Секен ТҰРЫСБЕКОВ, күйші, композитор: Құрманғазы Тәттімбеттер тіріліп келсе, талайлардың төбесін ояр еді
2010 ж. 22 қараша
8591
1
БҮГІНДЕ ХАЛЫҚ ЭСТРАДАДАН ӘБДЕН ЖАЛЫҚТЫ
– Секен аға, өзіңіз бір сөзіңізде «Күй – аса сезімталдықты қажет ететін өнер» деген едіңіз. Күйді кез келген адамның түсіне бермейтіні де шындық. Осындай қиыншылығы мол өнердің сырын ұғыну үшін, оны жаныңа серік ету үшін қандай қасиеттер керек?
– Меніңше кез келген өнер адамына ең бірінші мінез керек. Мінез қалыптасқан жерде қайсібір іс болмасын, қиынға соқпасы анық. Мейлі ол мүсінші болсын, мейлі ол ақын болсын, мейлі ол күйші болсын. Кез келген шығармашылық адамын жазған, жасаған дүниесіне қарап тануға болады.
– Күйді шығарушы бөлек те, оның орындайтын адамы бөлек. Мәселен бір күйдің ел арасында танылуы үшін қайсысы көбірек тер төгуі керек?
– Күйші – ол өзінің жанынан күй шығарушы. Ал, домбырашы болса, сол күйді халыққа жеткізуші. Меніңше күй ең алдымен шығарушыға тәуелді. Кейбір сәтте күйді тудырушы оны өзінің деңгейіне жеткізе алмауы да мүмкін. Күйді жақсы шығарғанымен, нақышына келтіріп орындай алмауы мүмкін. Осы тұста күй шебер орындаушыға бұйырып, халықтың жүрегінен үлкен орын алуы да ғажап емес.
Күй тағдыры ең бірінші шығаруышының қолында десек те, оның танылуы орындаушының шеберлігімен тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, күйді шығарушы да, орындаушы да өз дәрежесінде тер төгуі тиіс. Күй ғұмырлы болуы үшін ең алдымен халықтың елегінен өтуі керек. Кейбір күйді халық тез қабылдап алса, енді бірі күрделі болып келеді. Күйде негізінен терең ой, философиялық мән-мағына болады. Оны көпшілік қабылдай алмай жатады. Яғни, күйдің күрделілігі – оның иірімінде, ырғағында. Күйдің формасы ХІХ-ХХ ғасырларда Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір бабаларымыздан бері қарай ыңғайлана бастады.
Негізінен мен өзімнің күйлерімде төменгі сағаны толық қамтуға тырысып келемін. Ал, кешегі күнге көз жүгіртсек, мәселен Арқа күйлері кіші сағадан, я болмаса орта сағаға жақын тұстан қайтады. Батыс күйлерінің көпшілігінде бастапқы, ортаңғы, соңғы осы үш буын бірін-бірі тоғыстырып тек ғана қайталанып отырады.
Мен өзім Құрманғазының «Серпер» күйін формасы, күрделілігі жағынан дауылпаз күйлердің ішіндегі ең шыңы деп бағалаймын. Тәттімбет күйлерінде де осындай құбылыс байқалады. Мәселен, Тәттімбет бабамыз Байжігіттің күйлерін ырғағы, иірімі жағынан жаңғырта білді. Сөйтіп, нағыз шерпе күйлердің деңгейіне жеткізіп, ел арасына кең ауқымда танытты.
– Өзіңіздің шығармашылық жолыңызға үңілетін болсақ, ел арасына жеке дара жүріп танылғаннан кейін 1994 жылдан бастап, «Секеннің саз отауы» айдарымен «Ақ жауын» оркестрін қолға алған едіңіз. Жеке оркестріңіз араға біраз уақыт салып, 2003 жылы «Ақ жауын» мемлекеттік камералық ұлт-аспаптар оркестрі болып құрылды. Мемлекеттің қолдауына ие болған «Ақ жауынның» бүгінгі қарқыны қалай?
– Негізінен жеке орындаудың жөні басқа да, оркестрмен орындаудың мәні басқа. Өйткені оркестрмен орындаудың жүгі ауыр. Онда жауапкершілік те, орындаушылық шеберлік те көпшілкке бөлінеді. Менің «Ақ жауын» оркестрін құрғандағы мақсатым – күй өнерінің дамуына шамамның келгенінше үлес қосу. Әуелі жеке нөмірде халық композиторларының шығармаларын орындадым. Кейіннен көп ойланып, халыққа берері мол шығармаларды кең ауқымда оркестр арқылы жеткізгенді жөн санадым. Бүгінде оркестрмен ауырғанымның өзіне 20 жылға жуық уақыт болды. Қазір «Ақ жауын» мемлекеттік камералық ұлт-аспаптар оркестрі қазір Астана қаласындағы Президент мәдениет орталығында қызмет етеді. Жеке шығармашылығыма тоқталатын болсақ, «Ақ жауын» оркестрінің репертуарында менің 12 күйім, 12 әнім орындалады.
Осы тұста айта кететін бір нәрсе – кейбір күйлердің жеке орындауда да өзіндік орны болады. Оркестрмен орындағанда да өзінің тағы бір қырынан танылып жатады. Оркестр арқылы туындының басқа да бояулармен, кем-кетігі толығып жатады.
Астана қаласына Елбасының арнайы шақыруымен келген «Ақ жауынның» жұмысы қарқынды жүріп келеді деуге толық негіз бар. Шынын айтқанда өнерде қолдау болмаса, оның өсуі, өрбуі, қарыштап дамуы қиын шаруа. Сондықтан бұл тұрғыдан келгенде Елбасымызға алғыс айтуға тиіспіз.
Шығармашылық жолда түрлі жаңалықтар да, жоспарлар да баршылық. Елімізде өткелі жатқан ЕҚЫҰ-ның саммитіне орай ұйымдастырылатын мәдени шараларда өнер көрсетеміз. Жақында ғана Алматы қаласының Орталық концерт залында «Ақ жауын» оркестрі өзінің бір толысқан, бағдарламасын кеңейткен шағында өнер сүйер қауыммен тағы да бір қауышты. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік өңірінде де шығармашылық концертімізді беріп жатқан жайымыз бар. Алла қаласа, алдағы уақытта Қазақстанның мәдениет күндеріне орай Қытайға, ішкі Монғолияға, Үрімжіге, Токиоға гастрольдік сапармен барып қайтатын боламыз.
– Аға, бүгінде қазақ эстрадасында арзанқол дүниелер тым көбейіп кетті. Ән де көп, әнші де көп. Күндіз-түні телеарналардан берілетін жеңіл әуендерді тыңдай отырып, кәдімгідей қарнымыз ашатындай күйге жеттік. Ал, күйге келсек, оның жөні тым бөлек. Күй өнері қазақтан басқа ұлтта кездеспейді десе болғандай. Сондағы сұрағым келгені – күй деген киелі өнерде де эстрададағыдай құбылыс белең алатын кездер бола ма?
– «Жоқ, күй өнерінде кері кетіп жатқан тұс жоқ. Күй өнері елімізде өте жоғары деңгейде дамып келеді. Айтатын бір мін жоқ», – десем, әрине асыра сілтегенім болар. Күй өнеріндегі бір кемшілік – күйді эстрадаға салып орындау дер едім.
– Сөзіңізді бөлейін аға, сонда сіз күйді эстрадаға салып орындауға мүлдем қарсысыз ба? Базбір күйшілер мұны күйді халыққа жеткізудің тиімді жолы деп жүр ғой...
– Жо-жоқ, мүлдем олай емес. Мен бұған әу баста-ақ қарсы болғанмын. Маған күйді эстрадаға салғанда скрипкасы бар, ұрмалы аспабы бар бәрі жабылып домбыраны ұрып, тұншықтырып жатқандай көрінеді. Мұның бәрі домбыраны өлтіру үшін жасалып жатқан әрекет сияқты болады да тұрады. Осыған біз өзіміз желең сылтаумен мүмкіндік туғызып отырған сияқтымыз. Мен күйді эстрадаға салуға мүлдем қарсымын.
Не нәрсенің де пісіп, жетіліп, сынатын, шағылатын кезі болады емес пе? Шындығын айтқанда халық бүгінде эстрададан әбден жалықты, тіпті мезі болды. Ұлттық өнерге енді ғана бетбұрыс жасап келеді. Батысқа еліктеу, соларға ұқсау бізге қазір жетістік сияқты көрінгенімен, халық ерте ме кеш пе ұлттық өнерді дәріптейтін кезге жетеді. Мен бұған кәміл сенемін.
Ал, күйді эстрадаға салушылардың бұл ісі күйге деген жанашырлықтан туған деп айта алмаймын. Мен мұны тек осы күймен қайтсем танылам, қайтсем тойға шығып табыс табам деген топастардың әрекеті деп ұғынам. Басқа ешнәрсені көздеп отырған жоқ олар. Өкініштісі сол – бұл құбылыс қобыз тартушылардың арасында да қылаң берді. Егер, Құрманғазы, Тәттімбеттер тіріліп келсе, осылардың төбесін ояр еді.
Егер күйді өз жанынан шығарса, оркестрге сала ма, жеке орындай ма, эстрадаға сала ма өзі білсін. Тек көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіс ата-бабаларымыздың мол мұрасын ары тартып, бері тартудың қажеті жоқ. Мен өзім мұны әруақтарды мазалау деп түсінем. Меніңше «ат үркитін жерден, адам үркімейтін заман болды» деген сөз осылай ашынғанда айтылған-ау сірә.
– Шығармаларыңызды бөле жаруға болмайтын шығар, әйтсе де шоқтығы биігі – «Көңіл толқыны». Ал, Астанаға барғаннан кейін «Ақжүніс», «Жазғы қар», «Күлтегін», «Көкбөрінің жортуы» сияқты туындыларыңыз дүниеге келді. Жалпы осы жүрегіңізді жарып шыққан туындыларыңыздың барлығы бірдей «Көңіл толқыны» сияқты халықтың жүрегіне жол тарта алды ма?
– Негізінен мен 80 жылдардан кейін телеарнаға көбірек шыға бастадым. 80-90 жылдардың аралығында «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Ару ана», «Өкініш» атты күйлерім туды. Осыдан кейін маған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. Ел арасына тез тараған шығармаларым да осылар болды. Кейіннен өзім оркестрге кеттім. Ал, жеке орындайтын болсаң, сахнаға көбірек шығуға, елге кеңірек танылуға мүмкіндік мол. Бүгінгі жастар аты-жөніңді, шығармаңды білуі мүмкін, бірақ өзіңді танымайды. Қазір теледидардың бәрі сатулы. Оркестрді эфирге шығаратын болсаң, да қаржысын төлеуің керек.
– Сонда мемлекеттік оркестрге мемлекет тарапынан ешқандай қолдаудың болмағаны ма?
– Шындығын айтқанда мемлекеттік оркестр болсақ та, бізге ондай мүмкіндік берілмеген. Ал, қалтамнан қаржы жұмсап, телеарнаға шығу маған қажет емес. Егер телеарнаның басшылығында отырған азаматтар халықтың рухани байлығын ойлайтын болса, онда олар елге қажетті дүниені өздері іздеп табулары керек. Бір туындыңды телеарнадан көрсету үшін телеарна басшыларының көңілін «әке», «жәке» деп жүріп табуың керек. Мен бұл жерде газет арқылы мұңымды шаққалы отырған жоқпын. Бірақ заман солай. Жеке өзімнің телеарнаға өкпем жоқ. Қаржыңыз болса, барыңыз да өзіңізді жарнамалаңыз.
ӘНДЕРІМ КҮЙЛЕРІМНІҢ БІР БҰТАҒЫ СИЯҚТЫ
– Халық сізді күйшілік өнеріңіз арқылы жақсы таниды. Кереметтей әндердің авторы екендігіңізге қарамастан жұрт композиторлық қырыңызды көп айта бермейді. Неге?
– Менің ең алғаш тыңдарманға «Қос жұлдызым» деген әнім жол тартты. Бұл әнді екі қызыма арнаған болатынмын. Одан кейін «Аққу саз» деген әнім мен «Бауырым, сонау күн қайда?» деген толғауым жазылды.
«Аққу сазды» Мақпал Жүнісова 84 жылы тыңдаған болатын. Кейіннен ол: «Секен аға, сіздің «Аққу сазыңызды» мен үнемі ыңылдап айтып жүремін. Осы әніңізді «Азия дауысында» орындасам, сіз домбырамен сүйемелдесеңіз дұрыс болар еді», – деген ұсынысын айтты. Сонымен аз ғана уақыт дайындалып, «Аққу сазды» сахнаға алып шыққан болатынбыз. Сонымен қатар менің «Көктемім менің көктемім», «Қоңырқаз» атты әндерімді де Мақпал орындап жүр. Бұл әндерді Мақпалдың алдында бірқатар әншілер орындаған еді. Бірақ көңілімнен шықпады. Негізінен қайсібір ән болмасын, өзінің нағыз орындаушысын тапқанша бақытсыз. Ал, менің жоғарыда атап өткен әндерім өзінің нағыз орындауышысын тапты деп ойлаймын.
Өз орындаушысын тапқан тағы да бірқатар әндер бар. Мәселен, «Айхай заманды» Қайрат Байбосынов, «Қызыма» мен «Аяулы арман дүниені» Азамат Нәдірбеков, «Бауырым сонау, күн қайда» мен «Айхай заманды» Еркін Шүкіманов атты азаматтар орындайды. Сондай-ақ, «Ерке құсым», «Қарлығашым», «Шағала», «Тарбағатай» сияқты т.б әндерімді басқа талантты әншілер ел назарына ұсынып жүр. Кейінгі уақытта көбіне күймен «ауырдым» да, әнге көп көңіл бөле алмадым. Бас-аяғы 20-ға жуық әнім бар. Әйтсе де, әндерім күйлерімнің бір бұтағы сияқты. Енді мен ешкімді кінәлай алмаймын ғой, неге менің композиторлық қырымды білмейсің деп. Мүмкін мені ел жақсы күйші ретінде қабылдаған шығар.
– Аға, өзіңіз бір сөзіңізде «Қасіреттіден ғана қасиетті өнер туады» деген екенсіз. Сонда сіздің шығармаларыңыздың дені мұңлы сәттерде туа ма?
– Шығармаларымның дені көңілімнің құлазыған сәттерінде туғаны рас. Кейде қоғамда орын алған келеңсіз жәйттарға қапаланасың. Осындай кезде сырласым да, мұңдасым да қара домбыра болады.
Мәселен, «Жазғы қар» деген туындым тұрлаусыз мынау өмірдің көлеңкелі жақтарына көңілім толмаған сәтте туған. «Жазғы қарға» өмірдің қиындығына төзбей, шаңырақтарын тәрк еткен жас-жұбайлардың өмірі арқау болған. Қоғамның кемшін тұсын да көрсетуге тырысқан осы бір дүнием жаз мезгілінде жазылған еді.
Ал, Астанаға барғанда алғаш жазған дүнием – «Күлтегін» болатын. Күлтегін бабамыздың ескерткішінің көшірмесін сонау Монғолия жерінен Қазақстанға алып келген сәтте өте қатты толқыдым. Елбасымыздың тікелей қолдауымен Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы бастаған бір топ ел ағалары ұлттық мәдениетімізге қосылған сүбелі үлес болып табылатын осы бір игі істі жүзеге асырғанын көргенде толқымау әсте мүмкін емес еді. «Күлтегінде» мен өмірі ат үстінде елім деп, жерім деп өткен батырдың ерлігін қара домбыраның үнімен жеткіздім.
Күйдің тууына кез келген нәрсе әсер етеді. Оның үстіне өнер адамдарының әсершіл келеді емес пе?! Кейде бір жақсы адамммен кездессең, я болмаса табиғаттың тамаша бір көрінісін көрсең, ішіңде жатқан жұмбақтың жауабы табылғандай болады.
Одан кейін «Көкбөрінің жортуы» деген шығармам дүниеге келді. Бұл туындым Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке арналды. Шығарма ол кісінің әкім болғаны үшін туған жоқ. Иманғали Нұрғалиұлының қоғам үшін жасап жатқан қайраткерлік істерін көргенде, оның ұлтқа деген шынайы жанашырлығына куә болған кезімде дүниеге келген шығарма бұл.
– Секен аға, бүгінде Астана туралы, Елбасы туралы ән айтпайтын әнші, өлең шығармайтын ақын қалмады ғой. Өзіңіздің әкім қараларға да арнаған шығармаңыз бар екен. Ендігі жерде бірінші басшыға арнап күй шығару ойыңызда жоқ па?
– Қазақтың кемшін тұсын Абайдан асып көрсетіп берген ешкім жоқ. Данышпан Абай «Дәмеленбе, сұрама, берсе алма» деген ғой. Шығармашылық адамдарының туындысына Астананың, Елбасының арқау болуы тек дәмеліліктен туған дүние ғой. Осылай шырқап жүргенің де, жырлап жүргенің де бәрі әйтеуір бір бір нәрсеге дәмелі. Өйткені мемлекет қаржысы да 80-90 пайыз осыған қарай бөлінетін болды ғой. Керек десеңіз, кез-келген сыйлық та, марапат та, орден де, осындай мақтаудан тұратын дүниелердің авторларына берілетін болды. Мұның бәрі шындық. Ал, маған мақтау, марапаттың да, орденнің де көк тиынға қажеті жоқ.
Өнерімді бағалаған болуы керек, маған 28 жасымда Қазақстан Ленин Комсомол сыйлығы берілді. Ол кезде бұл сыйлық Халық әртісін алудан да қиын болатын. Ал, қазіргі «Жастар» сыйлығының да, «Дарын» сыйлығының да қадір-қасиеті қалмады. Одан кейін 31 жасымда Республикаға еңбегі сіңген әртіс атағы берілді. Ол кезде де ел ішінде бұл атақты маған ерте берілді деген әңгіме тарады. Кейін Халық әртісіне ұсынған кезде, айналйын, атағыңа да, даңқыңа да рахмет деп өзім бас тарттым. Секен деген атымды ел білгеннен кейін, атақтың маған түкке де қажеті жоқ.
Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, дүниеде түрлі адам болады ғой. Ал тапсырыспен, я болмаса бір нәрсеге иегің қышып, қайтсем соған қол жеткізем деп шығарма жазу – ол шығармашылығыңның соншалықты құлдырағандығының белгісі. Шығармашылық жолда ар тазалығын алғашқы орынға қоюымыз керек.
Еліміздің көркеюі жолында Елбасымыздың сіңірген еңбегі ерен екені сөзсіз. Дегенмен, мен мына уақытта Астанаға немесе Елбасыға арнап күй жазамын, ән жазамын деп айта алмаймын. Сабақты ине сәтімен дейді ғой. Сол айтпақшы бәрі де уақыттың еншісіндегі дүние. Ал, жеке бастың пайдасын ойлай отырып шығарма жазу мен үшін жат нәрсе.
КЕЙДЕ АСТАНАҒА НЕ ҮШІН БАРҒАНЫМДЫ ТҮСІНБЕЙ ҚАЛАМЫН
– Аға, осы билік басындағылар шынайы таланттарды өз дәрежесінде елеп, ескеріп жүр ме?
– Мен өнер адамдарына, олардың туындыларын халыққа жеткізу жолында мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр дей алмаймын. Айта берсең, бұл туралы әңгіме көп. Биліктің тізгінін ұстаған шенеуніктердің бар ойы – тек патшаның көңілін табу. Тіпті концерт те, бір кісі үшін өтіп жатады.
Шындығын айтқанда Елордамыздың қақ төрінде өтіп жатқан кейбір мәдени шараларға, концерттеге мүлдем көңілім толмайды. Продюсерлік концерттердің деңгейі төмен болғаннан кейін, басқасы туралы айтудың өзі артық. Көп концерттерде болмашы нәрседен қате кетіп жатқанын көргенде, бәрі де жәй ғана жағымпаздықпен жасалған дүние екенін аңғарасың.
Сосын бізде концерттерді ұйымдастыру жағы жөнді жолға қойылмаған. Мысалы біздің оркестрді Алматыдан Астанаға арнайы шақырды. Сөйте тұра, Астанада концерт өтетін болса, оркестр, әнші, күйші бәрін де Алматыдан немесе басқа облыстардан шақыртып жатады. Сонда Астана филормониясының оркестрі, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық ұлт-аспаптар оркестрі тұрып, басқа жақтан оркестр шақырудың не қажеті бар? Осы жағы маған түсініксіз. Меніңше бұл өзге өңірден өнер адамдарын шақырдық деген желеумен қаржыны қайткен күнде де қалтаға басып қалудың жолы. Мұндай концерттер өтіп жатқанда мен ақырын ғана тауға я болмаса, балық аулауға кетіп қаламын. Шынымды айтсам кейде Астанаға не үшін барғанымды да түсінбей қаламын.
Қай мәселеге келгенде де Елбасымыз жалғыз өзі бозторғайдай шырылдайды. Өкініштісі сол – ол кісінің жанына кілең шекесіне ши қақсаң да, кірмейтін шешектер жиналған. Ұлттық мәдениетімізді дамытуға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқаны да сондықтан.
Мәселен өткенде ғана Астананың тойын дүркіретіп өткіздік. Әлем елдерінің назары бізге ауды. Сонда Астананың мерейлі сәтін көріп, қуанғаным соншалықты жанарыма жас келді. Сөз жоқ, Астананың туған күні кереметтей басталды. Бірақ соңында сұйылып кетті. Құдды бір қазақтың емес, батыстың тойына айналып кетті. Неге біз өз елімізде, өз жерімізде тұрып осындай айтулы шараны өзіміздің ұлттық өнерімізбен аяқтамасқа?! Неге біз осы күнге дейін батыссыз өмір сүре алмаймыз? Батысқа бұрылып та қарамайтын уақыт әлдеқашан жетті ғой. «Өнерін көріп, халқын таны» демекші, өз өнерімізді өзгелерге осындайда көрсетпесек, сонда біздің кім болғанымыз. Сонда бұл біздің өз өнерімізден өзіміздің жиренгенімізді көрсетпей ме?
Осындай жауапты орындарға, мәдениетіміздің мәртебесін асқақтатуды көксеген ұлтқа жанашыр азаматтарды емес, қу құлқынның қамын ойлағандарды қойып, кейін өзіміз опық жейміз.
– Бір сұхбатыңызда: «Күйді ел-жұрт тез ұғыну үшін оған клип түсіру керек», – деген едіңіз. Жалпы бұл әдіс күйдің ғұмырлы болуына ықпал ете ала ма?
– Әрине күйге клип түсірілсе, күйдің ел арасында насихатталуына өз дәрежесінде септігін тигізер еді. Бұл жерде де барлығы қаржыға келіп тіреледі ғой. Күй өнерінің ел арасында кеңірек насихатталуы үшін түрлі әдістерді қолдануға болады.
Біз ең алдымен күйді халыққа түсіндіруді қолға алуымыз керек. Өйткені ешкім түсінбеген күйді, қанша жерден насихаттсаңыз да халықтың жүрегіне жетпейді. Мәселе осыда.
Кезінде ата-бабаларымыз күйді орындағанда әрбір күйдің шығу тарихына жеке-жеке тоқталып кететін болған. Мұның өзі тыңдаушының күйді ұғынуына үлкен көмек болатын. Сондықтан күйге шағын ғана аннотация беріп отырғанның артықтығы жоқ.
Жапондықтар сияқты өз елінің ұлттық музыкасын, күйін жасөспірімдердің санасына сіңіріп отыру керек. Мәселен, күйді тыңдап болғаннан кейін балалардың не түсінгенін білу үшін оларға сурет салғызу керек. Бұл да бала дүниетанымын кеңейтудің бірден-бір жолы. Сонымен қатар, орта мектептерде, ЖОО-да үзіліс кезінде қойылатын қоңыраудың орнына күй қойылса, жөн болар еді. Сондай-ақ ән сабақтарында оқушыларға халық әндерінің, күйлерінің тарихын түсіндіріп отыру керек. Осының барлығы ұлттық өнерді дәріптейтін ұрпақтың өсуіне ұйытқы болары сөзсіз.
– Секен аға, жақында ғана «Қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» атты антологиялық жинақтың шыққаны белгілі. Жалпы осы жинаққа халықтың жүрегіне жетуі керек деген күйлердің бәрі енді ме?
– Қазақ күйге де, әнге де бай халық қой. Өзің айтып отырған «Қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» атты антологиялық жинақ Мәдениет министрлігінің бастамасымен жарық көрді. Бұл жинаққа енген туындының барлығы бірдей керемет дүние деп айта алмаймын. Әйтсе де, барға қанағат етуіміз керек. Егер осы мың күйдің ішінен 50-і оркестрге жарап жатса, мұның өзі көңілге жұбаныш.
Бірақ жинақта қарның ашатын тұстар көп. Жинақты құрастырған Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай сынды азаматтар әрбір күйге, әнге жете мән бермеген болуы да мүмкін.
Кез-келген туындының халыққа берері болуы үшін күйді шығарушыда да, орындаушыда да шеберлік болуы қажет. Қазіргі ел назарына ұсынылып жүрген күйлерде дыбыстың бәрі жалаң. Көпшілігі техникаға сүйенеді. Домбыраны тартып жатқан саусақта үн жоқ. Тек жыбыр-жыбыр. Сосын қазіргі жастардың күйді орындауы бәрі бір-бірінен аумайды. Көпшілігінен ешқандай орындаушылық шеберлік байқалмайды.
Бірақ бұған жастарды кінәлауға болмайды. Көп нәрсе ұстаздарға тікелей байланысты.
ӘН ШЫҒАРУШЫЛАР АЗ ЕМЕС, КҮЙ ШЫҒАРУШЫЛАР КӨП ЕМЕС
– Осы күй өнерінің дамуы турасында әркім әр түрлі пікір білдіріп жүр. «Күй өнері тоқырау үстінде» дегенді де құлағымыз шалды. Сіз осы пікірмен келісер ме едіңіз?
– Күй шығару оңай шаруа емес. Күй шығармадың деп ешкімді кінәлауға да болмайды. Мен бірде айтқан едім «ән шығарушылар аз емес, күй шығарушылар көп емес» деп. Расында да солай.
Әр күйдің тағдыры әр түрлі болады ғой. Бір күй ел арасында тез танылып жатса, енді бірі күрделі болғандықтан халық қабылдай алмай жатады. Мәселен, кейінгі уақытта ел арасында кең танылған Ахмет Жұбановтың «Би» күйі, Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Байжігіттің «Аққу» деген күйлері болды. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев ағамыз «Аққу» күйінің жетпей тұрған жерін толықтырып, «Аққуды» «Аққу» етті.
Меніңше бар нәрсе санда емес, сапада болуы керек. Тағы бір айта кетерлік нәрсе жоғарыда біз атап өткен «Қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» атты антологиялық жинаққа енген күйлердің ішінде де толықтыру жасауға тіленіп тұрғандары жетерлік. Осы мәселені де қолға алу қажет. Өйткені кез-келген дүние халықтың игілігіне жарауы тиіс. Қазақтың күйі деп мақтанышпен айтатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Күй деген киелі өнер. Кезінде Асқар Сүлейменов ағамыз «Күйдің киесі ұрады» деген екен. Күйді тоқырау үстінде деудің қажеті жоқ шығар. Күй өнері белгілі бір дәрежеде, шама-шарқынша дамып келеді.
– Бүгінде күйшілікті жанына серік етіп жүрген жастар баршылық. Аға буын өкілі ретінде солардың қайсысынан болашақта шебер күйші шығады деп айта аласыз?
– Мен олардың ешқайсысын бөле жармаймын. Біріншіден жастардың талпынып жүргеніне қуанамын. Олардың атын атап, түсін түстеп жатудың қажеті жоқ. Десе де, кемшін кетіп жатқан тұстар бар. Бірақ оған шәкірттерді кінәлауға болмайды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, көп нәрсе ұстазға байланысты.
Жеке орындаушылар әлдеқайда өсті, әлдеқайда жетілді деп айтуымызға толық негіз бар. Болашақта жарып шығатын жастар бар. Өткенде біраз жастар бас қосып, екі-үш композитордың ырғағын біріктіріп, оны академиялық оркестрге салып орындап жатыр. Осы дұрыс па? Осындай кемшін тұстарды мұғалімдері айтуы керек. Әйтпесе, жастар біз дұрыс жасап жүр екенбіз қалуы ғажап емес. Эстрада да дәл осындай құбылыс. Өзге біреудің ән емес нәрсені ән қылып телеарналарда, концерттерде шырқап жүргенін көрген екінші біреуі, әнші болу деген оңай екен ғой деп, ол да бір шимай-шатпақты жаза салуы мүмкін. Түкке тұрмайтын туындылар қатарының көбеюінің бірден-бір себебі осы.
Шынын айтқанда ешкім бірден шебер күйші немесе әнші болып тумайды. Шеберлік деген бірте-бірте қалыптасатын дүние. Мәселен менің алғашқы туындымның бірі – «Көңіл толқынымен» кейінгі жазған дүнием «Жазғы қардың» арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан да, мен әр нәрсенің дамып, пісіп, жетілуі үшін уақыт керек деп ойлаймын.
Күйді халыққа жеткізудің өзі үлкен өнер. Күйді тартқанда қатып қалған нотадағы жалаң дыбысқа сүйенбеген жөн. Күй қанаттанып, еркін самғау дәрежесіне жету үшін өзіндік бір ырғақ іздеу қажет. Жастардың өнерін шыңдай түсу үшін, ұстаздары шәкірттерінің әрбір қадамына дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Аға, осы сіздің «Көңіл толқыныңызды» үлкен де, кіші де құлағын түріп, жүрегімен тыңдайды. Қазір қазақ эстрадасында жалпыға бірдей ұнамды дүниелердің азайып кетуіне не себеп? Композиторларымыз ән жаза алмай жүр ме, жоқ әлде, әншілеріміз орындай алмай жүр ме?
– Негізінен композиторларымыз кеміп бара жатыр. Оны мойындауымыз керек. Қазір әншілеріміздің өзі ақын, өзі сазгер болып кеткен заман болды. Өнердегі ұятты нәрсе осы. Жүгенсіз кетіп бара жатқан тірлік әйтеуір. Өнер қазір ешкімге керек емес сияқты көрінеді маған.
Сосын болмашы әуенге ешбір ақын сөз жазбайды. Осыдан кейін сазгер сымақтарымыз ойдан-қырдан құрап, «өлең» жазуға тырысады. Өздеріне өлең әрине. Содан кейін әні мен сөзі сәйкес келмейтін бір дүбара туынды дүниеге келеді. Ал, мұндай туындыларды мықты әншілер орындамайды да. Әншінің де әншісі бар. Олар да әнді талғаммен орындайды. Осыдан-ақ әлгі әннің қандай әншіге бұйыратынын бағамдай беріңіз. Сонымен соңында халық қандай ән тыңдап отырғанын, оны кімнің орындап жатқанын білмей миы ашып қалады. Кейде әнді парқына бармай, таңдай салатын аты дардай әншілеріміз де кездесіп жатады.
Сосын қазір кім көрінген жұлдыз. Жұлдыз деген сөзден бүгінде мен жиіркенетіндей күйге жеттім. Жұлдыз деген сөзді шынайы таланттарға ғана айтсақ жөн болар еді.
– Аға, биыл «Жас қазақ үні» газеті 10 жасқа толып отыр. Осыған орай тілегіңіз бен ұсынысыңызды білсек...
– Ендеше 10 жылдық той құтты болсын!!! Газеттің оқырмандары көп болсын деп тілемей-ақ қояйын, ең бастысы – оқырмандардың газет бетінде жарияланған дүниені түйсінетін түйсігі болсын!
Басылым бетінде тек ғана елдің кәдесіне жарайтын дүниелер жариялана берсін. «Жас қазақ үні» өзінің алдына қойған мақсатына жететін жол таба берсін демекпін.
Гүлмира САДЫҚОВА