БАҚҰЛ БОЛ, ҚАЗАҒЫН СҮЙІП ӨТКЕН СҮГІРБАЙ
2016 ж. 12 қаңтар
4610
1
«Қазақ үні» газетінің ұжымы
АЛАШЫН АРДАҚ ТҰТҚАН СҮГІРБАЙ НҰРМАННЫҢ СОҢҒЫ ХАТТЫ
Қазағымның тіршілігінде жиі қолданатын, ақылға салып, ойға алып жүретін «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген ғибратты сөзі бар. Осы сөздің мән-мағынасына үңілсек, астарында адамдарды түрлі пәле-жаладан сақтандыратын нақыл жатқанын көреміз. Міне, бүгін менде ойлана келе, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деп өз тірлік-тіршілігімде тап болып отырған жағдайға байланысты халқыма, еліме, жеріме, ет жақын бауырларыма, бала-шағама, өмірлік серігім – жан-жарыма арнап өсиет жазып отырмын. Ол да оңай емес екен. Иә, өзіңе ауыр тиетін, жақыныңның жанын жаралайтын, бұл да бір адамның басына күтпеген жерден келетін нәубет пе дерсің. Қатерлі науқас иектегенде, кенеттен келетін өлімді мойындау сияқты болып отыр өсиет жазу. Солай десек те, жүректе жатқан мұң-зарыңды, арман-тілегіңді өзіңмен бірге арқалап кеткеннен, оны айтып, жазып, тіршілікте ренжіткен жаныңнан кешірім сұрап, бір себеппен берілмей қалған ақшалай, заттай, рухани қарыздарыңды өтеуің үшін де аса қажет секілді көрінеді маған.
Біреуден көп, біреуден аз өмір сүрерсің. Адам пенде болған соң пешенесіне жазылған тірліктің небір жақсы-жаманын бастан өткізеді. Ал сол дені сау, төрт құбыласы тең болғанда жұмырбасты пенде өзінің мына тіршіліктегі адами бейнесін саралап көрді ме екен? Білмедім, ойланған кездерім болған шығар. Ал нақты өзімізге есеп беріп, Алланың алдында бай-қуатты болып жүрген шағымызда бұл сұраққа жауап іздемеген де болармын. Адам басына іс түскенде ғана баспақшыл келеді. Бұл да тіршіліктің дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомасы іспеттес. Артымызды ойламай, жан-жағымызға зер салмай шашыламыз, шапқылаймыз. Дарақыланып құр мақтанға бой алдырамыз. Біреудің қиындығын бөліссек, тек өлгенде ғана қайғысына ортақтасып, парыз ретінде бес-он теңгемізбен бата қыламыз. Ал сол жақының, танысың, көршің, қызметтес әріптесің ауырған кезде ол емделетіндей бір көмек жасаймыз ба? Жоқ! Бұл да өмірдің жазылмаған заңы болып кеткендей. Қаржысы жетпей, емделе алмаған жанға неге көзі тірісінде көмек бермедік? Ит тіршілік, күйбең тірлік аясында көбіміз басқаны ойламақ түгіл, өз отбасыңның да мұқтажын ұмытып кетесің. Сонда біз өмірге тек ішім-жем үшін келгендей, тек жақсы тұрмыс құруға, жақсы киінуге, қыдырып-демалуға келгендей жанталасамыз. Біріміз адал еңбек етеміз, барға қанағат деп, біреуден ілгері, біреуден кем тірлік кешеміз. Екіншіміз ұрлыққа барып, кісі есебінен күн көруге тырысамыз, біреудің еңбегін жеп зар жылатып, қанқақсатамыз. Малын ұрлаймыз, қарақшылықпен тонауға дейін барамыз, бірсәттік ләззат үшін зорлық жасап біреудің өміріне балта шабамыз. Сонда бұнымыз не, осымыз дұрыс па, бұрыс па деп ойланып та көрмейміз. Өзіңнен басқа біреу өссе аяқтан шалып, арыз-шағым жазып, құлатуға тырысамыз. Тіптен ештеңе қолыңнан келмесе мұқатып, өсектеп, жамандап шығамыз. Ал сол саған керек пе еді, жоқ ол жағын ойланбаймыз. Билікті талқылаймыз, сырттай сынаймыз, ал жеме-жемге, бетпе-бет келгенде сол билікті мақтаймыз, өтірік көлгірсіп, басшысын дана, қосшысын пана санаймыз. Бәлесі тиіп кетпесін, «аш құлақтан, тыныш құлақ» дейміз. Бұл сенің, менің, көбіміздің ұстанымымыз. Мұрын астынан міңгірлейміз, қисықты түзетейік деп ат салысып, көзіне шұқып тұрып айта алмаймыз. Бұл не ұстаным сонда? Ынжықтық па, әлде бойкүйездік дерт пе? Бұл 21-ғасырдағы біздің келбетіміз. Заманауи техногендік үрдіске ілесеміз, өзгеге еліктейміз деп өз қазақи құндылықтарымызды жоғалтып алдық. Табиғат ана бүгін жылап жатқандай, Аралым құмға шөгіп, аспаным уланып, қазақтың ұлы даласының көркі болған киелі киігі қырылған заман болды. Табиғат пен тірлік теңдігі бұзылды. Ауыл қаңырап бос қалды, өзен кеуіп, жылғадан аққан суым бу болды, шүйгін жем-шөбім пайдасыз у болды. Ел безіп жүр, бай көбейген сайын кедей зар жылаған заман туды. Жеріммен қоса арым сатылып кетті, ибалық кетіп, имандылықта адасқандардың саны артты. «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады». Қайран аталарым-ай, «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ ай сайын бас қосқан жиын болады» дегенді Мөңке бабамыз қалай дөп айтқан. «Айнымалы, төкпелі биің болады» дегендері де тура мынау біздің заман. Сонда біз бүгінгі күнмен өмір сүреміз бе? Ертеңімізді, ұрпағымызды кім ойлайды? Осы бетімізбен кете берсек ұлтты жойып, «Әйелің базаршы болып, еркегің қазаншы болып» жүре береміз бе? Міржақып атам жастарға сеніп кетіп еді, мен қорқа бастадым. Мансап үшін сатылған, арыстан болып атылмай, қанден болып балаққа жабыстық. Бір-бірімізге сенуден қалдық, көрші-көршіге енуден қалдық. Дана сөзін еске алсам, «Бір-біріне қарыз бермейтін, шақырмаса, көрші көршіге кірмейтін» болдық. Неге? Ниетім бұзылды, пейілім тарылды деп мойындай аламыз ба? ...Алдымда үлкен сын, ауыр ота тұр. Көрешігім болса ортаңа келермін, сәті түссе ауруды жеңермін, ал қазағымның басына түскен бұл зауалды не етермін?.. Менің тілегім, саған қазағым! «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенді ұран еткен ел болшы, ауызбірлігің болып, төрт құбылаң тең болып, төбедегің келсін! Алашыммен бір бол! «Іштен шыққан жау жаман», «Бөрі қайда деме, бөрік астында, жау қайда деме, жар астында» деген қағиданы ұмытпа, өзіңе сенбей жүргенде жар астындағылардың арбауына түсіп, күйіп кетпе! Ойлан, қазақ! Оян, қазақ! Осылай Ахаң мен Жахаң аталарым жылап кетті, енді сен жыламай барыңды бөліп ішіп, мейірім мен қайырым деген қасиетті тағылымды ұмытпашы! Мен өз заманымның ағымы мен тәрбиесімен өстім. Арақ ішіп теңіз кешкеніме өкінемін, ол да менің заманымның дерті еді. Дерт емес, өрт екенін кеш түсіндім. Сен де ойланшы бір сәт, бүгінгі заманның ағымы алдыңнан құрылған қақпандай омақаса құлатар ор екенін. Көпке топырақ шаштым демеймін, қазақтың бәрін өзімдей көремін, өзіме теңеймін! Дана емеспін ақылгөй, сонда да бата берейін: Үш жүздің жүрсін мәңгі жүзі жайнап, Қазаның ортаймасын, тұрсын қайнап! Ата-бабам мұрасы, туған жерім – Алмасын келімсектер оны жайлап! Тілімнің үстемдігі биік болсын, Ырысың асып төгіл, қамбаң толсын! Қазағым исламға басын иіп, Әр үйге қырық-шілтен періште қонсын! Бір Алла өздеріңді жарылқасын, Молшылық дастарханда болсын асың! Үлкенді сыйлап өскен ұрпақ келсін, Кішіге қамқор болсын әрбір жасым! Татулық, ел іргесі сөгілмесін, Ысырап – текке ырысың төгілмесін! Қазақты болашаққа жетелеген Керуен ынтымақта болсын көшің! Мәртебең жат алдында асқақтасын, Көбейтіп ұрпағыңды, өссін басың! Әр қазақ бауыр болып бір біріне- Жүрегі оттай жанып жалындасын! Ұсақ болма, ірі бол, Әділдіктің пірі бол! Әр адамға бойыңыз- Жұпар шашқан гүлі бол! Әумин!Құрметпен, Сүгірбай Нұрман Арқалық – Алматы
14.12.2015 жыл