ҚАЗАҚТЫ САҚТАЙТЫН ҚАСИЕТ – БАУЫРМАЛДЫҒЫ
2016 ж. 03 ақпан
5883
6
Шымкентте не үшін Тілеу батырға ескерткіш орнатылған?
«Атасы басқа - аттан түс,
Атасы бірге – атқа мін!»
Қазақ даналығы
Ақын Сара Төребайдан қалай жеңілді?
«Айтыс» антологиясының 2-томына кірген атақты ақын Сара мен Төребайдың айтысында өз елінің ұрысын батыр деп мақтаймын деп сөзден ұсталған Сара сасқанынан қарсыласына қайта-қайта «келімсексің» деп тиісе береді. Айтысты түгел беруге мүмкіндік болмағандықтан Сараның осы сөздері мен Төребайдың жауабын топтамалап, азырақ үзінді келтірейік.
Сара
...Белгілі әйелде ерке, сал екенім,
Біледі үйсін, найман Сара екенім.
Атақты сал Біржаннан бата алғанмын,
Біледі ел өлеңге ебім бар екенін.
Мен білем Алшын жері тар екенін,
Қонысқа жағалбайлы зар екенін.
Жүз қырық үй жағалбалы кірме елсін,
Ығында жүретұғын Қарекеңнің.
Төребай
...Мен де білем сенің де бар екенің,
Найманда ақынсымақ Сара екенің.
Біржанға он сегізде мұңың шағып,
Құтылған Жиенқұлдан жан екенің.
Мәлім ғой маған-дағы үйсін, найман,
Менің де хабарым бар әр жағдайдан.
Арғын менен қыпшақты кемсітем деп,
Жеңілдің сүйіндік арғын Жәмшібайдан.
Сара, сен емессің ғой онша ақын,
Біржанның арқасында шыққан атың.
Көп сөйлеп, көк езу боп шалқи берсең,
Найманның шығарасын жаман атын.
Сара
...Баруға өз еліңе еріншексің,
Даулы іске келгенде көңілшексің.
Меніменен Төребайым салғыласпа,
Сен келген біздің елге келімсексің.
...Кірмесің жағалбайлы затың алшын,
Шапқылаумен күнің өткен неткен жансың.
Еліңе би болам деп шіренбе сен,
Бір кезде төреге ерген шабармансың.
...Өрлеп кетем мен сөзді айтқан сайын,
Аз ғана Алшын белгілі сенің жайың.
Жетісуда күн көрмей еліңе қайт,
Осымен айтыс бітті, Төребайым!
Төребай
...Аз алшын болсамдағы шеттегем жоқ,
Өзіме үйсін, найман беттеген жоқ.
Көрместен босқа сөйлеп сандаласың,
Аттарын төрелердің ерттегем жоқ.
Жалайыр Шыбындыдай қыстау берді,
Қарсы алды, еш біреуі кет деген жоқ.
Соңыма үйсін, найман жігіті ерді,
Бәрін де жолдас еттім, жек көргем жоқ.
...Анадан сен туғанда мен де туғам,
Мен де сендей жасымнан өлең қуғам.
Кірмесің деп бетіме салық қылма,
Талайын сендейлердің сөзбен буғам.
Мен емес адасатын ел таба алмай,
Жүргем жоқ баратұғын жер таба алмай.
Жақсысы үйсін, найман өтінген соң,
Қалып ем сол себепті елге бармай.
Осы кезде Сара жеңілгенін мойындап, былай дейді:
Төребай, сөзді тауып жеңіп кеттің,
Дауым жоқ айтар түйір бос ұстасып.
Кешегі он сегіздің шағы болса,
Кетер ем өзіңменен қол ұстасып.
Ұлың болса болса қыз берем, би Төребай,
Болайық құда екеуміз, бек достасып.
Екі ақын шынында да құдандалы болады. (Бұл айтыс әрі «Біржан мен Сараның айтысы болмаған, Біржан Жетісуға келмеген, оны жазған Әріп, «Ақ үйге аңдып басып кірді біреу, сипалап керегені жүрді біреу, кешікпей іздегенін тура тауып, етегін ақ көйлектің түрді біреу...» деп басталар өлең бар емес пе, тура осы өлеңде не айтылса, 35 жасар Әріп пен 18 жасар Сараның арасында соның бәрі болды дейміз» деп кітап жазып, екеуін ашына етіп қойған Қабдеш Жұмаділов ағамызға дәлел. Бірақ, «Төребай мен Сараның айтысын да Әріп жазған ба?» деген сұраққа келгенде Қабекеңнің де үні шықпай қалады...)
Сонымен, Төребай мен 140 үй Жағалбайлы Жетісуға қашан және қалай барып жүр? Енді соған көшейік. Алдымен тарихқа кішкене шегініс жасамасқа амалымыз жоқ.
150 жылдық Отан соғысы
15-16-ғасыр - Қазақ хандығының шығысындағы ойраттардың жылдан-жылға күшейе бастаған кез болатын. Алдымен 1582-1598 жылдары билік құрған Тәуекел хан, сосын1598-1628 жылдары тақта отырған Есім хан олардан төнер қауіпті дер кезінде болжай білгендіктен заманында түгелдей болмаса да ойраттардың біраз бөлігін өзіне қаратқан да еді. Дегенмен, торғауыт, дүрбіт, хошоуыт және чорос тайпалары 1635 жылы «Төрт Ойрат одағын» құрып, ол тарихшылар тарапынан «Жоңғар мемлекеті» деген атауға ие болады. Жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев өзінің «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты елеулі еңбегінде атап көрсеткендей «Жаңа жоңғар мемлекетінің сол 1635 жылы сайланған алғашқы әміршісі Ердени-Батыр қонтайшы бірден қазақ жеріне жортуылға шықты».
Қазақ-жоңғар соғысы 1755 жылы ғана аяқталғаны белгілі. Ендеше, біз осы кезеңді, Тәуекел мен Есім хандардың ерлігін, еңбегін, көрегендігін ескере отырып, «150 жылдық Отан соғысы» деп айшықтасақ, ешкім қарсы бола қоймас деп ойлаймыз.
1635 жылдан 1652 жылға дейінгі кезең үздіксіз жоңғар шабуылымен, қазақ ханы Салқам Жәңгірдің оларға тойтарыс беруімен сипатталады. 1652 жылы қоңтайшы Батыр да, Салқам Жәңгір де өмірден өтіп, 1680 жылы атақты Қалдан Бошоқты таққа отырғанға дейін тыныш мерзім орнайды. Ал, Қалдан сол жылы-ақ Жетісуды, күнгейдегі Сайрамға дейінгі қалаларды басып алды.
Міне, біздің ұлт ретінде жер бетінде қалу-қалмауымыз қыл үстінде тұрған осы кезеңде қазақтың әлемде теңдесі жоқ бауырмалдығы өзінің барлық жақсы жағынан жарқырап көріне білді. Алдымен, «Сайрам соғысы» атанған 1681-1684 жылғы майданда Кіші жүздегі алты ата Әлімнен шыққан Тілеу батыр Ақтөбеден 17 мың сарбазымен келіп, Сайрамды азат еткенше ұрыс жүргізді. Әрине, ондай шайқас бір күнде біте қалған жоқ, апталап, айлап соғысуға, елден барып қосымша күш әкелуге мәжбүр болған кез де болды. Қазақ «ұрының аты өзіне сай болады, батырдың қатыны өзіне сай болады» деп тегін айтқан ба, шешуші шайқасқа кенже ұлы, 18 жасқа енді толған Жолдаяқты ертіп барайын деп жатқан батырға жары:
-Беліңізде елге Мөңкеден де әйгілі болар бала кетіп барады, менің тілімді алсаңыз, осы ұрысқа бармасаңыз етті, - деген өтінішін жеткізеді. Бірақ, «өзі үшін үйде туып, елі үшін түзде өлгеннен» (Әйтеке би) артық абырой жоқ деп білетін, олай болмаған жағдайда «ішімде кетті арманым – жау қолынан өлмедім!» (Ақтанберді жырау) деп аһ ұратын қазақ ерлері алған бетінен әйелі бір емес он ұл туса да артқа қайтпайтын, қазақтың болмыс-бітімі мен сана-сезімі табиғи сау күйінде сақталған заман еді ғой ол... Қазақ батырлары сол ұрыста Сайрамды жаудан азат етеді. Тек өте қымбатқа түседі жеңіс – қаза тапқан 10 мың жаужүрек жігіттердің ішінде әкелі-балалы Тілеу мен Жолдаяқ та болады. Халық екеуін Түркістанға, «Әзірет Сұлтан» (Қожа Ахмет Яссауиді құрметтеп, есімін тікелей атамай, «Хазыреттердің Сұлтаны» деп ардақтағаннан шыққан атау) кесенесіне әкеліп, арулап қояды.
Әйтсе де, бір жарым ғасырлық соғыстың қазақ елі үшін ең ауыры 1723 жылғы майдан екені белгілі. Қыс бойы қапысыз дайындалған, зеңбірек, мылтықпен қаруланған жоңғарлар қаннан-қаперсіз жатқан қазақ жеріне 7 тұстан 100 мың сарбазбен ерте көктемде лап қойды. Орта жүз бен Ұлы жүз елі түгелдей дерлік жаудың қол астында қалды. Шыққан шығында есеп жоқ. Шәкерім «Қалқаман-Мамырда» «үш есенің екеуін қырып салды» деп жазды. Босқан қазақ бүгінгі өзбек пен тәжік жеріне өтіп кетті. Осы кезде тарих сахнасына атойлап Әбілқайыр бахадүр хан шығады.
1710 жылы Арал теңізі маңындағы Қарақұмда Кіші жүзге хан болып сайланған ол Еділ бойының қалмақтарына қарсы майдан ашып, оларды Жем өзенінің бойынан тықсырып, Жайықтың арғы бетіне өткізіп тастайды. Одан кейін Орта жүз ханы Қайыппен бірлесіп, бірнеше рет жоңғарға қарсы жорық ұйымдастырады. 1717 жылы Аякөз маңында жеңілсе, 1720 жылы сол маңайда өш алады. Жоңғарлар 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыда» Түркістанды да басып алған (сол жерде Әбілқайырдың бәйбішесі, өгей шешесі, бауырларының әйелдері тұтқынға алынып, Жоңғарияға әкетіледі) кезде енді ең үлкен қатер Еділ қалмақтарының ханы, қонтайшы Цеван Рабданның туған қайын атасы Аюкенің қазақтың ту сыртынан ұруы екенін жақсы ұғынған Әбілқайыр 1723 жылы жазда, 1724 жылы жиырма мың сарбаздан тұратын қолмен батыстағы қалмақ иеліктеріне шабуыл жасап, оларды бері беттей алмайтындай етіп тізе бүктіреді. (Ойраттың бір бөлігі қазақ даласын екі жақтан қыспаққа алғысы келген түпкі мақсат жолында 17-ғасырда Сібір, Орал арқылы Еділ бойына барып орналасты, ақыры ол армандарының күлі көкке ұшқаннан кейін 1771 жылы қаңтарда Ұбашы хан бастаған 180 мыңдай қалмақ тік көтеріле Жоңғарияға бет алып, қазақтың қаруынан аман қалғаны тамызда Шыңжаңға жетті, Еділ бойында 60 мыңдайы ғана қалды). Әбілқайыр содан кейін 1724 жылы Түркістан, Сайрам, Ташкентті жаудан азат етеді. Бірақ, 7-8 айдан кейін тыңнан келіп қосылған жоңғар күші басымдық жасап, бұл қалаларды қайтадан тастап шығады. 1726 жылы көктемде Сәмекемен біріге Еділ қалмағын тағы бір рет шауып алғаннан кейін, Әбілқайыр оңтүстік пен шығыстағы қазақ жерін жаудан азат етуге біржолата кіріседі. Ол Кіші жүзден әрқайсысы он жігітке татитын 20 мың сарбазын ертіп келеді. Маңғыстаулық адайлар жанқиярлық ерлік пен өзегін суырып берер бауырмашылдықтың теңдессіз үлгісіне толы сол заманды «Сауран айналған» деп атайды. Сегіз арыс Адайдың Мұңалынан шыққан, Әбілқайыр қолының бас сардары Шотан батырдың атында Арқада көл мен өзен, ханның өз атында бірнеше жер - тау, жал, бұлақтарбар...
1726 жылы Ордабасыдағы жиында Әбілқайыр хан қазақтың Бас қолбасшысы, ал Қанжығалы Бөгембай батыр оның орынбасары болып сайланғаны белгілі. Алғашқы шайқас Ордабасы тауының етегінде өткен. Бадам стансасынан кейінгі Бірлік ауылы мен бұрынғы Мамаевка, бүгінгі Көлтоған аулының арасындағы ұзын жотадағы қаптаған үлкен төмпешіктер – сол кезден қалған бауырластар зираты. Бұдан соң «Қалмаққырылған» мен «Аңырақайда» жоңғардың белін сындырған қазақ қолы 1730 жылға қарай өз жерін Балқашқа дейін азат етеді. 1730 жылы Қалдан-Серенмен (Цеван Рабдан 1727 ж. қайтыс болады) бітім жасасқан соң Әбілқайыр Еділ қалмақтарының, орыс казактары мен башқұрттардың, түрікпендер мен Хиуаның шабуылына күнде ұшырап отырған еліне қайтады. Онымен бірге Кіші жүздің жігіттерінің қайтқаны қайтады, қайтпағаны «тағы бір 3-4 жыл шыдасақ, жоңғарды түгел қуамыз ғой» деп қалып қояды. Бірақ, соғыс табаны күректей жиырма бес жылға созылып кетеді...
Міне, осы кезде көрсеткен ерліктері үшін батыстан келген батыр бауырларына Ұлы жүз бен Орта жүз орталарынан ойып орын береді. Әлі күнге дейін Қазығұрттан Алтайға дейін ойдым-ойдым Кіші жүз руларының ауылдары отыр. Олардың кейбіреулері тіпті 25 ата Кіші жүздің қай бөлігіне жататынын да ұмытып қалған. Бер жақтағы аталарын ғана айта алады. Сіңісіп кеткендері де жоқ емес. Алтайдағы ыққан тегін ұмыта алмай, ұмытқысы келмей жүргендері өздерін «найман-тамамыз» деп атайды. Жоғарыдағы айтыста Төребайдың «Жақсысы үйсін, найман өтінген соң, Қалып ем сол себепті елге бармай» деп отырғаны – осы. Күнін көре алмай қаңғып келген келімсек те емес, кірме де емес, үйсін, найман жақсылары өзінің ата-бабаларының ерлігін бағалағанын, бағалағандықтан орталарынан ойып орын бергенін айтып отыр.
Жаңатастық жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыз 2007 жылы шыққан «Үркердей болып көшкен жұрт» шежірелік кітабындағы «Кіші жүз қалай ауды» деген тарауында бұл үрдіс Сырым батыр көтерілісі жаншылған соң, 1797 жылдан бастау алды деп көрсетеді. Біз Пернекеңе: «Кейінгі 7 Ұлы көштің де орын алғаны рас, бірақ, оның бәрі бір төбе-дағы, 1726-1755 жылдардағы Отан соғысына қатысқан ерлердің қоныстануы бір төбе (мысалы, аталған 7 көштің ешқайсысы Жетісу мен Алтайға Кіші жүз рулары қалай келгенін түсіндіре алмайды). Оның солай екенін бізге жеткізіп кеткен, көпті көрген Қартабай Ұмытшақұлы атамыз еді. Марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздың «Жынды Ысқақ» деген әңгімесінің кейіпкері Ысқақ қария үй-ішін ел ішіндегі қисық-қыңыр, телі-тентек, асқан-тасқандарды ... боқтап, тәубеге келтіру арқылы асыраған болса, жерден иіліп шөптің басын сындырмаса да, өз отбасын ескіше алған мол білімі мен жақсылардың қасында көп жүргенде көрген-түйгенін пайдаланып айтатын тәрбиелі, әсерлі, өнегелі әңгімесімен асыраған, 96 жылғы ғұмырында ес білгелі естіген-білгенін түп-түгел жадында сақтаған шежіреші Қартабай атамыздың айтқанын Сізге жеткізу – біздің міндетіміз, кітапқа кіргізу – сіздің міндетіңіз» деп ескерткен де едік. Бірақ, неге екені білгісіз, ағамыз ол деректі керек етпепті...
Дана бабаларымыз «қиянат қияметке кетпесін!» деген. Аталарымыздың қазақ жерінің қиыр батысынан 2 мың шақырым оңтүстіктегі, 3 мың шақырым қиыр шығыстағы бауырларын жаудан азат ету жолында айлап, айлап емес, жылдап соғысуын, қанын төккен, шыбын жанын қиған ерліктерін айтпауымыз, ардақтамауымыз – берісі мәңгүрттік, сонымен қоса әділетсіздік, бәрінен де жаманы қиянаттық болады. Сіздер әлем тарихын саралап көріңіздер, бауырмашылдықтың бұндай үлгісін таппайсыздар. Қазақтың «Батырлар жырының» басында қызылбастан Ноғайлының Қырлықала, Сырлықаласын азат ету үшін аттанған «Қобыланды батырдың» тұруы тегін деп пе едіңіз!..
Ерлерге деген ел құрметі
Дегенмен... 2015 жылдың 7-қазаны күні Шымкент қаласының қақ төрінде, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның теріскей бетінде Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдаяққа қойылған ескерткіш ашылды. Оның авторы скульптор Әбдікәрім Ахметов өзінің бұл туындысында «батырлардың ержүректігін ғана емес, сонымен қатар олардың рухының биіктігі мен халықтың бірлігін, татулығын, бірі үшін екіншісі отқа түсер бауырмалдық үлгісін көрсеткен ой-өрістерінің кеңдігін де жеткізгім келді» дейді. Ескерткіштің салынуына Құдайберген Оңғаров бастаған ел ақсақалдарының, Тілеу батыр атындағы қоғамдық қордың жетекшісі, облысқа белгілі дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов пен заң ғылымының докторы, Қожаберген жырау атындағы қордың төрағасы, көптеген судьялардың ұстазы Бекет Тұрғараевтай ағалардың қосқан еңбегі көп болғанын атап өту керек. Сонымен қатар ескерткіш қойылар жер мәселесінің ұтымды шешімін тапқаны үшін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимовқа алғыс айтуды ұмытпағанымыз абзал.
Бірақ, Тілеу батыр соғыста қолбасшы болғандықтан, Жолдаяқ оның баласы болғандықтан екеуінің де аты тарихта қалды. Ал, 1681 келген 17 мың, 1724 жылы келген 20 мың, 1726 жылы келген 20 мың сарбаздың әрқайсысы да бір-бір батыр емес пе? Олардың бәрінің есімін білу мүмкін емес, бірақ, олардың ерлігі мәңгілік екені де даусыз ғой. Жазба тарихымыз болмағандықтан, болғанының өзі қазақтың басына айрықша қасырет әкелген соңғы 3 ғасырдағы зұлмат-зобалаң кесірінен жойылып кеткені себепті біз Ұлттық панетонымыз - Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесінің іші мен оның айналасына қойылған игі жақсыларымыздың да аты-жөндерін түгел білмейміз. Кейінгі жылдардағы ізденіс ретінде елге есімі белгілі болып жатқандары да, жоғалып кете жаздап, қайта табылып жатқандары да бар.
...Жоңғарды жаппай қазақ жерінен қуып жатқан жорықтың бірінен қайтып келе жатқан Сүтемген далада жайылып жүрген бір бураны ұстап ала келеді. Келе қалың ұйқыға кетеді. Үш-төрт күннен кейін түйе іздеп келген жоқшыға:
-Бура сенікі болса, сенікі шығар. Тек мен сенің сол бураңды қалап отырмын. Оның орнына саған таңдаған екі түйеңді берейін, - дейді.
Қазақ дәстүрінде «қалауға» қарсы тұруға болмайды. Оның үстіне батыр жоқшыны шығарып салып тұрып:
-Жоқ, мен саған екі түйе емес, үш түйе береді екенмін!- дейді...
Сосын үйіне келіп, бәйбішесіне:
-Бір малды сой да, ауылды жина кешке! – деп бұйырады. Оның үш әйелінен «алтауы бірдей бөрі еді» дейтіндей 6 ұлы бар екен. Жасы сол кезде 50-дің айналасында болса керек. Бала-шағасы, жақын ағайындарымен бір ауыл жан болып көшіп жүреді екен.
-Мен енді көп ұзамаймын, - дейді тамақтан соң туыстарына қарап. – Менің сүйегімді кешегі алып келген бураға артып Түркістанға, Әзіреті-Сұлтан қорымына апарып қойыңдар. Бураны екі жағын екі жігіт ұстап отырыңдар, әйтпесе әлдерің келмей қалады. Қорымның шырақшысы Ер-Қалмамбет деген кісі қай жерге қоюды өзі көрсетеді. Ал, бураны сойып, Түркістанның халқына құран оқытыңдар.
Айтқандай-ақ, екі-үш күннен соң ауырмай-сырқамай қайтыс болады. Балалары, туыстары соңғы тілегін айнытпай орындайды. Үш-төрт күн тоқтамай жүріп отырып Түркістанға, Әзіреті-Сұлтанға келіп, Ер-Қалмамбетке жолыққанда шырақшы:
-Ойпырмай, бір апта бұрын түсімде «Сүтемген батырдың сүйегін әкеледі» деп аян берген еді, - дейді. Сөйтсе, Сүтемген Ер-Қалмамбетті танымайтын-білмейтін адам екен ғой. Екі жақсыға бір күнде аян бергенін көрдіңіз бе ...
Сүтемген бабамыздың Есенәлі баласынан тараған ағамыз Асанәлі Әшімов, қарындасымыз Әлия Юсупова - бүкіл қазақтың мақтанышы. Оразалыдан тараған біздің өз аталарымыз Тұралы, Қорлайдың өмірі ел қорғаумен өтіпті. Оның ішінде Қорлайдың немересі, Созақтың түбіндегі Ынтымақ аулының ұстасы, аңшы Ақжігіт Созақ көтерілісінде атақты Салықбай мергеннің елден жиған 18 мергенінің бірі болған. Көтеріліс жаншылған күні 200-ге жуық адаммен бірге атамыз да кешке таман сотсыз-сұраусыз атылады, тек Алла-Тағала ажалдан сақтаймын десе қиын ба, алдымен оқ жанай тиеді, соңынан жеңіл жаралыларды пистолетпен атып, қылышпен шауып жүрген жауыз офицердің қылышы мойнын емес иығын кеседі, содан түнде өліктердің астынан шығып, көршілеріне тастап кеткен 5 жасар Әбдіуәлиін алып (әжеміз қайыс боп кеткен екен), екеуі бір тайлаққа мінгесіп, ақпанның сақылдаған сары аязында Қаратауда күндіз жатып, түнде жүріп, Тәжікстанға өтіп кетеді. Сүйегі сондағы Қайраққұм ГЭСінің қасында қалды...
Тағы бір тарих. Абылайдың замандасы әрі үзеңгілес серігі болған Бұзау батырдың денесі қайтыс болғаннан кейін кесенеге жерленеді. Жанына есімі ойылып жазылған тас қойылады. Сол тас бертінге дейін мүрденің аяқ тұсында тұрады. Оны көзімен көрген жандар – көп жыл Отырар ауданында партия қызметін атқарған Сапарбек Мұқанов, шымкенттік Жұмат Мұсаев, Құрманбек Мұсабеков, Жұмаш Қарабалаев, Болат Шойынбаев сында ел азаматтары бүгінде ортамызда жүр.
Алайда сол белгі тас бертінде, Тәуелсіздік алғаннан кейін талай жөндеу жұмысын бастан өткерген кезде көзден таса болады. 1726 жылы Отан соғысына Батыс Қазақстаннан келіп, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысына шекаралас, Түркістан қаласына қарасты Майдамтал ауылының аумағына 1730-жылдары орналасқан батырдың Сырдария өзенінің бойындағы атамекені бүгінге дейін Бұзау түбегі аталып келеді.
Бұзау батырдан Бижігіт, Түке, Ақжүніс, Малқара, Жанқара, Есқара атты алты ұл өрбіген. Үлкен баласы Бижігіт жас кезінде жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста ешкімге дес бермеген жаудың батырын көзінен атып, мерт қылады. Бірақ оны ешкімге жария етпейді. Жебе кімдікі дегенде барып қана Бижігіттікі екендігі анықталады. Құралайды көзге атқан мергендігіне тәнті болған Абылайхан ақ батасын беріп, жоңғардың қаза болған батырының астындағы ақ боз аты мен ақ сауытын сыйға тартыпты.
Бұзау мен Бижігіт кесенеде жерленсе, қалған ұрпақтары Арқада тыныстап жатыр. Бірақ нақты жатқан жерлері белгісіз. Тек тәуіптігімен аты шыққан шөпшегі Тұрсынбайдан туған Башпай атаның ғана қабірі сақталған. Башпай атаның зираты Бетпақдала төсіндегі Қабақ деген жерде. Жақында оның сегіз баласынан тараған үрім-бұтағы ас беріп, баба әруағына тағзым етті. Шараны әулет ақсақалдарының көмегімен Оразалы Исаев, Аманкелді Беркінбаев, Ғабит Тікенов ұйымдастырды.
Және бір тарих. Созақтағы Тамаларда 21 жыл болыс болған, әділ билігімен аты шыққан Ахмет Оңғарбайұлы есімді кісі өткен. 1928-жылы кәмпескеде жалшы-малшылары «бұл кісіден көргеніміз тек жақсылық, қалай біз оның малын бөліп аламыз?»деп, кеңес өкіметінің бұйрығына бағынбаған екен... Сол Ахаң 1930-жылғы көтеріліске рухани демеуші болады. Көтерілісті қанмен бөктірген кезде кеңес соты 80-нен асқан ақсақалды ату жазасына бұйыруға батпай, Батыс Қазақстанға жер аударады. Сонда қария «Айналайын, Алла-Тағала, пендем десең Түркістаннан өткізбей мені өзіңе ал!» деп жалынып жылапты. Тілегі қабыл болып, Түркістанға барған жерінде ауырмай-сырқамай қайтыс болып, кесенеге жерленіпті...
«Ұлыстың ұйытқысы» атанған Оңтүстік құт дарыған, бақ қонған өңір. Киелі қазақ жерінің жаманы жоқ, сонда да Күнгейдың орны ерекше. Несімен? Біріншіден, бұл жер – қазақтың үш жүзінің басы ежелден, тарихи түрде қосылған, үш жүздің басы ғана қосылып қоймаған, қожалар мен төрелер де Қожатоғай, Құмкент, Төреарық тәрізді тұтас елдімекен болып қоныстанып келген еліміздегі жалғыз аймақ. Ал, Кіші жүз Тамалардың Созақ маңайында орналасқанына мың жылдан асқаны жазба тарихта тұр. Қарабураның Қожа Ахмет Яссауиді арулап жерлеуі, өзі қайтыс болғанда «сүйегімді артқан бураның бұйдасын бос жіберіңдер, ол қай жерге шөгеді, сол жерге қойыңдар» дейтіні, бураның сонау 7-ғасырда атауы қағазға түскен Созақ кентіне келіп тоқтауы, ең ақыры Қарабура есімінің тұтас бір елге ұран болуы соның айғағы. Қазақта қол бастаған батыр мен ел бастаған көсемнің аты ғана ұран бола алатыны белгілі. Артында тұрған қалың елі болмаса, Қарабураның есімін кім ұрандап, жауға шабар еді?!..
Екіншіден, орысқа ең соңынан қосылуы себепті қаймағы бұзылмаған қазақ қандай болған, сол қасиеттерді бойында мүмкіндігінше молынан сақтап қалғаны тағы бар. Ал, бұрынғы қазақ қандай болған? Ол барынша талантты, дарынды, қабылетті, алғыр, икемшіл, бейім, төзімді, шыдамды болған. «Қазаққа пейіштің есігін аштырма, ашты дегенше ол төрге шығып алады» деген өзбек мақалы жайдан-жай пайда болды дейсіз бе.
Осы екеуінің үстіне «жігіттің үш жұрты болады» деген киелі ұғымды өте қастерлеп ұстанатын әлемдегі жалғыз ұлт қазақтың өз жұртынан да бұрын «Құдай дескен құдамыз» деп құдаларын Құдайындай сыйлайтынын, солар арқылы нағашы жұрты мен қайын жұртына деген ықыласы, татулығы ерекше болатынын қосыңыз.
Дегенмен, Қоқан хандығы үстемдік құрған кезден (1820-1865 жылдар) бері қарай бізбен қоян-қолтық араласып араласып келе жатқан күнгейлік өзбек ағайындардың «Құдай талантты қазаққа берген, қадырын бізге берген» деген сөзі бекер емес. Біз әлде де өз жақсыларымызды құрметтеп, ардақтауда өзгелерден кемшін соғып жататын тұсымыз көп кездеседі.
Осы тұрғыдан келгенде Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдаяққа қойылған ескерткіш алда атқарылар көп игі істің бастамасы болса қанеки? Атап айтар болсақ, сол Бірлік ауылындағы мен Сайрамдағы батырлар зираты атаусыз жатыр, солардың басына ескерткіш белгіні орнату кезек күттірмейтін мәселе емес пе? Біз жақсыларымызды елеп, ескеріп, ардақтауды ең алдымен соғыс кезінде қанын төккен, жанын қиған батырларымыздың ерлігін құрметтеуден бастасақ дұрыс болмай ма? Түркістанда 150 жылдық Отан соғысының отты жылдарынан ерлікке деген өшпес естелік болып келе жатқан «Алшын көше» деген көше бар еді (күнгей елі Кіші жүздің бәрін бір сөзбен Алшын деп атайды), кешегі кеңестік бюрократтар қулыққа салып, соның үлкен бөлігін Алшыннан шыққан атақты механизатор апамыз Майшай Әбенованың атына ауыстырып жіберді...
Ежелгі гректер «Әлем күйресе күресін, бірақ әділет салтанат құратын болсын!» деген сөзді әділеттігі жоқ әлем ертелі-кеш бір құлайтынын білген соң айтқан. Ендеше, Қабанбай батыр бабамыздың асқақ ескерткішін Шымкентттегі Тәуелсіздік саябағының алдындағы бұрынғы құтты орнына, салтанатты арканың қасына қайта қондырсақ, ділеттік дегеніміз сол емес пе? Басқа-басқа, 75 жасында да жекпе-жекке шыққан дәл сол Қабанбай атамыздың Тәуелсіздік аркасының қасында тұруға еңбегі сіңген-ақ шығар?.. Жалпы, қазақты аманалып қалар ең асыл қасиетін - теңдессіз бауырмашылдығын арттыра түсіруге бағытталған, оның ішінде әруақтарды риза етуді көздейтін, жас ұрпақты батыр аталарымыздың үлгісінде тәрбиелеуді мақсат тұтатын кез келген іс-шара бірінші кезекте қолға алынып жатса, еңсемізді басқан қиыншылықты жеңетін, аңсап жеткен Азаттығымызды баянды ететін нәрсе осы емес пе? «Мәңгілік ел» боламыз деп жалаң сөзді қара суша сапыра бергеннен мәңгілік ел болып қалмайтынымыз анық! Қайта ондай сөзді көп айта бермей, ең дұрысы оны мүлде ауызға алмай (орыста «Құдайдың күлкісін келтірем десең, алға қойған жоспарыңды жария ет» деген сөз бар ғой...), оның орнына осындай нақты істермен аз елді жұдырықтай жұмылдыра түссек, Әбілқайыр, Шотандардың атын Алтайдағы, Қабанбай, Бөгенбайлардың атын Атыраудағы, Қарасай, Наурызбайларың атын Арқадағы мектеп, стадион, т.б. берсек, «әр қазақ – менің жалғызым!» деген бауырмалдық әрбір ісімізге Алла-Тағала да ырзық-несібені молынан шаша түспес пе еді?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz