақты ақтады» - деп жазады. В.А.Моисеев бұл деректерді Ш.Уәлихановтың 1985 жылы шыққан 5 томдығының 4-томынан, 88-ші беттегі деректен алдым деп көрсетеді. Шоқан Уәлиханов болса онда былай деген: «Мәселен Орта жүздің аса күшті билеушілерінің бірі Барақ сұлтан 1758 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіріп, өзін тергеу үшін барлық қазақ билерінің ішінен төртеуін таңдап алып, сот құрады. Олардың қатарында Үлкен Ортадан Төле би, Кіші Ортадан Әйтеке би кірді» - деп көрсетеді. Әтине, бұнағы 1758 жыл жаңсақ ұғым. Негізінде ол он жылға тұтас қателескен болуы мүмкін. Себебі әлгі оқиға 1758 жылы емес, 1748 жылы болған. Содан екі жыл өткенде Әбілқайырды өлтірген Барақ сұлтан Түркістанның түбінде, қасиетті қазан құйылатын Қарнақта бір қожаның үйінде улатып өлген. Қолдағы бар деректерде Барақ сұлтан былай дейді: «Төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы – Найманның Өтебейына өз атынан сәлем жолдап, егер солай Әбілқайырды өлтіргенің теріс болса, басымның еркін соларға беремін» - дейді. Дәл сол 1748 жылдың қазан айының 2-сінде Әбілқайырдың орнына Бопай бәйбішенің аулына баласы Нұралы ақ киізге салынып хан көтерілген Кіші жүздің үлкен жиынында Әйтеке аты аталмайды. Дәл осы кезеңде Батыр сұлтанды да өз жақтастары хан сайлап жатқанда, солардың арасынан Әйтеке бидің екі баласы – Жалтыр мен Қонысбайдың аттары тарихта таңбаланып қалады. Жалтыр мен Қонысбай есімі 1931 жылы қазақ даласына келген Тевкелеев күнделігінде де ұшырасады. Бірақ Әйтеке би туралы айтылмайды. Ал енді Әйтеке бидің 1644 жылы дүниеге келді деушілер, оны мүмкіндігінше Самарқан қаласындағы аса ірі құрылыстарды жүргізген қолбасы Жалаңтөс Баһадүрмен барынша байланыстырғысы келеді. Жалаңтөс 1576 жылы Сырдың Аралға құяр сағасында дүниеге келіп, 1656 жылы дүниеден өтеді. Осыған орай 1644 жылы дүниеге келген Әйтеке би Жалаңтөстің қолында 12 жыл ғұмыр сүреді делінеді. Бұндай пайымға келушілер, Алшындар 1700 жылдары Әйтеке би өлген соң Нұрата тауынан түп көтеріліп, Сыр бойына қайта көшкен, ана қорымдар сол күні ұмытылған деп те төрелік береді. Әйтеке би жайында сүбелі зерттеу еңбек жазған Әбіш Кекілбай: «Ел арасында Әйтеке Шу, Сарысу жағында қалды, Келес бойында қалды деген еміс-еміс хабарлар тегін тарап жүрмесе керек. Бәлкім, бабалары Сейітқұл, Жалаңтөс, Ақшалардың қастарына жерленуі де ықтимал» дейді («Үш Пайғамбар» 121-бет). Жалпы тарихта салыстыра отырып тексеру әдісі көбірек қолданылады. «1680 жылы Қазыбек би үш жасқа толғанда кейінде Әз Тәуке атанған атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді» дейді «Үш Пайғамбар» атты кітаптың 64-беті (Софы Сматай, «Қаз дауысты Қазыбек»). Бұған қарағанда 1680 жылдары енді ғана 13 жасқа келген Қаз дауысты Қазыбек атақты «Жеті Жарғыны» жазыса алмайды емес пе?! Кемінде тағы 10 жылдай өтуі керек... Ал енді 1690-шы жылдары Мәртөбеде бас қосу біржолата тоқталған болатын. Демек олар Күлтөбеге баруы тиіс! Төле би болса Тәуке таққа отыратын 1680 жылы небәрі 17 жаста екен. Демек, 13 жасар Қазыбек, 17 жасар Төле Тәукені хан сайлайтын шырғалаңға қатыса алмайды. Хандық қақпақылға негізінен Сылқым Жәңгірдің екі ұлы – Уәлибақы мен қалмақ әйелден туған Тәуке тартысқа түседі. Тәуке жеңіп, Уәлибақы Үргенішке, қайын жұртына – Қайып ханға катеді. Тарих дөңгелегінің тағы бір айналасында Тәукеден тараған ұрпақ елді «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратады. Үргенішке жеткен Уәлибақыдан атақты Абылай туады. Ол жаугершілік үшін «Қанішер Абылай» атанады. Қанішер Абылайдан Көркем Уәли туады. Көркем Уәлиден 1711 жылы Әбілмансұр дүниеге келеді. Әбілмансұр 1731 жылы болған шайқасты атасы «Қанішер Абылайдың» әруағын шақырып, Шарышқа қарсы ұмтылады. Айқас соңында бала ноян аталас бауыры Әбілмәмбет ханның құшағынан бір-ақ шығады. Әбілмәмбет хан болса, баяғы өз атасы Әз Тәуке мен әкесі бір, шешесі бөлек, бәйбішеден туған Уәлибақының Үргенішке өкпелеп кеткенінен хабардарлығы ілініп, кешегі Әбілмансұр – Сабалақты өз орнына хандыққа ұсынады. Бірақ ибалы да көреген, бір Шарыштың басын шаптым екен деп дүйім елді дәргейіне қарата алмасын білген Әбілмансұр – Абылай ағасы Әбілмәмбеттің қолтығында жүре тұруды өзі қалап алады. Ол 25 жасында 1736 жылы Орта жүзге сұлтандыққа бекітіледі. 1739 жылы бас хан Әбілмәмбеттің қасына еріп Орскі қаласына барады. Абылайдың алғаш хатқа түсуі осы 1739 жылғы Орскі сапары... Жалпы қазақ елінің Әз Тәукенің тұсында ептеп ес жиюы 1708 жылдарға сәйкес келеді. Дәл осы жылдары Хан Кеңесі Бөгенбай мен Әбілқайыр бастаған 30 мыңдық қолды Еділ-Жайықтан бері өткен казак-орыстарға аттандырады. Атақты «Қарақұм» кеңесі шақырылады. Қолдағы бар деректер «Жеті Жарғы» дәл осы кездері жазылғандығын байқатады. Бұл кезеңде Төле 47-ге, Қазыбек 45-ке келеді. Ал Әйтеке тірі болса, әрине жұрт жабыла жазып жатқандай 1644 жылы дүниеге келген болса, 66 жастан асып қалады. Бізге Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің туған, қайтыс болған жылдары белгілі, сонда солардан Әйтекенің 20 жастай үлкен болуы мүмкін бе?! Осы жас айырмашылығы олар өзара сұхбаттасқанда неге білінбейді?! Жиырма жас үлкен адамды қазақ дәстүремен «аға» деп құметтемеуші ме еді?! Неге осы үш биден қалған алтын мұраларда бұл дәстүр сақталынбаған? Қай кездері болсын, Төле би үлкен көрінеді, соның алдына барады. Егер біз анық 1644 жылы Әйтекенің дүниеге келген күні деп белгілесек, онда ол атақты «Жеті Жарғыны» жазуға қатыспай қалуы мүмкін... яғни оған ғұмыры жетпейді. Сонда не істеуге болады?! Жалпы Әйтеке би туралы толымды әңгіме айтқан әлемде бір-ақ шығарма бар, ол атақты Қожаберген жырау жырлаған «Елім-ай» дастаны. Бұл шығарманың аса құндылығын абыз қарт Мәшһүр-Жүсіп Көпеев және академик Манаш Қозыбаев толық мойындаған, сол жырдан жарытымды жауап тапқан. «Елім-ай» дастанын қазақтың аса ғұлама шежіресі Шәкәрім Құдайбердиев жоғары бағалаған. Біздің замандасымыз, қарымды қаламгер Әбіш Кекілбай да аса шеккі көрмейді. Бұл ғажап туынды әлі толық зерттелінбеген. Бұл шығарма бір сәттік оқиғаның желісін емес, қазақ-қалмақ қырғынының тұтас картинасын беруді мақсат тұтқан шығарма. Ауыз әдебиетіне тән түрлі оқиға, ой алмасулары әрине, біреулердің күмәнмен қарауына жол ашатыны анық, әйтсе де анықтап зер салған, оның үстіне жыраулық поэзияның шарты мен заңдылықтарын, оның бір мезгілде алып панорамалық және өмір-баяндық нұсқаға, тіпті әндік элементтердің араласуынан тұратынын білгені, зерделеуі жөн. Бұл ұлы шығармада көптеген фактілер, заңдылықтар, аксиомалық тұжырымдар кездеседі. Сол себепті бұл туындыны бір ғана дастанның аясында қарастыру, басқа шығармалармен салыстырмау, сондай-ақ ондағы фактілерді шындықтың шырайымен шендестірмеу, құр көкіректік, өзімбілермендік болмақшы. Әуелі Қожаберген жырау Толыбайұлының өмірде болғаны анық! Екіншіден, оның «Елім-ай» дастаны, сондай-ақ «Елім-ай» әнін шығаруы айдай ақиқатқа жатады. Үшіншіден, оның «Елім-ай» дастанында айтқандары, сөз қозғаған мәселелері де сол уақыттың шындығымен үндеседі. Рас, оның синхрондық құрылысы біршама бытысқан, оқиғалар тізбегі бірінің үстіне бірі шыққан, ойдың тығыз байланысы әлсіреген, бірді айтып отырып екіншіге ауыса салатындай көрінеді. Бұл бірақ шығарманың құнын жоймайды, қайта арттырады. Өйткені оны бергі айтушылар, бізге жеткізушілер жасаған. Шығарманың құрылуы, тілдік құрам, баяндау тәсілі сөз жоқ батыр, жырау, би, ақылгөй, елдің жай-жапсырын жақсы білетін, мінезі сырбаз адамды көзге елестетеді. Ол тіпті өзінің қос ұлынан қалай айрылып қалғанын да жасырмайды. Жырда сол кезгі оптимистік ой, аса биік рух байқалады. Ғажабы сол, соншама аласапыранда, «Ақтабан шұбырындыда» есін жоғалтпайды. Бүгін бұлар жеңілген, ертең оларды тәубесіне түсіретіндей қалыппен әңгіме қозғайды. Шығарма қай кезгі оқиғаны суреттейді?! Ол сөз жоқ 1723-1724 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» арналған. Дәлел керек пе, мінекей... Бар болсаң, ісімізді оңда, Құдай, Қазақты қан майданда қолда, Құдай! Әз Тәуке өлгеннен соң быт-шыт болдық, Қазақтың басын қосар көсем болмай... Ал әрбір тарихтан хабары бар адам әз Тәукенің 1718 жылы дүниеден өткенін білуі тиіс қой дейміз. Әз Тәуке өлісімен тақ таласы басталады. Тәукенің ортына Батыр болады, бірақ бір мезгілде Әбілқайыр Кіші жүзді бөліп алады. Қайып, Сәмеке, Әбілмәмбет Орта жүзге қарайлайды. «Елім-ай» дастаны бұл қиын жағдайды былай деп суреттейді: Сәмеке, Қайып, Болат сұм, Соңына елді ерте алмай Қонтайшыға сатылып, Елдің сырын ашқан күн. Шығырмақ күнім түн болды, Хан мен сұлтан жын болды. Сәмеке, Қайып, Болаттың Сатқындығы шын болды. Әбілмәмбет солқылдақ, Ақ балшықтай борпылдақ Келіспейді ерлермен, Қабандарша қорсылдап. Жауларға қарсы тұрды Алшын қолы, Кесілді еріксізден қалмақ жолы. Аймақкөл жағасына жетсек-дағы, Келмеді Әбілқайыр жиын тобы. Көп тостық Әбілқайыр келеді деп, Тосыннан жауға соққы береді деп. Алайда негізгі қол көрінбеді, Қорықтық халық түгел өледі деп... Қамданып жасақ жиып, тігіп шатыр, Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр! Сәмеке, Әбілқайыр, Қайып, Болат, Көмегі қазақтарға болмады ақыр! Белгілі қаламгер Әбіш Кекілбай: «Ендеше әңгіме 1710 жылғы Қарақұм Құрылтайында Әбілқайырдың әскербасы болып сайлануында болса керек!» деп ой қорытындысын жасап, Әйтеке бидің ғұмырнамасын біршама шатастырып алады. Ал енді болған аласапыран оқиғаның ішінде жүрген Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында: «Алайда негізгі қол көрінбеді, Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр?!» деп сұрауының өзі-ақ 1723-24 жылғы қанды қырғында Әбілқайырдың негізгі қолдың бас қолбасшысы екенін тайға таңба басқандай баяндап береді. Атақты дастанда мұнан бөлек Әйтеке бидің атынан айтылатын мынадай жыр жолдары бар: Төреден Әйтеке би безін деді, Келді ғой көсем болар кезің деді. Қазақты батыр, көсем басқармаса, Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді. Хан, сұлтан, төре күні өткен деді, Олардан ақыл, айла кеткен деді. Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қып, Басқарар енді уақыт жеткен деді. Ақылды болсын батыр көсем деді, Басқарса қазақ болар есен деді. Көрші елмен татуласып, тіл табысар, Тағы да болсын өзі шешен деді. Осындай көптен көсем ізде деді, Хандарды шеттетуді көзде деді. Қазақты төре бастап көгертер деп, Малтаңды би мен бектер езбе деді. Үш жүзден үш ақылшы болсын деді, Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді. Сайланған көсемдерің кемеңгер боп, Қазақтың болшағын шолсын деді. Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады, Бас қосып дұрыс кеңес құра алмады. Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп, Ортадан батыр, көсем шыға алмады. Өткен күн ойлағанмен қайта оралмас, Бақыт құс ұшып кеткен қайта қонбас. Өсиетін Әйтекенің естеріне ап, Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас. Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға, Қиналды ақыл таппай осы жолда. Сайланды әскер басы Әбілқайыр, Өзінше ел билігін алып қолға. ...Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, Келгенде елу алты жасқа ажал жетті. Бағыну бір көсемге дұрыс қой! – деп, Болрын бір апаттың болжап айтты. Ал енді, ағайындар-ау, 1723-24 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» артық қазақ үшін «апат» болуы мүмкін ба?! Әрбір есі бүтін, өзін-өзі сыйлайтын азамат Әйтеке бидің орнында болса, сол әлгі бүгінгі тілмен айтқанда хан, сұлтандарға «оппозиция» боларлықтай сөздерді 1700 жылы да, одан ертерек те, тіпті 1710 жылы да айта алмайды. Өйткені Әз Тәуке атанған хан тірі. Ол айтқызбайды... айтқыза да алмайды... Бұндай ащы сөздерді Әйтеке би 1718 жыл менен тек 1722 жылдар аралығында ғана ауызға сала алады, болмаса жағын айырып жібереді. Дәл осы сөздерден кейін хан, сұлтандар 1722 жылдары қайтыс болған Әйтеке бидің жерлеуін өз дәрежесінде өткізбегені өзінен-өзі түсінгікті болады. Тағы бір оқып көрелік: Төреден Әйтеке би безін деді, Келді ғой көсем болар кезің деді. Қазақты батыр, көсем басқармаса, Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді. Тағы да қайталап айтамыз, Әйтеке би бұндай сөзерді Әз Тәуке барда айта алмайды. Жыр тіпті Әйтеке бидің орнына кім келгеніне: Жас биі Кіші жүздің Малайсары, Ол дағы ақыл-айла таба алмады – деп анықтама бере кетеді. Осы фактілердің бәрі жиылып келіп, Әйтеке би 1666 жылы дүниеге келіп, ұлы аласапыран «Ақтабан шұтырындыға» бір жыл қалғанда дүниеден 56 жасында өткенін паш етеді. Ал енді оның есімінің, туған-өлген жылының, жатқан жерінің ізім-ғайым жоғалғанын тек үш нәрсемен, біріншісі – хан, сұлтандармен өмірінің соңында тату-тәтті тұрмағанынан, жерлеу рәсімінің үш жүздің басы қосылған көлемде өтпегенінен, екіншіден, ол жақтан жерден ағайын-жұрттың ауып кеткенінен, үшіншісі, 1723-24 жылы ел басына түскен зұлматтың әсерінен деп білген ақылға жөн. Сол себепті Әбіш Кекілбайдың Шу бойы, Сарысу, қарт Қаратау, Келес, Нұрата тауларында жатуы мүмкін дегеніне ден қоюға болатындығын айтпақпыз. Әйтеке би әлемі толған жұмбақтан тұрады десек, көп қателесе қоймаймыз. Мысалы оның «Әйтеке» есімінің өзі көкірекке көп ой салатыны анық. Білген адамға әрбір қазақ сөзі тұңғиық сырға оранған құбылыс сияқты көрінеді. Оның себебі сол, сіз табиғаттағы әрбір жаратылысқа көз салсаңыз, теңіз жағасындағы шашылып жатқан ұлу қабыршағына дейін, қайталанбас өнер туындысындай әсер ететінін байқап көріңіз. Міне, сол сияқты қазақтың әрбір сөзін сараласаңыз одан тарихтың, уақыттың, көңіл-күйдің, сыр-сымбаттың, әуез үннің еліне жолығар едіңіз. Тек біреуін ғана талдасақ сіздің көзіңіз анық жетеді деп пайымдаймыз. Біздің жалпақ тілімізде «айналайын» дейтін сөз бар. Жақсы көру мағынасын береді. Егерде сіз бұл сөзді ұзақ созып, буын-буынға бөліп, дауысыңызды жұмсартыңқырап а-й-на-лай-ын десеңіз, бұл сөз жоқ еркелету боп қабылданды. Егерде сіз бұл «айналайынды» жып еткізіп жылдам айтсаңыз, онда қаратпа сөзге айналады. Бұл «айналайын» сөзіне «әй» дегенді қоссаңыз, жекіру мәнге ие болады. Енді «айналайын» сөзінің соңына «ай» жалғауын жалғасаңыз өкініш, не аяушылық толы сезімді білдіруі мүмкін... Енді бұл «айналайын» сөзін бұзыңқырап «ай-до-дайын» деп жіберсеңіз, онда жасы кіші, ерекше жақсы көретін аяулы біреудің сұлбасы көзге шалынады. Дәл осы сияқты «Әйтеке» сөзі де дыбыстық, буындық, екпін қосыла айтылғанда әр алуан мағына бере бастайды. Мысалы «Әй-теке» десеңіз, көккін қалып танытуы әбден мүмкін. Осыларды саралай отырып, тіл ғылымы заңдылықтары шеңберінде сарапқа салғанымызда жалпы Әйтеке би бабамыздың бір емес, жанама 4 есімі болғанын байқадық. Халыққа кеңінен тараған «Әйтеке» есімі, негізінен құрметке құрылыпты. Дұрысы «Әй-теке» емес, «Айт-еке!». Мұндағы «Айт» белгілі бір есімнің бірінші буыны да, «еке» жалғауы құрмет белгісін білдіретін сөз. Мысалы Абайды - Әбеке деген сияқты. Сонда бірінші буын – Аб, екінші буын – ай болмақшы. Ауызекі тілдің заңдылығы осылай дейді. Енді бірде Аманбек деген есімді «екемен» қосақтағанда бірінші буын ұят сөзден құралғандықтан, бұны да ауызекі тілдің үйірімен бірінші «А» - дан бөліп, оны да Әбеке дей береді. Рас, ойнай барымталайтын құрдастары, бірінші буыннан кейін «екені» қосатын болады. Демек, қазақ халқы, көпшілік қауым Әйтеке биді: «Сөзді Айт-екең айтсын» дегеннен Әйтекені құлаққа әбден сіңірген дейміз. Ендігі жерде «Айт» буыны бастаушы ретінде қайдан пайды болды, соған келейік. Біздің қолымыздағы деректер, материалдар Әйтеке биді кейде Айтықби деп те атайды. Мысалы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында Шапырышты Қазыбек би Тауасарұлы оны барлық жерде «Айтық» деп атайды. Біздің талдау тәсіліміз бойынша, «Әйтеке» сөзіндегі «Әйт» буыны осы Айтық сөзіндегі «Айт» буынының жұмсарған түрі дейміз. Жалпы жиын үстінде «Айтық айтсын» дегенді «Айтекең айтсын» деген әрі құрмет, әрі тілге жеңіл сөзбен ауыстырғаны бірден байқалады. Біз «Әйтеке» сөзін талдау барысында, бұд тұжырыммен тоқтай қоймадық. Өйткені «Айтық» сөзі де жартыкеш дүниедей көрінеді. Содан көптеген кітаптарды ақтара отырып, оның, яғни Әйтеке бидің азан шақырып қойған атының «АЙТМҰХАММЕД» екенін білдік. Ал енді қазақта жалпы «Мұхаммед» сөзімен жалғастырылған, қосақталынған үлкен кісілердің аттарының түгелдей ауыстырылғанын, өзгертілгенін, ғұмырының соңында мүлдем дерлік ұмытылғанының куәсі болдық. Тарихта Мұхаммед-Қанапия деген сәби дүниеге келді, ол Шоқан болып өмірден өтті. Әжесі Айғаным оны Пайғамбардың атымен атамай, «Шоқақтап жүрген Шоқаным» дей-дей ақыры солай боп кетіпті. Дінмұхаммед Қонаев дейтін мемлекет қайраткері халық аузында «Димаш» делінді. Тіпті қазақ басқа Пайғамбар – Ибраһимнің атын атын алған ұлы ақынды «Абай» атандырды. Осы тұрғыдан алғанда Құран Кәрім ашып қойған «Айтмұхаммедті» жөргекке орағандар, бесікке салғанда «Айтмұхаммед» демей, бірінші буыннан бөліп алып «Айтығым» дегені байқалады. Кейіннен осы «Айтық» деген қысқарған, әрі еркелеткен мығына беретін сөз Айтықби боп көптің есінде қалғаны айдан анық деп білеміз! Ендігі жерде Айтықтың жеңгелері де қарап отырмай, оған қазақы ғұрыппен «Қара жігіт» деп ат та таңғаны байқалады. Көптеген аңыз-әңгімелерде Әйтеке бидің «Қаражігіт» боп жүретіні де сондықтан болар дейміз. «Әйтеке би» зерттеу мақаласында Әбіш Кекілбай: «Бұл арада Алшын Қаражігіт би деп отырған адамның өзі - Әйтеке. Оны тұтастары «Қаражігіт» деп те атаған. Көне жазба нұсқаларда «Айтық би» деп те жазылады» деп төрелік береді (121-бет). Түп-тегіне келсек мынадай. Қазақтың үш жүзінің Кіші жүзіне жатады. Алшын - Әлім – Төртқара – Қарашы боп келіп, Сейтқұлға барып бір түйінделеді. Сейтқұлдан – Ақша – Бәйбек - Әйтеке би – Жалтыр, Қонысбай тарамдалатын сияқты. Сөзді түйіндесек, Мәшһүр-Жүсіптің «Даналарға» дейдін өлеңі бар. Онда ол былай дейді: Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен, Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен. Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің, Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен! Бұд әңгімені Төле би өзі туралы толғауында да растаған сыңай танытады. Міне, қараңыз: Әз Тәукенің кезінде, Қазақтан туған асылдар. Өнеге болар ұрпаққа, Әйтеке мен Қазыбек. Әділдік айтқан ер еді, Терезем тең боп солармен Елімнің биік төрінен Орын алған Төле едім... Ал енді үшеуінің қарым-қатынасы қалай болды десек, оған «Төле бидің тарихы» дастанындағы мына сөздер соған куә болатындай: Әйтеке дау келсе, Қазыбекке жіберіп. Ұрмай айтып Қазыбек, Төле биге итеріп. Олардан жұмыс қалмайды, Үшеуінің басы бірікпей, Ердің құны тұрмайды! Осылардың бәрі олардың жасы шамалас екенін көрсетеді. Осылардың бәрі олардың бір-бірінен аса қашық жерде өмір сүрмегенін көрсетеді. Мысалы, бірі Өзбекстанда, Нұратада, екіншісі Арқада, үшіншісі Алатау қойнауында дегендей. Ал, олар жасаған жиын көбіне Түркістан маңындағы Күлтөбе, Қарақорым, Сайрамдағы Мәртөбе сияқты жерлерде өткені де белгілі. Бұған қарағанда Төле би өмірге келді делінетін 1663 жылда аз-кем қателік бардай көрінеді. «Жолы үлкендік – жасы үлкендікпен» де алмастырылғандай... Әрине халық айтса қалып айтпайды дегендей, аңыз-әңгімелердің бірі Төле биді олардан үлкен етіп көрсететіні тағы да бар... Ал біздің санамызға сиятыны – бұл даналардың қаз-қатар өмір сүргені, сұхбат құрғаны, жастары да шамалас болса керек. Осы ретте Әйтеке биді сонау басқа мемлекет жеріне тартқылай бермей өз ортамызға оралтқан да ақылға сияды. Мысалы Түркістанға ескерткіш тұрғызуға, күмбез салуға әбден болады емес пе?! Себебі «Түркістан – Ер Түріктің бесігі!» емес пе Мағжан ақынның әруағын еске алсақ... Кезінде бүкіл ел-жұрт Ташкендегі Төле бидің Кесенесін қайта жаңғыртқаны бар. Той өткен соң өзбек ағайындар оған, маңдайшасына «Қалдырғаш би Кесенесі» деп жазып қойыпты. Арнаулы адамдар барып бұл қалай десе, міне архивтің кілті, міне мұражайлардың рұқсатнамасы, егерде осыдан Төле би жатыр дегенді тапсаңыздар болды, алтын әріппен жазып қоямыз, әзірге «Қалдырғаш би» тұра берсін. Бізге жер жүзінен туристер келеді, оларға құжатсыз бұл пәленшенікі деп айта алмаймыз. Онда сауатсыз ел атанамыз деп сыпайы шығарып салыпты. Әрине біздің оқымыстылар отырып, шынында да қолға ілігер ештеме таба алмапты. Күні ертең пәленбай қаржыға Нұратада зәулім күмбез тұрғызып алған соң, өзағаңдардың қалай-қалай сайрайтыны кім білсін?! Ал оларға өз жерін көркейткені, елдің-жұрттың жиналғаны, табыс түсіргені керек... Біздің ойымызша, ол жерге ескерткіш-белгітас орнатқан абзал болады. Ал негізгі белгіні Түркістанға тұрғызған ақылға сияды деп білеміз.
Ж.Боранбай