Әлихан Бөкейхан: ҚАЗАҚ ЖАҚСЫСЫ ОРЫСТЫҢ ЕТЕГІНЕН ЖЕМ ЖЕГЕНДІ ҰНАТАДЫ
2016 ж. 03 ақпан
5018
0
Бұрын қазақ бөтен жұртты шабамын деп жорыққа аттанса, хан сайланса жиылатын еді. Бұл екі себеп орыс патшалығы панасына кірген соң жоққа шықты. Бұрын жиналысқа келген ақсақалдар, билер елінің мынаны қыл деген сөзін ұстап келетін. Қазақтың әр жерінен, әр руынан келген депутаттар (ақсақалдар) әрқайсысы өз жұртының мынаны қыл деген пісірген жарлығын алып келіп, ортаға салып, жұртының айтқанын, тапсырғанын тәмәм қазақ атынан жиналған көпке мақұлдатып аламын деп дауласушы еді.
Біздің осы күнгі қазақ бас қосамын дегенде, елде, жұрт арасында не піскен сөз бар. Үйінде отырып қай қазақ баласы ортасына бір ауыл болып, бір болыс болып, бір ру болып, салып пісіріп отыр. Тезек тере барсаң да қап керек: жұртқа пайда қылатын жиналыс болса, қазақ баласы бас қосу оңай емес. Біздің бейшара қазақ «жер», «жер» дегенде мұжық алған жерді қолға ала жылайды. Мұжық қазақ жеріне келмей тұрып, жерді тып-тыныш әділдікпен пайдаланып жүргендей! Қазақ жұрт болатын болса, өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек ғой. Бұрын аға сұлтан уақытында қазақ жерінен оброчная статья деп жер кескен, бұл жерді біреуге жалдап, хақысын аға сұлтан беретін еді. Осы оброчная статьяны бишара аға сұлтандар өздерінің партия дұшпандарының жерінен кестірді. Жұрт пайдасын білсе, жұртқа қамқор боламын десе, аға сұлтандар мұны қыла ма, обрачная статья хақысымен күн көремін дейтұғын аш емес еді ғой! Баймын, мықтымын деп атқа мінген жақсылар пішен шабатын жерге, егін жайға, жаз қонысқа, қыс тебінге зорлық қылады. Кемшілікте жүрген сорлы жұрт бұл жақсылардың тепкісінде қор болғанша, орын беретін он бес десятина болса да ие болайық деп, мұжық боламын деп сұранып отыр. Іс ғаділ болмай, жұрт ілгері баспайды. Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды. Би әділ болмай, жұрт оңбақ емес. Закон жұрт болып жасаған жұрттың бәріне бірдей ноқта. Бұл ноқта ресімге сүйенсе, ресімнен жұрт тартынбайды, закон жұртқа жайлы саулап жүріп тұрады, жұрт қашан болса да, ресімге құл. Билік ресімге сүйенген соң, бұл билікке жұрттың бәрі құл. Қазақ орысқа қараған соң бәйге аттай, жақсы жорғадай туысынан болатын шешен, озған би жоғалды. Кім орысқа жағымтал болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болды. Бұрынғы шешен билерден келе жатқан әділ билік жорасы жаман қарапайым тұғыр би парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды. Қазақ жақсысы орыс етегінен жем жегенді ұнатады. Би һәм билік сөзі – ұзақ сөз. Тағы неше қайта айналармен, бүгін осымен сөзді қысқартайық.
1913 -14 жыл. Самар қаласы.
qazaquni.kz